2015 жылдың ақпан айында әлемдегі ең қарапайым президент қызметінен кетті. Сол күні бірқатар әлемдік басылымдар «2010-2015 жылдар аралығында Уругвайдың президенті болған, тарихқа «ең кедей президент» ретінде енетін Хосе Альберто Мухика Корданоның мандаты аяқталды», деп жарыса жазды. Алайда, Мухика саяси сахнадан біржолата кетпей, сенатор лауазымына жайғасты. Дегенмен, мерзімінің аяқталмағанына қарамастан, ол көп ұзамай бұл қызметтен де бас тартты.
Уругвайдың ең қарапайым көшбасшысы 1960-1970 жылдары елдегі саяси режиммен күресте Tupamaros тобының қатысушысы ретінде танымал болған. Әскерлермен қақтығыста Мухика тұтқынға алынып, 14 жылдан астам уақыт түрмеде отырған. Баспасөз «әлемдегі ең кедей президент» деп атаған Хосе Мухика президент кезінде сарайда тұрудан бас тартты. «Мені әлемдегі ең кедей президент ретінде атап жүр. Бірақ, мен өзімді кедей сезінбеймін. Шалқып өмір сүруді жақсы көретіндер және соған жету үшін тыраштанатындар – кедей. Өйткені, олар қанағат дегеннің не екенін білмейді. Маған тарихта емес, халқымның жүрегінде қалғаным маңызды», – депті Мухика ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында.
Бүгінде 89 жастағы Мухика өзінің ай сайынғы 12500 доллар президенттік зейнетақысының 90 пайызын қайырымдылыққа жұмсайды. Уругвайдың экс-президенті әйелімен бірге қала сыртындағы су құбыры жоқ Монтевидео аймағында қарапайым үйде тұрып жатыр. Мухика президент болып сайланғанда оның иелігінде тек 1987 жылғы Volkswagen Beetle көлігі болған екен. Көлікті де өзі айдаған. Көпшіліктің пікірінше, Хосе Мухика әлемде күзетсіз жүрген бірден-бір президент болуы әбден мүмкін.
Иранның экс-президенті Махмуд Ахмадинежад та халықтың есінде ерекше көшбасшы ретінде қалды. 2005-2013 жылдары Иранның президенті болған Ахмадинежад әлемдік аренада АҚШ әкімшілігін батыл сынаған және Израильге қарсы өткір мәлімдемелерімен белгілі саяси қайраткер ретінде танылған. Байлық пен сән-салтанатты аса ұнатпайтын Ахмадинежад президент болған кезде оның меншігінде әкесінен мұраға қалған ең кедей ауданда орналасқан лашығы мен ескі көлігі болған. Жұмысқа жұрт қатарлы автобуспен барып, түскі асқа әйелі ірімшік қосып жасаған бутербродты жеген.
Ең қызығы, президенттік зейнетақыдан бас тартып, университеттердегі жұмысы арқылы күнін көріп, бос уақытында қой бағуды ұнататын 68 жастағы Махмуд Ахмадинежад биыл 28 маусымда Иранда өтетін президент сайлауына президенттікке кандидат ретінде тіркелді. Ал, сайлауға қатысатын үміткерлердің нақты тізімі келесі аптада белгілі болмақ.
Қарапайымдылықтың тағы бір үлгісі болған Джимми Картер 1977-1981 жылдар аралығында АҚШ-тың 39-шы президенті болып, мемлекетті 4 жыл басқарған. 2002 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған Джимми Картер президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін бизнеспен айналысқан, алайда онысы сәтсіз аяқталған. Ол өзінің әйелімен бірге кішкентай үйде тұрып келді. Қазір ол 99 жаста, АҚШ-тың бұрынғы президенттері ішінде ең көп өмір сүрген басшы саналады.
Тарихта Уго Чавес, Томас Исидор Санкара сынды кедей президенттер де болған. Ал, Буркина-Фасо атты шағын елдің президенті Томас Санкараны естігендер аз. ХХ ғасырдың ортасында өмір сүрген көсем жалақысын балаларға арналған қайырымдылық қорына аударып отырған. Ескі көлігі мен төрт велосипеді ғана болған. Қазақ басшылары арасында кішіпейіл жан болған Дінмұхамед Қонаевтың да өмірі көпке үлгі болары хақ. Жұмысқа жаяу барып-қайтатын, күзеттен бас тартқан Дінмұхамед Ахметұлы ғұмыр бойы қызметтік үйде тұрған. Академик дәрежесі үшін төленетін төлемақыдан бас тартып, оны балалар үйіне беріп отырған. Қарапайым өмір сүргені соншалық, КСРО-ның бас хатшысы болған Леонид Брежнев Қонаевтың үйіне бірінші рет қонақ боп келгенде, «Бар дүниең осы ма?» деп таңырқаған көрінеді.
Жоғарыда аты аталған «ең кедей президенттердің» зәулім сарайда тұрып, ауқатты өмір сүруге мүмкіндігі болған жоқ емес, әрине, болды. Алайда, олар байлықтан бас тартып, президенттік мерзімде қалтасының қамын емес, халықтың әл-ауқатын, жағдайын ойлады. Осылайша, ел алдында өз міндеттерін адал атқаруға тырысты. Олардың қанағатшыл өмірін тарихта ең қомағай президент ретінде немесе ең қарапайым мемлекет басшысы ретінде де қалуға болатынының айқын бір көрінісі деуге болады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Тазалық техникалары отыз пайызға жаңарды
- Бүгін, 03:10
Учаскелік референдум жұмысын қорытындылады
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді