Тасқынға тосқын болған сарбаздар

Тасқынға тосқын болған сарбаздар
Ашық дереккөзі
Әскер қатарындағы жиырма жас жауынгер Атыраудағы су тасқынының алдын алу бойынша міндетті миссиясын аяқтап, Тараз қаласындағы тұрақты бөлімшелеріне оралды. Олар Отан алдындағы борышын өтеу мерзімін әскери саланың қыр-сырын меңгерумен қатар, сын сағатта халыққа көмек қолын созу арқылы абыроймен аяқтап отыр. Ал, оларға жауынгерлік жолда жетекшілік еткен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері мен әскерилер әлі де тасқынға тосқауыл шараларын жалғастыруда.

Күні кеше әуе қорғанысы күштерінің әскери-көлік ұшағымен апаттан зардап шеккен аумаққа көмек көрсеткен жас сарбаздар Атыраудан Тараздағы кезекшілік пунктіне жеткізілді. Жауынгерлер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіповпен және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаевпен бір ұшақта Әулиеатаға оралды. Екі генералдың жан-жақты қолдауы әскери басшылық тарапынан сарбаздардың сіңірген еңбегін және олардың су тасқынының алдын алудағы ортақ іске қосқан үлесін қаншалықты бағалайтынын көрсетті. Осы жиырма сарбаз осыдан бір ай бұрын Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригаданың құрама отряды сапында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін Тараздан Атырау облысына аттанған болатын. Олардың бригадасынан үш жүз, ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінен бас-аяғы мың адам еліміздің батысына арнайы барып, тәулік бойы бөгеттер салып, Жайық өзені жағалауындағы қорғаныс күшін нығайтты.

– Еліміздің басына күн туғанда кез келген азамат ойланбастан көмек қолын созады деген ойдамын. Біз үшін бұл үлкен сынақ әрі тәжірибе болды. Халықтың жағдайын көзбен көру, әрине, оңай емес, күндіз-түні қатты күйзелісте жұмыс істедік, аз ұйықтадық, алғашында қатты шаршадық. Бірақ, арқаны кеңге салып жүруге уақыт жоқ. Біз бір сәтке де дамылдаған жоқпыз, өйткені егер су көтерілсе, жағалауды шайып кетпей, ауылдарды сақтап қалу үшін бөгетті тез және бір уақытта тиімді салу керек. Біз одан әрі сонда қалуға дайын болдық, бірақ бізге «тапсырманы орындадыңдар, қайтатын уақыт келді» деп айтты. Әскери қызметіміздің соңғы айында еліміз үшін аз да болса үлесімізді қоса алғанымызға, сондай мүмкіндік беріп, бізге сенім артқан командирлерімізге алғыс айтамын, – дейді қатардағы әскерге шақырылған Нұрғали Нұғман.

Жас сарбаздар отыз күннің ішінде бұрын-соңды болмаған оқиғалардың, батыл шешімдердің, жедел әрекеттердің куәсі болып қайтты. Олар күндіз-түні білек сыбана жұмыс істеп, құм салынған қаптарды толтырып, бөгеттерге орналастырды. Осылайша, майдан даласындағы ерлікке татитын еңбектің нәтижесін көрсетті.

– Ата-әжелеріміз бала күнімізден елдің амандығын тілеп отыратын. Біз сол батамен өсіп, өндік. Халыққа қарайласу біздің санамызға сәби күннен сіңе бастады деп айтсам артық болмас. Дәл осы сәтте халқымызға көмектескеніміз үшін бәріміздің көкейімізде үлкен мақтаныш сезімі бар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Еліміздің басына түскен апат әрбірімізге қатысты. Себебі, Қазақстан – біздің қасиетті ортақ мекеніміз. Бәріміз осы қарашаңырақтың баласымыз. Осы жағдай барысында жүкті жұмыла көтеріп, біртұтас әрекет етуге дағдыландық. Су басу қаупінің алдын алу үшін барлығымыз бар күшімізді салуға тырыстық. Алдағы уақытта да еліміз осындай апаттардан аман болса екен,– дейді ефрейтор Әли Әбубәкір.

Қазіргі таңда Таразда борышын өтеген жиырма жас міндетті қызметтерін аяқтап, әскери билеттерімен және жоғары оқу орындарына түсу туралы куәліктерімен өз үйлеріне қайтты. Ал, саладағы тәжірибелі әскерилерден құралған топ әлі күнге су қаупін сейілту жұмыстарымен белсенді айналысуда.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар