– Маған бер, жоғалтып аласың!
Шешесiнiң қолына тапқанын ұстата салған бала тағы да ұзын кең зал бойымен жүгiре жөнелдi. Әлденеге тыпырши:
– Қайда барасың, ей? – деп дауыстаған анасына:
– Тағы да қарап келем, – дедi ол.
Осы көрiнiске көңiлi толмаған көпшiлiк жолаушы екендерi, күнұзаққа кезекте тұрғандары ендi есiне түскендей өздерiмен-өздерi болып кеттi.
Иә, құртақандай бала екеш баланы да «тиын іздеп, ақша табуға» итермелеген қоғам-ай, десеңiзшi.
Сабаудай-сабаудай еркектер жұмыссыз әуре-сарсаңға түсiп, зiңгiттей-зiңгiттей жiгiттер күш-қайратын қайда жұмсарын бiлмей бос уақыттың көптiгiнiң кесiрiнен темекiнi шамадан тыс шегiп, ішімдік iшiп немесе ұялы телефонды құшақтап, «диван батырға» айналған заман. Бүкiл әулеттiң тұрмыстық ауыртпалығы «қырық жаны бар» әйелге, қырық шырақты анаға түстi. Арпалыспен күн өткізіп жатқан дәуірде аш құрсағын толтырам деп алақан жайып, қолын созып жанталасқан қайыршыға да көз үйрендi. Көздiң жауын алардай қымбат көліктердің әйнегiн сүрткенi үшiн дәмеленетiн жаутаңкөздерге де таңданбайтын болдық.
Бiр кездерi жұмысы мен қызметiнен тыс тапқан «көлденең табыс» иелерiн заңмен түртпектеп, қуғынға ұшыратқанымызға қазiр күлкiмiз келедi. Бұрындары жоғары оқу орнына түсiру үшiн сыйақы алғандарды парақорлығы үшiн жазаладық, қазiр қалтаң таяз болса қалаған оқуыңа түсуiң неғайбыл. Бәрі ақылы. Бұрындары қолға түсе бермейтiн тапшы тауарларды қымбатқа өткiзушiлердi «алыпсатарлар», «спекулянттар» деп әлемге әшкерелеп, аямай сынаушы едiк, қазiргiлердiң бір жерден алып, басқа жерге еселеп үстемақы қосып сатуын адал күнкөрiске балап, жоғары бағалап, оларға «коммерсант» деп айдар тақтық.
Нарықтың заңына бағынып, өмірге бейімделдік. Өркениеттi халықтың даму жолына түстiк.
Алайда, тұрмыс-тiршiлiкте тосыннан кездескен қарама-қайшылықтар елдiң iлгерiлеуiне тосқауыл болуда. Бұрынғы дағдының жақсысы мен жаманын, артықшылығы мен кемшiлiгiн айыруға құлық танытпай, тозығын іріктеп, озығын сүзбей, көзжұмбаймен кеңестiк кезеңнiң «күресiнiне» қиналмай лақтырып тастау әдеті белең алды. Онымызға өкiнбейтiн де сыңайлымыз. Бәлкім, дұрыс та шығар.
Бiрақ, осы тiрлiктiң бәрiнiң алдында ақша үстемдiгi тұрғанын аңғаруға тырыстық па?..
Мiнетiн көлігімізге алған билетiміздi қолымызға ұстап сыртқа шықсақ, перрон алаңшасында манағы балалы келiншек тұр екен. Жанындағы ұзын бойлы жiгiт (күйеуі болуы керек), баланы шашынан сипап, күле сөйлеп, әлденелердi айтуда. Бәлкiм, баласының бүгінгі «еңбегiне» ризашылығын бiлдiрiп жатқан болар.
Әйтеуiр, үшеуi де үлкен бiр iс тындырғандай көңiлдi еді...
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді