Баршамызға белгілі, биыл табиғат-анамыздың тағдырына алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ел аумағында, оның ішінде біздің аймақта да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы сәтті өтті. Аяулы күйдегі қоршаған ортаны аялауға айрықша басымдық берілгені көңіл қуантады. Дегенмен, қала аумағында бұған дейін де, тіпті жыл сайын мыңдаған ағаш отырғызылатынын, бірақ көп ұзамай күтімнің жоқтығынан қоғадай жапырылып қурап қалатынына да көзіміз үйренген. Жүз тал ектік деп жар салып, мың ағаш отырғыздық деп қанша жерден мақтанғанымызбен, нәтижесі көзге ұрып көрсететіндей соншалықты көп те емес. Ерте көктемде егілген тал-дарақтардың жартысынан астамы қурап қалған кездер де болған. Оған қоса, шағынаудандар арасында ықылым заманнан көпқабатты үйлермен иық тіресіп тұрған апатты ағаштар да жетерлік. Діңкесі шыққан діңінің өзі зиянкестердің ошағына айналған ондай ағаштардың маңайындағы жасыл желекке де, тұрғындарға да кедергісі аз емес.
– Қалада қураған ағаштардың уақтылы ке сілмейтіні жылда айтылып келе жатқан мәселенің бірі. Соңғы жылдары соққан дауылдардың әсерінен де талай тұрғын зардап шеккенін білесіздер. Қаншама ағаштар желді күндері тамырымен қопарылып құлап жатады. Қазірдің өзінде желді күндері немерелерімді балабақшаға жалғыз жібермеймін. Көпқабатты үйлердің арасындағы қурап тұрған ағаштардың астынан өтуге қорқасың.
Жауаптыларға талай мәрте хабарласып та айтамыз. Бірақ, мамандар өте кеш қимылдайды. Оған қоймай, «жалғыз сіздің ауладағы ағаштан басқа жұмысымыз жоқ па» деп ұрса жөнеледі. Мәселен, сол қураған ағаш құласа алдымен адам өміріне қауіпті, одан соң оның зардабын қалыпқа келтіруге қазынадан қаншама шығын кетеді. Соның алдын алуға болады ғой. Одан кейін күн сәл жылыса болды, сол шіріген ағаштардағы құрт-құмырсқа үйімізге дейін кіріп, өріп кетеді. Сынып жатқан бұтақтары да әр жерде, балалар алаңшасында, болмаса жолды жауып жата береді.
Кейбір бұтақтар мен бөренелерді өзіміз итшілеп тасуға мәжбүр боламыз. Уақтылы тазаланбайды. Ал, ол ағаштарды тұрғындар өз еркімен кесіп тастай алмайтыны тағы бар. Оған жауапты мамандар шағынаудандар арасындағы талдарға мән бере бермейді, олар тек көзге көрінетін көше бойындағы ағаштарды ғана күтіп-баптайды, – дейді тұрғын Нәзия Ақберді.
Тараздағы ескі ағаштардың жайынан бөлек, соңғы жылдары егілсе де солып қалған жасыл желек, қурап кеткен тал-дарақ туралы тұрғындардың пікірі де көңіл көншітпейді. Көпшілік жел тұрса шатыр ұшып, тал құлайтын қалаға айналдық деген уәж айтуда.
– Ерте көктемнен сарғайып кететін ағаштарды қаланың кез келген аумағынан көруге болады. Тіпті шаһардың орталығында да мұндай ағаштар аз емес. Көшелердің бойындағы ағаштарға ғана мән береді деп айтайын десең, жаяу жүргіншілер жолдарының бойында да апатты ағаштар көп. Біздегі қураған ағаштар көбіне желдің салдарынан құлайды немесе бірнеше тұрғын шағымданып шақырса ғана келеді. Ал, өз еркімен зерделеп, кесетінін кесіп жатқан мамандар аз. Қаланың аумағында соңғы он жылда салынған жаңа шағынаудандар аумағында да жыл сайын қаншама көшеттер отырғызылады. Олар да келесі жылға жетпей, қурап тынады. Себебі, тұрақты күтім жоқ. Шағынаудандар арасында арық жүйелерінен де су ақпайды. Тамырына су бармаған тал, әрине, қурайды немесе құлайды. Қаланың қақ ортасындағы даңғылдардың бойы да кеңестік кезеңдегідей арнайы техникалармен суарылады. Өз ауламыздағы ағаштарды көршілерімізбен кезектесіп суарамыз. Әйтпесе сырттан біреу келіп суғарып бермейтіні анық. Негізінде әрбір ағашты еккен адам соған өмір бойы жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Ол да ұрпағың, өсіріп отырған балаң секілді. Өз қолыңмен еккен талға сондай жауапкершілікпен қараған жөн. Бізде тек қаншама қаражат шығындап, соншама техника жұмылдырып, көшеттер арқалап, көпшілік алдында күрек ұстап, есеп беру үшін егетін секілді. Егер олай болмаса, шынайы көңіл бөлінсе, осы уақытқа дейін Тараздың аумағында отырғызылған мыңдаған ағаштардан аяқ алып жүре алмай, осы күнде жайқалған орман болып кетер еді, – дейді тағы бір тұрғын Талғат Бәзілбек.
Аталған мәселеге орай жауаптылардың да пікірін тыңдадық. Қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев қаладағы фитосанитарлық жұмыстарға жауапты мердігер бір апта бұрын анықталғанын айтып отыр.
– Қаладағы талдарды дәрілеу жұмыстарымен қазір жергілікті «Нұр» жеке кәсіпкерлігі айналысуда. Жүз гектар аумақты қамтитын жобаның құны 2,8 миллион теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалы бізге зиянкес жәндіктер шабуыл жасаған аумақтар бойынша бағыт-бағдар беріп отырады. Сол бойынша Жеңіс және Мамыр саябақтары жоспар бойынша зиянкестерден залалсыздандырылуда. Жеңіс саябағындағы жұмыстар қазір аяқталды, сол секілді Ақбұлақ, Қаратау, Жайлау, Салтанат, Қарасу шағынаудандарының маңайындағы талдар да дәрілендірілді. Бірақ, шағынаудан ішіне кіруге көліктердің бейберекет қойылуы кедергі туындатып отыр. Себебі, мамандар ел аяғы саябырсыған уақытта, түнгі сағат 1:00-ден бастап іске кіріседі. Күндізгі қарбалас кезінде бұл жұмыстарды жүргізу қиын. Түнде тұрғындардың көліктерінен көпқабатты үйлердің ауласындағы талдарды дәрілендіру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Сондықтан, тұрғындар осыны ескерсе екен дейміз. Қазір қаладағы Шостакович көшесінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан ондағы ағаштарды кейінге қалдырып отырмыз. Бірер күнде мамандарымыз Сейфуллин, Саңырық батыр көшелері мен Мамыр саябағына кіріседі. Биыл бұл жұмыстар күзде де жалғасын табады, – дейді Ғабит Серғазыұлы.
Мамандар ерте көктемде егілген тал-дарақтың жазға жетпей қурап қалуына соңғы кездегі ауа райының қолайсыздығын алға тартып отыр. Мәселен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының биология және ауыл шаруашылығы мамандықтары кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қуандық Сейітбаев соңғы үш жылдағы суықтың салдарынан Төле би көшесіндегі жеміс ағаштары жойылып кеткенін айтуда.
– Негізінде біздің өңірдегі ағаштарға зиянкестер шілде айында және тамызда келеді. Оған дейін талдардың қурап кетуіне табиғаттың суып кетуі әсер етуде. Мәселен, 2022 мен 2023 жылдары қыс айларында аймақтағы көрсеткіш минус 37 градус суыққа жетсе, жыл басындағы сары аязда минус 41 градусқа дейін күн суытқан. Соның салдарынан қаладағы Төле би даңғылының бойындағы бірнеше алхор ағаштары қурап кетті. Сол секілді Қайрат Рысқұлбеков саябағының алдындағы бірнеше сәндік ағаштар да өліп кетті. Бойында қажетті қорек қалмаған соң суыққа төтеп бере алмаған ағаштар осылайша жазға жетпей сарғая бастайды. Ақыры жаймен құлап тынады. Сондықтан, алдағы уақытта суыққа төзімді ағаштарды егуге басымдық берілсе, – дейді Қуандық Жұмабайұлы.
Қорыта айтқанда, қазіргідей суару жүйесі мен техникалары жоқ заманда бабаларымыз «мәңгі жасыл шаһар» атандырған қалада тал-дарақтардың тағдырына алаңдап, мәселенің алдын алуға ұмтылуды ұмытпағанымыз абзал. Себебі, ағаштың қурағаны – табиғаттың жанайқайы. Ал, адамзат табиғаттың ажырамас бөлігі болғанықтан, тал-дарақтың мәселесін тасада қалдырмай, тамырын тап басып, оң шешуге оқталуымыз ортақ мақсат.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді