Қазақта «Әкесі отырған ортада балаға бас ұсынбайды» деген ырым бар. Бұл үрдіс үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді. Алайда бұл ырымды әкесі тірі адамға қатысты айтылған десіп, халық арасында қызу пікірталас тудырып жүргендер де жетерлік. Жалпы, бұл жоралғының мәні, әке тұрғанда үлкенсіп бас ұстау әдепсіздік деп түсіндіріледі. Қазақ дәстүрінде жиын-тойларда, ас кезінде қонаққа сойылған малдың басы қадірлі, сыйлы адамға берілген. Ал қазір бұл дәстүрлер ұмытылды ма? Сонда «Бас тарту» рәсімінің қағидасы қайда қалды?
Қойдың басы – қазақ үшін ең қасиетті астың бірі. Ал қазір той-томалақтарда бірден екі-үш бас тартылып, ол сыйлы адамынан «адасып», кейде тіпті жастардың алдына барғанын көзіміз шалып қалады. Қазіргі таңда осы бір тағам түрімен ісін дөңгелетіп отырған мейрамханалардың көп екенін ойласақ, тіпті, аталы астың қадірі қашып, салтымыз ұмыт болып бара жатқан жоқ па деген ой келеді. Қалай десек те, құйқаның дәмі мен мидың палауын сүймейтін қазақ кемде-кем шығар. Сондықтан осы бір тағам түрін насихаттап, дәстүрді жаңғырту жолында дәмханалар жаңашылдыққа барып жатқаны қуанарлық дүние шығар, кім білсін. Әйтеуір, бұл трендті бірі қолдаса, енді бірі теріс көріп, қырық пышақ болған қазақтың талайын әлеуметтік желілерден көз көріп жүр. «Әкесі бар адам бас ұстамайды» деген сенімнің жетегінде жүргендер желіде өз наразылығын білдіруде. Дегенмен «Алдыңа бастан басқа ас қоймаса, аштан өл деген ешкім жоқ» дейтіндер де баршылық. Бірі қолжетімді деликатес есебінде көрсе, енді бірі қастерлеу қажеттігін алға тартады.
Алаңдатарлығы, әдеппен әлек болып жүргенде, ұлттық тағамнан ажырап қалмаймыз ба деген ой. Осы орайда, қойдың басы тек жиын-той мен аста сыйлы қонаққа тартылып, басқа жерлерде тыйым салған дұрыс па, әлде дәмханаларда арнайы тағам түріне енгізіп, басталған үрдісті жалғастырған жөн бе? Заман мен адам талабына сай қолжетімді етіп, дәстүрді қайта жаңғыртқанымыз абзал ма? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?
Әлия ЖАНӘБІЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Конвергентті журналистика ББ 3-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Тиісті жұмыстар жүргізіледі
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді