Жиынға төрағалық еткен Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев отандық ғылымның жай күйіне тоқталып, түйткілді мәселелердің оңтайлы шешілу жолында бірқатар ұсыныстар айтты. Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясының президенті шетелдік ғылым саласын мысал ретінде атап өтіп, ондағы өңірлік ғылым мен ғылыми-практикалық зерттеу орталықтарын дамытудағы ерекшеліктерді атап өтті. Мәселен, АҚШ-тың әрбір штатына дерлік ірі зерттеу университеттері, өңірлік ғылыми орталықтар бар. Олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталық хабы болып есептеледі. Тиісінше, ғылыми хабтардың жұмысын тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады. Ал елімізде, өкінішке қарай, ғылыми қамтамасыз етудің мұндай өңірлік жүйесі қалыптаспаған. Өйткені, облыстарда зерттеуші-мамандардың 35 пайызы ғана жұмыс істейді, ал қалған 65 пайызы Алматы, Астана қалаларында шоғырланған. Алматы қаласымен салыстырмалы түрде алғанда мың тұрғынға шаққанда зерттеуші-мамандардың саны Ұлытау облысында 68 есеге, Түркістан облысында 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында 18 есеге төмен. Ал, облысымызда бұл көрсеткіш 13 есеге аз.
Аталған мәселені оңтайлы шешуге және ғылымның өндіріспен байланысын нығайтуға қатысты Ақылбек Күрішбаев шетелдік тәжірибені аймақтарда жүзеге асыру керектігін атап өтті.
– Ең алдымен, бұл жұмысты облыс әкімдіктерінің жанынан облыс әкімдерінің немесе олардың орынбасарларының төрағалығымен ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудан бастау керек. Олардың құрамына мәслихат депутаттары, жетекші ғалымдар мен бизнесмендер кіруі тиіс. Бұл кеңестердің кезекті ресми құрылымға айналып кетпеуі аса маңызды, олар шын мәнінде тиісті өкілеттіктерге ие қабілетті органдар болуы қажет. Кеңестің өңірде ғылымды, инновацияларды дамыту, қаржыландыру және кадрлар даярлау мәселелері бойынша өз өкілеттіктері шеңберінде қабылдаған шешімдері өңірлік мемлекеттік құрылымдар, университеттер, колледждер және ғылыми ұйымдар үшін міндетті сипатқа ие болуға тиіс. Олар өңірдегі ғылымды дамытудың басым бағытын анықтап, білімді тарату, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, шетелдік технологияларды трансферттеу бойынша іс-шаралардың ұйымдастырушысы болуы қажет, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Сонымен қатар, көшпелі отырыста Ұлттық ғылым академиясы тарапынан ғылым мен бизнес арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың аймақтық жүйесін қалыптастыру жайы айтылды. Осы мақсатта өңірлік университеттер, колледждер мен ғылыми ұйымдарды тиісті материалдық базамен қамтамасыз ете отырып, оларды оқу-әдістемелік тұрғыдан жетекшілік жасауына мүмкіндік беру бастамасы ұсынылды. Аталған ұсыныстар легі толығымен қолдау тапса, Жамбыл өңірі пилоттық жобаны іске асырған алғашқы облыс болмақ.
Ал, ғылыми зерттеулердің тиімді жүзеге асуы адами капиталға тікелей тәуелді екені анық. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, бүгінде ғалымдардың орта жас деңгейі айтарлықтай артқан. Бұдан бөлек, докторантура түлектерінің шамамен 30 пайызы ғана өз диссертацияларын қорғай алатын көрінеді. Олқылықтың орнын толтырып, кемшіліктің кетігін түзеу мақсатында білім ордасының ректоры жақын облыстарға ортақ Ұлттық ғылым академиясының бөлімшелерін құру қажеттілігін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай бөлімшелерде өңірлік кадр тапшылығына байланысты мониторинг жүргізіліп, тиімді қаржыландыруды қолға алуға болады.
Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстың ғылым саласындағы жетістіктеріне тоқталып, ауыл шаруашылығы мен су саласы бойынша жаңа инновациялық технологияларды өндіріске енгізудің сәтті жүзеге асқандығын атап өтті. Өңірде ауыл шаруашылығы саласының 60 пайызы егін шаруашылығы екендігін ескерсек, шаруаларды сапалы репродуктивті тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы қатарға шығатыны белгілі. Осы бағытта былтыр аймақтық ғалымдармен бірлесіп, күздік бидай тұқымының 14 түріне тәжірибе жасалып, сынамадан өткен. Сонымен қатар, биыл су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап көлемін 47 мың гектарға дейін арттыру көзделген. Аталған бағыттағы оң динамикалық көрсеткіштерге тоқталған Ербол Қарашөкеев жиында айтылған бірқатар ұсыныстардың жергілікті атқарушы орган тарыпынан қолдау табатындығын жеткізді.
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өңірлік ғылымды дамыту өндіріске инновацияларды енгізудің және экономикалдық дамуда феноменальды табыстарға қол жеткізудің кепілі болып отыр. Осы орайда, Ұлттық ғылым академиясы Президиумының кезекті көшпелі отырысы ғылымның экономиканың нақты секторымен байланысын нығайтуда айтарлықтай маңызға ие екендігін атап өткен жөн. Жиында көтерілген мәселелер мен өзекті ұсыныстар назарға алынып, жергілікті мәслихат депутаттары, ғалымдар мен ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен облыс әкімдігі жанынан ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес құрылады. Сонымен қатар, өңірлік ғылым саласына, расында, жыл сайын 100-200 миллион шегінде қаражат бөлінеді. Осы орайда, облыстың тау-кен өндірісіндегі мүмкіндігін ескеріп, аталған бағытта жұмыс жасайтын бизнес өкілдері мен меценаттардың әлеуетін пайдалану ісі қолға алынады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан өзге, жиында су ресурстарын басқару, фосфор өнімдерінен сирек кездесетін металдар алудың технологиясы, тау-кен өндірісі мен қалалық инфрақұрылымды дамыту, облыстық агроөнеркәсіптік кешен өнімдігін арттыру бағытындағы ұсыныстар айтылып, келелі ойлар ортаға салынды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді