«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңір экономикасының күретамыры

Өңір экономикасының күретамыры
Ашық дереккөз
Еліміздегі химия өнімдерінің үштен бірі Жамбыл облысында өндіріледі. Кеңес одағы тұсында да, дербес ел болған кезеңде де Әулиеата өңірі фосфор қорынан алдыңғы қатарда. Республикадағы фосфориттің 72 пайызы біздің өңірдің қойнауында сақталған. Бұл ТМД аумағындағы ең ауқымды көрсеткіш.

Облыстың химиялық секторының өзегі – құрамында фосфор бар шикізаттарды, соның ішінде тыңайтқыштарды өндіру. Химия кәсіпорындарының қуаттылығының арқасында елдің қажеттіліктері ғана өтеліп жатқан жоқ. Сонымен қатар, әлемдік нарыққа да отандық өнім экспортталып, экономикаға біршама оң әсерін тигізуде.

Фосфордың аймақтың өнеркәсіптік секторындағы үлесі шамамен 30 пайызды құрайды. Фосфор өңдеу бағытында аймақтағы өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің шамамен 27,6 пайызы жұмыс істейді.

Фосфорды өңірде «Қазфосфат», «НДФЗ», Talas Investment компаниялары мен басқа да шағын кәсіпорындар игеріп, өңдейді. «Қазфосфат» ЖШС филиалдары сары фосфор мен одан өңделіп жасалатын бірнеше элементтерді, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштарды шығаруға маманданған. Ал, «Talas Investment Company» ЖШС – натрий цианиді мен аммоний сульфатын өндіреді. 2024 жылдың қаңтар- сәуір айларында химия өндірісінің көлемі 76,9 миллиард теңгені немесе 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 83,4 пайызды құраған.

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өнеркәсіп және қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің басшысы Талғат Шалдарбековтың айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС және «ЕвроХим- Қарат ау» ЖШС компаниялары өңірдегі химия өнімдерінің ірі өндірушілері ретінде көш бастап отыр.

– Өңір өнеркәсібінің құрылымында «Қазфо сфат» ЖШС үлесі 25,7 пайызды құрайды. Компания химиялық өнімдерді әлемдік нарыққа экспорттайтын ірі компаниялардың алдыңғы қатарында. Зауыттан шыққан дайын өнімнің 80 пайыздан астамы шетелге сатылады. Aтап айтқанда, с ары фо с фор Ұлыбрит анияға, Германияға, Данияға, Үндістанға, Италияға, Польшаға, АҚШ-қа, Швейцарияға экспортталады. Ал, минералды тыңайтқыштар – Бельгия, Корея, Латвия, Испания, Қытай, Түркия, Қырғызстанға, натрий триполифосфаты – Германияға, Қытайға, Чехияға, ортофо сфор қышқылы–Ұлы британияға, Германияға, Қытайға, Швейцарияға жіберіледі. Бүгінгі таңда химия кәсіпорындары жаңа инновациялық және бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, өнімнің жаңа түрлерін шығаруға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылуда. Химия өнеркәсібін дамытуда индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы мен «Қарапайым заттар экономикасы» сынды бағдарламалардың маңызы зор. Индустрияландыру картасы бойынша «Қазфосфат» ЖШС филиалдары минералды тыңайтқыштар зауытын жаңғырту жобасын іске асырды. «Talas Investment Company» ЖШС құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаты 30 мың тоннаға жететін натрий цианидін өндіретін зауыттың екінші кезеңін жүзеге асыруды жоспарлап отыр, – дейді маман.

Жуырда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың қатысуымен «ЕвроХим» минералды- химиялық компаниясы мен Қытайдың «China National Engineering Company» (CNCEC) компаниясы арасында келісімшартқа салтанатты қол қою рәсімі өтті. Бұл келісімшарт Жаңатас қаласында жаңа кешенді жобалауға, салуға және пайдалануға беруге бағытталған.

Он жыл бұрын Жаңатас қаласында жұмыссыздар, қараусыз қалған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көп болған. «ЕвроХим» сияқты кәсіпорындар пайда болып, қаланың инфрақұрылымында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Жылдан жылға қала мен ауданның келбеті біртіндеп жаңарды. Инвестиция көлемі артқан сайын мектептер мен ауруханалар жөнделді, тұрғын үйлер, көпірлер, әлеуметтік, мәдени нысандар салынды.

Сарысу ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңатаста «ЕвроХим» қаражаты есебінен бес көпқабатты тұрғын үй, үш мектеп, орталық аурухана ғимараты мен мәдениет үйі, сондай-ақ екі автожол көпірі жөнделді. Кәріз желілері мен бірқатар нысан толығымен жаңғыртылды. 2012 жылдан бастап Халықаралық химиялық тыңайтқыштар компаниясы аймақты және оның инфрақұрылымын дамытуға 27 миллион АҚШ долларын жұмсады. Сондай-ақ, «ЕвроХим» басшылығы әлеуметтік салаға инвестиция салуды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. 2037 жылға дейін компания жергілікті бюджетке тағы 40 миллион доллар кіріс кіргізуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, компания өз қаражаты есебінен жайлы пәтерлері бар жаңа «Химик» тұрғын үй кешенін салып, нысанды жас отбасыларға, компания қызметкерлеріне және қолдауға мұқтаж жергілікті тұрғындарға табыстауды жоспарлап отыр. Қа ла әкімдігінің ақпараты бойынша, «ЕвроХим» жетім және мүгедек балаларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге үнемі елеулі қолдау көрсетеді.

Айта кету керек, Жаңатаста салынып жатқан «ЕвроХим» химиялық кешені ауқымы жағынан өңірдің басқа өнеркәсіптік жобаларынан 2400 жұмыс орны бар минералды тыңайтқыштар өндірісі ретінде әрі Еуразиядағы ең ірі химиялық кешендердің бірі ретінде ерекшеленеді. Сарапшылардың бағалауынша, жобаның Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуіне қосқан үлесі жылына кемінде 2 миллиард АҚШ долларын құрайды. Кешен аймақтың дамуына қуатты экономикалық серпін береді деуге толық негіз бар. Бүгінгі таңда химиктер жыл сайын аймақ бюджетіне шамамен 30 миллиард теңге салық төлейді. Компанияның ауқымы ұлғайған сайын бұл соманың сәт санап өсетінін болжау қиын емес.

Қазір «ЕвроХим» тау-кен кешенінде 550-ден астам адам жұмыс істейді. Көп ұзамай жұмыс орындары көбейеді. Сондықтан, компания кадрларды дамытуға және оқытуға көп көңіл бөледі. Дәлірек айтсақ, инвестор аймақтағы бейінді техникалық білім беру жүйесін дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. «ЕвроХим» компаниясының қолдауымен Жаңатастық жастар Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Оқуды бітіргеннен кейін үздік түлектер компания кәсіпорындарына жұмысқа орналасады. Бұл мүмкіндікті қазір логистика бөлімінің жетекші маманы болып қызмет ететін Айжан Орынбасар сәтті пайдаланды.

– Маған шетелде оқуға мүмкіндік берілді. Содан кейін бірден жұмысқа шақырылдым. Бұл менің болашағыма қосқан ең маңызды үлесімнің бірі шығар, – деп есептейді Айжан.

Компания басшылығының айтуынша, ол болашақ химиктердің жас кезінен бастап «ЕуроХим» жобаларында жұмыс істеуге дайын болуына мүдделі. Сондықтан компания жоғары оқу орындарында мамандар даярлап қана қоймай, Жамбыл облысының мектептері мен колледждерінде химия сабақтарына арналған арнайы қосымша жабдықтарды енгізуге бастамашылық жасап келеді.

– Біз «ЕвроХиммен» бірнеше жылдан бері ынтымақтастықта қызмет етіп келеміз және жемісті байланыстарды жалғастырамыз деп үміттенеміз. Жақында біз химиялық тәжірибелерге арналған 500-ден астам зертханалық жабдық алдық. Оны студенттермен сабақта қолданамыз. Бұл келешекте кәсіпорындарда жұмыс істейтін студенттерімізді сапалы оқытуға қосымша мүмкіндіктер береді, – деді Жаңатас көпсалалы колледжінің директоры Нұрландия Түйтебаева.

Компания адамдарға қамқорлық жасайды, қызметкерлерді жұмыс орнында жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз етеді, медициналық сақтандыру қызметтеріне келісімшарттар жасайды, спортқа, балалар санаторийлері мен жазғы лагерьлерге ақы төлейді. Жеке тұрғын үй сатып алуды жоспарлағандар компанияның жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын пайдалана алады.

–Тау-кен кәсіпорнында біз әлеуметтік қауіпсіздік пен болашаққа деген сенімділікті сезінеміз. Мен компанияға 2013 жылы бұрғылау- жару жұмыстарының жетекші маманы ретінде келгенімде, отбасыма компания мамандарына арналған үйлерден үш бөлмелі пәтер берілді. Қазір балалар өсті, ұлым да «ЕвроХимда» жұмыс істейді. Ең бастысы, мұнда мансап жолында ілгерілеу үшін мүмкіндіктер бар, – деді еңбек сіңірген шахтер, «ЕвроХим-Қазақстан» бұрғылау- жару басқармасының басшысы Асқар Абдумоминов.

«ЕвроХим» жобаларының арасында логистикалық жобалар да бар. Кәсіпорынның қатысуымен өңірде темір жол құрылысы жоспарланған. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тиесілі кейбір желілер қалпына келтірілуде. Мысалы, Жаңатас пен Шымкентті жалғайтын темір жол күрделі жөндеуден өтіп, қайта салынды.

Белгілі қаржы сарапшысы Расул Рысмамбековтың пікірінше, өзімізде өндірілетін премиум тыңайтқыштар астық қорын ұлғайтуға сеп болмақ. Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда өңделетін жерлердің 70 пайызға дейіні іс жүзінде тыңайтылмаған. Себебі қарапайым: тыңайтқыштарды (негізінен импорттық) қазіргі бағамен сатып алу шаруалар үшін тым қымбат. Мұндай өнімдерге қол жеткен жағдайда жаңа кешендегі тыңайтқыштар өндірісіне салынған инвестиция еліміздің ішкі нарығын қанағаттандырады. Ал жоғары сапалы премиум тыңайтқыштар өнімділікті бір жарым-екі е сеге арттырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бірнеше жылда диқандарға негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісін екі есеге арттыру міндетін қойып отыр.

– Қазақстан Еуразиядағы ірі агроөнеркәсіптік елдердің бірі және орасан зор экспорттық әлеуетке ие. Бірақ, отандық фермерлер жинаған астық көлемі соңғы жылдары азайып кетті. Қазақстанда соңғы 30-35 жылда минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі азайғандықтан, ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылық деңгейі айтарлықтай төмендеді. «ЕуроХим» іске қосып жатқан өндіріс бұл жағдайды өзгертуге көмектеседі, – дейді сарапшы.

Жобаның тағы бір жағымды жағы – оның облыс экономикасына тигізетін әсері. Компанияның мәліметінше, бюджет кірісі жыл сайын шамамен 30 миллиард теңгені құрайды деп болжануда. Ал, қызмет көрсететін кәсіпорындарды есепке алғанда елдің ішкі жалпы өніміне таза үлес жылына 2 миллиард АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. «ЕуроХим» мамандары өз өнімдерінің болжамды көлемін ескере отырып, Қазақстанның ішкі нарығының калий сульфаты, кальций хлориді, синтетикалық гипс және күкірт қышқылына деген қажеттілігін толығымен өтейтініне сенімді. Күкірт қышқылын осы құрамдас уран өндіруге қажетті «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ұлттық компаниясының және классикалық минералды тыңайтқыштар шығаратын «Қазфосфат» ЖШС-нің кәсіпорындарына жеткізуге болады. Қазақстанның экспорттаушы ретіндегі мүмкіндіктері де айтарлықтай артады. Тыңайтқыштар тасымалының арқасында халықаралық сауданың жаңа мүмкіндіктері ашылады деп есептейді компания. Өңір экономикасындағы химия саласының үлесі артқан сайын еліміздегі тұтас химия кластерінің жандануын болжау қиын емес.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

 

Ұқсас жаңалықтар