Талап орындалған жерде тәртіп болады

Талап орындалған жерде тәртіп болады
Ашық дереккөз
Соңғы қоңырау біреулерге сағына күткен сәт болса, ал, біреулер үшін үлкен өмірге баспалдақ екені белгілі. Дегенмен, кей жағдайда соңғы қоңыраудың салдары болып жататыны жасырын емес. Түлектерге көңілді кештер ұйымдастыруға, қыдыруға тыйым салынса да, оны тыңдап жатқан жастар аз. Бұған тіпті ата-ана мен ұстаздарды да кінәлау артық. Мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан жастардың өзі сол қадамдарын кейде асығыс басатын секілді.

Соңғы кездері осындай оқиғалар жиі орын алып жүр. Соңғы қоңырау соғылысымен серуен құратын жастар көлікпен алып-ұшып жүріп көп тәртіп бұзады. Қала ішінде шеру жасап қателікке жол береді. Керуендетіп, серуендетіп сайран салатын түлектердің жол қағидаларын елемейтінін, тіпті білмейтінін де жақсы білеміз. Соның салдарынан сан-түрлі көлік апаттары орын алады.

2022 жылғы Маңғыстаудағы жағдайды еске салайық. Бұл жақта да жол апатына түскен осы мектеп бітіруші түлектер болатын. Оқиға орын алған жерде 7 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген еді.

Мұндай жағдайға жастардың өз өмірлеріне жауапсыздығы мен албырттығы себепші. Балалық дәуреннен жігіттік шаққа қадам басқандар темір тұлпарды басқару кезінде өздеріне қатты сенімді болады. Ақыр аяғында сол жалған менмендіктің кесірінен зардап шегеді.

Былтыр Сарысу ауданында орын алған жол-көлік оқиғасына себепші болған Ержан атты азамат басынан өткен жағдайды баяндады. Айтуынша, ол әкесінің машинасын рұқсатсыз жүргізген. Көлік басқаруға рұқсат беретін құжаты да жоқ. Өзі сол кезде 17 жаста екен. Аңдамай біреудің көлігін соғып, оған материалдық шығын келтірген. Көлік апаты орын алған жерге полицейлер келіп, кінәлі азаматты 30 тәулікке қамаған. Сарысу тұрғыны осы жағдайдан көп сабақ алғанын және одан жеңіл жазамен құтылғанына қуанатынын жеткізді. Жалпы, жастардың мектеп бітіру мерекесі, студент атанған кездері, әскерден оралғаны, үйленген сәті бар бәрі-бәрі олардың қатты қуанатын шағы. Олар мұндай сәттерде жастық албырттыққа бой алдырып, қауіп төнетін тұстарды аңғармайды.

Тағы бір осындай оқиға жайында Тараз қаласының тұрғыны Дильнара Ибрагимова айтып берді. Ол аялдамада автобус күтіп тұрған кезінде түлектердің қоғамдық көлікке жол бермей, айқай-шу көтеріп көшеден өткенін сөз етті.

«Бес алты машина бір-бірімен жолға таласып жүр. Жастар терезеден бастарын шығарып, қатты дауыс көтерді. Кейбірі, тіпті көліктен ұшып кетуге сәл-ақ қалды», дейді ол. Бұл жағдай жақында болған екен.

Ал, биылғы 25 мамырдағы жол-көлік оқиғасы елді де, әлеуметтік желіні де шулатқан еді. Көпшілік Жуалы ауданында орын алған жағдайға тек мектеп оқушыларының қатысы бар екен деп ойлады.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың мәлімдемесіне сүйенсек, Жаңаталап пен Бәйтерек ауылының бұрылысындағы көлік апатына 21 жастағы Жуалы тұрғыны себепші болған.

– Көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай «Тойота Камри» маркалы машина жол жиегіне шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы орын алғанда ішінде 4 адам болған. Біреуі №11 Т.Тастандиев орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Бала мектептегі іс-шарадан соң осы көлікке отырып, қайтқан. Оның қазіргі жағдайы қалыпты, ата-анасы баласының денсаулығына алаңдап, үйіне жедел жәрдем шақырыпты. Оқушыны аудандық ауруханадан тексеруден өткізді, – дейді Рауан Нұрғалиұлы.

Бүгінде 11-сынып түлегі қазақ тілі пәнінен жазбаша емтиханға қатысыпты. Емтихан тапсырмаларын толық орындаған. Денсаулығы – жақсы. Келесі емтиханға да келетінін айтты.

Қоңырау үнінің артында мектеп бітірген жастардың жарқын болашағы бар. Алтын ұясын қимай қоштасқан түлектердің ең алдымен амандығы маңызды.

 

Нұржан ӘЛІШ

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар