Жастайынан Қошқаратаның көк майсасында аунап-қунап, Теріс өзенінің ағысына қарсы жүзіп өскен Мұрат Әзімханұлы бүгінде 60 жастың белесіне шығып отыр. Жоғары санатты дәрігер-ординатор, «Халық алғысы» медалінің және басқа да мемлекеттік наградалардың, сонымен бірге «Алтын дәрігер», «Денсаулық сақтау» және «Әлеуметтік сала үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат аға қазір «Ұлттық медициналық ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты облыстық филиалының президенті. Сонымен қатар, Тараз қалалық мәслихатының депутаты.
Мұрат Әзімханұлы 1989 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Педиатрия» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын облыстық балалар ауруханасында балалар хирургі болып бастаған.
– Мектепте сабақты өте жақсы оқыдым. Өмірде көп нәрсе тәлім-тәрбиемен келеді ғой. Шындығында біздің әкемізден үйренеріміз көп болды, ол кісіден тәрбиені тек естіп емес, көріп өстік. Ал, анамыз жақсы оқу керек екенімізді, өмірде түзу жүріп, ешкімге зиянымызды тигізбей, өзгенің ала жібін аттамауымызды үнемі құлағымызға құйып отырды. Оның үстіне, мектептегі білім берген ұстаздарым да жақсы өнеге көрсетті. Әлі күнге солардың ішінде Рысбек Қазақбаев, Сәбит Өтебаев және Кенжебек Тасболатовтарды жүрген жерімде аузымнан тастамай айтып, мақтан тұтып жүремін, дейді Мұрат Әзімханұлы.
Оның айтуынша, әкесі Әзімхан Бердалиев 1942 жылы 28 жасында әскерге шақырылып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Үшінші Белорус майданында болған Әзімхан көптеген ұрыс қимылдарына қатысып, 1943 жылы алған ауыр жарақатынан соң, елге оралған. Ал, өзімен бірге қан майданға аттанған інісі Әбілдабек сонда қаза тауыпты. Елге келген соң еңбек майданына араласқан әкесі Сталин колхозын ұзақ жыл басқарып, «Құрмет» орденін иеленген. Ал, анасы Күлшат Жапарқызының туғанына биыл 100 жыл толады екен. Педагогикалық колледжді бітірген анасы қосағымен 9 ұл-қызды тәрбиелеп, олардың тәлім-тәрбиесіне үлкен мән берген. Өнерден де құр алақан болмаған анасы барлық ұл-қызына домбыра тартып, күй шертіп, ән орындауды да үйретіпті.
– Үлкен ағам – Анарханның тамылжытып күй шертетінін бауырларынан басқалар біле бермейді. «Балбырауынды» орындаған кезде құлақ құрышын қандырады. Бауырым сонымен бірге сурет те салды. Мұны айтып отырған себебім, анам бізге қарандаштың түр-түрін тауып әкеліп беруші еді. Балаларының жан-жақты, сан қырлы болып өсуіне баса мән берген екен, жарықтық. Анамыз бізді отырғызып қойып, кешкісін батырлар жырын мәнерлеп оқып, соларды жаттататын еді, – дейді Мұрат аға.
Мұраттың ұйымдастырушылық қабілеті әкесінен дарыған сынды. Өйткені, мектеп қабырғасында жүргенде оған мектептің комсомол ұйымын басқару сеніп тапсырылады. «7-сыныпта мені комсомолға бір жыл бұрын, он үш жасымда өткізді. Мұғалімдердің көңілі маған түсіп, мектептегі комсомол комитетін бір жарым жыл басқарып, көзге түстім. Осылайша, менің қоғамдық жұмыстарға араласуым басталған еді», – дейді ол.
– Бала кезде басымыздан көптеген оқиғалар өтті. Бір күні інім екеуміз қой бағып жүріп, ұйықтап қалып, қойдан айырылып қалғанымыз бар. Әкемізден осы үшін ұрыс естідік. Ол қойды кейін ауыл іргесіндегі Тесіктастан тауып алдық. Ауылдан бір километр жерде жартастың ортасында үлкен ойық тесік бар, ел оны «Тесік тас» деп атайды. Көше де осылай аталады. Келесі бір жартаста ағаш өсіп тұр, оған ел -жұрт әулие ағаш ретінде қарайды, бұтағына мата байлап, түбіне тиын тастайтындары да бар. Жалпы, ауылдың табиғаты көркем ғой. Сол жартаста біз соғыс, жасырынбақ ойындарын ойнайтынбыз. Одан бөлек, оған асық атуды, «ләңгі» тебуді, «шаншымақ» ойынын қосыңыз. Ал, қыстың ақ боранды күндері үйде отырып, «Ханталапай» ойнаушы едік. Жалпы, қар күреу біз үшін өте ауыр еңбек еді, өйткені қар күнара жауатын, - дейді Мұрат Әзімханұлы.
Мамандық таңдауда да Мұрат аға алдындағы ағаларына еліктеп, солардың жолымен жүруді іштей шешіп қойған еді. Бірақ, оның дәрігер болғысы келетінін естігенде Анархан ағасы інісінің ойын өзгертуге тырысып бағады. «Бір үйге бір дәрігер жетеді. Оқу өте қиын болады, 8 жыл оқу керексің. Оданда технологиялық институтқа түс, 4 жылда үлкен маман болып шығасың және оған түсіруге көмектесетін достарым бар» – деп оны айналдырады. Алғашында көнген сыңай танытқан Мұхаң, ағасы жұмыс бабымен Өскеменге іссапарлап кеткенде құжаттарын жинап, Семей қаласына тартып отырады. «Онда оқуға тапсыру өте қиын болды. Бір орынға 25-26 адамнан келді. Дегенмен, мен төрт емтиханның бәрін тапсырдым. Екі «4» және екі «3» деген баға алдым. Ол конкурстан өтуге жетпейтінін білдім. Бірақ, соңына дейін табандап тұрдым. Ертеңіне бізді Семей медицина институтының жауапты хатшысы жинап алып: «Биыл Шымкент қаласында медициналық институт ашылады, бірақ ол тек фармакология факультеті бойынша құжат қабылдайды. Төрт емтиханнан құламай өткендерің сол институтқа түстім деп есептесеңдер болады», - деді. Отыз талапкердің жартысы ол ұсынысты қолдады. Бірақ, мен оған көнбедім, өйткені менің ойым дәрігер болу еді. Мені өткізбеген соң құжаттарымды алып ауылға қайттым. Ауылға келген соң колхоздың жұмысына шықтым. Көктемде қой қырқынына қатысып, колхозда ұйымдастырылған социалистік жарыстың жеңімпазы атандым. Ол кезде біздің нормамыз күніне елу қой қырқу болса, мен жетпіс қойға дейін қырқып, социалистік жарыстың қызыл туын жеңіп алдым. Алғашқы еңбек жолымда алған сол жалауым әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр», – дейді ол.
«Талапты жетер мұратқа» демекші, Мұрат аға колхозда жұмыс істеп жүрсе де, алға қойған мақсатынан айнымай, оқуға деген құштарлығы оны астанаға алып келеді. Сөйтіп, Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, «Педиатрия» мамандығы бойынша білім алып шығады.
Білім биігінен көрінген ол институттың намысын Днепропетровск қаласында өткен Кеңестер Одағының институттар арасындағы білім олимпиадасында қорғап, бірінші орынды жеңіп алады. Белсенділігімен көзге түскен ол комсомол ұйымын басқарып, бесінші-алтыншы курста студенттік кәсіподақтар ұйымының төрағасы, екі жыл студенттік жасақтың командирі болады.
– Үшінші курсты аяқтаған жылы Жезқазған өңіріндегі Ұлытау ауданының Амангелді кеңшарына құрылыс жұмыстарына атсалысуға бардық. Жатақханаға қайтып келе жатқанда жолда көлігіміз бұзылды. Өңменіңнен өтер күздің қара суығы. Көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнаған. Жүргізуші шай қайнатым уақыт әуреленіп, техникасының бұзылған жерін таба алмады. Ауданнан мамандар келмесе жағдайдың қиын екеніне көзі жетсе керек, «Сендер босқа жаурамай, қайта беріңдер. Алдарыңдағы қырдан ассаңдар, ауылға да жетесіңдер», – деп, бізге жол нұсқап, өзі көліктің қасында қалды. Содан керек-жарақтарымызды иыққа асынған күйі жолға түстік. Қасымда Алматыдан бірге келген жолдас жігіт бар. Қалған студенттер жұмысты ерте аяқтап, қараңғы түспей қайтып кеткен. Екеуміз жалғыз аяқ жолға түсіп алып, ауылға тезірек жетпек оймен жеделдете жүріп келеміз. Кенет, айдың жарығымен анадай жерден көздері оттай жанған иттің бе, әлде басқа бір аңның ба сұлбасын көзіміз шалып қалды. Қорыққанымыз сонша, жанұшыра жүгіре жөнелдік. Бағытымыз бірер минут бұрын ғана қорқа-қорқа қасынан өткен ескі мазар. Әлі таңғаламын, сонда бойымызбен шамалас мазардың қоршауынан секіріп, арғы бетіне бір-ақ түстік. Жан қандай тәтті десеңізші, кірмек түгілі, кеш батқанда маңынан өтуге жүрексінетін біз ондағы қорым есігінің сым байлауын шешіп, ішіне қойып кеттік. Ентігіп кеткеніміз соншалық, сөйлеуге шамамыз келмей, даусымыз шықпай қалды. Досымның да менің күйімді кешіп тұрғаны жүзінен анық аңғарылып тұр. Өз-өзімізге келгеннен кейін темірден жасалған торлы есікті имене ашып, сыртқа көз тастадық. Сөйтсек, ит емес, кәдімгі қасқыр екен. Біреу емес, төртеуі бірдей мазардың қоршауының алдында арсылдап бізге ентелеп тұр. Әр жарты сағат сайын сыртқа көз тастап қоямыз. Олар ішке кіре алмай, бізді торуылдап әлі жүр. Сөйтіп, қалың киімдерімізді астымызға төсеніш етіп, таң атқанша сонда түнеуге тура келді. Түннің бір уағында көзіміз ілініп кеткен екен, таң бозарып ата бастағанда бір-ақ ояндық. Қасқырлардың кеткеніне анық көзіміз жеткен соң ғана ауылды бетке алдық. «Мешітің алыс болса да, мазарың жақын болсын» дейді дана халқымыз. Бәлкім, сол кезде ескі мазар болмағанда қасқырға жем болар ма едік?!» – деп еске алды кейіпкеріміз.
Мұрат аға – желтоқсаншы. Ол Желтоқсан көтерілісінің куәгері ретінде сол күндердің, қазақ жастарының ұлттық жігерін, сезімін қорлаған тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған азамат.
Мұрат Әзімханұлының еңбек жолына қайта оралар болсақ, ол дәрігер-интерннен жоғары санатты дәрігер-ординаторға дейінгі баспалдақтан өтті. Одан кейін, 2003-2005 жылдары штаттан тыс балалар урологы, сондай-ақ, Жамбыл облысы бойынша денсаулық сақтау департаменті жанындағы халықтың денсаулығын қорғау бойынша комитеттің мүшесі, медициналық-әлеуметтік сараптама және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының денсаулық сақтау құқықтық жұмысы бөлімінің бастығы сынды қызмет жолдарын абыроймен атқарды. 2012 жылы психоневрологиялық интернат-үйінің директоры болып тағайындалып, оны он жылға жуық басқарды. Сондай-ақ, 12 жылдан бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының пациенттердің құқықтарын қорғау қоғамдық кеңесінің мүшесі. Еңбегі ескерусіз емес. Оның медицина саласына сіңірген еңбегі министрлік тарапынан да жоғары бағаланып, басқа да бірнеше мерекелік медальмен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Соның ішіндегі ең жоғарғы наградасы «Алтын дәрігер» төсбелгісі.
Тағы бір атап өтерлігі, Мұрат Әзімханұлы – қоғам белсендісі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты. Мұхаң партия атынан алғаш «праймериз» тәсілімен қалалық мәслихат депутаттығының жетінші шақырылымына 142 үміткердің ішінен бесінші болып өткенін әріптестері жақсы біледі. Amanat партиясының депутаттық фракция мүшесі ретінде де талай жұмыстардың оң шешімін табуына үлесін қосып жүр.
Мұхаң психоневрологиялық интернат-үйін басқарып тұрғанда мекеме ауласында екі монумент бой көтерді. Оның бірі – «Шапағат шаңырағы» монументі. «Бұл монументтің атауының ерекше мәні бар. Жалпы, шаңырақ -қазақ болмысының көрінісі. Шаңырақтан жан-жаққа тарайтын төрт жүрекше алақан – мейірім мен ізгіліктің белгісі. Бұл монументті тұрғызғандағы мақсатымыз – барша адам мейірімге зәру екенін жеткізу болатын» – дейді ол. Ал, ұлттық домбыра күні «Домбыра» монументін тұрғызды. Сондай-ақ, 2018 жылы қамқорлық алушы азаматтарды Санк-Петербург қаласында ұйымдастырған кіші футболдан еуропалық турнирге апарып, ол ойында өзі жасақтаған команда ІІ орынды иеленіп қайтқан еді. Мінекей, осы істерге ол өзі демеушілік көрсеткенін ешкімге айтқан емес. Бұл да болса Мұхаңның қарапайымдылығының белгісі.
Оның осы қарапайымдылығы, қайырымдылығы үшін де Мұрат Әзімханұлын жерлестері құрмет тұтады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді