Осыдан 17 жыл бұрын мектепте мұғалімдік қызметті бастаған Нұрболат Қайсарбайұлы теріден түрлі бұйым жасайды. Ол бұл өнерді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде бейнелеу өнері факультетінде оқып жүріп үйреніпті.
– Жануарлардың терісін өңдеп, одан сан алуан заттар жасаудың қыр-сырын ұстазым Қадыр ағай үйреткен еді. Ол кісі Қырғызстаннан келген, іске епті әрі білгенін үйретуден жалықпайтын нағыз ұстаз. Оның өнері ғана емес, білімін басқалармен бөлісудегі жанашыр әрекеттері де біздің бойымызға сіңіпті. Алғаш мектепке жас маман болып 2007 жылы келдім. Мектептің өміріне әбден сіңісіп алғаннан кейін, 2009 жылдан бастап оқушыларды терімен жұмыс жасауға оқыта бастадым. Содан бері біраз оқушыларым жетістікке жетіп келеді. Атап айтсам, Әділет Шайлаз, Ерболатхан Қалдыбек есімді оқушылар халықаралық байқаудан бірінші, екінші орындарды иеленген. Дастан Өрнек облыстан бас жүлде алып, республикада өнерімен бәсекеге түсті. Жансерік Болат облыстық, республикалық жарыстарда бас жүлде олжалады. Қазір де қолөнермен айналысады. Өзім осы терімен жұмыс жасау жолдарын, әдіс-тәсілдерін аудан, облыс мұғалімдерімен ұйымдастырылған семинарларда бөлісіп, практикум, шеберлік сыныптар өткізіп тұрамын. «Жақсыны үйренбекке» дегендей, ауданымызда біраз мұғалімдер осы өнерді қолға алып, жақсы жұмыстар бастап жатыр, – дейді шебер ұстаз Нұрболат Шанбаев.
Ол баламен жұмыс жасауда бірге ізденіп, ежелгі қолөнерді жаңғыртуға көңіл бөледі. Бұрынғыны жаңа стильмен ұштастырып, тың дүниелер тудыруға құмар. Балалардың қалауы мен қызығушылығын ескере отырып, бірге жұмыс жасауды ұстанатын ұстаз өз шаңырағында екі ұл, қос қыз тәрбиелеп отыр. Олардың да бойына өнер сіңіруді қалайды.
– Қолынан іс келетін адам кез келген жағдайда табыс тауып, тіпті өнерін жеке кәсіпке айналдыруына да болады. Ал, мен мұғалімдікті таңдадым. Себебі, балалармен жұмыс істегенді жаным сүйеді. Өмірдің қым- қуыт қырын енді бағдарлап келе жатқан балалар жаңалықты тез сіңіреді, қиялдары ұшқыр болып келеді. Өзім де олармен бірге дамимын. Енді, алдағы уақытта шикі теріні илеуді балаларға үйретсем, қолдан иленген теріден көлемді жұмыстар жасасақ деп жоспарлап жүрмін. Бұған дейін дайын теріден бұйымдар жасап келдік, енді шикізатын да өзі өндіруді оқушыларыма меңгерткім келеді. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ол малдың сүтін ішіп, етін жеп ғана қоймай, терісін іске асырып, тұрмысқа қажетті әрі бағалы дүниелер жасасақ, әрі халықтың әлеуетін жақсартуға сеп болады, әрі ежелден келе жатқан ұлттық өнерімізді дамытамыз, – деп мақсаты айқын шебер алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын» дегендей- ақ, Нұрболат сөзге шорқақ, алайда ісімен ізденімпаздығын аңғартты. Әңгімелесу барысында біз оның бойынан «біле түссем» деген жасампаздықты байқадық. Балаларға деген жанашырлығы оның білгенімен бөлісуге құштарлығынан сезіліп тұрды. Сөз соңында ол: «Білгенімізді жастарға үйретсек, еліміздің болашағы баянды болатыны сөзсіз» деп қалды. Мұнысынан нағыз жанашырлық, бүгінгіден бұрын келешектің қамын жейтін елжандылық байқалды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді