Зауытта 1500 адам фосфогипс өндірісімен айналысуда. Бүгінгі күні зауыт мемлекеттің қолдауына зәру. Өйткені шикізат, тасымал және газ бен экологиялық салықтың жоғарылауы да зауыттың адымын аштырмай тұр. Парламент Сенатының депутаттары өндіріс орнымен танысқаннан кейін мәжіліс залында бас қосып, зауыт мәселесін бірлесе талқылады. Жиынды Сенат депутаты Бауыржан Қанаев ашып, өңірдегі химиялық өндіріс орындарының және жеңіл өнеркәсіп кешендерінің жұмысымен танысуға келгенін, мәселелері болса зерделеп, Парламент мінберінде көтеретіндіктерін айтты.
«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Ерсін Сариевтің айтуынша, 2021 жылдан бері серіктестік жұмысшыларының жалақысы 100 пайызға өскен. Осыдан үш жыл бұрын орташа жалақы 70 мың теңге болса, қазір 350 мың теңгені құрайды. «Біздің нарықтағы бәсекелесіміз Ресей мен Қытай мемлекеті. Біз қазір олармен нарықта бәсекелесе алмайтын түріміз бар. Бізге мемлекеттің қолдауы керек. Өндіріс шикізат пен көгілдір отын бағасының жоғарылауынан өнім төмендеуі мүмкін. Осылай жалғаса беретін болса алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз», – деді ол.
Жиында зауыттың бар мәселесі айтылды. Зауыт нарықпен бетпе-бет кездесіп отырған қиындықтан жол тауып шықпаса банкрот болу қаупі бар екенін де жасырмады. Сонымен қатар, зауыт қалдығын жою да бүгінге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Оның қала экологиясына тигізіп жатқан зияны да сенаторлар назарынан тыс қалмады.
Сенаторлармен кездесу барысында зауыт басшылығы өндіріс ошағын сақтап қалу үшін биліктен көмек сұрады. Ең алдымен, экологтар салық тәртібіне сәйкес экологиялық төлемдегі базалық норманы төмендету қажеттігін айтты. Серіктестіктің бас экологы Арман Қарағалиев жаңа технологияларды енгізбей, зауыт экологиясының төмендей беретінін жеткізді. Сондай-ақ, фосфогипс қалдықтарын жою мәселесінде көмек керек екенін айтты. Ол үшін тасымалға мемлекет тарапынан субсидия берілсе деген ойын да айтты.
Сенаторлар зауытты заманауи технологиялармен жабдықтап, жаңғыртпай экологиялық мәселе шешілмейтінін айтты. Ал, Батырбек Құлекеев зауыт аяғынан тұрып кеткенше қала аумағынан екі жылға уақытша 20 гектар фосфогипс қалдығын төгетін жер бере тұруды сұрады. Болашақта серіктестік басшылығы зауытты қала сыртына көшіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков: «Зауыт өңірдің экологиялық жағдайын шешуге тырысып отырған жоқ, уақыт созуға ұмтылуда. Екі жылдан кейін бұл мәселе қайта көтеріледі. Біздің міндет – бірінші орында қала халқының денсаулығын сақтау», деді.
Сенат депутаты Әлібек Наутаев бұл ойды құптады. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көтерген мәселе бір-екі күнде немесе бір-екі жыл көлемінде шешілетін мәселе емес. Біз оны жан-жақты зерделеп, зауыттың қалаға тигізетін зиянын, экологиясын қарап барып Парламентке ұсынамыз. Фосфогипс қалдығына қосымша жер беру бұл тығырықтан шығатын жол емес», дейді ол.
Бұдан кейін сенаторлар «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, зауыт жұмысымен танысты. Зауыт директоры Еркін Абдыбаев еліміздегі жеңіл өнеркәсіп орындарының шетелдік әріптестерімен бәсекелесе алмай отырғанын жеткізді. Бүгінде зауыттың жылдық қуаты 500 мың жұп аяқ киімді құрайды. 250 адам жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақысы 150 мың теңге.
– Біз шикізатты Алматы қаласынан аламыз. 2016 жылдан бастап былтырға дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің тапсырысын орындап келдік. Биыл ол тапсырыстан айырылып қалдық. Біз бар болғаны елдегі жеңіл өнеркәсібінің 3 пайызын қамтып отырмыз, 97 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Қазір біздің нарықты Қытай, Өзбекстан мен Түркия жаулап алған. Отандық нарықта бізге билік тарапынан қолдау жоқ. Тапсырыстың болмауы қысқартуға әкеліп соғуы мүмкін. Біз жылдап дайындаған жақсы мамандардан айырылып қалудан қорқамыз, – дейді серіктестік директоры.
Депутаттардың «Кәсіпті дамыту үшін қандай қолдау керек?» деген сұрағына зауыт директоры «жеңіл өнеркәсіп ошақтарын алдымен салықтан босатып, мемлекеттен субсидия берілсе», деген өтінішті жеткізді.
Келесі кезекте Парламент Сенатының депутаттары Байзақ ауданындағы «Аулие-Ата-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Фарида Жүнісованың айтуынша, зауытта 142 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың орташа жалақысы 142 мың теңгені құрайды. Зауытың жылдық қуаты 8 мың тонна. Бүгінде алты құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта оның санын 12 жеткізіп, жылдық қуатын 12 мың тоннаға арттыру жоспарланған. Негізінен өндірілген өнім Ресей мен Қырғыз мемлекеттеріне экспортталуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді