«ҰСТАЗ – БАҒБАН, БАЛА – ГҮЛ»
Бұған халқымыздың тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған Ыбырай Алтынсариннің осы сатылардан өткен ағартушылық жолы куә.
Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрды. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысқан осы алғашқы қазақ ағартушысының орасан зор еңбегі ұлтымызға үлгі. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бағыттаған Ыбырай Алтынсарин аяулы ұстаз деген ұлылықтың нағыз ұстыны іспетті.
Кез келген заттың ұстыны мықты болмаса, оның ғұмырының ұзақ болмайтыны әлмисақтан мәлім.
Бірде бір ауылда е сік алдына асарлатып жазғы сарай салып жатқан адамдар үлкен бөренені көтеріп әкеледі. Құрылысты басқарып жүрген кісі әлгілерді тоқтатып, бөренесін әрі- бері аударып-төңкеріп көреді. Сосын: «Мына ағаштарың ұстын болуға жарамайды, басқасын табыңдар», – деп кері қайтарып жібереді. Ол кез қазіргі уақыттағыдай құрылыс материалдары сатылатын дүкендер мен сауда үйлерінің пайда бола қоймаған уақыты. Ойдағыдай бөрене оңай жерден табыла қоймай, құрылысқа кәдімгідей қолбайлау болады. Бірнеше күн дегенде әзер табылған ағашпен жұмыстарын жалғастырғандар әлгі асарды басқарып жүрген кісіден «Бірінші әкелген бөренеміз кейінгі әкелген бөренемізге қарағанда, қайта үлкен еді ғой, неге соны керек қылмадыңыз?..» – деп сұрайды. «Соны да аңғармадыңдар ма? Бірінші әкелген бөренелеріңнің көлемі үлкен болғанымен, іші әншейін бос кеуек. Ондай ағаштар ұстын болып жарытушы ма еді?», – депті.
Барлық ауыр салмақты көтере алатын осы шымыр белағаштай, мектеп атаулының айбынын асырып, оқу мен тәрбие ісінің бүкіл қиыншылығы мен қызықшылығын бір өзі мойымай, шәкірттеріне зор сеніммен сабағын беріп жүрген ұстаздан бақытты жан бар ма, бұл дүниеде?! Ұлағатты есім саналатын «ұстаздық» деген сөз негізінен «мұғалім» сөзімен синонимдес ұғым. Әйтсе де, осы екі атауды бір- бірімен қатар қарастыратындар да бар, кейбіреулер керісінше аражігін ажырата қолданып та жатады. Үнемі ізденісте жүрмесе, өзгеге білім дарытумен қатар, өз білімін де ылғи көтерумен шұғылданып отырмаса, тұла бойынан барынша асыл қасиеттер, мол білім мен табанды еңбекқорлық, әмбебап өнер мен сан қырлы қарым-қабілет табылмаса, оқушысы мен оның ата-анасына сыйлы болмаса, қоғаммен, қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынас орната алмаса – ол мұғалімнің ұстаз деген атқа лайық болуы неғайбыл.
Дегенмен, мектеп жүрегі саналатын мұғалім мектептің жанына да айналып үлгереді. Басқаның баласы үшін жауапкершілік алу – үлкен тәуекелге бару деген сөз. Сондықтан, екі ат та құрметті, екеуіне де қошеметпен қарағанымыз жөн, өйткені мұғалім – ең мәртебелі мамандық иесі, ұстаз – ең ұлық адам.
БАСТЫ МӘСЕЛЕ НЕДЕ?
Дүниежүзін толғантқан қазіргі таңдағы өзекті мәселелер біздің елімізде де жетіп артылады. Бірін қоғам алдына тақырып қылып көтеруге мұрша жетсе, енді біріне көз жұма қарап келеміз. Солардың бірқатары білім саласында орын алып отыр.
Жыл сайын жаңа жобалар жасалып, өзгерістер мен түзетулерге жиі ұшырайтын білім саласындағы реформалар ең алдымен мектеп пен мұғалімдерді сынақ алаңына салып, нысананың ең жанды объектісіне айналдырды. Бұдан жемісін беріп жатқан бірен-саран жетістіктер де бар. Бірақ, ұтылғанымыз көп болмаса, ұтыс шамалы.
Өйткені, қанша уақыттан бері ақпарат көздерін «елеңдетіп» келе жатқан оқушылар тәртібі, мұғалім беделі, ата- аналардың мектепке деген сенімсіз көзқарасы әлеуметтік желімен таңы атып, кеші бататын сөзқуар қауымның күн тәртібінен түскен жоқ.
«Таяқты әліп деп үйреткен» ұстазды үлгі тұтқан халқымыз қанына сіңген осы қасиетін жоғалтып алды. Баланы еркін өсірудің қажеттігін білген ата- ана оны тым еркінсітіп жіберді. Өзінен қымбат киініп, оқуға автокөлікпен келетін оқушыларының алдында төменшіктеген педагогтер пайда болды. Рас, соңғы уақытта осы сықылды факторлармен күресу айтарлықтай маңыз иеленді. «ҚР Педагог мәртебесі туралы» шыққан арнайы Заң мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге тікелей басымдық берді. Педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары, педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған заңда мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды жөн-жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, еңбегін ынталандыру шарттары белгіленді. Төрт бағытты қамтыған заң педагог қызметіне қойылатын талаптарды да күшейтуді қарастырады. Бұл ретте педагог этикасы мәселелеріне де терең көңіл бөлінді. Қазір әрбір білім беру мекемелерінде Әдеп жөніндегі кеңестер жұмыс істеуде.
Ендеше, мұғалімнің білігі мен беделі едәуір артқан шығар.
Бірізділендірілген оқушы формасын киіп, мектеп жарғысына бағынып, алтын ұясынан келешекте білімді азамат болып өсіп шығуды мұрат еткен шәкірттер өздерінің мектептегі екінші ата-анасына дән риза болар. Отбасындағы ата-ананың да баласына тәлім мен тәрбиеден дәріс беретін мұғалімдерге деген сыйластығы өскен болар. Лайым, солай болғанға не жетсін.
Өкінішке қарай, шәкіртіне сөзі өтпейтін оқытушының, мұғалімін тыңдамайтын оқушының әлі де болса көптеп кездесетіні әмбеге аян. Ондай жайт не нәрсені де желдей есіп жеткізетін әлеужеліде қаптап жүр. Бір ата-ана «Бұрындары аға-апаларымыз ұстаздарын қалай құрметтегендерін тамсана айтып отырушы еді. Олардың сөзінше, ұстаз өз заманының қадірлісі, ауылдың зиялысы болатын. Бүгінде мұндай құрметке лайықты мұғалім саусақпен санарлық» десе, өзі де ата- ана саналатын кей мұғалімдер «Мұхтар Әуезов айтқандай, «Халық пен халықты теңестіретін – білім». Сондықтан, білім бәсекесіне қабілетті шәкірт тәрбиелеу – педагогтардың алдына қойған басты мақсаты. Бала санасына білім нәрін сеуіп, шәкіртіне білгенін үйретуден жалықпайтын мұғалімдердің арқалаған жүгі ауыр екенін алдымен ата-аналар түсінуі керек», – деп қарсы уәж айтады. «Беделдерінің жоқтығына әрине, мұғалімнің өзі кінәлі», – дейді кейбір ата-аналар. Олардың айтуынша, бүгінгінің ұстазы сауатсыз. Оқушыларға білім беруді айтпағанда, олармен қалай қарым-қатынас жасауды білмейді, бала психологиясынан мүлде хабары жоқ. Өз ісіне жүрдім-бардым қарайтын көрінеді.
Мұғалімдерімізге құлақ түрсек, олар ата-аналардың көбінің бала тәрбиесінде өте жауапсыз екенін алға тартады. «Әрбір ата-ана баласының күнделікті мектептен кейінгі тәртібін, сабағын қадағалап отыруы керек. Бізде бәрі керісінше. Жұмыстың қауырттығын, яки, өздерінің шаршағанын сылтауратып, балаға мән бермейді немесе «мектепке не үшін беремін, егер мұғалім бәрін қадағаламаса, сол үшін жалақы алып отыр емес пе?» – дейді. Бұл, әсіресе, жас ата-аналардың тарапынан туындайтын түсінік. Осындай теріс түсініктің салдарынан оқушыларымыз мұғалімдерге сөз қайтаруға, тіпті қол көтеруге дейін барады».
Бала тәрбие сінде ат а-ананың атқаратын рөлі ерекше екені рас. Ұстаз одан кейінгі орында екені де жасырын емес. Бұрындары баласын мектепке апарғанда «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп ұстазға сеніп тапсыратын ата- аналар бүгінде жоқтың қасы. Әйтпесе, барлық ата-ананың мектеппен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік мол. Баяғыдай шаруасын ысырып қойып, мектепке арнайы барып, керек адамына жолығып, мұғалімді іздеп, уақыт кетіріп жүрмей-ақ, ұялы телефон арқылы сәт сайын хабарласа алады. Баласының оқу үлгерімі, тәртібі мен кемшіліктерін ең алдымен ұстазынан сұрап, біліп, қанығып отырса, сынып жетекшісімен және пән мұғалімдерімен емен-жарқын байланыс орнатса, үйдегі баласы да мұғалімді сыртынан жамандау, ғайбаттау, өтірік айту сықылды нашар іс-әрекеттерден ада болар еді. Үйден мектепке аттанарда баласының қалтасына молынан ақша салып, қолына қымбат телефон беріп, «мұғалімің ұрысса айт, саған сөйлесе, сазайын береміз» дегендей негативтермен қаруландыратын ата-ана сүйікті баласынан өскенде сүйкімді адам шығады деп дәмеленбей-ақ қойсын. Сондай сөзді санасына түйген бала ұстазын қалай сыйласын?..
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін үйдегілердің, ата-ананың айтқаны жазылмаған заң. Бұғанасы қатпаған баланы қалай бұрсаңыз, солай бағыт түзейтіні бесенеден белгілі. Сол үшін ата-ана өз баласына қандай да болмасын ұстазын сыйлауы, қадірлеуі керек екенін айтып отырса, бала да көңіліне соны тоқиды. Әке-шешесіне сенген бала ұстазына да солай сенетін болады. Сенім болған жерде әлбетте, гармония пайда болады. Ата-ана, оқушы және мұғалім арасындағы мықты үштіктен үлкен үйлесім туады. Сонда ғана мұғалімге, ұстазға деген құрметтің белгісі салтанат құрады.
БҮГІНГІ МҰҒАЛІМ КЕЛБЕТІ
«Бір әріп үйреткен жанға қырық жыл сәлем бер» – деген атамыз қазақ. Қайсыбір қоғамды болмасын, ілгерілете алға бастыратын – мұғалімдер. Білім жүйесі дегеніміз – өткен ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырар асыл мұрасы. Бүгінгі таңда бұл мақсаттың орындалуы ойымыздан шыға ма?! Осы тұрғыда алдыңғы қатарлы ұстаздардың бірқатарымен пікірлескен едік.
Облысымыздағы «Дарын» лицей- интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
«Үздік педагог», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Базарбай Дүйсенбаев бүгінгі мұғалім абыройы туралы ойын жеткізді. «Мұғалімнің беделі – ұжымның, оқушының, ата-ананың, қоғамның оң пікірі. Қоғамда ең көп шешім қабылдайтындар – мұғалімдер. Сол үшін де алдына келген баланың біліміне тәуелсіз көп үміт күте алатын мұғалім ғана беделін еселеп өсіре алады. Мемлекеттік марапаттар мұғалім беделіне жақсы жағынан әсер еткенімен, оның түбегейлі көрсеткіші бола алмайды», – деген ол біздің «Педагог мәртебесі» туралы заңның пайдасы, оң ықпалы боп жатыр ма?» – деген сауалымызға қазіргі қоғамда сол заңды мұғалімдер өз мүддесіне жөнді қолдана алмай отырғанын, ондай себептерді мектеп ішінде құрылған Тәртіптік кеңестің шешімдерінен көптеп кездестіруге болатынын айтты.
Тәжірибелі мектеп басшысы Айнұр Абашова: «Педагог мәртебесі» заңы қаншалықты мұғалімді қорғай алады?» деген сұрақтың төңірегінде әңгіме жиі қозғалады. Өйткені, заңның екіұшты тұстары өте көп...» – деп қынжылса, көне шаһарымыздың №55 мектебінен жақында ғана Астана қаласындағы №42 орта мектепке ауысып, оқу-тәрбие жұмысын басқарып жүрген Гүлмира Қалиқызы: «Әрбір мұғалімнің беделді болу-болмауы көбінесе өзінен, оған жетуге қыруар уақыт пен қажымас, талмас еңбек қажет. Мұғалім мәртебесі интеллектуалдық, білімдік, адами және мәдени ерекшеліктерімен бағаланады. Беделге ие болу жолында мұғалімнің басты мақсаты – оқушыға тәрбие, білім беру, оны жетілдіру, дамыту, қоғамдағы орнының оң қалыптасуына ықпал ету және үлкен өмірге бейімдеу болуы тиіс», – дейді.
Облыс орталығындағы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп- гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлжан Нарбаеваның пікірінше «Шәкіртіне берер білімі бар ұстаздың әрдайым беделі де биік болады. Алайда, ұстазға біліммен қатар көркем мінез де қажет. Нұрлы ақылын жылы жүрегімен, көркем мінезімен оқушының бойына дарыта алу да шеберлік. Оқушының оғаш қылығын орынды мысалмен түзетсеңіз, ол да түсінеді. Дегенмен, кейбір оқушылар мұғалімдік мәдениеттілікті, ұст аздық үнсіздікті, педагогтік сабырлықты момындық, жасықтық деп те қабылдайды. Ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздың атқарар жүгі ауыр. Қит етсе, мән-жайды білуге ұмтылмай, бірден ұстазды кінәлайтын да ата-аналар бар. Соны көріп, балалардан бұрын ата- ананы бірінші тәрбиелеу керек деген ой келеді. Ең үлкен проблема – адамдардың рухани саяздығы. Рухани байысақ, ұстаздың да беделі биіктей бермек».
Жамбыл ауданы, Антон Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Кусеваның: «Мұғалім беделі қоғамдағы күн тәртібінен түспейтін, қоғам дамуымен бірге, қатар жүретін өзекті тақырыптардың бірі десем болады. Өйткені, қазіргі таңда мұғалім кәсібінің мәртебесі мен беделі ата-ананың, қоғамның, әлеуметтік топтардың «қалай қабылдауына» тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан, біз ең алдымен отбасында ұстазға деген құрметті қалыптастыра білуіміз қажет. Себебі, әліппеден әріп танытып, баланың зердесін ашқан мұғалімнің орнын, мәртебесін қазіргі қоғам түсіріп қана қоймай, рөлі мен бағасын ұмытып кететін жайттар да аз емес. Егер, біз қоғам ішінде мұғалімге деген құрмет қалыптасып, тұрақталсын десек, бұрынғы мен бүгінгінің педагогі деген алшақты ойдың арасын бір мағынаға с ауатты тоғыстырып, санаға тоқытуымыз қажет», – деп ақтарылуында үлкен мән бар.
Тастөбе аулындағы Әкім Тарази атындағы тірек мектебінің директоры Калила Исмайлова: «Мұғалімдер – ұлт болашағының негізін қалаушылар. Бүгінде мұғалім беделі бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Ол біріншіден, оқушылардың мұғалімді сыйламауы. БАҚ-нан көріп, естіп жүргеніміздей оқушылардың ұстазына дауыс көтеріп сөйлеуі бой түршіктіреді. Бұл дегеніміз – мұғалім беделінің қоғам алдында қаншалықты деңгейде төмен түскендігінің дәлелі. Бұл жағдайды түзету үшін тал бесіктен берілетін тәрбиені, отбасы тәрбиесін дұрыстау керек. Екіншіден, мектептегі сабақтан гөрі, технологиялардың қарқынды дамуы және басқа да кәсіби салалар жастар үшін тартымды болып бара жатыр. Сол себепті мұғалімнің беделін көтеру ел болашағының негізін қалауға баспалдақ екенін мойындап, сол жолды бүкіл жұрт болып жұмыла, ұлт болып ұйыса ауызбірлікпен, ұйымшылдық таныта отырып, бірлесе салуымыз керек. Ы.Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтқан жоқ. Әрбір баланың сол мұғалімнен жазуды, әріпті танып, үлкен өмірге қадам басатынын барлық ата- ана үнемі жадында ұстаса дұрыс болар еді», – дейді.
Иә, ұлт педагогі Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» – деген абыройлы сөзінің құнын арттыруға бар күш-жігерін салып жүрген мұғалімдердің еңбегі ақталса екен дейміз біздер де.
ЖАНАЙҚАЙ
Айтса-айтқандай, мектеп жасындағы баланың тыныс-тіршілігін тек қана мектеп мұғаліміне таңып қою біздің қоғамымызда қатты белең алып тұр. Өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім мекемелеріне қатысты дау-шарлар соңғы кезде жиілеуде.
Ашық ақпарат көздері арқылы тарап жатқан суицид, зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру, бала өлімі секілді толып жатқан тосын оқиғалардан күрсінген жұртты күні кешегі бала өлімі тағы шошытты.
Тағы бір әлімжеттіктің құрбаны болған бала өлімі... Айтуға ауыз бармайтын жағдай. Ауыр қайғы. Өте өкінішті. Алла ата-анасына сабыр берсін деп жұбатудан басқа айламыз жоқ. Ешбір ата-ананы баламен сынамасын дейтін халықпыз.
Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз? Мектеп қайда қарап отыр деп, қит етсе мұғалімдерді кінәлайтын тенденцияға тоқтау бола ма? Ата-ана қайда қарап отыр? Қоғам неге қатыгез?
Педагогика ғалымдарының әлемге мәшһүр еңбектерінде атап көрсетілгендей, әр бала тәрбиенің 80 пайызын отбасында ата-анадан, 20 пайызын мектепте мұғалімнен алады. Әке мен шеше үйде өз баласына дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беріп, сабағын қадағалап, бос уақытында үй шаруасына салып, жұмсап та, бір мезгіл еңбекке баулып та отырса, ұялы телефон мен ғаламторды қолдануға шектеу қойып, дағдыландырса, бала мектепте мұғалімнен тиісті білімін, тәрбиесін алып отырса, сыртта, көпшілік ортада өзін ықтиятты ұстауды үйренсе осынша жайсыз оқиға туындамас па еді деп қамығасыз. Сонымен қатар, қазіргі жас ұрпақ арасында ұлттық саясат та дұрыс жүргізілмейді деген дабыл жиі қағылады. Патриоттық тәрбие тек формальды түрде көзбояушылықпен санаулы топта ғана жүргізіледі. Ұлттық құндылықтар ұмыт қалып барады. Балалар тұрмақ, олардың әке-шешесінің дені кітап оқығанды білмейді. Соның салдарынан қазір өз көзқарасы қалыптаспаған, ойы жоқ, білімсіз, тәртіпсіз, қоғамға пайдасы жоқ, өмірге не үшін келіп, не үшін кететінін сезінбейтін, ертеңі тұрмақ, бүгінін жоспарламайтын, не нәрсені болса да басқадан дәмететін масыл, қолқусырғыш, қол жайғыш адамдар көп. Өзін болашақ ана ретінде санайтын қыз бала, өзін болашақ әке санайтын ұл бала аз. Қарапайым тілмен айтқанда, ол отбасындағы балалар қалай болса солай өсіп жатыр. Шындығы сол. Бұл жерде кінәліні іздеудің қажеті жоқ, мәселе – әсіресе, үлкендердің, жалпы адам баласының ішкі адалдығында һәм сол асыл қасиетті жан-тәнімен сезінуінде. Қай жерде жүрмесін, әр азамат өз міндетін дұрыс, жауапкершілікпен атқаруы керек, кез келген саладағы жұмыс дұрыс жолға қойылуы керек, сонда ғана көп нәрсе орнына келеді.
Мектептен тыс уақытта оқушы тәртіп бұзса, қылмысқа барса, мұғалімді, директор орынбасарын, директорды кінәлау, одан үлкен басшыларды жауапқа тарту немесе жұмыстан шығарып жіберу, тағы сол сияқты әр деңгейлі тәртіптік шараларды қолдану арқылы қоғамның бар проблемасын шештік деп ойлау – әбестік. Тәрбие тек мектептің міндеті дегеннен арылу керек. Тәрбиеге бүкіл қоғам атсалысуы керек. Мұғалім білім беруші, десек те шәкіртіне тәрбие беруден де бас тартпайды, ал тәрбиеде басымдықты ата-ананың иығына артқан дұрыс. Мектептен тыс уақытта баласына ата-анасы жауапты болуы керек. Осы талапты қатаңдатпайынша, қателіктерден қашып құтылу мүмкін емес.
Жақында бір танымал блогер Facebook-тегі өз парақшасында «Мектептерде баға қорытылып жатыр. «Менің баламды «5-ке» шығарыңызшы! Сіздің сабақтан ғана «4» боп тұр дейтін маусымды ашық деп жариялаймын» деп басталатын әзіл-шыны аралас пост жариялады. Әзіл дегенімізбен, оның астарында зіл жатыр. Көп ата-ананың «қазақшылықпен» астасатын, жең ұшынан жалғасқыш жаман әдеті. Осы әдеттен де қорқуымыз қажет.
Ұстаздың беделін асыратын да, төмендететін де – қоғам. Ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмеу қоғам мүшелерінің әрқайсысының парызына айналса, қоғамдағы ұстаздар қауымына деген көзқарас қалыпты болса, қауіп те жоқ, қатер де аз. Өйткені, мұғалім абыройы – ел абыройы. Мұғалім – қоғам айнасы. Мұғалімге қарап тіпті мемлекеттің бет- бейнесі танылмақ.
Кезінде қаһарлы Ескендір Зұлқарнайын жорықтан оралғанда ең әуелі ұстазына, одан кейін ғана ата- анасына сәлем беруге барады екен. Мұның сырын сұрағандарға ол: «Ата- анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал, ұстазым жерден аспанға, яғни жәннатқа кіруіме себепші», – деп жауап берген.
Осы бір ғажап мысалға біздің де алып-қосарымыз жоқ. Мұғалім осындай мәртебеге тезірек және түбегейлі ие болса екен деген ойымыз бар.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді