Өткен аптада Өзбекстанның Навои облысының Навои және Нұрата қалаларында қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Мереке Әйтеке би ұрпақтарының, соның ішінде Өзбекстанда тұратын қазақтармен қатар Қазақстанның Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келген қонақтардың басын қосты.Өткен аптада Өзбекстанның Навои облысының Навои және Нұрата қалаларында қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Мереке Әйтеке би ұрпақтарының, соның ішінде Өзбекстанда тұратын қазақтармен қатар Қазақстанның Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келген қонақтардың басын қосты.
Қазақ тарихында Алтайдан – Атырауға, Арқадан – Алатауға дейін созылып жатқан ұланғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, сонау бір қиын-қыстау кезеңдерде шашырап жатқан елдің ішкі тұтастығын сақтап қалған, есімдері қай жерде де қатар аталатын үйсін Төле би – Ташкентте, арғын Қазыбек би – Түркістанда, алшын Әйтеке би – Нұратада жерленген.
Ташкенттен 550 шақырымдағы Нұрата көрші елдің Науаи облысындағы аудан орталығы екен. Мұнда елу мыңдай қазақтар мекендейді. Ауылдың Нұрата атауына қатысты бірқатар аңыздарға қанықтық. Бағзы бір замандарда адамдар шөл далада адасып кетіпті деседі. Аңқалары кеуіп шөлден үзілер шамаға жеткенде алыстан бір нұрлы сәуле көрінеді. Өліп-талып сол жерге жетсе, сәулеленген бұлақтың үстінен шығады. Кезінде Александр Македонский төрт ай жатып, осы бұлақтың шипалы суын ішіп емделген көрінеді. Нұратада оның тұрғызған қамалы да сақталған. Бұл бұлақтың пайда болуын аспаннан түскен метеоритпен байланыстыратын аңыз да бар екен. Жергілікті халық «Алла бізге нұрын құйды» деп жүріп елді мекеннің аты Нұрата атаныпты. Бұл жер тағылымды тарихи ескерткіштердің, қасиетті мазар кесенелердің де мекені. Көп қабірлердің ішінде елеусіз жатқан Әйтеке бидің бейітінде әуелде есімі жазылған қалақтай тас қана болған көрінеді.
Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі. Алшын тайпасының алты ата Әлімұлы рулар бірлестігінің Төртқара руынан шыққан. Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы, бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Есім мен Жәңгір хандардың тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс баҺадүрдің жақын туысы. Шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалдары тиеді. Самарқандағы Әмір Темірдің немересі, ұлы астроном Ұлықбек салдырған атақты «Шер-дор» (Арыстанды қақпа) және «Тіллә қари» (Алтынмен апталған) медреселерінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерін араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерінде меңгеріп шыққан. Әйтекенің шын есімі Айтық екен.
Ақша бабасынан елшілік, ел басқару жолдарын үйренеді. Ал, Жалаңтөс батыр қолбасшылыққа баулыған. Медресені тәмамдаған Әйтеке әкесімен бірге ел басқару ісіне араласа бастап, 21 жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың биі болады. Ал, жиырма бес жасында Кіші жүздің бас биі болып сайланады. 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша атсалысады. Кейін Тәуке хан «Хан кеңесін» құрғанда Әйтеке Кіші жүздің атынан осы кеңестің мүшесі болады, 1684 жылы «Жеті жарғы» заңдар жинағын қабылдауға қатысады. Әйтеке ресми түрде хан кеңесшісі саналды. Ол біртұтас қазақ хандығын құру жолында белсене атсалысып, Төле және Қазыбек билермен бірге Тәуке ханнан Абылайға дейін қазақ мемлекеттігінің эстафетасын алып өткендердің бірі. Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Биді халық «айыр тілді Әйтеке» атаған.
Міне, осындай дәрежесі биік қайраткер бидің басын қарайту ісі 2009 жылы қолға алынып, бейіт үстінен еңселі кесене бой көтерді. Бұл іске сол тұста еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Зауытбек Тұрысбеков бастамашы болып, зор үлес қосқаны мәлім. Өзге елдің аумағында мұндай құрылыс жүргізудің қиындықтарына қарамастан кейінгі жылдары кесене маңынан мұнаралы мешіт, музей, шырақшы үйі де салынды. Ал, кешен толығымен 2012 жылы ашылған болатын.
Әйтеке бидің ұзындығы 15, көлденеңі 9, биіктігі 11 метрлік кесенесі сонадайдан көз тартады. Төбесін көгілдір күмбез көмкеріп тұр. Қабырғасы Әмір Темір заманындағы технология бойынша бірде-бір шегесіз, ешқандай арматурасыз қаланыпты. Қабырғалардың қалыңдығы 1,5 метрден 2,5 метрге дейін, 10 балдық жер сілкінісіне төзімді етіп салынған. Оюлы есіктері мен терезелері жаңғақ ағашынан жасалған. Ғимараттың қасбет маңдайшасы Құран сөздерімен айшықталған. Қазғанның мәрмәр тастарынан жасалған құлпытастарына да Құран сүрелері жазылған. Еденіне Бұхараның қалы кілемі төселіпті. Кесене екі камералы, оның бірінде Әйтекенің бабасы Сейітқұл әулие де, одан бес метрдей екінші бөлікте Әйтеке дамыл тапқан екен.
Жиылған жұрт осындай ғажайып кесене кешенді тамашалап, құлпытас жанында бидің рухына тағзым етіп, Құранға ұйып, батаға қол жайысты. Жоғарыда айтқан Нұрата бұлағының да басына барып, әруақтар рухына құрбан шалынды. Одан соң Науаи қаласындағы «Ақсарай» тойханасында ас беру рәсіміне қатысты.
Іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов, кезінде бидің кесенесін салдырған Зауытбек Тұрысбеков және басқа көрнекті тұлғалар, Қазақстанның Халық артисі Алтынбек Қоразбаев бастаған өнер шеберлері де қатысты. Осыған орай, Навои облысының хокимі Нормат Турсунов іс-шараға қатысушылармен кездесу ұйымдастырды, онда сөз алғандар екі халықтың ортақ тарихы мен қазіргі кезеңде қазақ-өзбек қатынастарының нығаюы туралы айтып, өзара ризашылықтарын білдірді. Мерекеге орай, «Фархад» салтанат сарайында екі елдің эстрада шеберлерінің және Қызылорда облыстық филармониясы шығармашылық ұжымының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды. Он ақын қатысқан халықаралық ақындар айтысы өтіп, өлеңмен өрнектелген сөз сайысында үш дүркін «Алтын домбыра» жүлдегері, қызылордалық Мұқтар Ниязов бас жүлдеге тігілген автокөлікті ұтып алды. Сонымен қатар, екі-үш күн бойы спорттық іс-шаралар өткізіліп, негізінен қазақтар тұратын Кенимех ауылында көкпар берілді.
Осы сапарда Ташкенттегі Төле би бабамыздың да басына барып тәу етудің сәті түскен еді. Рухани ұстазы Шейханьтаурдың (Шейх Хаванд Тахур) қасына жерленген бабамыздың кесенесі 1996 және 2007 жылдары жөндеуден өткен екен. Сондай-ақ, бұл елде 47 жыл бойы Самарқанның әмірі болған Жалаңтөс баһадүрдің де бейіті бар. Біз оны 1643 жылы атақты Орбұлақ шайқасы кезінде Жәңгір ханға жиырма мыңдық қолымен көмекке келіп, жоңғар әскерін ойсырата жеңгенінен білеміз. Сексенге қараған шағында қайтыс болған баһадүрдің сүйегі Самарқаннан жиырма шақырымдай қашықтағы Дағбит қыстағында өзі салдырған «Махтум-ағзам» қорымына қойылған екен. Жалпы, Өзбекстанның солтүстік өңірлері қазіргі бір миллиондай қазақтың сонау ата-бабадан келе жатқан мекені, бұл жерлерде қазақша топонимикалық атаулардың жиі кездесуі соның айғағы. Мысалы, Ташкенттің түбінде Қыбырай аталатын аудан және ірі елді мекен де бар. Бұл тоқсан жасында он бестегі Төлеге бата берген Қыбырай би бабамыз еді.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
журналист,
Қордай ауданының
Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді