«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 2023-2025 жылдары 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарланғанын айтқан аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы биыл жетеуі пайдалануға берілуі тиіс екенін еске салды. Алайда, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жайлы мектептерді белгіленген мерзімде аяқтауға жұмысты тежейтін бірқатар мәселелер бар екенін жеткізді.
– Өткен жылы 7 мектептің, яғни Байзақ ауданында 1, Қордайда 2, Тараз қаласында 4 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 15,1 миллиард теңге бөлініп, трансфертпен «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамына аударылды. Биыл 9 мектептің, яғни Байзақ ауданында 1, Жамбылда 1, Қордайда 3, Меркіде 1, Шуда 2, Тараз қаласында 1 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 12,5 миллиард теңге қарастырылды. Жоспарға сәйкес, қаражат уақтылы бөлінген жағдайда ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2 мектеп, жыл соңына дейін 5 мектеп аяқталады деп күтілуде. Жалпы, жоба бойынша бүгінгі күнге құрылыс жұмыстарының барысы 13 пайыздан 54 пайыз арасында. Дегенмен, ұлттық жобаны белгіленген мерзімде іске асыру барысында құрылыс жұмыстарын тежейтін және қаржыландыруға байланысты бірқатар мәселелер орын алуда. Атап айтқанда, 2024 жылға мектеп құрылысына қарастырылған 12,5 миллиард теңге республикалық трансферттері бүгінгі күнге түскен жоқ. 2024 жылға тапсырылатын 7 мектептің үшеуіне қымбаттау сомасын есепке алмағанда 9,6 миллиард теңге қаражат бөлінбеді. Бұдан басқа, жалпы 7 мектепке қымбаттау сомасы алдын ала есеп бойынша 9,6 миллиард теңгеге болжануда. Сараптама қорытындысы алынған 3 нысанда Үкімет қаулысымен бекітілген сомадан сметалық құнның қымбаттауы 1-1,3 миллиард теңге аралығында шықты. Қалған 4 мектеп бойынша мемлекеттік сараптамасы маусым айында шығады. Мемлекеттік сараптамамен шыққан құнына қаржыландырудың болмауы бас мердігерлермен нақты сметалық құны бойынша қосымша келісім жасасуға мүмкіндік бермейді және осылайша құрылыс қарқынын баяулатады. Шарттың бұзылуына және мердігердің ауысуына байланысты Қордай ауданы, Қарасу ауылында 300 орындық мектеп өндірістік кестеден қалып, 2024 жылы аяқталмау қаупі бар. 2025 жылы тапсырылатын нысандар бойынша жоба көшбасшылары анықталмаған.
Жобаларды іске асырудың нормативтік мерзімдерін ескеретін болсақ, бұл жобалардың да 2025 жылдың 1 қыркүйегіне тапсырылмауы ықтимал. Сондықтан «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы конкурстық рәсімдерді жеделдетіп, жобалауды және құрылысты бастату қажет деп есептейміз. 2025 жылы пайдалануға берілетін 5 мектептің жобалаушысының анықталмауы салдарынан, әкімдіктер тарапынан әзірленетін сыртқы инженерлік желілермен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды тежеуде, яғни мектеппен сыртқы инженерлік желілердің қосылу нүктелерін сәйкестендіру қажет. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, 2024 жылы жоспарланған 7 мектепті уақтылы аяқтау үшін Үкіметтің қаулысына сәйкес 9,6 миллиард теңге сомасын, сметалық құны бойынша 9,6 миллиард теңге қымбаттау сомасын республикалық бюджеттен бөлуге, сонымен қатар, 2024 жылға бөлінген 12,5 миллиард теңге сомасындағы республикалық трансферттердің түсуіне ықпал етуіңізді сұраймыз, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы мектеп құрылысына тікелей жауапты «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін де атап айтты.
Ұлттық жоба аясында биыл тапсырылатын 7 мектептің сыртқы инженерлік инфрақұрылым құжаттары әзірленіп, жергілікті бюджеттен 2,1 миллиард теңге қаралып, жұмыстар басталған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тамыз айына дейін аяқталмақ. «Битрикс» ақпараттық жүйесіне 12 құрылыс нысаны бойынша деректер енгізіліп, құрылысы жүріп жатқан 7 нысанда 54 бейнекамера орнатылған.
Аталған мәселелердің шешімін табу жолдарын жауаптылармен талқыға салған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық басшысының міндетін атқарушы Мұрат Сейдалиннен мән-жайды сұрады. Бірақ, Мұрат Сатыбалдыұлы қарастырылған қаржы бөлініп, керекті материалдар алынғанын, ешқандай мәселе жоқтығын, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал, 2025 жылы пайдалануға берілетін 5 мектептің жобалаушысының анықталмауы тек біздің өңірде емес, республика бойынша белгілі болмағанын айтқан Мұрат Сатыбалдыұлы бұл мемлекет тарапынан шешілетін іс екенін жеткізді.
– Бұл жұмыстарды тездету керек. Сол 5 нысанның бас мердігерлерінің анықталмауынан аудан әкімдері де сыртқы инженерлік желілердің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауы керек. Бәрі бір-бірімен байланысты. Жергілікті әкімшілік тарапынан қандай көмектер керек? Құрылысты жүргізуші мердігерлерге қандай кедергілер кездесіп жатыр? Бәрін осы отырыста ашық айтып, мәселені талқылап алайық. Тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы, мердігерлермен қандай да бір мәселелер туындаса, оны сіздер көтеру керексіздер. Себебі, біз жергілікті әкімшілік ретінде қатысымыз жоқ, көмектесер-ақ едік, тіпті оған біздің құқығымыз да жоқ. Түйткілдерді шешу жолдарын қарастырып, әкімшілік тарапынан көмек қажет болса, дайынбыз, – деген Ербол Шырақпайұлы тапсырылған істі сапалы әрі межеленген мерзімінде аяқтау үшін барынша жұмыс істеуді тапсырды.
Мердігерлер де әрқайсысы өз нысандарында құрылыс жүргізу барысында кездескен кедергілерді айтып, шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.
Кеңестің екінші мәселесінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының облыста орындалуы сөз болды. Акция аясында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, жалпы өсім бойынша 210 мыңнан астам өңір тұрғындары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері белсене атсалысқан. Оның ішінде 20 мың ерікті және 5 мыңға жуық кәсіпорындар мен мекемелер қатысқан. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 1,1 миллион шаршы метрді құрайтын 143 саябақ пен сквер аумағы, 816,6 километр каналдар мен арық жүйесі, 109,1 мың аулалар мен 3,1 мың километр көшелер тазартылып, 11,4 мың тонна қоқыс шығарылыпты. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылып, 49 су бұрқақтары іске қосылған. Бұл жұмыстарға жалпы 892 бірлік техника жұмылдырылды. Ағымдағы жылы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына облыс көлемінде 10,3 миллиард теңге қаралған.
– Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өңірде одан әрі сапалы және кең көлемде жалғаса береді. Өткен екі аймен аяқталды деген түсінік болмасын. Жергілікті әкімшіліктердің жұмысын бағалауда қоғамдық орындардың тазалығы, көгалдандыру-абаттандыру ісі де назарға алынатын болады. Сондықтан, апта сайын бұл жұмысты бақылауға алыңыздар, – деген Ербол Шырақпайұлы Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне табиғатты қорғау бойынша тапсырма берді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді