Мектептерде 1,5 мың бейресми «көшбасшы» бар
Жуырда Ішкі істер министрлігінде өткен қоғамдық кеңесте кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс бойынша қабылданған шаралар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, аталған басқосуда жасөспірімдердің тәртібімен айналысатын ювеналды полиция инспекторларының жұмысы жөнінде өзекті мәселелер қаралып, олардың шешу жолдары сараланды. Қоғамдық кеңестің талқылау бөлімінде Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы, кеңес мүшесі Баян Жұмашқызы қызметте жүктемесі көбейген ювеналды полиция инспекторларының жұмысы бойынша мәселелерді ортаға салды. Ал, кеңес төрағасы Рақым Ошақбаев кәмелет жасына толмағандар арасында белең алған суицидтің алдын алу жұмыстарын жетілдіру қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов балалар арасында жағымсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның барлық қолда бар ресурстарын кешенді түрде жұмылдыру қажет екенін атап өтті.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет. Жауапсыз ата-аналарға жаза күшейтіледі. Жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Ал, бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 3 есе артты. Яғни, бұл тізім 7-ден 23-ке дейін өсті, – деді Ә.Оспанов.
Жалпы, өткен жылдан бастап әр білім беру мекемесіне барлығы 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінгені белгілі. Әйтсе де, осы жылы жасөспірімдер арасындағы бопсалау дерегі екі есеге өскен. Нақтылай түссек, нақ осы заңбұзушылық фактісі 11-ден 19-ға дейін ұлғайған. Бүгінде мектептерде қоғамға жат әрекеттерге бейім бейресми 1,5 мың топ басшы бар екені анықталып отыр. Тоқтала кететін бір жайт, Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдерге қатысты заңнамаларды күшейту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде. Соның бір дәлелі – жақында қоғамың өтініші ескеріліп, осы жылдың 15 сәуірінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысандары үшін жауапкершілікті қатайтатын заңнамалық түзетулердің қабылдануы. Жаңа заңнамалық түзетулерде балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін татуласу мүмкіндігі жоқ. Ендігі кезекте кәмелетке толмағандарды суицидке итермелегендер мен жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
Мектеп басшылығы қылмысты неге жасырады?
Жасыратыны жоқ, білім ұясындағы құқыққа қайшы талай жағдайларға қанық кейбір мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамайтыны шындық. Оның үстіне, көптеген мектеп директорлары мұндайды жария етпеуге барын салады. Бұған Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орын алған қайғылы оқиға дәлел. Бірер апта бұрын облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы осылай деді. Оның айтуынша, жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы жиілей түскен. Ведомство өкілі Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ және Меркі аудандарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен ауыр және аса ауыр қылмыстардың болуы орны толмас қайғылы жағдайларға алып келгенін ашық айтып, екі ай бұрын өткен облыс прокуратурасының алқа мәжілісінің шешімімен құрылған арнайы топ кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлқына қатысты бірқатар бұзушылықтарды анықтағанын атап өтті.
– Бұл күнде аумақтық комиссиялардың қызметі формалды сипатқа ие. Мысалы, комиссия жұмысы Т.Рысқұлов, Сарысу мен Байзақ аудандарында еңбек өтілдері бір жылға да толмаған аудан әкімі аппаратының мамандарына қосымша жүктеме ретінде бекітілген. Аталған мән-жайлар осы аудандарда кәмелетке толмағандармен жұмыс екінші жоспарда екенін растайды. Сонымен қатар, комиссиялардың шешімі өз деңгейінде орындалмайды. Комиссия төрағаларының тарапынан қандай да бір бақылау жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметінің талдау нәтижелері комиссия жұмысының тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Нәтижесінде осы жылдан бастап жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің күрт өсуі байқалды. Профилактикалық жұмыстардың әлсіз жүргізілуіне мектептерде инспекторлардың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Бірнеше мектепке бекітілген инспектор барлық оқу ошағындағы жағдайдан бейхабар күйде болады, – деген Н.Ұласбекұлы осы жағдайға қанық мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамағанына тоқталды.
Естеріңізге салсақ, өңірімізде былтырдан бері «Бестерек» жобасы іске қосылды. Мақсат – жеткіншіктер арасындағы жанжалдарды анықтау әрі жою. Бүгінде осынау жоба шеңберінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолдануда. Соның нәтижесінде аудандарда еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмаған 245 бала тәрбиеленіп отырған 120 жайсыз отбасы бар. Ең сорақысы, мектеп жасындағы балалар тұратын дәл осы жайсыз отбасыларға қатысты істер тек қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. Мәселен, әлі күнге дейін қолданыстағы заңда көрсетілген медициналық әлеуметтік есепке алу қызметінің арнайы базасы жоқ.
Нақты мақсат-мүдденің жоқтығы қылмысқа итермелейді
Бұл сарапшылардың пікірі. Сондай-ақ, мамандар ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Осы орайда, бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес. «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені, отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын», – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова.
Ал, ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашеваның сөзінше, бүгінгі бала тәрбиесінде кемшіліктер жетерлік. Нәтижесінде жыл өткен сайын жаға ұстатарлық жағдайлар орын алуда. Маман осы ретте елдегі еңбек шартын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды. «Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда, кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндер қаншама. Ал, бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сондықтан, елдегі еңбек шартына атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыратын өзгертулер енгізу қажет деп санаймын», – деді ол.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ, баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелік өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді