Қазіргі таңда біз оны өміріміздің барлық дерлік саласынан көріп, біліп, тіпті пайдаланып жүрміз. Көптеген компаниялар, оның ішінде Алиса Яндекс және Siri қосымшалары, көліктердегі адаптивті круз-контроль функциялары секілді өнімдерінде жасанды интеллектіні жарыса қолданып келеді. Қазақстандағы белгілі автоблогер Олжас Оқас өзінің Youtube каналында автоматты түрде өздігінен жүретін көлікті көрсеткен болатын. Ол көлікте барлық қауіпсіздік системаларын қосып, тіпті рөлден қолыңды, басқыштан аяғыңды алып тастауға болатын көрінеді. Бірақ кейіннен рөльдің алдындағы экраннан: «Примите управление на себя. Управляйте осторожно» деген сөз орыс тілінде шығады. Олжас Оқастың айтуынша: «Smart кілттің көмегімен көлікті оталдыруға да болады. Кілттегі арнайы батырманы ұстап тұрып, пәрмен беру арқылы көлік алдыға қарай жүреді. Иә, бұл өте ыңғайлы, себебі жасанды интеллект адамдардан екі есе тез ойланады және миға сыймайтын дүниелерді жасайды. Бұл, әрине, жасанды интеллектінің пайдалы жағының бір бөлігі. Егер оны әскери мақсатта пайдаланатын болса, адамзатқа қауіп-қатер төнуі мүмкін. ҚР Қарулы күштерінің офицері, қазірде жас ғалым Ерғали Нұрғалиевтің айтуынша: «Жасанды интеллект әскери мақсатта бұрыннан қолданылатынын, өзім осы саладан хабарым бар болғандықтан сеніммен айта аламын. Қазіргі замандағы заманауи қару-жарақтар мен түрлі техникалардың барлығы дерлік жасанды интеллектіні қолданады. Мысалы: өздігінен дәлдейтін снарядтар көздеген нысананың артынан қуып жүріп тиеді. Оны әскерилер алдыңғы ғасырдан бері пайдалануда», – дейді.
Жасанды интеллект пен нейронды желінің арасында қандай айырмашылық бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Жасанды интеллект – белгілі бір берілген алгоритм шеңберінен шықпайды. Яғни, қарапайым тілде айтқанда, адамның миы шексіз идеяға толы. Ғалымдардың мақсаты – осы жасанды интеллектіні адамдар сияқты еркін ойлайтын деңгейге жеткізу еді. Нақтырақ айтқанда, жасанды интеллектке шексіз ойлау идеясы туындаған болатын. Ал оған дайын модель ретінде адам миының құрылымы таңдалып алынды. Осылайша, адам миының дәл көшірмесін жасау үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллектіні дамытудағы институттарға нейроғалымдар тартыла бастады. Олардың ішіне нейробиологтар, невролог және нейрохимиктер кіреді. Сөйтіп, нейронды желі де құрылды. Ол дегеніміз, адам миына әртүрлі ақпараттарды тасымалдаушы жүйке жасушасы. Ендігі кезекте ChatGPT бар. Кез келген жағдайда, тіпті адам денсаулығына қауіп төнген жағдайда алғашқы көмекті сұрауға болады. Мысалы, кішкентай бала кілтті не болмаса ұсақ затты жұтып қойды делік. Енді оны қалай шығару керек екеніне бас қатырып отырмай, қосымшадан сұрап көрейік. Бірнеше секундтан кейін сұраққа анализ жасап, сізге тиісті жауабы келеді. Сұрақты орыс тілінде жазу керек, өйткені қазақ тілінде әлі де бұл чат толыққанды жаттықпаған. Бір ескерте кететін жайт, ілгеріде айтқан оқыс жағдайға ол толық жауап бере алмайды. Себебі ол тәжірибелі дәрігер емес екенін естен шығармаңыз. Сондай-ақ чат оқиғаның мән-жайын білмейді, тек жалпылама нұсқаларды көрсете алады. Егер байқасаңыз, ол өз нұсқасында дәрігерге жүгіну керегін көрсетеді. Тура осы секілді не болмаса өзіңіздің ойыңызда жүрген түрлі дүниелерді осы сайттан біле аласыз. Бұл – үлкен көлемді деректерден үйрену арқылы жасалған жасанды интеллект. Бұл қосымшаның білім қоры өте үлкен, сондықтан ондағы мәліметтер жүйесі әртүрлі кітаптардан, мақалалардан, веб-беттер мен деректер базасынан және тағы да басқа сол сияқты дереккөздерден алынған. Бұл чат сізге көптеген мүмкіндіктерді сыйлайды. Оған мысал ретінде, егер сіз мектеп оқушысы болсаңыз, сізге шығарманы тез арада жазып, математика, химия секілді сабақтарды шығарып бере алады. Ал егер мұғалім болсаңыз, сізге сабақ жоспарын құруға, тақырып бойынша сұрақтар дайындауға көмектесе алады. Егер бизнесіңіз болса, оны табысты етудің жолдарын көрсетіп, алуан түрлі тағам мәзірін жасап, кез келген тақырыпқа анекдот не монолог жазып, сценарий құрып, тағы да басқа көптеген дүниелерді жасап береді. Қазіргі таңда дамыған елдерде бұл чат кеңінен қолданылады. Біз де көш соңында қалмай, заманға сай чатты игеріп кетуіміз керек. Бір қызығы, чат нәсілдік кемсітушілік, зорлық-зомбылық, қылмыс секілді адам өміріне қауіп-қатер әкелетін сұрақтарға жауап бермейді. TIME журналындағы мақалаға сәйкес, OPENAI компаниясы чатқа ненің жақсы, ненің жаман екенін үйрету үшін Кениядағы «Samasourse» компаниясына жүгінген. Аталған компания әлем бойынша ең кедей елдердің тұрғындарына, ақпараттық технологиялар саласындағы жұмысты қамтамасыз етеді. Байқап отырғанымыздай, бұл компания адам өміріне және қоғамға қауіп төндіруі мүмкін әрекеттер жайында үлкен мәліметтер базасын ұсынған. Оны кениялық «Samosourse» компаниясының қызметкерлері зерттеп, чатқа теріс пиғылды сұрақтарға жауап бермеуді үйреткен. Бұдан басқа да іздеу бағдарламалары көптеп шығарылған. Олар: Jasper, YOU, Writesonic, Rytr, Bard, copy.ai, Socratic, Microsoft Bing, ai.cover, тағы да басқа осы секілді аналогтарды қолдануға болады.
Әлемдік державалардың әрбірі жасанды интеллекттің шыңына бірінші болып шығуға тырысуда. Google музыка жасаудың бета версиясын шығарса, Microsoft Bing суреттерді құрастырып, ал Midjourney дизайнерлер орнын баспақшы. Иә, қазіргі нейронды желі қосымшалары көптеген мамандықтардың орнын басып жатыр деуге негіз бар. Ол қиын физикалық жұмыстарды анағұрлым жеңілдетіп отыр. Мысалы, қазақстандық медиа кеңістігінде «Atameken Business» телеарнасын жасанды интеллектке негізделген цифрлық технологияларды енгізудің пионері деуге болады. Қазақстандағы тұңғыш виртуалды жүргізуші I-Sanj эфирге шыққанына үш жыл болды. Бұл атақты актер Санжар Мәдидің роботтық дублі. Оған қоса, биылғы жылдың 7 наурыз күні телеарнада тағы бір цифрлық жаңалық – қазақ тіліндегі алғашқы виртуалды жүргізуші – i-Sana пайда болды. Егер мәселенің техникалық жағы туралы айтатын болсақ, онда әзірлеу Python бағдарлама тілінде жүргізілді. Виртуалды жүргізушіні жасаумен Александр Серов пен Вячеслав Бублик айналысқан. Олар процестің негізгі мәліметтерімен бөлісті. Машиналық оқыту үлгілерімен жұмыс істеу үшін әзірлеушілер кеңінен қолданылатын PyTorch құрылымын пайдаланған. Бейнені кадр бойынша түрлендіру үшін әзірлеушілер wav2lip машиналық оқыту үлгісін пайдаланды. Бұл қалай жұмыс істейді? Wav2lip бірнеше үлгілерден тұрады: сарапшы модель, дыбыстан алынған кескін генераторы және визуалды кескін сапасының дискриминаторы. Дауысты түрлендіріп, сапаны жақсарту үшін конфигурацияланған AutoVC бағдарламалық құралы қолданылды. Сөйлеу синтезі үшін Tacotron-2 бұл дауыстан сөйлеуді генерациялауға арналған нейрондық желі. Әзірлеушілер адамға ең жақын нұсқасын алып, артикуляцияға, мимикаға мән беріп, қазақша сөйлеуді синтездеген. Қазақтілді виртуалды жүргізушінің бет-бейнесі мен жұмысына бөлек тоқталып өткен жөн. Біріншіден, әзірлеушілер аудио фрагмент (сөйлеу) пен бейне фрагменттің (бет) сәйкес келетінін анықтау үшін сарапшы үлгісін үйретті. Бұл жерде кадрдағы беттің орнын анықтау, дыбыстан бөгде шуды жою және синхрондау маңызды еді. Оның барлығы назарға алынды. Міне, осылайша, виртуалды жүргізуші жасалды. Ендігі жерде егер ақпаратты дереу эфирге шығару керек болса, онда виртуалды жүргізуші таптырмас құрал деуге болады.
Жасанды интеллект адамдардың өмірін жақсарту және қоғамды дамыту үшін орасан зор әлеуеті бар, заманауи технологияның ең перспективалы бағыттарының бірі. Қарқынды түрде дамып келе жатқанына қарамастан, оның этикалық аспектілері мен салдарын да ескеру керек. Жасанды интеллектті құру және пайдалану тәсілі қауіпсіз және бүкіл адамзатқа пайдалы болуы қажет.
Дариға АСҚАР,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Веб журналистика ББ 3-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді