Қаратаудағы қисынсыз тірлік немесе айтылған сөз айдалаға кетті ме?..
- author «Ақ жол»
- 3 маусым, 2024
- 396
2021 жылдың қараша айында Талас ауданына журналистік іссапармен барған кезімізде Қаратау қаласының әкімі Дархан Баиымбетов бізге шаһар шетіндегі «Флора» саяжайын көрсетіп, ол алапты қайта қалпына келтіру, жандандыру туралы алдағы жоспарларын қуана айтқан болатын. Нысан қаланың шетінде болғандықтан, мұнда тұрғындар азайып, қараусыз қалған, жарамсыз үйлер көбейіп кеткен.
Шаһар басшылығының сол кездегі мақсаты – жарамсыз үйлерді сүріп тастап, босаған жерлердің біразын жер теліміне беріп, қалған 4 гектар жерді «Жартас» көлінен келетін су арқылы суландырып, бау-бақша егіп, жылыжай салу болатын. Аталған бастамаға жергілікті тұрғындар да қуанған болатын. Қаратаудың осындай игі бастамасын газет бетінде де жұртқа сүйіншілеп жеткізіп едік.
Содан бері де зымырап үш жылға жуық уақыт өте шығыпты. Жақында ауданға жолымыз түсіп, сол «Флора» саяжайына тағы да бардық. Бұл жолы көңіл-күйіміз түсті. Неге дейсіз бе? Бұл жақтағы жұмыс «Баяғы жартас, сол жартас...» күйінде қалыпты.
Қазір ескі «Флора» саяжайында аз ғана үй қалған. Қалғандары қаланың орталығына немесе өзге қалаларға көшіп кеткен. Қалып кеткен аз ғана үйдің тұрғындары бұл саяжайдың болашағынан әлі де үмітті. Сондықтан да, жылжымай отыр. Соның бірі – жылыжайдың жөнін білетін Нұржан Ахмедқалиев. Біз бұл азаматты осыдан үш жыл бұрын да кездестіргенбіз. Ол жылыжай және бау бақша өсіруге ниетті екенін сол кезде айтқан. Бірақ, одан бері алға басып жатқан жұмыс шамалы. Нұржан Ахмедқалиев бұрыннан өзіне тиесілі жерге биыл қыста 8 мың түп қызанақ пен қияр егіпті. Онысы гүлдеп тұр. Бұл оның диқандықты білетін, қолынан іс келетін азамат екенін байқатады. Аз уақытта еккен өнімі түйін сала бастайды екен. Біраз жерге қауын, қарбызда егемін дейді маман.
Одан бөлек, көлемі 12,5 сотық жылыжай ішіне бұршақ еккен. Онысын Берікқараның қатты дауыл желі шайқап, талқандап кетіпті. Біз Қаратау қаласы басшылығы бір кездері көтерген бау-бақша мәселесін сұрадық. Оған Нұржан Ахметқалиев: «Мен нақты істің неден тоқтағанын білмеймін. Бірақ, «Жартас» өзенінен су тарту үшін қуатты насос керек. Сол насосты сатып алуға қаражат бөлінбеді. Одан бөлек, осы 4 гектар жер құжат бойынша нақты заңдастырылған жоқ. Біреу жылыжай егуге ниет білдірсе, сол жердің иесі шығып тұрады. Бұрынғы саяжайдың орны болғандықтан, осы жағы қиын болып тұр. Кезінде үйін, жерін қараусыз қалдырғандар қазір «Жер менікі» деп келе бастады. Осындай кедергілер бар», – дейді. Кеншілер қаласының тағы бір тұрғыны Әрімбек Бектасов: «Қаланың шетінде саяжайда тұрғындар не үшін отырады? Бау-бақша егемін, жерімді көгертемін деп үміттенеді. Ол жердегі тұрғындарға көбірек қолдау болғаны дұрыс», – дейді.
Ал, Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов: «Бұл жердегі мәселе жерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы Талас аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі рәсімдеуі керек. Нұржан Ахметқалиев 4 гектар жерді тегіс өзім аламын дейді. Оған басқа кісілер де осы аумақтан жер алғысы келеді. Бұл жердің желі қатты. Жылыжайға қолайлы бола бермейді. Сондықтан, бау-бақша өсіруді де қолға алу керек. Негізі әр кісіге 99,9 сотықтан жер берілуі тиіс. Осы 4 гектар жер төрт адамға берілуі қажет. Ол да бір ізге түскен жоқ. Алдағы уақытта су мәселесі де реттеліп, бұл мәселе шешіледі», дейді.
Бұл ретте Талас аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Таңнұр Капсалановта пікір білдірді: «Нұржан Ахметқалиев деген азамат менің алдыма келгені рас. Бірақ, құжаттарының бірқатары толық болмағандықтан, жер рәсімделген жоқ. Алдағы уақытта ол кісінің құжаты қайта қаралады», деп түсіндірді.
Біз де ойланып қалдық. Қалай десек те, осыдан үш жыл бұрын қолға алынған «Флора» саяжайы әлі қозғалыссыз сол күйінде тұр. Тіпті, бау-бақша, жылыжай үшін деп тегістелген алқапқа жабайы шөп шығып кетіпті. Шамасы, содан бері бұл шаруаға бас қатырған ешкім болмаған секілді.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Діни бірлестіктермен байланыс бойынша кеңес отырысы өтті
- 4 қараша, 2024
Аймақ айнасының айтулы белес
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді