Саналы ұрпақ үшін сарқылмас олжа

Саналы ұрпақ үшін сарқылмас олжа
Ашық дереккөз
«Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмайтын əжелердің көбеюінен қорқамын», деп даңқты батыр Бауыржан Момышұлы ұлт пен ұрпаққа төнген рухани қатерді қырағылықпен танып, елге ескертіп кеткені бекер емес. Расында, қазір ана мен баланың, әже мен немеренің арасы алыстап бара жатқаны жасырын емес. Оған қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамыған технологиялар да, жаһанданудың толқыны да жаппай әсер етіп жатқаны тағы бар. Салдарынан ұрпақ әженің аялы алақанында, ананың құшағында емес, бесіктен белі шықпай жатып ғаламтордың шырмауында өсуге мәжбүр болып отыр. Осы ретте ел болашағын ойлаған ұрпақ жанашырларының ұйымдастыруымен аймақта «Анаммен бірге кітап оқимын» байқауы үшінші жыл жалғасын тауып, биыл да жемісті қорытындыланды.

Бұл байқау басқалардан өзгерек деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі, өз баласын өзекке тепкендер мен анасын қадірлемейтіндердің қарадай белең ала бастаған уағында дәл осындай бастама ауадай қажет еді. Кітап оқу да, ана мен баланың арасындағы байланыстың алшақтауы да бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе екені белгілі. Мәселенің тамырын тап басып таба білген ұйымдастырушылар қоғамдағы осы қос келеңсіздікті ұтымды ұштастырып, үміт жібінің үзілмеуіне тамшыдай болса да сүбелі үлесін қоса білді деп айта аламыз.

Республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының аясында «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен үшінші рет өткен байқауға 12 мен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер аналарымен бірге қатысты. Ережеге сәйкес, қатысушылар үш ай уақыт аралығында оқуға берілген 9 жазушының шығармасынан алған әсерлері туралы бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісті.

Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятатын, оң ықпал ететін ең маңызды әрі басты институт отбасы екенін алға тартқан ұйымдастырушылар, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға барынша басымдық берді.

Биылғы додаға жалпы саны 40 жұп өтініш білдіріп, барлық талаптарды орындаған қатысушылардың ішінен 10 жұп екінші кезеңге өтті. Бұл бөлімде анасы мен баласы бір-біріне сырласу хатын жазды.

Қазылар алқасының мүшелеріне «кіл жүйріктен кім жүйрікті?» анықтау оңайға түскен жоқ. Себебі, қатысушылар бір-бірінен ой ұшқырлығы жағынан дараланып, шығармаларды түсініп, эмоцияларын бөлісуде дес бермеді. Әйткенмен, екінші кезеңде, жан толғанысы, ішкі сезімі, алған әсері мен көңіл-күйлерін қағазға түсірген сәт – шешуші болғандықтан, сырласу хатындағы ерекшелікке баса мән берілді.

Аналар күні мерекесімен тұспа-тұс келген байқау қорытындысы сән-салтанаты жарасқан тағылымды іс-шараға ұласты.

Аналардың құрметіне арналған әндер шырқалып, «Қазына» ұлттық аспаптар үйірмесі «Ерке сылқым» күйін тартса, репертуарларын жақында жаңа бимен толықтырған «Ерке сылқым» хореография үйірмесінің кіші тобы «Сәнқой қыздар» биін биледі. «Әгугай» вокалдық үйірмесінің шәкірті Алижан Айтқұрман «Анажан» әнін тарту етті.

Кешке арнайы шақырылған «Асыл ана» әжелер ансамблі мен «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығының тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды.

Сонымен, үш ай уақыт анасы мен баласын бір-біріне жақындастыра түскен, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятқан байқаудың «жүзден жүйрік» шыққан жеңімпаз жұптары марапатталды.

– «Анамен бірге кітап оқимын» байқауы біздің орталықпен үшінші рет өткізіліп отыр. 2022 жылдан бастап елімізде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» деген республикалық игілігі мол жоба жүзеге асып келеді. Соның аясында балаларға кітап оқытуды насихаттап, оған қоса әрбір жас оқырман кітапты өздері ғана емес, аналарымен біге оқыса деген ниетті көздеген болатынбыз. Биыл байқауға 40 адам қатысты. Расында, қым-қуыт тіршіліктің, бала-шағаның қамы, отбасының тіршілігі бар, соның барлығының арасынан уақыт тауып, баласының кітап оқуына көңіл бөліп, өзі соған үлгі болып, бірге кітап оқып, оны талқылап жүрген аналардың ісін ерлікпен пара-пар деп айтуға болады. Осы байқау арқылы олардың рухани дүниесін байытып қана қоймай, ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың нығаюына да үлкен септігімізді тигізе алдық деп ойлаймын. Оны екінші кезеңге өткен 10 жұп аналар мен балалардың хат жазысқаны кезінде үш ай бойы оқыған кітаптарынан алған әсерлері, түйген ойлары арқылы анық аңғардық. Әрине, кез келген ата-ана өзінің баласының оқыған, тоқыған, заманының сұранысына лайықты азамат болғанын қалайды. Қазіргі таңда ана атанған әрбір әйелдің арманы – баласының жетістікке жеткені. Бірақ күнделікті көріп жүргеніміздей электронды гаджеттерге тәуелді бала ертең қандай жетістікке жетеді? Бала жыламасын деп қолына смартфон ұстатқан ата-аналардың балалары кеш сөйлеп, тіпті сөйлемей қалғанын да уақыт көрсетіп отыр. Ондай балалар психологиялық жағынан тұйықталып қалып жатыр. Орталығымызға осындай балаларды аналары ертіп келіп, психологтарымыздан күнделікті көмек сұрайды. Мұны цифрлық тәуелділік дейді қазіргі таңда. Балаға кішкентайынан смартфон ұстатып қойып, одан ертең үлкен азамат болғанын күтеміз. Бірақ ол үшін өзіміз ешқандай әрекет жасамаймыз, еңбек етпейміз, қайта керісінше кедергі келтіреміз. Бұл байқау бір жағынан аналардың көзін ашуға да, бала тәрбиесінде қандай тәсілдерді қолдану керектігін үйретуде де маңызды болды деп санаймын. Аналарға ең бастысы, қатарынан озатын балаң болсын десең, бірінші өзі үлгі болуы керек екенін түсіндіруге тырыстық. Үш жыл қатарынан жалғасын тапқан байқауға биыл бірінші рет орыстілді сыныптарды қосып отырмыз. Оларға бөлек арнайы 9 кітаптың тізімін бердік. Ана, әйел, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қозғаған жазушылардың еңбектеріне басымдық бердік, – дейді «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали.

Қатысушылар қазіргі отбасы тәрбиесіндегі баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын, халықтың тәлімдік ұстанымын сақтауға баулу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру мақсатындағы дәстүрлі тағылымдық дода алдағы уақытта да жалғасын тапса деген ниетте.

– Адамдардың адами қалпын, болмысын сақтап тұратын, ол тек қана – адамгершілік. Соның ең нәзік жібі – мейірімділік. Біз ешқандай күшпен, заңмен, я болмаса полициямен адамның мейірімділігін оята алмаймыз. Бұл өте нәзік мәселе. Аталған байқау сол бала мен ананың ортасындағы үзілуге шақ қалып тұрған нәзік дүние осы мейірімділікті күшейтетін іс-шара болды. Бастысы, екеуі бір кітапты оқуы, талдауы, қарапайым ғана тілдесуіне себеп болды. Рухани байланысы күшейді. Жазған хаттары адамның жүрегін тебірентетін үлкен дүние деп айтар едім. Хат жазу деген «WhatsApp» секілді әлеуметтік желілерде асығыс, ауызға келгенін айта салуға жатпайды. Хат дегеніміз адам миынан, жүрегінен өтіп барып қолмен қағазға түсіретін дүние, жан дүниесін аралап, сүзгіден өткен ой. Қазір бізге осы өте қажет. Аналардың хаттарында да өздерінің аналарының айтқандарын мысалға келтіргендері бар. Осындай байқауларды көбейтуіміз керек. Көбейтіп қана қоймай, ауқымын кеңейту маңызды. Бұл іс-шарада жылына 20-30 бала қамтылады, ал әр мектепте өткізсе тәрбиелік мәні өте жоғары болар еді, – дейді байқауға қазылық еткен облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев.

Ал мазмұны терең, мәні биік байқау мәресінде ІІІ дәрежелі дипломды №6 орта мектептің оқушысы Асылай Әзімхан, анасы Гульнара Рыспаева мен №60 орта мектептің оқушысы Гүлдана Әбілжан, анасы Кенжекүл Сыдыманова иеленсе, ІІ дәрежелі диплом №32 мектептің білім алушысы Айзере Умиртай мен анасы Динара Шапшаңбаеваға табысталды. І орынды №50 орта мектептің оқушысы Дәулет Майқы, анасы Мереке Абитова және Назарбаев зияткерлік мектебінің білім алушысы Бақытжан Нарбай, ата-анасы Бағлан Орынбасар қанжығаларына байлады.

Топтан дара шыққан жұп №45 гимназияның білім алушысы Шырайлым Берікқызы мен анасы Жәния Биргожаева бас жүлдені иеленді.

Оларға дипломдар мен қаржылай сыйақы берілді. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар