«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адам өмірі үшін маңызды мәселелер талқыланды

Адам өмірі үшін маңызды мәселелер талқыланды
Ашық дереккөз
Елімізге белгілі кардиохирург, медицина майталманы Сейтхан Жошыбаев биыл 85 жасқа толды. Тұлға мерейтойына орай, Түркітілдес елдер арасында Халықаралық конференция өтті. «Жедел және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» тақырыбында өткен конференцияны кардиолог ғалымның өзі ашып, қазіргі жүрек ауруларына қатысты мәселелерді сөз етті.

Үздіксіз ізденістің нәтижесінде білімін толықтыра жүріп, шәкірт тәрбиелеп әрі науқаст арға нәтижелі ем жүргізген профессор Сейтхан Жошыбаевтың еңбегі еш кетпеді, еленді. Бүгінге дейін көптеген атақ, марапаттарға ие болды. Аталған конференцияны да ол өзінің 85 жасында ұйымдастыра отырып, озық тәжірибелерімен бөлісуді мақсат еткен.

Кардиолог ғалымды мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев адам өмірі үшін аса маңызды мәселені халықаралық деңгейде көтеріп отырған конференция жұмысына сәттілік тіледі.

– Бұл конференция Жамбыл облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – өмір сүру ұзақтығына әсер ететін медицинаның жаһандық проблемаларының бірі. Бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу елімізде жоғары деңгейде дамуда. Әлемде қан тамыр ауруларынан аурушаңдық, мүгедектік пен өлім-жітімнің жоғарылауы орын алуда, сондықтан қан айналымы жүйесінің ауруларын, жедел және созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің алдын алу және емдеудің маңызы зор. Науқастарға заманауи құрылғылар арқылы жоғары мамандандырылған деңгейде оталар жасалып, көмек көрсетілуде. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жоғары мамандандырылған кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек түрлері ересектермен қатар балаларға да көрсетіліп келеді. Облыста жүрек қан тамыр ауруларымен 136 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұрады. Оның ішінде артериалды гипертониямен 77455, жүректің ишемиялық ауруымен 27696, созылмалы жүрек жетіспеушілігімен 3146 науқас ауырады. Облыста жіті коронарлық синдром диагноздары мен шұғыл медициналық көмекті облыстық көпбейінді ауруханасы, «Жүрек» кардиологиялық клиникасы және Кардиохирургия және трансплантология ғылыми- клиникалық орталығы көрсетеді. Ағымдағы жылғы 4 айда аталған үш орталықта жүрекке жасалған жалпы ашық оталар саны 167 болса, оның ішінде 46 пайызы осы орталықта жасалды. Сондай- ақ, орталықта 165 эндоваскулярлы араласулар, 367 коронарография 212 стент жасалды.

Жүрек ауруларынан өлім- жітім 2024 жылдың төрт айында 2023 жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға төмендеді. Жіті миокард инфарктінен өлім 36,6 пайызға төмендеді. Осы орайда Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейтхан Жошыбайұлы ағамыздың еңбегін баса айтуымыз керек.

Өзінің білімінің, қажыр-қайратының арқасында қаншама науқас адамдарды емдеп жаза білді. Білімін кейінгі жастарға үйретіп, олардың кәсіби маман болып қалыптасуына ықпал етті. Оның дәлелі – медицина ғылымдарының 4 докторын, 10 кандидатын тәрбиелеп, 12 өнертабыстың патент иесі болғаны. 250 ғылыми жұмыс мен 2 монографияны жарыққа шығарды. Бұл жұмыстар Сейтхан ағамызға бірнеше ғылыми және құрметті атақтардың берілуіне ұйытқы болды. Өз елімізбен қатар көршілес қырғыз елінің де бірнеше мемлекеттік наградаларына ие болды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерін айтуға болады. Бүгінгі конференция осы саладағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді шешуге зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Конференцияға арнайы келіп, құттықтауларын арнап, сый-сияпаттарын табыстаған меймандардың ішінде С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүрек-қан тамырлары хирургиясы кафедрасының меңгерушісі Төлеген Егембердиев оқу орнының алтын медалін тақты.

– Сейтхан ағамызды университетіміздің ректоры және ұжымы мерейлі жасымен құттықтап, жолдаған сәлемін алып келдім. Ағамызды ерен еңбегі арқылы танып, елу жылдан аса уақыттан бері байланыстамыз. Сейтхан ағамыздың еңбек жолы, әрбір ісі – кейінгі жастарға өнеге, тәлім. Сол еңбегін бағалай отырып, университеттің 20 мыңнан астам ұжымы, ректорат, ғылыми кеңесі жүрекжарды лебізін жолдады. Деніңізге саулық, ұрпағыңызға бақ-береке тілейміз, – деді жоғары санатты жүрек-қан тамырлары хирургі, профессор Төлеген Жаңылбекұлы.

Конференция жүрек ауруларындағы аса жауапты емдеу тәсілдерін көрсететін шеберлік класпен жалғасты. Бұдан кейін жүрек-қан тамырлары ауруларындағы өзекті мәселелер турасында пленарлық жиналыс өтті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар