Әуелі жиынды ашып берген аймақ басшысы өңірдегі атқарылып жатқан игі істер мен нәтижелі жұмыстардың әрдайым бел ортасынан табылып, белсенділік танытып жүрген этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен ұйымдастырушылығын айрықша атап өтті.
– Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде сақтай алатын, нығайта түсетін негізгі құрылымымыз. Олай дейтін себебім, сын сағатта ассамблея мүшелері өте ауқымды қайырылымдық шараларын дер кезінде ұйымдастырып келеді. Ол көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Еліміздің көптеген аймақтарында су тасқыны болып, біршама азаматтарымызға көмек берілуде. Осы орайда, облыстық ассамблея мүшелері ауызбіршілікпен үлкен қолдау көрсеткеніне алғыс білдіремін. Бұл ғана емес, өңірде жалпы атқарылып жатқан қоғамдық жұмыстарда этнос өкілдерінің әлеуеті өте жоғары. Этносаралық қатынасты нығайту бағытындағы жұмыстарды жетілдіре береміз. Бұл әрқашанда біздің басты мақсатымыз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң сөз алған Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған шаралар облыс және аудан орталықтарында өтетіндіктен, оған көптеген тұрғындар қамтылмайтынын, ал шалғай елдімекендердің барлығында толық ғаламтор желісі болмағандықтан сессия жұмыстарынан көпшілік бейхабар болатынын жеткізді.
Сондықтан, ел ішіндегі этносаралық мәселелерді түбегейлі зерделеу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуге қолдау қажет екенін айтты.
Ал, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева этносаралық қатынастарды дамытуда 12 республикалық және 10 облыстық жоба жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
– Ассамблеяның құрылымы болып саналатын Ақсақалдар және Аналар кеңестері үкіметтік ұйымдар мен халықтың арасындағы әмбебап диалог алаңы ретінде қызмет атқаруда. Өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі құрамына өз ортасында беделді, өмірлік тәжірибесі мол 221 ақсақал тартылған. Кеңес жұмысы ІІІ Құрылтайда Президент көтерген қоғамдағы бірлік, әскери патриоттық, жастар тәрбиесі, арандатушылық, тілдік, нәсілдік кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін жүзеге асыруға бағытталып отыр. Облыста 37 Қазақстан Халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің құрамында 646 белсенді ана жұмыс атқаруда. Аналар кеңесі отбасы құндылығын көтеруге бағытталған жобаларды білім, тіл, дін, прокуратура, полиция, жастар, денсаулық, спорт, мәдениет басқармаларымен бірлесе жүзеге асыруда,– деді Мүбарак Қасымқызы.
Ал, өңірдегі «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов 2012 жылы 100 жылдығын атап өткен Тараздағы ең көне өзбек мектебінің мәселесін көтерді. Онда бала саны азайғанымен қазақ-өзбек мектебі ретінде білім беруге болатынын, бұл бағытта кейбір сабақтары бірыңғай қазақ тілінде өтетінін де атап өтті. «Днепро» украин мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тарас Леоненко жастардың дәстүрге, мемлекеттік тілді игеруге деген құлшынысын арттыруға бағытталған жоспарымен бөліссе, «Ордабасы» командалық ойынының Қазақстандық федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Руслан Исмазов спорттық ойындар ұлттардың денсаулығын ғана емес, сонымен қатар достықты нығайтуға да үлесі мол екенін жеткізді.
Алдағы уақытта өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің мәселелерін жеке бақылауына алып, назарда ұстайтынын атап өткен облыс әкімі жиын соңында ассамблея өкілдерінің қатысуымен этносаралық жағдай жөніндегі кеңес отырысын тұрақты ұйымдастыру, ассамблеяның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында арнайы жол картасын әзірлеп, оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету, этномедиация, этносаралық ахуалдың жай-күйіне тоқсан сайын әлеуметтік зерделеулер жүргізу, «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүйелі жүзеге асыру мәселелері бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді