Аудан әкімдері инвестиция тартуға неге құлықсыз?

Аудан әкімдері инвестиция тартуға неге құлықсыз?
Ашық дереккөзі
Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Осы себепті, тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде «алдымен экономика, одан кейін саясат» қағидаты белгілі бір дәрежеде халықаралық қарым- қатынастарда тиімді қолданылды. Уақытында Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі де сол үшін құрылған болатын.

Жалпы, «ақша тыныштықты сүйеді» деген сөз бар. Ал, ақша үшін ойын ережелерінің тұрақтылығы мен заңдардың орындалуы өте маңызды. Әсіресе, бұл талап шетелден келетін қаражат үшін басты талап. Атап өтерлігі, біздің ел тәуелсіздік жылдарында осынау талаптарға толыққанды жауап бере алатын мемлекетке айнала білді. Соның нәтижесінде, әлемнің 120-дан астам мемлекеті еліміздің дамуына 330 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Мұның жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне, тағы бір қомақты бөлігі АҚШ-қа тиесілі екенін айта кеткен жөн.

«ҒАСЫР КЕЛІСІМШАРТЫ»

АҚШ-ты айтқанда, «Ғасыр келісімшарты» деген атаумен әлемге әйгілі болған Қазақстан мен «Шеврон» корпорациясы арасындағы келісім ойға оралады.  

Аталған келісімшарттың талаптарын әзірлеудің өзі үлкен жауапкершілік болғандығы туралы «Ғасыр келісімшартының» талаптарын жасауға атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткері, төрт жыл бұрын өмірден өткен марқұм Қалық Абдуллаевтың естелігінде жан-жақты жазылды. Өйткені, бұрын-соңды мұндай келісімшарт жасау мемлекет тарихында болмаған. Осылайша, Кеңес Одағы құламай тұрып бекітілген «Теңіз» кешені мен «Шеврон» корпорациясы арасында келісімшарт бұзылып, жаңасы жасалды. Жаңа құжатқа сәйкес, мұнайдан түсетін табыстың көп бөлігі Қазақстанда қалатын болды. «Ғасыр келісімшартының» нәтижесінде елімізге үлкен инвестиция келді. Шамамен 300 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды. Шетел инвестициясымен бірге әлемнің озық технологиясы да елге ене бастады. Сөйтіп, мұнай кен орындары игеріліп, шетелдіктердің біздің елге деген сенімі арта түсті. Бұл Тәуелсіз Қазақстанға салынған алғашқы шетелдік инвестиция еді...

ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢ БАСТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге инвестиция тартуды президенттік каденциясының басты бір басымдығы деп белгілегені мәлім. Президент 2019 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында билік алдына «шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру» міндетін қойды. Бас құжатта инвестициясыз алдағы уақытта республикада экономикалық өсім резерві шектеулі болатыны нақты айтылып, атқарушы билік өкілдеріне зор жауапкершілік жүктелді. Ал, 2022 жылғы 20 қарашада президенттік сайлау өткенде Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасында «қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылатыны» айтылды. Осылайша, озық технологиялары бар ірі инвесторлар үшін ауқымды геологиялық жұмыстарын бастауға қабілетті жаңа «ойын ережелері» бекітілді.

Жалпы, Президент дер кезінде экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге назар аударып, инвестиция тартудың маңыздылығына жиі тоқталады. Мәселен, осы жылдың ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатқанын айтқан Мемлекет басшысы мұның салдарынан алдағы уақытта осы бағыттағы өсімді сақтап қалу қиынға соғатынын ескертті. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру әрі дер кезінде шешім қабылдау Инвестициялық штабтың негізгі міндеті екенін еске салған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиістігін қадап айтты.

– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына немесе қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек, – деген Мемлекет басшысы аймаққа инвестиция тарту әкімдерге жүктелетініне де айрықша тоқталды.

– Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады, – деді Президент.

ЕҢ АЗ КӨРСЕТКІШ ҚАЙ ӨҢІРДЕ?

2029 жылға қарай ел экономикасының көлемі 450 миллиард долларға жетуі тиіс. Ол үшін еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 6 пайыздық өсімді көрсетіп отыруы керек. Макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар ел тұрғындарының нақты табысы да қарқынды түрде көбеюі тиіс. Алайда, бюрократиялық кедергілердің кесірінен ішкі- сыртқы инвестицияны көбейтуді көздеген ауқымы зор амбициялы мақсат орындалмай қалу қаупі бар. Мәселен, әкімдердің инвесторлармен жұмыс істеу тәртібінде әлі күнге дейін әкімшілік кедергілер бар екені жасырын емес. Бұл – инвестжобалардың орындалу мерзімі мен жалпы жоспарын бұзып отырған негізгі фактор.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің сөзінше, өңірлер бөлінісінде тікелей шетелдік инвесторлардың ең көп ағыны Атырау өңірі мен Алматы қаласының үлесінде. Десе де, өткен жылдың ІІ және ІІІ тоқсанында аталған аймақтарда бұл көрсеткіш едәуір төмендеген. Сондай-ақ, 2022 жылға дейін жақсы динамика көрсеткен Шығыс Қазақстан облысында да соңғы жылы инвестиция тарту ағыны бәсеңдепті. Өкінішке қарай, елімізде бұл бағыттағы ең аз көрсеткіш жаңадан құрылған облыстармен бірге біздің өңірдің еншісінде.

АУДАНДАРҒА ИНВЕСТОР ӨЗДІГІНЕН КЕЛЕ МЕ?

Иә, шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмысты жандандыру аса маңызды. Осы ретте өңірімізде негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында аудан әкімдері үшін КРІ жүйесі енгізілді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің мәселелерін шешу үшін күш-жігерді біріктіруді қажет ететін инвесторлардың өңірлік тізбесін құру жөнінде шешім қабылданды. Бұл өңірдің инвестициялық саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Десе де, кейбір аудан әкімдері қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай, жаңа жоба бастауға ниетті кәсіпкерлермен тіл табыса алмай келеді. Бұл туралы мамыр айының басында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте кеңінен айтылған болатын. Дәл сол жиында Байзақ және Мойынқұм аудандарында бұл бағыттағы жұмыстардың ақсап тұрғаны белгілі болды. Ал, инвестиция тарту көрсеткіші бойынша топ-үштікке кірген аудандардың көшін Шу ауданы бастап тұр. Одан кейін, Қордай ауданы орналасса, үздік үштікті Талас ауданы түйіндеген. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев облыс орталығы мен аудандарда іске асырылатын ірі және шағын 85 жоба жинақталғанын айтты. Сөзінше, бірқатар аудан әкімдіктері жаңа жоба бастаймын деген кәсіпкерлерге бос жер телімдерін қарастырмаған.

– Есепті кезеңде Тараз қаласында 7 жобаның 3-уі жүзеге асса, Жамбыл ауданында 9 жобаның тек 1-уі ғана іске қосылған. Сондай-ақ, Жуалы мен Қордайда 3, Сарысу және Шу ауданында 2 жаңа жоба өз жұмысын бастаған. Алайда, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі және Мойынқұм аудандарында бірде-бір жоба іске асырылмаған. Осы жылдың алғашқы тоқсанында инвесторлармен Жуалы және Байзақ аудандарында 10 кездесу өтсе, Меркі мен Талас аудандарында тек екі рет жүздесу болған, – деген А.Сейсебаев бұл жиындардың еш нәтиже бермегенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірімізде инвестиция салуға қолайлы 68 бос жер телімі анықталған. Ал, олардың жалпы аумағы 3,3 мың гектарды құрап отыр. Мәселен, Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Талас, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында бос жер телімі бар екені белгілі болған. Сондай-ақ, инвестиция тартуда Сарысу, Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында индикатор орындалмаған. Өкінішке қарай, инвесторларды тарту жөнінде аймақ басшысына аудан әкімдерінің тарапынан ұтымды ұсыныс-пікір де болмаған. Аталған жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев инвестор іздеп Қытайға барып, Түркия еліне табан тіреудің қажеттілігі жоқ екенін баса айтқан еді.

– Жаңа инвесторларды тарту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Аудан әкімдері тарапынан инвесторларға қолдау көрсетілмейді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен танысып, онда қалыптасқан мәселелерге талдау жасалмайды. Нәтижесінде инвесторлар қызығушылық танытпайды. Бұл мүмкіндікті көршілес өңірлердің іскер аудан әкімдері тиімді пайдалануда. Мұнда аудандық деңгейде қолдау таппаған инвесторлар Шымкент қаласы мен Түркістан, Алматы облыстарына кетіп жатыр. Жалпы, жаңа инвесторды Қырғызстан мен Өзбекстан елінен де табуға болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Атап өту керек, өткен айда Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Анкараға барып, бірқатар келіссөздер жүргізген болатын. Бауырлас қос елдің экономикалық өсуін жеделдетуді көздеген осынау сапар барысында бас-аяғы 6 келісімге қол қойылса, оның 5-уі Жамбыл облысына тиесілі. Осылайша, алдағы уақытта облысқа шамамен 180 миллион доллар тартылады деп күтілуде.

 

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Рас, бұл кезеңде негізгі капиталға 85 миллиард қаражат инвестиция тартылған. Осылайша, игілігі мол инвестиция тарту ісі 23,5 пайызға арта түскен. Ал, индикатордың орындалу деңгейі 104,8 пайызға тең. Десе де, тоқмейілсуге тағы болмайды. Өйткені, Мемлекет басшысы айтқандай, жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланар кезең жақын. Сол шақта Президент тарапынан аймағымызда осы бағытта атқарылған жұмыстар сынға алынса, аймақ басшысы аудан әкімдерінің арқасынан қақпайтыны айтпаса да түсінікті.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар