Әсілінде, кино – көрерменді кейде артқа шегіндіріп, кейде болашаққа саяхат жасауға жетелейді. Ал тарихи кезеңдер мен тұлғалардың образдары ұсынылатын фильмдерге артылар жүктің салмағы қашан да ауыр. Кино жарық көрген соң оған айтылар сын да, образдардың толыққандылығы жөнінде екіұдай пікірлер де болады. Бір ғасыр бұрынғы ахуалды, сол кезеңдегі көңіл-күйді, сол заманның бейнесін хронология бойынша айнытпай беру үшін де таланттан бөлек өре, режиссерлық түйсік және жеткілікті қаражат қоры қажет. Бұл тұрғыда отандық продюсерлер алдына жан салып жатпағанын көзіміз көріп отыр.
Алаш тақырыбына тосыннан келуге болмайды. Себебі, ол тұтас халықтың тарихы, өткені һәм азаттыққа ұмтылған халықтың дербес ел болу мақсатында жасаған жасампаз жолы. Сондықтан, бұл тақырыпта ағат кету жөн емес. Отандық режиссерлар кейінгі кездері бұл тақырыпқа жиі барып, көрерменнің тарихи танымын тереңдетер туындылар түсіріп жүр. Ал олардың көркемдік жағы, образдардың ашылуы, заман келбетін беру формасы, тарихи дәлдік тұрғысынан дөп түсуі сынды дүниелерді талдау мәселесін кәсіби киносыншылардың құзырына қалдырдық. Біздің мақсат – қазақ киносына жыл сайын қосылып жатқан Алаш тақырыбындағы өнімдерді жалпы шолып өту.
Қазақ киносының ақтаңгері марқұм Сатыбалды Нарымбетов 2008 жылы «Қазақфильм» тапсырысымен Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың көпшілікке беймәлім қырларын аша түскен кинокартинаны өмірге әкелді. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген фильмде тарихи тұлғаның ХХ ғасырдың алғашқы тоқсанындағы саяси қызметі, кейіннен елден ұзап кеткендегі, айдауға түскен кездегі тауқыметтері қамтылған. Ол неше түрлі желеумен талай жанды концлагерьдегі өлімнен құтқарып, олардың Еуропа аумағында емін-еркін өмір сүруіне ықпал етті. Сценариінің алғашқы нұсқасын заңғар жазушы Әкім Тарази кинороман етіп жазды. Дайын кинороманнан режиссерлар Сергей Бодров пен Ермек Тұрсынов бірнеше сценарий нұсқасын шығарған. Басты кейіпкер Мұстафа рөлін қырғыз актері Әзиз Бейшеналиев сомдады. Ал оның жары Мария Горинаның бейнесін кәсіби әртіс болмаса да, қазақ өнерінде өз орны бар әнші-сазгер Карина Абдуллина жоғары деңгейде орындап шықты. Үш жылға созылған түсірілім нәтижесінде режиссер Сатыбалды Нарымбетов қазақ көрерменіне мазмұнды әрі заман келбетін кеңінен ашып көрсеткен өзгеше туынды ұсынды десек, қателеспейміз.
Кейінгі жылдары Алаш тақырыбына сериал түсіру кең өріс алды. Бұл бағытта жаңа өнімдер шығаруға, әсіресе, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мүдделі болып отыр. 2018 жылы көгілдір экраннан 12 бөлімнен тұратын «Тар заман» телесериалы көрсетіле бастады. Сондай-ақ, көрермендер сериалдың толықметражды нұсқасын ел аумағындағы кинотеатрлардан тамашалады. Туындыда Алашорда үкіметін құру барысындағы тартысты пікірлер мен екі топқа бөлінген Алаш зиялылары арасындағы саяси қарым-қатынас, сатқындық, мүдделер қақтығысы да көрсетіледі. Омбы мен Семейдегі оқиғалар, Алаш әскерінің құрылуы, Сталиннің Әлиханды Мәскеуге алдыруы, абақтыдағы тергеу істері қамтылады. Әлиханның Смағұл Садуақасов қайтыс болғандағы күйзелісі, Ахмет Байтұрсынұлымен сыйластық пен достығы көрініс табады. Қазақ даласының Ақпан төңкерісін қалай қабылдап, Қазан төңкерісінен кейін неге екіге бөлінгені негізгі оқиғаға арқау болады. Телеөнімнің режиссері Мұрат Бидосов фильмге актерларды жинақтау үшін Қазақстандағы театрларды түгел аралап шыққанын айтады. Екінің бірі бара бермейтін күрделі тақырыпты толық ашу үшін образдарды дәл табу оңай жұмыс емес. Сериалдың желісін жасауға Берік Әбдіғалиұлы, Тұрсын Жұртбай сынды бірқатар ғылыми кеңесшілер қатысып, негізгі сценарийді Сержан Зекерұлы жазып шыққан. Алаш тақырыбы арқау болған алғашқы телесериал болғандықтан, туындыға сын айтқандар да аз болған жоқ. Алайда, бұл уақыт өткен сайын жандана түсетін терең тақырып екенін режиссерлардың өздері де жасырмайды.
Алаш тақырыбына тоқталғанда ойға бірден келетін образ – Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі. Бұл образ 2021 жылы түсірілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінде кеңінен ашылды десек, қателеспейміз. Туынды ұлт ұстазы туралы түсірілген тұңғыш сериал. Бұған дейін Ахмет бейнесі көгілдір экранда көрініс таппаған. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген фильм алты бөлімнен тұрады. Телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан. Сценарийін Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым жазса, көркемдік кеңесшісі – ғалым Ұшқын Сайдырахман. Бұған дейін «Абай» сериалын түсіріп, көпшіліктің ықыласына бөленген топтың бұл – екінші ірі жобасы. Ірі дейтін себебіміз – Абай да, Ахмет Байтұрсынов та үлкен тұлғалар. Тарихи тұлғаны түсіру де оңай емес. Жұртшылық мұндай тарихи жобаларға сыни көзбен қарайтыны тағы белгілі. Алайда, туынды мұндай сын тезінен сүрінбей өткендей. Әлеуметтік желіде сериалға қатысты жағымды пікірлер әлі күнге дейін толастамаған.
Қалың көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, тіпті кинотеатрлардан прокаты аяқталған тұста үлкен резонансқа ілінген туынды – «Міржақып. Оян, қазақ!». Телехикаяда Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады. 6 бөлімді тарихи туындының түсірілім жұмыстары Алматы облысында, Алматы қаласында, Міржақыптың туған жері – Қостанай облысында өтті. Режиссерлар сериалмен қоса толықметражды фильмді қатар түсіріп, өнім былтыр ғана кинотеатрлардан көрсетілді. Телехикаяда көрсетілмеген бірқатар оқиға фильмге арқау болған. Әсіресе, қазақ халқының ашаршылық зұлматынан көрген азабы толықметражда ашық бейнеленген. Абай, Ахмет сынды тарихи тұлғалардың бейнесін шебер көрсете білген режиссер Мұрат Есжан бастаған шығармашылық ұжым бұл туындыдан да өздерінің мықты маман ретіндегі шеберліктерін сарқып қалмағаны анық байқалды. Фильм туралы жылы пікірлерді БАҚ пен ғаламтордан үздіксіз көзіміз шалып отырады.
Күні кеше кинопрокатқа «Соңғы үкім» атты Ахмет Байтұрсынұлының тұтас ғұмыры бейнеленген жаңа туынды қосылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілген фильмнің басты рөлін белгілі актер Азамат Сатыбалды сомдады. Айта кету керек, актер тарихи тұлғаның жас күнін, орта жастағы бейнесін де және жазаға кесілген азапты шағын да сомдап шыққан. Бір апта бұрын ғана жарық көрген туынды жөнінде қандай да бір пікір айту қиын. Дегенмен, туындыны тамашалаған көрерменнің көкейінде екіұдай ойлар қалыптасып отырғанын желідегі жазбалардан аңғару қиын емес. Бір тараптан осыған дейін Ахметтің Байғали Есенәлі сомдаған образына әбден көздері үйреніскеннен кейін де Азамат Сатыбалды ойнаған рөлді қабылдай алмай жатқаны байқалады. Алайда, өнерде шекара болмайтынын ескерсек, тарихи тұлғалардың образын бірнеше актердің сомдағаны құптарлық іс. Оның үстіне нақты дәлелденген бейне болмағандықтан да көпшіліктің жадында тарихи тұлғалардың жүзіне қатысты бірнеше альтернативті образ болғаны да жөн деп ойлаймыз.
Кино – өмірдің шындығын боямасыз берсе әрі көрерменін сендіре алса әзінің әдепкі миссиясына жеткені. Бұл ретте отандық киноиндустрия артта қалып жатқан жоқ. Оған жоғарыда атап өткен фильмдер дәлел. Заман көші алға жылжи береді, ал сол заманның келбетін таспаға түсіріп, ел жадында жаңғыртуда киноның маңызы орасан.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді