Өлке тарихы туралы кезекті жазбамызда бұл жолы Қосбөлтек елді мекенінің жоғарғы жағында Белгі төбенің етегіндегі Иса батыр бастауы жөнінде сөз қозғамақпыз.
Жалпы, ғаламтор арқылы қажетті мәліметке қол жеткізу үшін Иса батыр деп терсеңіз, Адай батырдың оныншы ұрпағы Иса Тіленбайұлына кезігесіз. 1869-1872 жылдар аралығында Маңғыстау қазақтарының патша отаршылдарына қарсы көтерілісін ұйымдастырушы, халқына даңқы жайылған айтулы батырдың Қаңлы руының Иса есімді азаматына түк қатысы жоқ. Десе де, қос баһадүрдің өмір сүрген кезеңінде айтарлықтай айырмашылық жоқ.
Деректерге сүйенсек, кейіпкеріміз Иса Дәуітұлы XVII ғасырдың орта шенінде ғұмыр кешкен. Дене бітімі бөлек ұл бала күнінен-ақ, өзі құралпы балалардан ерекшеленген екен. Иса батыр 7-8 жасында-ақ, өзінен едәуір жасы үлкен бозбалалармен белдесуге шығып, талайдың мысын басқан деседі. Мәліметке көз жүгіртсек, он екі жас шамасында бала Исаның анасы екеуі Аса жақтағы қара манастық нағашыларына барғаны туралы баяндалған. Онда қызы мен жиенін қуана қарсы алған нағашы атасының болашақ батырды сыннан өткізуі тайға таңба басқандай жазылған. Аталған жазбада құрықты алмай жүген ұстап, жылқы мінген жиенінің ептілігі мен білектілігіне шын риза болған нағашы атасы Исаға күрең айғырмен қоса, бір үйір жылқыны тарту еткені шебер суреттелген.
«Иса он алты жасқа келгенде әлгі күрең айғырдың үйірі көбейіп, бір табын жылқыға айналған. Қосбөлтектің сазында еркін жайылған Қамбар ата түліктерін байқаған қырғыздардың барымташылары: «Жылқыны бағып жүрген жас баладан өзге ешкім жоқ. Олжалы боламыз», – деп арам ойларын жүзеге асырмаққа ниеттенеді. Мұны байқаған Иса шетте жайылып жүрген бір құнанды тізгіндеп, барымташылардың соңынан қуа жөнеледі. Жаужүрек ұл барымташыларды қуып жеткенімен, оларды ұрмай-соқпай аттан аударып кете береді. Масқара болған барымташылар келесі жолы қаруланып келіп, қайта шабуылдайды. Бұл жолы да Иса батыр сол құнанға мініп, ұрыларды құрықпен ұрып баудай түсіреді. Осылайша, Иса Күркіреусудың асуына жетпей, өз жылқысымен қоса барымташылардың да аттарын ауылына айдап қайтады. Осы оқиғадан соң, Исаны қырғыздар «Құнан мінген батыр», «Құнан батыр» атап кеткен», – делінген жазбада.
Ал, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Әбдіғаппар Қожа Иса батыр жөнінде:
Астында теңбіл көгі ойқастаған,
Майда барсаң, Иса бар қол бастаған.
Туған елдің сақтаған тыныштығын,
Туған жерін қызғыштай қорғаштаған...
Күзетіп қасқа жолды қас қақпаған,
Күйіктен жауын бері аттатпаған, - деп жырлаған.
Айта кетейік, Иса батырдың қайтыс болуы жөнінде екі нұсқадағы болжам бар. Оның бірі, жаужүрек жігіт ағасының Арқа төрінде жоңғарлармен болған соғыстың бірінде қатты жараланып, жат жерде қалып қоюы. Сондай-ақ, екінші нұсқада батырдың қырғыз манаптарының қолынан қаза тапты деп жазылған. Қысқасы, Исадай ардақты ұлдың асау тағдыры бізге беймәлім. Белгілісі, батырдың алмас қылыштан бөлек, бір сандық кітаптарының болғандығы. Қосбөлтек ауылының байырғы тұрғыны, орыстармен етене араласып «Помаш» (помощь) атанған Парманқұл 1936 жылы заманның бет алысынан сескеніп, Әбдіғаппар Қожа арқылы бір түнде есекке артып, Өзбекстанға жөнелтіп жіберген. Бір анығы, сол сандықтағы кітаптардың ішінде әл-Фарабидің өте сирек кездесетін кітаптары, арабша жазылған қолжазбалар мен Құран кітабы болған. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін баға жетпес осынау жәдігерлердің қайда екенін ешкім дөп басып айта алмайды.
1905 жылы орыс переселендері Қосбөлтек ауылын қоныстана бастағанда Парманқұл ақсақал елді мекеннің батысындағы сайдың сол жақ қабағында үй салған. Бүгінде сол сайдың жағасында талай сырға куә қара талдар тұр. Ал, оның жанында Иса батырдың құрметіне аталған бастау бар. Осы бастаудың суын жергілікті жұрт қасиетті санаған. Бұл жөнінде жазба деректерде: «Ел тыныштығын қорғаған жауынгерлер жорыққа аттанғанда осы бастаудың суын торсықтарына құйып алатын болған» делінген. Жалпы, бұл өлкеде Исадай батыр ұлдың табаны тиген Қалабайдың шартағы, Шойбек төбе мен Қарауыл төбе де қаншама құпияны жасырып жатыр десеңізші. Сәтін салса, бұл жөнінде ата басылымның алдағы нөмірлерінде кеңінен жазатын боламыз.
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді