Өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы театр артистерінің есінде шығар. Мысалы, Қызылорда театры туралы айтылса сол театрдың режиссері емес, директоры емес, бірінші театрдың алдыңғы қатарлы актерлері айтылар еді. Мысалы, Қызылорда театрының сол кездегі маңдай алды артистері Тұрысжан Айнақұлов, Шайтұрсын Әбдібаев, Жібек Бағысова, Әлия Арысбаева деп кете беретін. Шымкент десе Сапар Өтемісов бірінші аталатын. Ал Жамбыл театры айтылса ең бірінші Қарабай Сатқанбаев, Үмбет Әлжанов, Шәмшәгүл Жәменкеева, Мәкен Рахымжанова мен Майра Әлімбетова, Спандияр Мұқышевтардың есімі аталатын. Осы жамбылдық үркердей топтың ішінде қай жағынан алып қарасам да мен үшін Қарабай Сатқанбаевтың орны бөлек болатын. Оның да өзіндік себебі бар. Сонау жетпісінші жылдардың бас кезінде Қарекеңмен Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актер бөлімінде қатар оқыдық. Ұстазы аты аңызға айналған Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпанов пен КСРО халық артисі Шолпан Жандарбекова болды. Қатар оқығандарының атынан ат үркетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халық артистері Сердеш Қажымұратов, Ерғали Оразмбетов, Тілектес Мейрамов, Мұхан Шакиров сынды таланттармен иық түйістіре жүріп өнердің тылсым әлемінің тұмасынан сусындағаны анық. Қарабай менен бір-екі курс жоғары оқыды, бір жатақханада тұрдық. Қарекең сол кездің өзінде басқа курстастары сияқты емес, сырбаз, серілеу, қашан көрсең өте ұқыпты, тіпті шалбарының қыры сынбайтын. Киім киісі де ерекше, басқаларда жоқ сол кезеңнің тілімен айтсақ «модный» киінуші еді. Көбіне айқай-шудан аулақтау саяқ жүретін. Сол институт қабырғасында жүріп-ақ екінші курстың соңына қарай Қарекеңнің қоңыр даусын қазақ радиосының таңғы жаңалықтар бағдарламасынан Қазақстанның халық артисі, атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевпен қатар еститін болдық. Дауысында қазақтың әдемі қоңыр үні бар еді. Жамбылдық болғансын ба әйтеуір мені іш тартып реті келгенде ақылын айтып, өнер жайлы, театр жайлы әңгімелермен пікір алысып, ой бөлісіп тұрар едік. Кейде жарты құрсақ жүргенде радиодан айлық алғанда студенттер «Вухенвальд» атап кеткен подвалдағы кафеге апарып, студенттің бір тойғаны шала байығаны дегендей кафелетер едік-ау. Сондай бір күнде Қарекең өзі жұмыс істейтін қазақ радиосының жаңалықтар бөліміне диктор іздеп жатқанын айтып, мені телерадиокомпанияға ертіп барып, жаңалықтар бөлімінің аға редакторы Ақыл Құланбаев деген ағайға жолықтырды. Ол кісі мені студияға кіргізіп жаңалықтарға арналған мәтінді беріп бірнеше рет оқытты. Біткен соң бірер күнде хабарласамыз деп шығарып салды. Кейін барғанымда Ақыл ағай «Бала, сенің даусың әдемі театральный дауыс, бірақ сөйлегенде тамағыңнан қосымша дыбыс шығып тұрады екен. Ол радиода дыбыстың анық шығуына кері әсер етеді» деп түсіндірді. Сөйтіп радиода диктор болам-ау деген арманым су сепкендей басылды.
Оқуды бітіріп кеткенше Қарабай көкемнің қамқорлығында болдым. Дипломды алған соң да Қарекеңнің Алматыда қалуға мүмкіндігі де, шығармашылық жағдайы да бар болатын. Үйдің үлкені болған соң ба, анасының «Балам ауылға қайт» деген бір ауыз сөзін жерге тастай алмай Жамбылға қайтты. 1972 жылдан бастап Қарабай Сатқанбаевтың Жамбыл облыстық театрындағы қызықты да, қиыншылыққа толы шығармашылық жолы басталады. Жоғары білімді, түр десе түр, бой десе бой, дауыс десе дауыс бар. Жалпы актер адамнан талап етілетін бүкіл талаптың бәрі бір бойына тоғысқан талантты жасқа үлкен сахнаға жол ашық болды. Сол жылдары театрға келген жас толқындар біраз жыл тоқыраңқырап тұрған театрға соны серпін беріп, үміт отын жақты. Қарабайға Алматының Әуезов театры жанындағы екі жылдық студияны бітіріп Мағзұм Бақытжанов пен Шалқия Бақытжанова, Мәкен Рақымжанова, Үмбет Әлжанов, Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен Спандияр Мұқышев, Құрақ Оразбаевтар келіп қосылып жаңа леп, жаңа толқын пайда болды. Жалындап екпіндерімен тау жығардай боп тұрған жастардың жігерін дәл байқаған Маман Байсеркенов уақытты ұзартпай Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының негізінде республикада тұңғыш рет екі кештік спектакль қойып республиканың мәдени өмірінде елең еткізер оқиға жасады. «Тынық Дон» айтса айтқандай, сол кездегі Одақ көлемінде үшінші, республикада бірінші болып Жамбыл театрының сахнасында қойылды.700 кейіпкерден тұратын эпопеяны қазақша сөйлетіп, екі кеш бойы көрерменді сахнаға телміртіп қоюға кез келген режиссердің тәуекелі жете бермесі анық. Дон казагі, басты кейіпкер Григорий Мелеховтың роліне Маман Байсеркенов еш ойланбастан Қарабай Сатқанбаевты бекітеді. Жас актерге бұл үлкен сенім болатын. Актердің Григорийді қалай сомдағанын белгілі театр сыншысы Қадірбек Уалиев былай деп сипаттама беріпті. «Эпикалық қойылымның басты кейіпкері Григорий Мелеховты, спектакльдің бірінші кешінде Григорий – Қарабай – станицадағы қыз-келіншектердің көз құртын жеген келбетті, күш-қайраты тасып, жастық оты бойында алаулаған жігерлі жігіт. Көңілі тоқ, жүрген жері ойын-той, сауық-сайран, Аксинияны жан-тәнімен сүйіп, махаббат қызығына алаңсыз берілген жан. Қарабай Григорийдің осы жастық кешуін сахнада керемет қарқынмен өткізеді. Ал екінші кештегі қойылымда Григорий – Қарабай мүлде бөлек, басқа кейіпте көрінеді. Шындық пен әділдік іздеп, басын тауға да, тасқа да соғып, сергелдеңге ұшыраған, біресе қызылдар жағы, біресе ақтар жағына алма-кезек шығып жүрген тұрақсыз пенде. Қарабайдың нұсқалауында Григорий талантты адам. Бірақ ол ар-намыс дегенді көбіне бір жақты, қате түсінеді. Жас актер Қарабай Сатқанбаев өз кейіпкерінің осы характерлерін дәл ашып, жеткізуде режиссер көздеген нысанды ішкі актерлік түйсікпен дәл болжаған. Бұл – актер жетістігі, режиссер қалаған нысана», – дейді театр сыншысы. «Тынық Дон» қойылымы селкеу тартып бара жатқан театрға жаңа серпін берді, сілкінтті. Ал Қарабай Сатқанбаев үшін Григорий Мелехов бақ боп келіп, бағын ашып, бағытын бағамдап берді. Осы рольден соң Қарабай театрда суда жүзген балықтай өнер айдынына еркін құлаш сермеді. Ал жоғарыдағы Қадірбек Уалиевтің пікірі Қарабай Сатқанбаевтың актерлік шеберлігіне берілген жоғарғы баға. Сыншы берген бағаның нақты дәлеліндей ұлы жазушының мерейтойы құрметіне 2005 жылы Михаил Шолоховтың 100 жылдығына арнап «Шолохов қоры» арнайы медаль шығарыпты. Сол медальмен Григорий ролін айрықша сомдағаны үшін Қарабай да марапатталған. Ол медальді Қарекең көзі тірісінде ала алмады. Кейін театрдың 75 жылдығындағы салтанатты кеште Қарабайдың үйіндегі Мәриам жеңгейге тапсырдым.
Қарекеңнің маңдайына жақсы режиссерлар да кез келді. Олар Маман Байсеркенов, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Тұрар Дүйсебаев, Әскер Құлданов Ерғали Оразымбетов сияқты қазақ режиссурасында өзіндік орны, қалыптасқан қолтаңбасы бар кіл мықты марқасқалар болды. Осы режиссерлардың ең сүбелі деген қойылымдарында Қарабай негізгі басты кейіпкерлерді сомдап отырыпты. Режиссерлар пьесаны алғанда актерлер құрамының шығармашылық потенциалын басты назарда ұстайды. Керек десе белгілі бір актерге арнайы спектакль қойып та жатады. Сондай қойылымның бірі Тұрар Дүйсебаевтың 1980 жылы қойған ұлы драматург В. Шекспирдің «Отелло» трагедиясы дер едік. Спектакль өте сәтті шықты. Басты кейіпкер Отелло ролін Қарабай Сатқанбаев ойнап шықты. Осы жерде айта кететін бір мәселе, алғашқы қойылымға Алматыдан Қазақ ССР халық артисі Ыдырыс Ноғайбаев келіп екі кеш бойына Отелло ролін ойнауы ол кезең үшін үлкен жаңалық болды. Ноғайбаевтай танымал талант иесінен қалыспай басты кейіпкерді ойнап шығуы Сатқанбаевтың да осал актер еместігін білдірсе керек. 1981 жылғы театрдың Алматы қаласына барған гастрольдік сапарында осы «Отелло» қойылымы оның басты кейіпкерлері Отелло роліндегі Қарабай Сатқанбаев пен Яго роліндегі Мағзұм Бақытжановтардың актерлік тандемі жайлы Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Әзірбайжан Мәмбетовтердің білдірген сындарлы ой, салмақты пікірлері театр ұжымын бір белеске көтеріп тастағаны да рас. Белгілі драматург Сәкен Жүнісов: «Отеллоны» дәл бүгінгідей сахналау арқылы Жамбыл театры – өзіндік дәстүрі мен шығармашылық беті, өзіндік амплуасы, мықты актерлік ансамблі бар театр екенін дәлелдеді», – деп жамбылдықтарға зор баға беріпті. 80-90 жылдар Қарабай үшін шығармашылықтың шырқау шыңына көтерілген жылдары сияқты. Бұл жылдары Қарекең талай актерлерге тек арман болған рольдерді ойнау бақытына қол жеткізді. «Еңлік – Кебектегі» Еспенбет, «Көктөбедегі кездесуде» Мәмбет, «Қарақыпшақ Қобыландыда» Бірсімбай, «Мен ішпеген у бар мада» Оразбай бейнелері боп жалғасып кете береді. Театр сахнасындағы осындай жанкешті еңбегі үшін Қ.Сатқанбаевқа жиырма жылдан соң 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген құрметті атақ бұйырды. Бұдан да ертерек алар ма еді, бұл мінез дегенді қойсаңызшы, оған серілікті қосып қойыңыз. Қарекең театр басшыларымен, режиссерлермен келісе алмай, онда да жеке бастың төңірегіндегі пендешілік емес сол қойылып жатқан спектакль үстінде пікірталастың соңы эмоциялық көңіл-күйге ұласып роль жазылған қағаздарын жыртып-жыртып лақтырып жіберіп, арызын жазып театрды көрместей болып талай кетіп қалған еріңіз де осы Қарекең десем сенесіз бе? Талантты актер далада жатқан жоқ, театр ауласынан шыға бере облыс көлеміндегі өнер мекемелері бірден өздерінің қызметтерін ұсынып жатқаны. Облыстық халық шығармашылығы орталығы бар, облыстық филармониясы бар тиіп-қашып жұмыс істеп көрді. Бірақ театрдай қайдан болсын. Сөйтіп жүргенде театр басшыларынан «Жыны басылса қайтсын, жаңа қойылымға кіріскелі жатырмыз», – деген жылы хабар да жетеді. Өзі елеңдеп әзер жүрген Қарекең де жетеді сүйікті театрына. Түк болмағандай жаңа серпінмен жаңа қойылымға жігерлене кірісіп кетеді. Ол да бір дәурен екен.
Жоғарыда айтқандай, Мағзұммен әрі сахнада серіктес, өмірде Мағзұмдар Ақтөбеге көшкенге дейін есікпе - есік көрші боп өтті. Екі достың сыры да бір, мұңы да бір болды. Бірде екі дос серілік құрып бір мереке қарсаңында 3-4 күн сайраңдап үй бетін көрмей қыдырыстап кетіпті. Той тарқап, қуыршақ өретілген соң үйге кештетіп келсе жұбайлары Мәриям мен Шалқия үйге кіргізбей, екі досты қосақтап үйден айдап шығады. Енді не істеу керек? Айтатын өтіріктің бәрі таусылған. Екеуі ары ойланып, бері ойланып ұят та болса да сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлының үйіне барады. Түн жарым. Екеуі Әлекеңе шімірікпестен «Біз Мойынқұмнан келдік» дейді. Сонда Әлекең «Енді менен сендерге не керек?» дейді ғой, білмегенсіп. Сонда екеуі «Сізден бізге справка керек, үш күнге. Сіз бізді Мойынқұмға командировкаға жібергенсіз, халық театрларына көмектесуге. Біз қазір сол Мойынқұмнан келіп тұрмыз. Үйге барсақ әйелдеріміз үйге кіргізбейді», дейді. Талантты інілерінің мүшкіл халін түсінген Әлекең шоферін шақыртып түн жарымында кабинетіне барып «фирменный бланкіге» екеуіне үш күн Мойынқұмда іс-сапарда болды деген екі справка жазып беріп, қолын қойып мөрін басып, үйлеріне апарып тастапты. Талантты азаматтарға ағалық қамқорлық көрсеткен Әлібек Әмзеұлындай азаматты, бүгін іздесең де таппайсың.
Қарекең өзінің ерекше мінезін «Мені сәби кезімде қарақұрт шағыпты, сонан осындай бірбеткей қырсық болып қалыппын» деп әзіл-шынын араластырып айтып отырар еді. Айтса-айтқандай, алты айлық кезінде бесікте жатқанда қарақұрт шағып алыпты. Ол кезде Қарекеңнің әкесі Сатқанбай шопан екен. Колхоздың қойын бағып жайлауда отырса керек. Жалғызілікті апасы жас сәбиді бесікке бөлеп қойып тірлігін жасап жүреді. Бір кезде бесіктегі бала шар ете түседі. Апасы жүгіріп келіп баланы жұбатайын десе, бала қолды аяққа тұрмай жылайды. Бесіктен шешіп жатқанда баланың жөргегінен қарақұрт домалап түседі. Бәленің болғанын білген Патшагүл сәбиін көтеріп алып қорадағы күйеуіне жүгіреді. Сатқанбай ақсақал атына міне сала ауыл шетіндегі «Дәумолда» деген тәуіп ақсақалға шабады. «Дәумолда» келгенде бала әлсіреп қалыпты. Тәуіп шал дереу қарақұртты тауып орамалға орап байлап киіз үйдің сықырлауығының бас жағына іліп қояды да, «Келін дәу табаққа қойдың майын қайнат» деп сәбиді алдына көлденең жатқызып дұға оқи бастайды. Оқып отырып қолын созғанда Қарекеңнің анасы кесе толы ыстық майды тәуіп шалға береді. Тәуіп майды сіміріп алып, дұғасын жалғастырады. Солай бірнеше рет қайталанады. Бір кез шал қызарып, бозарып ісінгендей болады. Сәлден кейін маңдайынан борша-борша тер ағып ауыр демалып, «келін ана орамалды алып берші» деп босағаға байлаған орамалды алдырады. Ашып қарағанда қарақұрт бүрісіп өліп қалған екен. Сәл уақыттан соң бала да ыңырсып дыбыс шығара бастайды. «Уайымдама қарағым, балаң мықты азамат болады. Енді тез жазылып кетеді» деп батасын беріпті. Бұл әңгімені Қарекеңнің анасы Патшагүл апаның өз аузынан бейнетаспаға жазып алған едім. Ал Қарекең болса бұл оқиғаны ертегідей етіп әңгімелеп, менің өмірім ұзақ болады және қуатым да зор болады деп отырушы еді.
Бірақ адамның дегені бола ма, Алланың дегені бола ма демекші, Қарекеңнің өмірі қысқалау болды. Өзінің әріптесі ең жақын серіктесінің бірі Мағзұм Бақытжанов Ақтөбеге қызмет бабымен ауысып кеткенде біраз уақыт жалғызсырап жүрді. Сол кезеңде өзімен бір күнде театрға жұмысқа кірген Үмбет Әлжанов көп жатпай келместің кемесіне мініп кетті. Көп ұзамай сахнадағы ең тағдырлас серіктес інісі, Жамбыл театрының марқасқа, майталман актері Спандияр Мұқышев аяқасты қайтыс болып кетті. Сонда өмірі көзінен жас шықпайтын Қарекең «енді мен сахнада кіммен партнер боламын, Спандай, Үмбеттей менің жанымды кім түсінер» деп тоқтай алмай біраз егілді дейді көргендер. Содан көп ұзамай Спандиярдың тура қырық күндік асында Қарекең де серіктес сыйлас інісінің артынан кете барады.
ПС: Қарекең туралы бір беделді басылым «Сатқанбаев театр сахнасына, киелі өнерге тән кірпияздық пен тазалықты өзімен біре ала келген актер. Оның аяқ басысында келісті көркемдік, дауыс ырғағында сұлу нақыш бар. Ол образдарға өз бояуын, өз көзқарасын қоса біледі. Театр сахнасындағы шеберліктың дамуына дәуірге сай жаңалық қосуға лайықты үлесі бар актер» деп үлкен баға беріпті. Біздің бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.
Асқарбек АҚЫЛШАҰЛЫ,
ҚР еңбек сіңірген артисі,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді