Бұл оқиғаның мәнісіне келсек, «Ұлттық бірлестік комитеті» жергілікті ұйымының жетекшісі Шүкір Мұхаммедов Хамитті осы ұйымға тартуға тырысады. Осы арқылы Расулкариев ұйымда «жұмыс істеп», оның құрылымын, жоспарлаған акцияларын анықтайды. Аталған комитеттің панисламистік және пантүріктік бағыттағы іс-әрекеттері мен ұйымның басмашылармен тығыз байланыстылығы анықталып, 1922 жылдың қыркүйегіндегі айыптаулар қорытындысы негізінде ұйым жетекшілері мен оның жеті бірдей мүшесі Түркістан майданының әскери революциялық трибуналының шешімімен ату жазасына кесіледі.
Дін қызметкерлеріне қарсы қуғын-сүргін қазақ жеріне қаскөй Голощекиннің келуімен одан әрі үдей түседі. Осылай 1925 жылдың 12 қыркүйегінде Қазақстанның сол кездегі жаңа астанасы – Қызылордаға келіп, БК(б)П Орталық Комитеті Қазақ өлкекомының хатшысы қызметіне орныққан Ф.И.Голощекин өз қарамағындағылардан бірінші кезекте өлкедегі діни ахуал туралы мәлімдеуін талап етеді. Хатшыға жергілікті халықтың мұсылман дініне беріктігі, өлкеде жүздеген діни мектептердің жұмыс істеп, онда мыңдаған шәкірттердің діни сауатын арттырып отырғандығы, ал ақсақалдардың басқаруымен жүргізілетін шариғат соттарының барлық істерді шешетіндігі арқылы көрініс тауып отырғандығы баяндалады. Аталған ақпараттық есепте 1924 жылдың өн бойында молдалардың сабақ беруі үшін жаңадан үйлер тұрғызылып, мұсылмандардың Аллаға құлшылық жасауы үшін жаңа мешіттердің, олардың қайсыбірінің тіпті тастан салынғандығы да мәлімделеді. Әрине, қазақ қоғамындағы діншілдіктің дамуына «кінәлі» топтар да анықталып, олардың қатарына жергілікті буржуазия мен бұрынғы патша билігінің сойылын соққандар және әртүрлі деңгейдегі дінбасылары жатқызылады. Рулық қарым-қатынастардың да діннің тұрақталуына үлкен әсер етіп, осы тұрғыда, әсіресе шариғат соттарының халық арасындағы беделі жоғары екендігі айтылады.
Шындығында да, қарапайым халық арасындағы феодал-бай элементтері мен кулактар ықпалының нығаюының маңызды аспектісі діннің ықпалдылығында, оның осы мезеттегі идеологиялық функция атқаруында еді. Мұсылмандар мен православ христиандары, олардың дінбасылары Кеңес үкіметіне бейтарап немесе теріс көзқараста (қатынаста) болды. Осылай, үкіметтің 1921 жылы мешіттер мен шіркеулердегі мүліктерді тартып алып, оларды ашаршылыққа ұшырағандарға жараттық-мыс деп алдауы үкімет пен дінбасылары арасындағы қарым-қатынасты жақсарта алған жоқ. Керісінше, бұл болашақтағы мұнан да ауыр қақтығыстардың басталуына берілген белгі іспеттес еді. Тиісінше, Оңтүстік өңірдегі негізгі діни бағыттардан бөлек, діни секталар да Кеңес үкіметінің әрекеттеріне теріс пиғылда еді. Дегенмен, қайсыбір жағдайда олар жаңа билік тұсында да өздерінің экономикалық құрылымдарын құрып жатты. Мәселен, баптистердің, негізгі орталығы Шымкентте болып, 181 адамды біріктірді және уездердегі өз бөлімшілерімен проповедниктер (уағыздаушылар) арқылы байланысты. Олар ауыл шаруашылығы артелін құрып, ұста-арба (кузнечно-бричечная) шеберханасын ашты. Адвентистердің аз бөліктері Ташқазақ және Әулиеата уездерінде болды. Еговистер жеке жанұя болып, 6 адам бірігіп өмір сүрді, бірлестіктері болмады. Қызметтері діни әдебиет таратумен шектелді. Қызыл Армияда қызмет етуден бас тартқан екі жайт тіркелді. Құжаттарда эвангелистер мен православ шіркеуінің старообрятшылары туралы да мәліметтер берілген. Ал, жаңа басшыларының ығына жығыла отырып, сол кездегі коммунистік басшысымақтардың исламға берген қорытынды «сипаттамасы» мынадай: «Мұсылман діні жергілікті халықтың мәдениетсіздігіне және білімсіздігіне қарай өте күшті ықпалға ие. Ауыл коммунистері көпшілік жағдайда діншіл». Мән берер болсақ, жоғарыдағы құжаттар коммунистік идеологияның қай дінге қандай көзқараста екендігін анық көрсетіп тұр. Келімсектердің артель құрғанын байқамағансыған олар, мұсылман дінінен шошуы қатты. Голощекиннің қарастырылып отырған мәселеге байланысты кесімі келте болғаны тарихқа белгілі. Хатшы өлкедегі дінге қарсы жұмысты жан-жақты өрістетіп, атеизмге негізделген кеңестік мектептердің санын ұлғайтуды тапсырады. Барлық діни қайырымдылық қоғамдар мен медреселер жабылып, олардың орнына мәдени-ағартушылық бірлестіктер құру міндеттелді. Осы бағыттағы жұмыстарды атқару партия мүшелері мен комсомолға жүктелді.
Әрине, хатшыға жалтақтаған жандайшаптардың өз істерін ыждаһаттылықпен атқаруға кіріскені бүгінгі күні баршамызға белгілі. Осыған орай, нақты мысал келтіре кетсек, онда Сырдария округі Әулиеата ауданының шаруасы БК(б)П мүшелігіне қандидат, 1903 жылы туған Жамбыловтың (құжатта аты жазылмаған) мәселесін қараған партиялық тазалау комиссиясы мәжілісіндегі сұрақ-жауапқа мән бере отырып, мынадай жағдайларды аңғарамыз. Біріншіден, Жамбыловтың баймен бірігіп, көк базарда сауда жасауға қатыстылығы, екіншіден, Аллаға сенетіндігі, үшіншіден Әулиеата қаласының базарында сауда жасайтын діншіл әкесімен қарым-қатынасын үзбегені, төртіншіден, 18 жасар қалыңдығын мекеменің атымен (жылқысымен) алып келгендігі, бесіншіден атқарған жұмыстарына тиесілі нан берілмеген кезде (кәртішке бойынша) бүлік шығарғандығы аталған азаматтың партияға мүшелікке үміткер қатарынан шығарылуына алып келеді. Комиссия мүшелері Наумкин, Лихушин, Лозовский және Шоқымбаев (құжатта Чокамбаев) жоғарыда көрсетілген жәйттерді Жамбыловқа «кінә» ретінде тағады. Тіпті, Шоқымбаев «Мен Жамбыловтың қазір де мешітке баратынын, бес уақыт намазын үзбейтінін біліп те, көріп те жүрмін, бірақ бұл туралы ол партияға шындықты айтқысы келмейді», деп өзеурейді. Бүгінгі күннің көзқарасымен таразыласақ, Жамбыловтың тірліктерінде күстаналайтындай ештеңе жоқ. Дегенмен, кәлиманы айтқан мұсылмандардың жаппай қуғын-сүргінге ұшырай бастауы да осы тұс болатын. Аталған жылдары тек Оңтүстік өңірде 48 молда мен 9 дін қызметкері қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен баршасы дерлік атылады. Солардың қатарында Ғаниқожа Әбдіжәмілов, Жақып Ақназаров, Бабақұл Алтабаев, Ақмұрат Аманов, Жұман Әбдиев, Нарымбек Әзімбаев сынды Хақ жолынан таймай, қаза болған бабаларымызды айта аламыз.
Саяси қуғын-сүргін кезеңінде мұндай қоғамдық сананы алдап-арбаудың мысалдары жеткілікті еді. Оларды қолдану технологиясы бүге-шігесіне дейін мұқият әзірленген болатын. Қарапайым халықтың жай-жапсарына қанық сол кездің идеологиялық бюрократиясы әрқайсысына түсінікті саяси лексиконды пайдалана отырып, өзіне қажет нәтижелерге оп-оңай жете алды. Сондықтан да жалпылама халықтың санасында болып жатқан оқиғалардың нақты мазмұнына сыни көзқарас қалыптаса алмады.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді