Қаралы бас қосуда Жамбыл облысының әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақбайұлына сөз берілді. Аймақ басшысы алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Желдібаевтар отбасына көңіл айту жөніндегі жедел хатын оқыды. Мемлекет басшысы көрнекті күйші композитордың мезгілсіз қаза болғандығын күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ, марқұмның отбасымен, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтқан. Бұдан кейін облыс басшысы, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері ұлттық өнерді ұлықтаған, күй әлемін күмбірлеткен талантты жанды еске алып, тебірене сөйледі. Бұл көзі тірісінде елінің еркесі, халқының қадірлісі бола білген Әбдімомын Желдібаевтың бақилық болған кезінде де абыройының асқақ, мерейінің үстем екендігін паш ете түсті.
Саналы ғұмырының 60 жылдан астам уақытын сахнада өткізіп, ұлттық рухпен ұлттық күймен рухани байлығымызды байыта түскен дәулеткер күйшінің мол мұрасы қалды. Әбекеңнің кіндік қаны тамған жері Шу ауданындағы, Көктөбе ауылы. Әкесі Желдібай мен анасы Күлжәмилә қатардағы шаруа адамдары болатын. Екеуінен бір қыз бен төрт ұл тараған. Үлкен қызы Маржан мен үлкен ұлы Сағаты қызыл шақа кезінде тіл-көз тигендіктен шетінеп кеткен. Ортаншы ағасы Мақат отбасын құрып, мұғалімдік қызмет етіп жүрген кезінде кенеттен қайтыс болады. Әбдімомын осы шаңырақтың төртінші перзенті. Оның кенже інісі Әбдібай қара шаңыраққа ие болып, бүгінде 84 жасқа толып отыр. Айта кетері, Желдібайдың әкесі Төленді деген кісі кезінде би болған. Ел ішіндегі дау-дамайды әділ шеше білген. Бәлкім содан болар, Төленді әулетін жергілікті жұрт әлі күнге дейін би ұрпақтары деп құрметтейді. Бұлардың Дулат бабамыздың үлкен ұлы Сиқымнан тарағандығын айтып өткен артық емес. Әбекең бала кезінен оқтауды домбырадай тартып, өзінше бір «Қарағанды қарсақпайда біздің күш» деп ән салған. Турасын айтқанда ұлттық өнер Әбдімомынға қонған.
Бастауыш мектептің табалдырығын аттағаннан кейін домбыра тартуға құштарлығы арта түседі. Бір күні өздерімен көршілес тұратын, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс есімді ақсақалдың домбыра тартып отырғанын көріп қалады. Бозбала қара талдың көлеңкесін саялап отырған қарияға жүгіріп барып, сәлем береді.
– Ата, менің де тартқым келеді...
– Тартам десең, қолыңнан қақпаймын.
– Сабақтан соң келіп тұрайын. Маған да үйретіңізші.
– Жарайды қарағым. Қазақтың қара домбырасын үйреніп алсаң қатарыңнан қалмайсың...
Сол күні Әбдімомынның қуанышында шек болмады. Әкесіне де, анасына да Ыдырыс атадан домбыра үйренетінін айтып, қуанады. Әке-шешесі баласының бетін қайтармады. Талабыңа нұр жаусын деп ақбаталарын берді. Біраз күннен кейін ойын баласы домбырадан жалығып кетер деп ойлайды. Әбекең болса, алған бетінен қайтпады. Ыдырыс атасының қолдан жасаған домбырасын сұрап алып, үйінде отырғанда да қолынан тастаған емес. Ол осылайша өз ынтасымен домбыра тартуды жалғастыра береді. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Кеңес армиясы қатарына шақырылып, жауынгерлік борышын абыроймен атқарады. Елге оралған соң, Жамбылдағы мәдени- ағарту училищесінде, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып, домбыра бөлімінен дәріс алады. Әбекең сөз арасында өзінің ортан қол домбырашы екендігін жасырмай айтып отыратын. Оның себебін Әскерде солдат бола жүріп, турникке тартылғандығынан, гір көтергендігінен түсіндіріп бағатын. Кәсіби домбырашылардың көбі мұндай әрекетке бара бермейтіндігін кеш түсінсе керек. Ол студент кезінің өзінде домбыраны шебер ойнауға қарағанда күй шығаруды армандайтын. Қазақтың маңдайына біткен Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Дайрабай және тағы басқа да күйшілерге ұқсап бағуға күш салды.
Атағы алысқа тараған бұл күйшілердің қай-қайсысына болса да қызықпайтын әрі құрмет тұтпайтын үлкен-кішіні табу қиын. Шертпе күйдің шебері атанған Тәттімбет туралы Әбекең арнайы күй шығарады. Оны өзінің курстастарына тыңдатады. Құлақтан кіріп, бойды алған тәтті күйге әркім өз бағасын береді. Көпшілігі мадақтайды. Біразы күй авторы кім екенін сұрастырады. Жас күйші өз күйін жетесіне жеткізбейінше құпия санап, ешкімге тіс жармайды. Әбден пісуін қандырған соң ғана оның авторын жария етеді. Курстастарының көбісі Әбекеңнің ұстамдылығына тәнті болады. Осылайша, «Тәттімбет» күйінің тұсауы кесіліп тындармандарға жол тартады.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының бұйрығымен Әбекең 1964 жылы Шу аудандық Мәдениет үйінің директоры болып тағайындалады. Жаңа басшы Мәдениет үйінің тыныс- тіршілігімен жіті танысты. Көңіліне қандай мекемеге тап болдым деген күдік ұялады. Өйткені, кәсіби мамандар жоқтың қасы. Музыкалық аспаптар да тапшы. Әбекең жарты жолдан қайтып көрген жан емес. Аудан басшылығына дейін шығып, қосымша қаржы бөлінбесе Мәдениет саласының маңдайы жарқырамайтындығы жөнінде дабыл қақты. Жоғарғы сынып оқушылары қатарынан өнерге бейімді деген жастарды іріктеді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, Мәдениет үйінің жұмысына жан бітірді, тамырына қан жүгіртті. Алғашында жас домбырашылар үйірмесі құрылса, одан кейін «Шу еркесі» ансамбілі өз алдына шаңырақ көтерді. Бертін келе, бұл ансамбілдің құрамы толықтырылып, қосымша аспаптармен жабдықталып, «Шу еркесі» ұлттық аспаптар оркестрі деңгейіне жетті. Әбекеңнің баянды басшылығымен аталмыш оркестр қазақ және қырғыз телеарналарына шақырылды. Сонымен қатар, талантты жастар сапарлап қайтты. Сол кезде Мәдениет үйінің жұмыстарын жандандыруға автоклуб қызметі де негіз болған. Аудан өнерпаздары жылдың қай мезгілінде болмасын малшылардың ауылдарын, егіншілердің дала қостарын аралап, өнер көрсетті. Қызылша өсірушілердің, мал азығын дайындаушылардың және басқа науқанды жұмыстардың ортасынан табылды. Мұның бәрі айтқанға ғана жеңіл нәрсе. Он саусағынан өнер тамған жандардың жол азабын көргендері де аз болмады. Әйткенмен, Шу елінің өрелі өнерпаздары облыстық және республикалық байқауларда талай мәрте бәйгелерге ие болды.
Әбекең ұжым жұмысын ұтымды ұйымдастырумен бірге шығармашылық жұмысын да басты назарда ұстады. Соның жарқын бір дәлелі өзіне домбыраны үйреткен Ыдырыс қарияға арнап, «Ыдырыстың шертпесі» атты күй шығарды. Бұл күйді де ой елегінен өткізіп, жоғары талғаммен таразылап, «Ыдырыс» деген күй жаңа атауға ие болды. Ең кереметі күй авторы алғашқы нұсқасын атасына тыңдатты. Мұндай тартуды күтпеген ауыл қариясы іштей тебіреніп: «Шырағым Әбдімомын, өзіңдей ұлы бар Желдібай құрдасымның арманы жоқ шығар» деп көзіне жас алды. Сол сәтте өз кіндігінен ұл бала көрмеген қарияның өкініші жас сазгердің өзегін өртегендей әсер етті.
Әбекең өзіне өкшелес әрі туған інілеріндей болған Қарауылбек Қазиев пен Әлдихан Қалдыбаевты жанындай жақсы көретін. Қолына қалам ұстаған екі бауыры да мүйізі қарағайдай жазушы болып қалыптасты. Мәселен, Қарауылбек Шымкентте, Әлдихан Таразда тұрып жатса да, үшеуі жиі бас қосатын. Бір-біріне бауыр басқандығы соншалық, араларында айтылмайтын сыр қалмайтын. Үшеуінің дархан достығын көргендер қызыға да, қызғана да қарайтын. Әркімнің тағдыр жолы әртүрлі болатындығын өмірдің қызықтары қалтарысқа қалдырғандай бүркемеледі. Ойда-жоқта қылшылдаған қырық жастың орта тұсына келген кезде Қарауылбектің гүл өмірі кенеттен үзілді. Бауырды жоқтап әрі аңсаумен өткен сағынышты сезімге толы күндер Әбекеңді тұйыққа тіреген еді. Кеше ғана күндей күліп, жаздай жадырап жүрген ізетті інісінің жарқын бейнесі, ыстық ықыласы көз алдынан кеткен емес. Қарауылбек аса дарынды журналист болғандықтан, республикалық әдеби байқауларға тұрақты қатысып жүретін. Өз-өзіне «Бозжігіт» деп бүркеншік ат қойған. Күн-түн демей толғаныста жүрген Әбекең «Бозжігіт» күйін дүниеге әкелді. Осы күйдің сарыны мен мәніне риза болған Әлдихан: «Екі шектің бірі кенеттен үзіліп қалған еді. Мына күй сол шекті қайта жалғады» деп бір тобаға келгенге ұқсайды.
Әбдімомын Желдібаевтың күмбірлеген күйлерімен қатар, әсем әндері де бар. Оның бәріне бірдей талдау жасауды мақсат тұтпадым. Дегенмен, «Ерке сылқым» күйіне ерекше тоқталғым келеді. Бұл күй 1973 жылы өмірге келген. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де аталмыш күйдің орындалуы әрбір қазаққа қуаныш сезімін сыйлағандай. Еліміздегі аудандар мен аймақтардағы және үлкен қалалардағы ұлттық оркестрлердің қайсысы болмасын, «Ерке сылқым» күйін тұрақты орындап келеді. Қазақ радиосынанда тыңдап, қазақ телеарналарынан да көріп жүрміз. Аты аңызға айналған «Ерке сылқым» күйі туралы толғанбаған тұлғалар кем де кем шығар. Енді, солардың біразына құлақ түрейік. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, балалар әдебиетінің классигі Әлдихан Қалдыбаев: «Әбекең «Ерке сылқым» күйі арқылы қазақ әйелдерінің табиғи болмысымен тағылымды тұлғасын, көрікті келбетін, ажарлы айбатын бояусыз көрсете білген» деп бағалаған. Қазақстанның халық әртісі Қадір Жетпісбаев: «Әбдімомын ағамыз жалғыз күймен ғана жарты әлемді рухани жаулап алды» деп ой тастаған. Жамбыл облысының Құрметті азаматы, танымал жазушы-драматург Елен Әлімжан: «Күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі мұхит асып, қазақ халқының атақ- даңқын бар әлемге паш етті» деп тебіренгені бар. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне екі рет депутат болып сайланған, қоғам қайраткері Қожахан Жабағиев Әбекеңе телефон шалып: «Ресми іс-сапармен шетелдерге барар кезде де, қайтар кезде де ұшақ ішінде сіздің «Ерке сылқым» күйіңіз тұрақты шырқалып тұрады. Бұған біз қатты қуанамыз», – деп күйші ағасын жігерлендіре түсті. Осындай оң бағалар мен игі тілектер мұнымен шектеліп қалмайды. Айта берсек, дәйекті, дәлелді пайымы пікірлер жалғаса береді.
Өнер сүйер қауымның жан жүрегін тербеткен, барлық тыңдаушылардың көңілдерін күпті еткен «Ерке сылқым» күйінің кімге арналғандығын мен де білмек болғанмын. Күйші нағашым аз-кем ойланып тұрды да: «Жиен-ау, оны қайтесің. Атын айтқаныммен, танымайсың. Ол әйел басқа жақта тұрады. Қолаң шашы тірсегіне дейін төгілген, маңдайы жазық, жүзі жарқын, қызықты қылықтарымен кербез келіншек еді. Қолынан ұстап көрмесем де сырттай ғашық болғанымды несіне жасырайын. Отбасылы болсам да, әлгі бойжеткенді ұмыта алмадым. Шығармашылық пен айналысқандықтан, түннің қай мезгілінде болмасын оянып кететінім бар. Сондай сәттерде қол созым жердегі Шу өзенінің жағасын жағалауды жаным сүйеді. Таң сәрідегі тұнық ауа тынысыңды кеңейтеді. Осындай кезде де ауруханада танысқан әлгі ару маған қол бұлғап тұрғандай елес береді. Пенде деген қызық қой. Аңсап жүрген арудың өзі мені іздеп келген бе деп қиялдаймын. Бірақ, сағымданған бейне әп-сәтте көз алдымнан бал-бұл ұшқандай болады. Саған өтірік, маған шын «Ерке сылқым» күйін дүниеге әкелуге табаны күректей 20 жылдай уақыт жұмсаппын...». Осылай деген нағашым сигаретін құшырлана тартып: «Ерке сылқымның кейіпкері көпшілік үшін жұмбақ жан болды. Солай бола береді де. Осымен бұл тақырыпқа нүкте қояйық» деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды. Бұдан соң бұл әңгіме арамызда айтылған жоқ. «Ерке сылқым» күйінің кімге арналғандығын ашып айтпай өзімен бірге ала кетті...
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шу ауданының құрылғанына 80, Шу шаһарының қала атанғанына 50 жыл толуына байланысты үлкен мәдени шара өткізілді. Осы орайда аудан басшыларының бастамасымен дала музейлері атанған бірнеше еңселі ескерткіштер бой көтерді. Солардың қатарында Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйінің құрметіне де Шу шаһарындағы автобекет алдында арнайы ескерткіш тұрғызылды. Бұл ескерткішті тамашалаған жұртшылық өкілдері таңданбай қалған жоқ. Ақжаулықты аналар ескерткіштің ашылу салтанатында ақ дастарханнан шашу шашса, оны бала-шаға мәз болып теріп жатты. Арқалы ақындар да, тебіренген термешілер де «Ерке сылқымға» өз туындыларын арнап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған. Бұл қуанышты жағдай 2010 жылғы қоңыр күзде орын алған. Сондай-ақ, «Ерке сылқым» күйінің құрметіне автордың тапсырысы бойынша Шу аудандық мәдениет үйіндегі би үйірмесінің жетекшісі, атақты биші Шара апайдың төл шәкірті Ажар Ержанова «Ерке сылқым» биін дүниеге әкелді.
Нағашым бір күні маған телефон шалып:
– Редактор мырза, Шу қаласына Қазақстанның халық артисі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің келгендігін естідің бе? – деп сауал қойды.
– Нағашы, сізден несін жасырайын. Маған мұндай хабар жеткен жоқ.
– Редактор деген жаңа лықты бірінші естуші еді ғой, сен өзің қандай редакторсың?
– Сонымен қандай тапсырма бермексіз?
Кешікпей Әбекең бастап, біз қоштап Шу шаһарындағы «Шу өңірі» қонақ үйін бетке алдық. Бізді жүзіне күлкі үйірілген Ескендір аға жұбайымен, ұлы Біржанмен қарсы алды. Қадірлі қонақтарға ақ дастархан жайылып, ауыл дәмі тартылды. Сөз арасында Ескендір аға «Нұр Отан» партиясының бастамасымен арнайы пойыздың жолға шыққандығын, сол пойыздағы медицина қызметкерлерімен бірге өнер саңлақтарыныңда жергілікті станциялардағы тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқандықтарын тілге тиек етті. Қонағымыз: «Адамның табаны жерге тимегендіктен әрі пойызда көп жүрмегендіктен шаршап қалады екен. Отбасымызбен бірге осы қонақ үйге тоқтап, 2-3 сағат болса да бел жазып алғанды жөн көрдік» деп өз жағдайларын түсіндіре түсті. Содан кейін Ескендір аға орнынан тұрып, Әбекеңді құшағына алып: «Қазақстанның әр түкпірінде болып жүрмін. Күйшілерге арналған ескерткіштерді көргенмін. Ал, күйге арналған ескерткішті осы Шу еліне келіп естідім. Әбеке, қуанышыңыз құтты болсын. Сіздің «Ерке сылқым» күйіңізге арналған ескерткішті барлық күйшілердің күйіне арналған ескерткіш деп атап айтқым келеді» деп, ішкі толғанысын шынайы жеткізді. Екі достың бір-біріне деген осындай ықыласын көзбен көріп, жүрекпен сезініп, мен де толқыдым. Нағашым айтпаса, нағашым жүр демесе мұндай келелі кездесуді көрер ме едім, әлде көрмес пе едім, кім білсін?!
Туған халқына 70-тен аса ән мен күйді тарту еткен Әбдімомын Желдібаевтің рухани мұрасын өскелең ұрпақ өнеге тұтып жатса, нұр үстіне нұр. Ол кісінің 20-дан астам күйлері Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің репертуарына қабылданған. Атап айтқанда, «Бәйдібектің жайлауы», «Төле би толғауы», «Тұран елі», «Жетісу сазы» және тағы басқа да күй дастандары мен поэмалары көрермендердің көңілінен шықты. Ал, әсем әндерін Нұрғали Нүсіпжанов, Күлімхан Оңтаева, Асылхан Шүңіреков, Сәуле Желдібаева, Жанат Досжанова сынды күміс көмей әншілер шырқады. Алдағы уақытта да күмбірлеген күйлері тартылып құлақтан кіріп, бойды алған әндері айтылып жатады.
«Ерке сылқым» күйі кең таралғаннан кейін, Әбекеңді тай құлындай тебіскен құрдастары еркелеткен ниетпен, «Ерке сиқым» деп атауды шығарды. «Ерке сылқым» мен «Ерке сиқым» сөз тіркестері жергілікті жұрттың ұлағатты ұраны іспеттес. Әбекең ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғалармен де терезесі теңесіп, жарқын жүздесті. КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестірімен Мәскеуге барып, үлкен өнер көрсеткені ел есінде. Атақты дирижер ағамыз қайтар жолда Шу еліне ат басын бұрған болатын. Сондай шақта ағалы-інілі екі дарын иесінің бір-біріне деген шынайы сыйластығын көріп, тәнті болдық. Әбекеңнің Алматыға жолы түсе қалса, Нұрғиса ағасын іздеп баратын. Кеңседе болсын, үйде болсын өзара шүйіркелесіп, ұлт өнері туралы әсерлі әңгімелер өрбіткені құлағымда қалып қойды.
Тағы да бір атап айтар жайт, Әбдімомын Желдібайұлы Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында өнер сүйер қауымның алдында шығармашылық концерт беруді дәстүрге айналдырған. Өнер ордаларының басшылары күйші- композитордың өнерін тамашалап қоймай, өзін де жауапты қызметтерге шақырып жатты. Шуақты Шуын, туған ауылын қимағандықтан, Әбекең мұндай шақырулардың ешқайсысына елгезектік таныта қойған жоқ. Ауылда тудым, ауылда өстім дегеннен айнымады. Береке - бірлік бастауы болған ауыл да Әбекеңді аялады, ардақтады.
Ана жылдары Әбекеңмен бір жылда туған, яғни 1937 жылы дүниеге келген құрдастары журналист Арғынбай Бекбосыновпен ақын Жақсылық Сәтібеков арнайы іздеп келген. Сағынышты сәлем берген жан достарын күйші-композитор да құшақ жая қарсы алды. Алдарына ақ дастархан жайылды. Бір күн, бір түн болған үш дос 1937 жылдың қасіретті жыл болғандығын ашып айтып, ел тарихы мен тағдырын терең толғады. Осындай әртүрлі бас қосулар Әбекеңнің қара шаңырағында жүйелі өтіп тұрды. Оңашада ойлап отырсам, жақсылар мен жайсандардың бас қосуы бір ғанибет екен ғой.
Үлкен өнер жолында ерең еңбек етіп шығармашылық қызметінің қанатын кеңге жайған Әбекең (Әбдімомын Желдібаев) мемлекет тарапынан берілген жоғары наградаларға қол жеткізді. Атап айтқанда, «Құрмет», «Парасат» «Достық» ордендерімен наградталып, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның ұлттық өнер академиясының Құрметті профессоры» атанды. Қандай жоғары атақ алып жатса да, қандай құрметке бөленсе де, сабырлық салтын сақтады. Әрине, өз биігіне қуанатын. Бірақ оны біреуге міндет етуден аулақ болатын. Осындай біртуар жанның жан жүрегі дүрсілдеп соғуын кілт тоқтатқанына кейде сенгің де келмейді. Күні кеше ғана қатарымызда әдемі әзілін, қағытпа қалжыңын айтып жүрген кербез күйшіні әлі де еске алып, сағынатын боламыз...
Қоштасу сәтінде мынадай өлең шумақтары ойға оралды:
Бауырым-ай, нағашым-ай не дейін?!
Өксік тұрып, тұншыққандай көмейім.
Алла берген аманатын алыпты,
Көп жасадың, аз жасадың демейін.
Аға еді арқа тұтқан алдағы,
Кісілікпен үміттерді жалғады.
Дәрігерлер қалмаса да аянып,
Бір қасірет қыр соңынан қалмады.
Ентіккеннен тарылса да тынысың,
Ортаймады ықыласың, ырысың.
Бұрындары тілге тиек етсе де,
Ақындардың айта берер жырысың.
Көпті көрдің, көпті түйдің ойыңа,
Шаң жуытпай жүретінсің бойыңа.
Көп оқыдың газет пенен кітапты,
Домбыраны ұстағанша қолыңа.
Сағынамын бірге жүрген күнімді,
Құлағымда қалып қойған үніңді.
Жүрегіме қатты батып барады-ау,
Енді қайтып көрмейтінім түріңді...
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді