Қой бағу да кәсіп

Қой бағу да кәсіп
Ашық дереккөз
Өңірімізде жұмыс іздеушілермен қоса жұмысшы таппай жүргендер толып жатыр. Неге десеңіздер, кейбір «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретіндер» жалақысы жақсы қара жұмыстан бас тартатыны рас. Сөйте тұра істеген ісінің төленетін ақысы аз екеніне ренжиді. Ал олар жалақыны жақсы төлейтін кәсіпорындар мен шаруашылықтардың қызметіне бара бермейді. Бүгінде көптеген шаруа қожалықтары малшы, тракторшыға тапшы. Телеарналардың жүгіртпе жолдары мен әлеуметтік желілердегі желдей ескен жарнамаларға зер салсақ, жылқышы, шопан іздегендер көп. Ай сайын 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақы төлейміз дейді. Сонымен қатар, азық-түлікпен қамтамасыз етуге де келісіп отыр. Және 30 күн сайын бір сойыс тегін екен. Отбасымен келсе тіпті жақсы. Қожалық иелері қоластында қызмет істейтіндердің барлық жағдайын жасауға ниетті. Тек олар адал еңбек етсе болды.

Бірақ, мұндай іске ілеуде біреу ғана келіседі. Тіпті олардың кейбіреулері өз жұмысын адал істемейді. Сеніп тапсырған біреудің малын ұрлап, немесе семіз қойды арық-тұрыққа алмастырып аманатқа қиянат жасайды. Ел ішінде шаруа қожалықтарға қатысты осындай әңгімелер жетіп-артылады.

Сонымен қатар, осындай шаруашылыққа шопан ретінде жалданып жағдайын жасағандар да жетерлік. Қожалық иесінің қойын баға жүріп өзі де біраз малға қожалық еткендер бар. Солардың бірі – Байзақ ауданында шопандық қызметте жүрген Пернехан Сұлтанов. Екі жылдан аса осы қызметте жүріп 100-ге жуық қой жинапты, 200 мыңдай айлық алады, азық-түлігі тегін.

– Мен ешқашан қара жұмыс істеуден ұялмаймын. Бұған дейін құрылыс саласында еңбек еттім. Ол кездегі тапқан табысым аз болды. Тас көтеріп, кірпіш қалағанға денсаулығым жарамады. Бірақ қалайда отбасымды асырау керек болған соң басқа шаруаны қолға алуға тырыстым. Содан соң көп ұзамай осы шопандық іске кірістім. Бүгінде бұйыртқан нәпақамды тауып жатырмын. Қазақта «Есектің артын жу да мал тап» деген мақал бар. Не істесем де адал еңбегіммен бір малымды екеу еттім. Біздің елде аштан өлейін деп жатса да қой бағуды қор санайтындар көп. Олар алдымен ұяттың не екенін түсініп алу керек шығар. Балаң жыртық киім киіп жүрсе, содан ұялу керек. Ал адал еңбек ету арыңа күйе жақпайды, – дейді шопан.

Сондай-ақ ол, бұл шаруасына шүкіршілік ететінін, қой бағып жүріп-ақ көп нәрсеге қол жеткізгендігін жасырмады.

– Расында менің үй-жайым қалада. Отбасым да сол жақта. Айына бір-екі рет келіп тұрады. Бала-шағамды ешкімнен кем қылмадым. Шапай ауылына шопан болып келген кезде жағдайым қазіргідей емес еді. Қандай іспен айналыссаң да оның берекесі Құдайдың қолында. Пайғамбарларымыз да қой баққан. Малда мол береке бар, – дейді П.Сұлтанов.

Шынында, жайлауда жүріп-ақ екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың елі екенімізді естен шығармайық. Еңбек етуден жалықпағанның қарны тоқ. Ол ешкімге алақан жаймайды. Ал бір түйір нанға зар бола тұрып қолына таяқ ұстауды ұят санайтындар бәрінен құралақан қалары анық.

Өз сөзінде осы әңгімеге тоқталған кәсіпкер Нұргелді Өтеев бүгінде он адамды жұмыспен қамтып отырғанын сөз етті. Оның Жуалыдағы жеке шаруа қожалығы талай жанның табыс көзіне айналып отыр.

– Ірі қара малы мен қойды бағу аса бір қиын іс емес. Жұмысшыларыма атқарған ісіне қарай айлық төлеймін. Азық-түлігі тегін. Қыста соғымын алып тұрады. Тек ұрлық жасамаса болды. Адал еңбек еткеннің ақысын асыра төлеймін. Ішкілікке салынып кететіндер де болды. Олардың кейбір тәртіпсіздік әрекеттерін де кешірдік. Отбасы жағдайына қарап аяушылық танытамыз. Алайда, сол жақсылығымызды түсінбейтіндер де бар, – дейді кәсіпкер.

Жұмыс жоқ деп бекерге ой баққанша, сол ойдан арылып қой баққан абзал. Дегенмен, сол істі өзіне лайық көрмейтін жұмыссыздардың мың түрлі сылтауына қандай шара бар?

 

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар