«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жуалыда жаңа аурухана бой көтереді

Жуалыда жаңа аурухана бой көтереді
Ашық дереккөзі
Денсаулық сақтау – кез келген мемлекеттің іргесін нықтай түсетін маңызды саланың бірі. Азаматтарының саулығын ойлаған ел қашан да бұл саланың түйткілдеріне жіті назар аударып, ондағы қордаланған мәселелерді мүлт жібермеуге күш салуы тиіс. Себебі, дүниенің бар игілігін тек тәні дерттен таза адам ғана толық сезіне алады. Тәні сау адамның қоғамға берері де мол болмақ. Бұл бағытта жері мен суы дуалы саналатын Жуалы ауданында ахуал қандай? Аталған мәселені білмекке аудандағы орталық аурухананың жай-күйін саралаған едік.

Ақпан айында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денсаулық сақтау саласындағы 2023 жылы атқарылған жұмыс нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланған болатын. Өткен жылы саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 14 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып, қаржы толығымен игерілген. Жалпы, 24 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан. 19 нысан пайдалануға берілсе, қалған 5 нысан биыл ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Жоспарланған нысандардың арасында Жуалыдағы бірнеше медпункттер де бар.

Жуалыдағы басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындардың тәніне дауа іздеп баратын жері – аудан орталығында орналасқан 111 адамға арналған орталық аурухана. Аурухана ғимаратының іргесі 1972 жылы қаланған. Жарты ғасырдан астам уақыт дауа іздегендер үшін пана болған мекеме қазіргі таңда аудан аймағындағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Аурухана 2014 жылы шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта аталды. Жуалы ауданының тұрғындарына 111 төсек орны бар стационар, клиникалық- диагностикалық зертхана, 250 келушіге арналған емхана, 4-ші дәрежелі шұғыл көмек көрсету бөлімі, 8 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік- акушерлік пункт, 34 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 1 жылжымалы медициналық кешен автобусы, 10 УАЗ маркалы санитарлық көлік, 2 ларгус көлігі, 1 реамобиль көліктері бар. Аурухана жалпы 678 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 78 дәрігер, 340 мейірбике, 124 тазалыққа жауапты маман және 115 басқа да қызметкерлер бар. Елімізді коронавирус індеті жайлаған тұста дәріден тапшылық көргеніміз әлі ұмытыла қойған жоқ. Аурухана басшылығынан ең бірінші кезекте осы мәселенің жай-жапсарын сұрадық. Айтуларынша, орталық аурухана дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген, қоймада екі айлық қор сақталған.

Медицина күн санап емес, сәт санап дамып келеді. Тіпті, әлемнің іргелі елдерінде адам ағзасына қажетті күрделі оталарды дәрігер- роботтар жасап жатқанын естіп, біліп жүрміз. Мұндай игілік біздің елге жете қоймағаны анық. Дегенмен, аудандардағы ауруханалардың жаңа медициналық аппараттармен қамтылуы да бір кездері өзекті мәселе болған еді. Бұл тұрғыда Жуалы аудандық орталық ауруханасының клиника-диагностикалық зертханасына 2022 жылдың алғашқы тоқсанында биохимиялық қан талдауын анықтайтын 18 параметрлі JS T240, жалпы қан анализін анықтайтын 21 параметрлі BCC 6900, жалпы зәр анализін анықтайтын Н-100, қан құрамындағы газдармен электролиттерді анықтайтын EPOC анализаторы сияқты заманауи 5 жаңа аппарат алынған екен.

Ал, арнайы сатып алынған DIRUI FUS-2000 гибридті зәр анализаторы жалпы зәр анализін жүргізуге, сондай-ақ оның біркелкі элементтерін талдауға және бір үлгіні пайдаланып диагностикалауға мүмкіндік беретін толық автоматтандырылған талдау жүйесі. Бұл анализатордың да аурухана мамандарына пайдалануға берілгеніне небәрі екі жыл болған.

Аудан жұртшылығын жиі әбігерге салатын мәселе – ауруханада компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томография құрылғыларының жоқтығы. Бұл аппараттардың жоқтығы, әсіресе пандемия кезінде халыққа біршама қолайсыздық тудырды. Ауруы асқынып, өкпесі қысылған науқас адамға алпыс шақырым жерге ат арыту да оңай емес. Аурухана мамандарының айтуынша, КТ құрылғысын алу үшін құжаттар дайындалып, сұраныс облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданған. Сәтін салса құрылғы 2025 жылы аудан дәрігерлерінің игілігіне беріледі. Ал, МРТ үшін әзірге Таразға қатынап отыруға тура келеді. Біз мұны ауданда МРТ құрылғысын бес саусағындай білетін мамандардың жоқтығынан деп топшыладық.

Елімізде ана мен баланың денсаулығы қашанда өзекті. Ал, кей мемлекеттерде тіпті медицинаның жалпы ахуалын ана мен бала өлімі көрсеткішімен өлшеп жататыны тағы бар. Өкінішке қарай, 2023 жылы дәл осы кезеңде ауданда 2 нәресте өлімі тіркелсе, биыл үш сәби өлімі есепке алынған. Аурухана басшысы Батырбек Үсенбаевтың айтуынша, көрсетілген медициналық қызметтің сапасы төмен болған жағдайда немесе пациент тарапынан шағым болса міндетті түрде құзыретті органдар қаралып сараптама өткізіп, міндетті түрде тиісті шара қолданылады.

– Профилактикалық шаралар Денсаулық сақтау Министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес толығымен өткізіледі. Медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында участкелік дәрігерлерде вакант жоқ, орташа есеппен бір учаскелік дәрігерге 1600 адам жүктелген. Ауданымызда скринингтік зертеулерге жататын ауыл халқы адамдардың қосымша нысаналы топтарын қарап тексеруден өткізу № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығына сай жоспарлы түрде орындалуда, – дейді бас дәрігер.

Елдегі басқа салалар сияқты медицинаның да өз түйткілдері бар. Оның бірі – кадр тапшылығы. Бүгінгі таңда Жуалы аудандық орталық ауруханасына 3 жалпы тәжірбиелік дәрігер, 1 анестезиолог-реаниматолог қажет. Ағымдағы жылдың басынан 5 дәрігер, 56 медбикелер біліктілігін арттырған. Жалпы, ауруханада 90 дәрігер, оның ішінде жоғарғы санатты 18, бірінші санатты 18, екінші санатты 12, 5 жылға дейін қызмет өтілі бар 39 маман жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлердің жалпы орналасуына орай облыс әкімдігінің мақсатты трансфертер есебінен ауылдық жерде тұрақтандыру үшін берілетін 800 000 теңге, жергілікті бюджеттен берілетін 100 АЕК, тұрғын үй алу үшін берілетін 1500 АЕК көлеміндегі несиеге сұраныс беру мақсатында жас мамандар құжат жинауды қолға алған.

Кейбір күрмеулі жайттарға қарамастан ауданда атқарылған іс аз емес. Әсіресе, шалғай ауылдардағы тұрғындар үшін бірнеше медициналық пункттер салынып, пайдалануға берілді.

– 98 251 000 теңгеге Жылыбұлақ ауылынан 5 адамдық медпункт салынды. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызыларық ауылдық округінің Сұрым ауылында 5 келушіге арналған медпункт салынды. Төрт айға созылған құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны 115 275 000 теңгені құрайды. Ал, аудандағы Теріс елді мекенінде 10 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты салынуда. 3,5 айға созылған құрылыс нысанының жалпы құны 184 000 000 теңгені құрайды. Ал, биыл Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында 25 келушіге арналған амбулатория ғимаратын салу жоспарланған. Одан бөлек Ынтымақ, Талапты, Тасбастау, Шымбұлақ ауылдарында да медициналық пунктердің іргесі қаланып, қабырғасы өрілмек. Бұл нысандар өз кезегінде ауыл халқы үшін қосымша жұмыс орындары ашылатынын білдіреді. Сондай-ақ, басы ауырып балтыры сыздаған тұрғындар көлік іздеп, аудан орталығына сабылмайды. Әсіресе, Жуалының ақ түтек боранында, басқа да қолайсыз ауа-райында жолда қалып қою қаупі сейіле түспек, – деп атап өтті Батырбек Балтабайұлы.

Былтыр жыл соңына қарай облыс әкімдігінде өңірдегі медицина нысандарының қырық пайызының тозғандығына ерекше назар аударылған еді. Салаға жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар да жүктелген болатын. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша 2025 жылы орталық аурухана мен емхана үшін су жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр. Жуалы халқына өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қызмет етіп келе жатқан ғимараттың бүгінде тозығы жеткен. Жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асса аудан халқы жаңа ғимаратта ем алатын күн де алыс емес деп сенеміз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар