Алысқа бармай-ақ, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы төмпешік жолдар көлік жүрісін айтарлықтай қиындатты. Дұрыс тегістелмегендіктен көліктің дөңгелегі секіріп, бірнеше мәрте аппатты жағдай туындай жаздады. Орталыққа жақын орналасқан Қарасаз ауылындағы жолдың жайы тіпті сорақы. Әбден тозығы жеткен жолды көліктер айналып өтіп жатыр. Жолдың жайын жолаушы шыққан адам жақсы түсінеді. Әбігерге түсіп, діттеген жерімізге әупірімдеп жеткен соң аталған мәселеге қатысты ауыл тұрғындарын әңгімеге шақырдық.
– Біз күнделікті нәпақамызды жолда жүріп табамыз. Халыққа такси қызметін ұсынамыз. Жолдың жағдайын өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз айтқанымызбен, оны ескерер адам жоқ. Қазір тіпті айтпайтын болдық. Одан өзгеріс болатынына сенбейміз. Орталықтағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ артық етеміз деп, асыра сілтеп жіберді. Шұңқырларды жамаған. Бірақ, арнайы көлікпен үстін тегістеп өтпеген. Бірде сол жолмен жүремін деп көлігімнің дөңгелегі шығып кетті. Әйтеуір жаным аман қалғанына қуандым. Басқа жол болмаған соң күнде осы жолмен жүруге тура келеді. Амалын тауып, айналып өтеміз, – ауыл тұрғыны Серік Сахиев.
Ал, Қарасаз ауылының тұрғындары жол туралы сөйлесуге тіпті пейіл білдірген жоқ. Айтуларынша, «Бәрібір ештеңе өзгермейді». Сол жолды күнде пайдаланып отырған халықтың өзі осылай енжарлық танытып, күдер үзген соң «елге жолдың азабы әбден өткен екен» деген ойға тоқтадық. Тұрғындар пікір айтудан бас тартқан соң Қарасаздың қақ ортасынан өтетін жолды бойлап бара жатқан көлікті тоқтатып, жүргізушіден сыр тарттық.
– Біз бұл жолдың осылай шұңқыр болып жатқанына әбден үйреніп кеткенбіз. Жазда білінбейді. Қыс пен көктемде қиын. Көлікте жүк болмаса жақсы, жүк тиелген көліктер қатты қиналады. Жолдың мәселесі қашан да өзекті ғой, бірақ қазір халыққа бәрібір. Үйреншікті жағдай. Дәл осы ауылдың жолы Ертай, Көлтоған, Қошқарата ауылына қатынайтын жолаушылар үшін шынымен ауыр, – дейді ауыл арасында жолаушыларды тасып күн көріп жүрген Данияр Сайлауов.
Тұрғындардың пікіріне құлақ түрген соң Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылдық.
«Аудан орталығындағы жолдарға жөндеу жұмыстары уақытша жасалған. Қазіргі уақытта ағымды жөндеу жұмыстары бойынша конкурс жарияланды. Мердігер анықталғанда жол жөнге келеді. Ауылішілік көшелердің автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын орта жөндеу жұмыстары және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады, – деген жауап алдық.
Ал, Қарасаз ауылын кесіп өтетін жол ауыл арасын жалғап тұрғандықтан, облыстық мәнге ие жол саналады екен. Сондықтан, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың пікірін білдік.
– Облыстық маңызы бар «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» автожолы 76 километрді құрайды. Қазіргі уақытқа аталған жолдың 36 километр кезең-кезеңімен орта жөндеуден өтті. Олар: 2019 жылы 15-33 километр, 2021 жылы 33-45 километр, 2022 жылы 60-66 километр аралықтары. Ендігі кезекте, көрсетілген жолдың 30 километрін, яғни, 45-60 километрін және 0-15 километр аралықтарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Бүгінгі таңда, 0-15 километр аралықтарын орта жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, өтінімдерді қабылдау сатысында. Құжаттарды қабылдау мерзімі 6 маусымда аяқталады. Аталған жоба аясында жол жамылғысы толық асфальтталып, бетондалатын болады, – дейді басқарма басшысы.
Әсілінде, жол мәселесі дамыған, зайырлы мемлекетте соңғы орында болуы тиіс еді. Алайда, бізде бұл жайт күн тәртібінен түспейді. Айта-айта ел де шаршады. Жолдар жөнделмей жатқан жоқ. Ағымдағы жұмыстарды ел көріп отыр. Алайда, сол жұмыстардың сапасы көңіл көншітпейді. Сапалы жол халыққа кем дегенде төрт-бес жыл қызмет етуі тиіс. Ал, біз жолымызды жамап-жасқап жатамыз. Бұл мәселеге аталған басқарма басшысы былай жауап берді: «Жол төрт жыл сайын орташа жөндеуден өту керек. Белгіленген норматив бойынша төрт рет орташа жөндеуден өткен жол күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Бюджет қаржысының жеткіліксіздігіне байланысты өңірде соңғы он жылда ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Төрт жыл сайын жөндеуге бюджет жетпейді. Орташа жөндеуден өткен жолға екі жылға дейін кепілдеме беріледі. Жолда ақау пайда болса мердігер есебінен жөнделеді. Ағымдағы жөндеуден соң төрт жылдан кейін қайтадан орташа жөндеу жұмыстарына жоба әзірленеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жыл сайын өткіземіз».
Турасын айтқанда, жолдың сапасы мердігердің ар-ұятымен, одан кейін жол сапасын тексеретін ұлттық мекемелердің біліктілігімен өлшенуі тиіс. Бірақ, бізде жұмыстың бұл кезеңінде дауыстап айта бермейтін неше түрлі кінәрат бар. Жол мәселесінде жемқорлық тәуекелдері де өте жоғары. Мұны жыл сайын жарияланатын тиісті мекемелердің ақпараттарынан аңғару қиын емес. Ал сапасыз, нашар жол бірінші кезекте елдің қауіпсіздігіне төнген қауіп. Тасжолда талайдың тағдыры үзілді. Көлік апатынан да орта Азияда алдыңғы қатардамыз. «Жол мұраты – жету» дейміз. Бірақ, ауылға жолға шықсақ бұл мақалдың мәні жоғалып кететіндей…
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді