«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жазғы демалыстың қауіпсіздігі қалай қамтылады?

Жазғы демалыстың қауіпсіздігі қалай қамтылады?
Ашық дереккөзі
Оқушылардың жазғы каникулға шығуына да санаулы күндер қалды. Әрбір бала осы демалысты күтіп жүргені рас. Балалардың демалысын қауіпсіз әрі тиімді ұйымдастыруға қандай дайындық жүргізіліп жатыр? Бұл – педагогтарды да, ата-аналарды да алаңдататын мәселе. Алдағы демалысқа жасалып жатқан жан-жақты әзірлік туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев айтты. Облыста 1-10 сыныптарда 219769 оқушы бар, оның ішінде 192699 жеткіншекті тиімді демалыспен қамту жоспарланған.

– Жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастырумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда. Осы мақсатта құқық қорғау, төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, полиция департаменттерімен бірлескен 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу бойынша мониторинг жүргізіліп, бақылауға алу мақсатында ведомствоаралық облыстық штаб құрылды.

Биылғы жылы облыста 12 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлері мен орталықтарының сегізі жұмыс істеуге дайындықтарын жүргізіп жатыр. Оның біреуі жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, жетеуі маусымдық, яғни мемлекеттік «Болашақ», «Жұлдыз», «Жұрындысай» және жекеменшік «Болашақ», «Рауан», «Берікқара», «Тау самалы» лагерьлері. Оған көпбалалы, аз қамтылған отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7454 баланы сауықтыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 660 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Биыл екінші жыл қатарынан қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамтылған балалардың үлесін арттыру мақсатында «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыстың оқу үздіктері, түрлі жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары демалыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда 1715 баланың тізімі жинақталды, – деді Мұхит Аманқұлұлы.

Ал, мектеп жанындағы тамақтанумен жұмыс істейтін 405 лагерь 3 маусымнан бастап, екі ауысымда 36259 баланы қамтымақ. Мұнда негізінен әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының балалары демалады. Оған жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 181,3 миллион теңге бөлініпті.

Сонымен қатар, балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін 430 мектептің демалыс алаңдарында мектеп аумағын көгалдандыру, абаттандандыру, экологиялық және басқа да топтарда 28 мыңға жуық бала қамтылады екен.

– Түрлі бағыттағы экскурсиялармен 23 мың бала, мектептегі және мектептен тыс үйірмелерде 103 мыңнан аса оқушы қамтылса, дебаттық және пәндік олимпиадаларға дайындық жүргізіп, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің белсенді топтарында 19 мыңнан аса жасөспірім шұғылданады деп күтілуде. Сонымен қатар, жазғы маусымда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «2024 жылғы суға шомылу кезеңінде қауіпсіздік шаралары туралы» ведомствоаралық жоспар бекітілді. Балалардың жазғы демалысын сапалы өткізу мақсатында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан дайындалған әдістемелік ұсынымдар мен жұмыс барысында пайдаланатын қадамдық алгоритм оқу мекемелеріне таратылып, семинар-кеңестер өткізілді. Қазіргі таңда сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті төтенше жағдайлар департаменті тарапынан инструкторларды курстан өткізу және балалардың денсаулығына бақылау жасау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлері лагерь басшыларына, медицина қызметкерлеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастыруда. Жазғы каникул кезеңінде балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, мектептерде әр сынып бойынша ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-аналар чаттарына «Балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша ата-аналарға арналған жадынама!», «Позитивті этносаралық қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу, балалар арасында этносаралық толеранттылықты қалыптастыру мәселелері бойынша», «Ата-аналарға арналған жадынамалар жинағы» жолданды, – дейді М.Нысанбаев.

Қазіргі уақытта облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері тарапынан қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріндегі ауыз суды, топырақты және басқа да қажетті бағыттар бойынша зертханалық тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар 2 мамырдан басталған. Осы бағыттағы іс-шаралардың уақтылы әрі талапқа сай жүргізілуін білім басқармасы бақылауда ұстап, барынша балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруды назарға алмақ. Әйткенмен, баланың амандығына әуелі ата-ана жауапты екенін де ұмытпаған жөн.

 

 

Ұқсас жаңалықтар