Бүгінде Қордай ауданының 41 елді мекені бойынша 2 жарым мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Яғни, бұл – салынып басталып, құрылысы тоқтап қалған үйді күтушілер қатары қалың деген сөз. Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қа ла құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеевтің айтуынша, Қордай ауылының Батыс алабынан бес үй салуға қаржы бөлінген. Бірақ, төрт үй салынып басталған. Бөлінген қаржы бір шаршы метрін 140 мың теңгемен бағаланып, белгіленген. Жұмыс басталғаннан кейін көп ұзамай құрылыс материалдарының бағасы қымбаттап, екі үй құрылысының тұралап қалуына себеп болыпты.
– Сол кезде құрылыс жұмысын жүргізіп бастаған мердігер Ақтау қаласынан келген «Нұр құрылысы болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Жергілікті болмағандықтан бөлінген қаржы жұмсалатын шығындарға жетпей, құрылысты 2022 жылы тоқтатты. Заң аясында хат жазылды. Біздің аудандық құрылыс бөлімі де өз тарапымыздан экономика бөліміне бөлінген қаржы жетпей жатқанын көрсетіп, қосымша қаржы керектігін айтып, хат жолдадық.
Бірақ, біздің облыс дотациялық облыс болғандықтан қолдау таппады. Мердігерді өз міндетіне алған жұмысын аяқтамағаны үшін біз сотқа бердік. Қазіргі уақытқа дейін екі сот процесі өткізілді, аппеляциялық сотта мердігер ұтылды. Себебі, алдын ала төленген қаржыға лайықты жұмыс жасамағаны анықталды, енді сол қаржыны мемлекетке мердігер қайтаруы керек. Бірақ, оған мердігер компания келіспей, кассациялық тәртіппен қарауға өз шағымын бермекші. Ол қаралғанша біраз уақыт кетеді. Осы іс аяқталғанша біз басқа мердігер іздеу жұмыстарын бастай алмаймыз. Және бұл құрылысты ары қарай жалғастыруға қажетті қаржы да қарастырылған жоқ, – дейді Елдос Жылкелдіұлы.
Бұл екі үйде қазір 60 пайыз жұмыс орындалған. Ал, сыртқы абаттандыру, ауладағы ойын алаңы және газ, электр, кәріз, жылу жүйелерін тарту, жол салу секілді инфрақұрылымдарды жасауға басқа мердігер міндеттелген. Сол себепті, бұл жұмыстар жүзеге асырылып қойған. Енді, тек үйдің сыртқы қасбетін жасау, терезелердің әйнегін, жылу батареяларын орнату, үйдің ішіне электр желісін жүргізу, ішкі әрлеу жұмыстары қалған. «Енді жартылай атқарылған жұмыс осылай қалады ма, бұл үйді күтіп жүргендердің үміті қашан ақталады?» деген көкейдегі сауалдың жауабын сұрадық.
– Негізі заң бойынша құрылыс нысанын консервациялау жасалуы керек. Яғни, жобалаушы мекемені шақырып, барлық қалған жұмысты аяқтауға қанша қаржы керектігін анықтату қажет. Жобасын қайтадан түзетіп, сараптамадан өткізіп, содан кейін қажетті қаржыны бөлуге ұсыныс беруіміз керек. Бұрынғы сметалық жоба бойынша 529 миллион болса, келесі жасалатын шартта бір үйдің құны 439 миллион теңге болуы мүмкін. Ендігі қалған жұмыстарды аяқтау үшін бір үй 300 миллион теңге қаржыны қажет етеді, – дейді Елдос Жылкелдіұлы.
Егер осы жылдың аяғына дейін сот процесі бітсе, аудандық құрылыс бөлімі келесі жылы ендігі керекті қаржыны сұрату жұмыстарын бастауға дайын. Бұл үйлердің тұрғызылуына сеп болған «Нұрлы жер» бағдарламасы қазір тоқтатылған. Жауаптылардың айтуынша, кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту үшін үй сатып алуға қаржы бөлінген. Қордай ауылында үй сатып алуға қарастырылған қаржыға қандай жағдайдағы баспананы алуға болатынын зерделегенде, ескі үйлерге жететіні белгілі болған. Егер сондай үйлерді алып берсе, оны әрлеу үшін тағы қосымша қаржы керек болады. Бұл жайттар тұрғындар тарапынан наразылық тудыруы әбден мүмкін. Осы жайттарды ескере келе, аудан әкімшілігі 4 пәтерлі үйлер салып, кезекте тұрған белгілі санаттағы тұрғындарға беруді қолға алған. Әр пәтер 60 шаршыметрді құрайтын және 4 соттық жері бар, 4 пәтерлі үйді кәсіпкерлер салып беріп, осындай 58 үйді әкімшілік сатып алыпты. Қазір ол үйлерді тиісті тұрғындарға беру тәртібі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, 120 пәтер сатып алуға қаржы қарастырылыпты. Соған қарай, жаңадан тұрғызылған үй болсын деп, кәсіпкерлерге әлгіндей 4 пәтерлі үй салу ұсынылыпты. Қордай ауданының әкімшілігі кезекте тұрған белгілі санаттағы азаматтарды баспанамен қамтудың осындай жолын тапқан.
Дегенмен, қыруар қаржы жұмсалып, жартылай салынған үй де пайдалануға жарамсыз күйде қалмауы тиіс. Мемлекеттен жұмсалған қаржы – халықтың ортақ қазынасы. Одан алынған қаражатқа басталған іс аяқсыз қыруар қаржының желге ұшқанымен пара-пар. Бұл мәселенің оңтайлы шешімі табылып, алдағы уақытта құрылысы тоқтап тұрған тұрғын үйлер кәдеге жарар деген үміттеміз.
Қордай ауданы
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді