Балалар денсаулығы басты назарда

Балалар денсаулығы басты назарда
Ашық дереккөзі
Кезекті оқу жылының аяқталуымен аймақтағы жазғы балалар лагерьлері өз жұмысын бастайтыны белгілі. Сондықтан да бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, маусымдық демалыс кезеңінің жұмысын оңтайландыру маңызды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Алибаеваның мәліметінше, биыл осы бағытта қала сыртында алты маусымдық және жыл бойы жұмыс істейді деп жоспарлануда.

Жалпы, облыс аумағында 11 қала сыртындағы маусымдық жазғы балалар сауықтыру лагері және бір жыл бойы жұмыс істейтін балалар сауықтыру лагері бар. Облыстық білім басқармасының алдын ала деректеріне сәйкес, биыл қала сыртындағы лагерьлерде 7454 бала қамтылады.

Білім басқармасымен бірлесіп, жазғы демалысты ұйымдастыру және балаларды сауықтыру жөніндегі жоспар әзірленді. Осы бағытта санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылыққа қауіп төндіретін, адамдарға жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу жұмыстары жүргізілді. Облыста жазғы балалар сауықтыру ұйымдарында, мектеп жанындағы лагерьлерде және алаңдарда тамақтан улану туындаған жағдайларда шұғыл хабарлау схемасы жұмыс істейді. Тиісінше, ата-аналар өз балаларын лагерьлердің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы ресми түрде алынғаннан кейін ғана жіберуі тиіс, – деді Салтанат Қордабайқызы.

Сондай-ақ, брифинг аясында жазғы маусымда жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу жайы айтылды. Бұл ретте қауіпті вирустық аурулар қатарына енетін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы да бар. Биыл эндемиялық аймақтардағы жазғы сауықтыру лагерьлеріне Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуға байланысты талаптар қойылмақ. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жұқпалы аурудың осы түрі бойынша Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандары эндемиялық өңірлер болып танылған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар