Бағынбайтын бала

Бағынбайтын бала
Ашық дереккөз
Қазіргі ата-аналардың көбі өз бала-шағасын уысынан неге шығарып алды? Туған баласына тілін алдыра алмайтын әке-шешенің қателігі неде? Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші демейтін ұрпақ қайдан пайда болды? Тілазар бала неге көп?

Мұндай сауалдардың елесі бүгінде дүниежүзінің бір проблемасына айналды. Батыстың дамыған өркениеті мен шығыстың халықтық педагогикасының жолайырығында қалған біздің ұлтымыз да бұл уайымнан ада емес.

«Баланы бес жасқа дейін патшаңдай төбеңе көтер, он үшіне дейін құлша жұмса, мүшел жасынан бастап досыңдай сырлас» деген этноидеологиялық қағидамен жүретін әрбір отбасының үлкендері бала тәрбиелеу ісінде адаспауы қажет еді ғой. Мұның себебін адам капиталы бәсекеге түскен заманда баласына өз деңгейінде көңіл бөле алмайтын кейбір ата-ана бітпейтін жұмысбастылықтан, өнбейтін істен, уақыттың тапшылығынан, түрлі әлеуметтік жағдаяттардан көріп жүр. Жарайды, ол – ес біліп, ересек болып, сөйлессең тіліңді түсініп қалған жасөспірімдермен арадағы мәселе ғана болса бір сәрі. Мектеп жасындағы бала түгілі, тәй-тәй басып, енді жүгіріп жүрген, тілі шығар-шықпас жастағы сәбиіне сөзін өткізе алмайтын шаңырақ иелерінің шарасыздығы бүгінде аузы шықпаған жарадай қоғам жүрегін сыздатып жатқаны жасырын емес.

Ет-жақынынан айырылып, қамкөңілге түскен бір жолдасымызға көңіл шайын беріп отырғанбыз. «Әл-Кәусар» деген халал-кафенің алты-жеті адамдық бір-бір үстелді жұмсақ әрі биік дивандармен бөліп қойған кең залы келімді-кетімді кісілерге толы болғанымен, сондай тыныш және жайлы екен. Өзара қауқылдаса әңгімелесіп отырғандардың даусы бір-біріне кедергі жасамайды. Әне бір орында аяулы жарының туған күнін атап өтуді ұйымдастырған ер азамат кішкентай бала-шағасы мен әйеліне мереке жасауда. Төр жақта бір топ жас демалып отыр. Мына бір басына тағы төрт-бес адам жайғасқан. Қасымызда бос тұрған көрші бөлікке де сәлден соң жасы бар, жасамысы бар қыз-келіншектер жиыла бастады. Бізді танып, амандасқан бір-екеуінің сөзінен «алтын сандық» ойнап жүрген үлкен-кіші ауылдастардың кезекті бас қосуы екенін білдік. Жадыраса шүйіркелесіп жатқан олардың қатарына екі-үш жасар немересін ерткен егде әйел де келіп қосылды.

Ешкімнің ешкіммен ісі жоқ дәмханада алдымыздағы дастарқанымыздан ыстық дәм татып, қою шай ішіп, жарасымды әңгіме-дүкеніміз жақсы өріліп отырған. Кенет, елдің бәрін апасымен еріп келген әлгі кішкентай немеренің қиғылық салған даусы елең еткізді. Басында жай ғана қыңқыл-сыңқылдан басталған қыз баланың үні бірте-бірте үдей берді. Әжесі асты-үстіне түсіп әлек болуда. Қасындағы әпке-апалар да әр тәттіні бір ұсынып бәйек болғанымен, бала жылауын тоқтатпады. Іргесінде отырған біздің ғана емес, басқа үстелдегілердің де тынышы кетті. Әжесі мен алтын сандықтың отырысына жиналған ауылдастары бүлдіршінмен тұп-тура жарты сағат алысты. Біз де үнсіз сабыр сақтадық. Өзгелер де өздерін әзер ұстады. Көрші үстелдегілер де шыдады. Қарама-қарсы жақтағылар да мойнын созып қарап амалсыз отыр.

Қонақтардың мазасын кетірген көңілсіз сәбиі тіпті қоймаған соң әжесі қасындағылардан «қой, кетейік» деп кешірім сұрап, оның сырт киімін киіндіре бастады. Содан соң әлгі қызы киінбей долданды. Сәбидің сотқар мінезінен әбден шаршаған әйел оның қарсыласқанына қарамай, немересін көтеріп алып, залдан шығып кетпек болып жанталасты. Қызы ебіл-дебіл болып, «кетпейм, кетпейм!» деп апасының қолында жұлқынып, бұлқынып бара жатты.

Құлақтарында жылаған даусы қалған бұзық балапаннан «құтылғандарына» сенер-сенбесін білмеген көпшілік әлден уақытта ес жиып, бір-бірімен қайта әңгімелесуге көшті.

Осы уақиға бұрын мектеп пен арнайы оқу орындарында ғана кездесетін «қиын бала» деген терминнің бүгінгі таңда тым жасарып кеткендігін көрсетеді.

Заманауи психологияда ол «гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігінің белгісі» деп аталынады. Бұл белгі бойынша отбасындағы осындай баланың бір өзінде бірнеше адамға жетерліктей энергияның күші болады. Ол баланың аса жоғары белсенділігінің алғашқы белгілері кішкентай сәби кезінен-ақ байқалады. Энергиясы шамадан тыс асып, желігіп тұрған кез келген баланы жүйке жүйесінің бұзылушылығы бар немесе ауруы бар балалар санатына жатқызуға болмайды. Психологтардың айтуынша, бала кейде қырсығып немесе айтқанды істемей жатса – бұл бірқалыпты жағдай. Мысалы, ұйықтайтын уақыт болғанда бала төсек үстінде жүгіріп, ұйқыға жатпай қойса, ұйқыдан ерте тұрып алса немесе дүкенде қиғылық салып, жылап жүріп алса – бәрі нормаға сәйкес жайт. Бірақ, ата-аналар осы жағдайды өздігінен тоқтата алмай, бала ашулы және импульсивті халде қалса, онда мамандарға жүгінуге тура келеді дейді.

Әртүрлі зерттеулердің деректеріне сүйенсек, ГЗЖБ – «гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігінің белгісінен» шамамен сәбилердің 10 пайызы зардап шегеді.

Қыз балаларға қарағанда ұл балаларда 4-5 есеге жиі кездеседі екен. Ал бұл белгі олардың әлеуметтік бейімделуіне кедергі етеді. ГЗЖБ-нің бастапқы пайда болуын бала өмірінің бірінші жылында-ақ аңғаруға болады. Мұндай нәрестелер жасанды жарық, дыбыс, сәбидің күтіміне байланысты анасының әртүрлі әрекеттеріне, тағы сол сияқты әртүрлі қоздырғыштарға аса сезімтал болады. Олар қатты жылаумен, тым сергектік танытып, әрең ұйықтап, ұйқысының жиі бұзылуымен ерекшеленеді.

Бірде Сәния атты таныс әйел екіден сәл-ақ асқан немересінің тым гипербелсенді болып өсіп келе жатқанын сөз етті. «Қылығы қандай тәтті болса, ашуы да сондай ащы» деп күлді ол. Ерте жүріп, тілі де анық шығып қойған кішкентай қыздарының бұзықтығы бетпақтыққа ұласып кеткенде отбасындағы үлкен-кішінің ешқайсысы оған ие бола алмай қалады екен. Ол немере бұл әжесін ғана емес, әкесі мен шешесін де «бір шыбықпен айдайтын» сықылды.

О баста, тұңғыш немересін бесікке бөлеп өсіргісі келген енесінің талабын қалалық келіні хош көрмепті. Ене де өзі енді ғана жас ана атанып, бақыттан басы айналып отырған келінінің бетінен қаққысы келмеген. Содан не керек, бала тәрбиесімен айналысу тікелей жас ананың өзіне бұйырады. «Не қылса, о қылсын» дедім, дейді ене. Баласын ойнатып қойып, қасында телефонын шұқылап отыратын мамасы «Немереңіз үш жаста болатын депрессияға қазірден-ақ шалынып үлгерген сияқты» депті жақында енесіне.

– Не дейд?!. Депрессиясы несі?..

Үлкендерде ғана болатын дағдарысқа титімдей қызының да ұшырауы мүмкін екенін түсінбеген Сәнияға келіні интернеттен оқығанын көрсеткенде шошып кеткен. «Содан бері іштей жаным жай таппай жүр. Көзін енді ғана тырнап-ашқан балада депрессия болса, мына өмір не боп барады, өзі?..» деп налиды әже.

Айтса-айтқандай, бір қалыпты даму жағдайында үш жас – бала үшін ерекше жас болып табылады дейді ғалымдар. Бір жағынан осы жаста баланың зейінділігі мен есте сақтау қабілеті қарқынды дамыса, екінші жағынан дамудың бірінші дағдарысы білінеді. Осы кезеңдегі негізгі проблема – баланың өз-өзімен және белсенді болуынан бөлек, негативті теріс қылықтарының, қырсықтық пен асаулығының шамадан тыс артуы болады. Шамамен осы жаста бала жеке адам ретінде өзінің ықпал ету шекарасын белсенді түрде қорғап, өзінің «менін» көрсетеді.

Сондықтан 3-4 жастағы балалардың ата-аналары мұндай мінез-қылықты бірқалыптыға жатқызып, дәрігерге көрінбей жүре берсе де қиындыққа тап болмақ. Өйткені кейіннен балабақшаға барған кезде тәрбиеші баланың тәртіпке бағынбайтынын айтқан кезде немесе мектепте оқығанда мұғалімі баланың гипербелсенділігіне және сабақ үстінде бір жерде тыныш отырып, тапсырманы орындай алмайтынына шағымданған кезде, олар өте қолайсызданады. Мамандар осы барлық «күтпеген» мінез-құлықтар гипербелсенді баланың жүйке жүйесіне түскен физикалық және психикалық жүктемелердің ауыр болуына байланысты және оның өзіне қойылған жаңа талаптарды еңсере алмауына байланысты орын алып жататынын айтады.

Мұндай бала кейіннен өз қылықтарының неге апаратынын бағамдамай, жасөспірім кезінде кейде агрессиямен ұштасатын импульсивтілігімен қоғамға қайшы келетін қылықтарды көрсетуге әдеттенеді. Қандай жаста болмасын өз балаларынан осындай бұзықшылықтарды байқаған ата-аналарға тәжірибелі мамандар баланы невропатологке немесе психиатрға апарып, тексертіп алуға кеңес береді. Олардың айтуынша, кейде ГЗЖБ бетпердесінің астында одан да күрделі басқа аурулар жасырынып жатуы мүмкін.

Алайда осындай мағлұматтармен тым көп қаруланған үлкендер еті ширақ кез келген баланы гипербелсенділер қатарына жатқызып, дәрігерлер мен психологтарға сүйрей жөнелсе, қатты қателеседі. Балаңыздың энергиясы шегінен асып, бойына сыймайтындай көп болып, кейде қырсығып жатса немесе тіл алмай жатса бұл гипербелсенділікті білдірмейді. Егер сіз балаға көңіл бөлмей, телефон шұқылап немесе ұзақ уақыт құрбыларыңызбен сөйлесіп тұрып алсаңыз, өзіңізден көріңіз. Ол кезде бала ашуға басып, ызақорлыққа ұрынса, тыныш тұра алмаса немесе тыныш отыра алмаса, оның тарапынан – бұл қалыпты жағдай. Сонымен бірге мұндай балаларды ұзақ сапарлар, көшіп-қонулар, мерекелер, қонақтықтар мен басқа да «іс-шаралар» қатты шаршатуы мүмкін. Мұнда бар мәселе балада емес – ата-анада. Балаға ата-ана өзінің тиянақты назар салуы мен қолдау көрсетуінің әрдайым жетпей тұратынын дер кезінде түсінсе, көп проблеманың алдын алған болады.

Саналы адам өмірінің ең мәнді өзегі – тұлға ретінде толық қалыптасқан парасатты перзент тәрбиелеу. «Не ексең, соны орасың», «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал-мәтелдердің мәні мен маңызына терең үңілген ерлі-зайыптылар ғана болашақта жақсы ата-ана атанатынын естен ешқашан шығармаулары тиіс.

«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген аталы ақылға да дұрыс көңіл бөлген жөн. «Балаға жаның ашыса, оны аяма» деген нақылдың да мәні балаға беталды қаталдық көрсету емес. Қаталдықтың қатыгездікке айналып кетпеуінен сақтану керек. Балаға қатал болу деген сөз – оған ата-ана тарапынан белгілі бір талаптың қойылуы деп ұққан жөн. Бетінен қақпау керек деп, бар тілегін бұлжытпай орындап, бар сұрағанын тауып беріп, баланы әбден бетімен жіберуге де болмайды. Баланың бар қалауының ешбір сыни көзқарассыз жүзеге асуы бақылаудың жоқтығына әкеліп соғады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. «Ата-ана түрлі жағдайға қатысты, баламен түрлі формада байланыс жүргізуі тиіс. Тыйым да қажет тұста – вакцина!» дейді мамандар.

Кешірек үйде оңаша қағаздарыммен жұмыс істеп отырған едім. Ұялы телефоным шыр ете қалды. Өткендегі гиперактивті немерелі Сәния танысым екен. «Екі ай бұрын ғана барып еді емханаға. Қызын көрсетіп, аптекадан бір қора дәрі-дәрмегін алған. Ашушаңдығы басылыңқырап, жақсы болып қалды деп жүр еді. Бір-екі рет жылап мазасын алғанға шыдамай, «истерикасы» басталды, қайтадан психологқа апарам деп қалыпты. Баланы әуре-сарсаңға салғаннан басқа ісің жоқ па деп әбден сөйледім. Қызыңды емес, сенің өзіңді көрсету керек дәрігерге деп ұрыстым. Не істеймін бұларды, а, қайтсем екен?..».

Тұтқаның ар жағынан самбырлаған дауысты үнсіз тыңдадым. Сабырға шақырдым да қойдым. Ештеңе айтпадым. Себебі, ол Сәния менен шын мәнінде ақыл керек қылып тұрған жоқ. Тікбақай келінінен ала алмаған өшін ғана маған жеткізді.

Әттең, бірақ!.. Үлкендердің ойы ылғи бір жерден шыға бермейтін үйде кішкентайлар – балалар үлкен зардап шегетіні қиын да...

 

Үміт БИТЕНОВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар