СЫННАН ӨТКЕН СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТЕР
Иә, бірде-бір мемлекет әскери, экономикалық және саяси тұрғыдан қаншалықты қуатты болса да, қазіргі заманның ең өткір мәселелерін басқа елдерден оқшаулап шеше алмайды. Оларға тек халықаралық тығыз ынтымақтастық шеңберінде қол жеткізуге болады. Сондықтан, тәуелсіз еліміз бүгінде өзінің барлық көршілерімен және негізгі әріптес мемлекеттермен байыпты да байсалды қарым-қатынастар орнатқан. Халықаралық саясатта беделі бар, көптеген интеграциялық бірлестіктердің бастамашысы ретінде танылып жүрген Қазақстан бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары кеңесі және тағы басқа да халықаралық ұйымдардың белді мүшесі ретінде сыртқы саясатты сындарлы әрі белсенді жүзеге асырып, қауіпсіздік, ынтымақтастық, даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз айқын, прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені, осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат».
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақ елі барлық алыс-жақын мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, соның негізінде бүгінде барыс-келіс, алыс-беріс жүйелі жолға қойылған. Күнтізбесі мерекеге толы мамыр да Қазақстанның саяси аренасында маңызды сапарлар, кездесулер мен қабылдаулар, басқа да оңды оқиғаларға толы айдың бірі болды. Сол саяси оқиғалардың ішіндегі ең маңыздысына тоқталар болсақ, ол, әрине, 23-24 мамыр күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент Тарман Шанмугаратнамның шақыруымен Сингапур Республикасына барған мемлекеттік сапары. Бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Экономиканың түрлі саласында екі елдің өзара тиімді серіктестік құруға әлеуеті жоғары. Президенттің Сингапурға мемлекеттік сапары да соған дәлел.
Өткен аптада әлем БАҚ-тарының назарын аударған бұл сапарында Қазақстан Президенті Сингапурдың жоғары басшылығымен, халықаралық ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізді және Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жұмысына қатысты. Форумда Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санайтынын айтқан Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас қарқынды түрде дамып келе жатқанына тоқталды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,6 миллиард долларға тең болды. «Қазақстан мен Сингапур өзара сауда көлемін 2 миллиард АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отыр», деп жазды екі ел президенттерінің кездесуіне тоқталған жергілікті Daryo басылымы.
Қазіргі кезде Қазақстанда сингапурлық 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай жобалардың бірі – G4 City. Сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясымен бірлесіп Алматы облысында «Алатау» (G4 City) интеграцияланған қаласын салу жобасы жалғасып жатыр. Жаңа қалада шамамен 2,2 миллион адам тұрады деп болжануда. Alatau City жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі экономикасының катализаторы ретінде маңызды саналатынын атап өткен Мемлекет басшысы бұл жобаны іске асыру мәселесі Сингапур Президентімен және Премьер-министрімен жүргізілген келіссөздер барысында талқыланғанын айтты. Еске салсақ, биыл қаңтар айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Іле ауданында облыстық маңызы бар Алатау қаласы құрылған. Үкімет Алатау қаласының бас жоспарын бекітіп, Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының шекараларын өзгертті. Сондай-ақ, Президент G4 City арнайы экономикалық аймағының аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін ұлғайтып, оның атауын «Alatau арнайы экономикалық аймағы» деп өзгерту туралы шешімді мақұлдаған болатын.
Қазақстан Президентінің Сингапур сапарының екінші күні де нәтижелі болды. «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды ілгерілету» тақырыбында дәріс оқыған Президент жаһандық өзгерістерге әкелетін бастамаларға назар аударды. Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» және «Алға, Сингапур!» бағдарламаларының мақсаттары ұқсас. Қазақстандық спикер өз сөзінде тағы бір маңызды мәселе – жанжалдардың алдын алу тақырыбын қозғап, дауларды бейбіт жолмен шешуге арналған ешқандай «жақсы кеңселер» тиімді ынтымақтастық жүйесін алмастыра алмайтынын еске салды. «Біз соғыстарды тоқтатуға тырыспай, алдын алуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетсек, Сингапур ISEAS лекциялары 80-ші жылдардан бері жүргізіле бастаған. Қазірдің өзінде олар әртүрлі елдерден белгілі саясаткерлерді, көрнекті саясаттанушыларды, дипломаттарды, ғалымдарды, жас мамандарды жинайды.
Сапар барысында Президент SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен, Сингапурдың үшінші Премьер-министрі, аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті. Үшінші Премьер-министрмен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Азиядағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Сингапурмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті. Расында да, бұл сапар екі елдің жан-жақты қатынасының дамып келе жатқанына дәлел. Мұны сарапшылар да атап өтті. Сондай-ақ, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары Мемлекет басшысының бұл сапарының еліміз үшін маңызы зор деп отыр. «Себебі, Сингапур әлемде технология, қаржы саласындағы жетекші елдердің бірі. Логистикалық хаб деуге болады», – деді ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукен.
Малайзия премьер-министрінің 15 мамырдағы Астанаға ресми сапары да әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары назарынан тыс қалмады. «Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық пен өзара ынтымақтастық арқауы байланыстырады. Біз көптеген маңызды салаларда өзара ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін қосымша күш жұмсауға дайынбыз», – деп келтірді Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін түркиялық Anadolu агенттігі. Сондай-ақ, агенттік Ануар Ибрагимнің де Малайзияның Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өткен.
Елімізге келген Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, келіссөз барысында өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайту, көлік-транзит, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы жан-жақты серіктестіктің мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, тараптар БҰҰ, ИЫҰ және АӨСШК секілді халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ануар Ибрагим өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Малайзия мен Қазақстан 1992 жылғы 16 наурыздан бастап қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге келісті. Бұл туралы малайзиялық Sinar Harian газеті де жариялады. «Кездесуде екі ел арасындағы сауда, инвестиция, жоғары білім, туризм және халал индустриясы сияқты әртүрлі салалардағы ынтымақтастық кеңірек талқыланды», – деп жазды малайзиялық басылым. Қазақстан – Малайзияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы былтыр 64 пайызға ұлғайып, 246,5 миллион долларға жеткен. Астанаға сапары туралы Ануар Ибрагимнің өзі де X желісіндегі аккаунтында жазба қалдырған. «Ресми қабылдаудан кейін Президент Тоқаев екеуіміз Малайзия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелерді талқылап, төрт тармақтан тұратын кездесу өткіздік, оның барысында өзара қызығушылық тудыратын халықаралық мәселелер де сөз болды», делінген жазбада.
8 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммитіне қатысқаны белгілі. Саммитте мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастықтың маңызды міндеттері мен негізгі бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, ЕАЭО қызметінің жекелеген аспектілері жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті осыдан он жыл бұрын Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа қол қойылғанына назар аударды. «Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде біздің Одақ халықаралық кеңістікте өзіндік орны бар маңызды әрі перспективті интеграциялық бірлестікке айналды. Ортақ күш-жігердің арқасында мыңнан астам түрлі нормативтік құжат қабылданды. Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті. Ал, экспорты 2 еседен астам өсті. Біз мұны жақсы нәтиже деп санаймыз», – деді Қазақстан Президенті. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.
Ал, 9 мамырда Мемлекет басшысы Жеңістің 79 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты. Парадты Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей Президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Куба, Лаос, Гвинея-Бисау президенттері тамашалады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге келген бірқатар мәртебелі меймандарды қабылдады. Өткен айдың ортасында Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай басқосу сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы екенін атап өтті. «Аймақтық ынтымақтастық барлық бағыт бойынша қарқынды дамуда. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – өте маңызды әрі оң үрдіс. Мемлекетаралық саяси диалог та мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан. Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр», – деген Мемлекет басшысы бұл басқосу Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі саналатынын айтты. Аталған жиын 9 тамызда Астанада өтеді деп жоспарланған.
15 мамырда Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзерді қабылдаған Президент келесі күні Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжунмен кездесті. Сондай-ақ, өткен айда Қазақстан Президенті Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдады. Кездесуде қос тарап халықаралық ұйымдар мен екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайлы сөз қозғап, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бауырлас елдердің өзара ынтымағын нығайту жөнінде пікір алмасты. Өз кезегінде түріктің Anadolu агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы парламенттік дипломатияның әлеуетін жоғары бағалап, Нуман Куртулмуштың сапары Түркия мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы келісімнің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына ерекше зер салғанын атап өткен. Мақала соңында Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі екені, сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіретіні, келешекте өзара сауда айналымы 10 миллиард долларға жететіні туралы жазылған.
Мамырда Президент елімізге келген тағы бір мәртебелі мейманды – ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай дипломатиясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оның айтуынша, Қытайдың бастамалары жаһандық күн тәртібіне ықпал етеді және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосады. Президент БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы қазақ-қытай қатынастарына жоғары баға берді.
Өткен айдың үшінші онкүндігі Қазақстан Президентінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Астанаға келген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдаумен басталды. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен кездесу өткізді. Президенттің айтуынша, ШЫҰ-ның цифрлық, туристік және энергетикалық салалар бойынша ұйымдастырылған форумдарын қоса алғанда,100-ден астам іс-шара өткен. «Біздің бастамамызбен 2024 жыл ШЫҰ-да Экология жылы болып жарияланды. Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік және мәдениет салаларында қосымша бірқатар айтулы шараға дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Әрине, ШЫҰ-ның алдағы Астана саммитіне баса назар аударамыз. Елдеріміз үшін маңызды осы форумға толыққанды дайындық жүргізу мақсатында Сыртқы істер министрлері кеңесіне зор жауапкершілік жүктеледі. Маңызды құжаттар тізімін және шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осындай 20-дан астам құжат мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылды. Олардың тиімді іске асырылуы ШЫҰ аясындағы жан-жақты серіктестіктің нығаюына елеулі үлес қосарына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның алдағы Астана саммиті «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтетінін жеткізді.
Президент Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті де жылы шыраймен қабылдап, Түрікменстанды сенімді стратегиялық серіктес және тарихи тұрғыдан туыс мемлекет ретінде қарастыратынын айтты. Келесі кездесуді Президент Астанаға жұмыс сапарымен келген Нидерланд Премьер-министрі Марк Рюттемен өткізді. «Нидерланд – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Елімізге құйылған тікелей инвестиция 120 миллиард доллардан асты. Елдеріміз бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр», – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Марк Рютте екіжақты серіктестік деңгейін жоғары бағалап, өзара ықпалдастықты одан әрі жандандыру қажет екенін айтты. Мәселен, алдағы уақытта Қазақстан Нидерландтың су тасқынымен күрес тәжірибесін зерттемек. Екі елдің тиісті сала министрлері су тасқынына қарсы іс-қимыл және сала мамандарын даярлау жөнінде меморандумға қол қойды. Құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастықты көздейді.
ТЕЛЕФОНМЕН МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ
Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы тілдесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Мәселен, Сербия Президенті Александр Вучичпен телефон арқылы сөйлесу кезінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру, соның ішінде бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру және биылғы екінші жартыжылдықта Қазақстан Президентінің Белградқа сапарын ұйымдастыру сөз болды. Ал, Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы әңгімелесу барысында екі көршілес елдердің басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады. Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірліктер тарапының бастамасымен осы елдің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен, сондай-ақ Финляндия Президенті Александр Стуббпен телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға баса мән бере отырып, қазақ-фин байланыстарын барлық бағыт бойынша одан әрі қарқынды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді. Тараптар көпжақты ұйымдар аясындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Мамырдың соңғы күндері Германия тарапының бастамасымен телефон арқылы әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольц екіжақты қатынастардың практикалық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Берлинге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса мән берілді. Осы орайда тараптар алдағы уақытта Астанада «Орталық Азия – Германия» форматында өтетін жоғары деңгейдегі кездесудің мәні зор екенін атап өтті.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
17 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туған күніне орай көптеген шет мемлекеттердің басшыларынан, шетелдік мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдерінен құттықтаулар қабылдады. Олардың ішінде Ресей Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян және басқалар бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты. Сондай-ақ, Президент Астанадағы Иран елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
22 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламға Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдап, алдағы барлық бастамасына табыс, ал достас вьетнам халқына бақ-береке тіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы II Абдалла бен әл-Хусейн мен иордан халқына Иордания Корольдігінің ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентіне де жеделхат жолдап, Ильхам Әлиевті және әзербайжан халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ал, 30 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия Республикасының Президенті Зоран Милановичке және барша хорват халқына ұлттық мереке – Мемлекеттілік күнімен құттықтауын жолдады.
Еліміз еңсесін түзеп, ата-бабаларымыз сан жылдар бойы аңсаған егемендігін алғаннан бері Қазақстан төрткүл дүниемен байланысын нығайтуға ұмтылып келеді. Жаһандағы елдермен жан-жақты байланыс орнатудың еліміздің өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды екенін саралай білген Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатын салиқалы жүргізіп, тәуелсіз елдің табанды екенін әлем алдында мойындата білді. Қазақстанның БҰҰ, ЭЫДҰ, ШЫҰ тәрізді халықаралық ауқымдағы ұйымдар алдында өзіндік ұстанымын білдіріп, саяси, экономикалық, тағы басқа тұрғыдан кемел ел екенін дәлелдей алуы мемлекет саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанының жарқын көрінісі. Әлемдегі барлық дерлік елдермен тиімді қарым-қатынастар орната алуымыз да соның бір дәлелі. Демек, еліміздің бүгінгі сыртқы ұстанымдары ұғынықты, дүбірлі дүниедегі бағыт-бағдары айқын, жолы ашық деп сенімді түрде айта аламыз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді