Жуырда талайғы тарихынан бері ардагерлеріміздің қазыналы сырласына, рухани серігіне айналып кеткен «Aq jol» газетінде журналист Қамар Қарасаеваның «Әжелер форумынан өнеге күтіп едік…» деген шағын материалы жарық көрді. Шындығында біз алтын құрсақ аналарымызға қолдан келгенше құрметімізді көрсетіп, әрі сол арқылы өскелең ұрпақты ана сыйлауға дәріптесек деген мақсатта ұйымдастырған іс-шарамызға осылай сын көзбен қарайтындар бар екеніне қайран қалғанымыз рас. Әрине, қоғамда әр адамның өз ой-пікірін, көзқарасын білдіруге ешкім шектеу қоя алмайды. Дегенмен, мән берген адамға салтанатынан салмағы, марапатынан мазмұн-мағынасы басым іс-шараның өн бойы өзегі өнегеден бастау алғаны бесенеден белгілі. Алайда, жоғарыдағы ақпараттық үлгідегі жазбада іс-шараның жалпы маңызына журналистік талдау жасалмаған. Тек өзінің көзіне түскен бірер кемшілікке соншама басымдық беруге тырысқан. Ал, шынтуайтында бұл іс-шараның тағылым тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Киелі Әулиеата өңірінің ғана емес, күллі қазаққа аты мәшһүр батырымыз Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата-әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» деген сөзі ащы да болса ақиқат. Бұл шынымен қуанатын жағдай емес. Қиын-қыстау заманда сол Баукеңдей, кешегі Шерағаңдай тұлғаларды тәрбиелеген аналарымыздың тағылымы ерлікпен пара-пар. Ұл намыстан, қыз ұяттан кетпес үшін ұлттың тәрбиесі анадан нәр алатынын ұмытпауымыз керек. Қазіргідей әлеуметтік желілерде бесігін мазақтап, ата-анасын азаптап жүрген кереғар дүниелердеп көз сүрінеді. Осындай жастарға берер тәрбиелік тағылымнан жұрдай уақытта ұлттық және отбасы құндылығының алтын қазығына айналған ақ жаулықты аналардың мәртебесін арттырудан маңызды мәселе жоқ. Дәл осы мәселенің тамырын тап басқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан әйелдерінің ақыл-парасаты, ерік-жігері мен жасампаздығы барлық қиындықты еңсеріп, сын-қатерлерге төтеп беруімізге септігін тигізуде», деп айрықша атап өткен болатын. Осы тұста ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ тағылымының діңгегі – асыл әжелер екені айтпасақ та түсінікті. Кешегі Зередей зерделі де зиялы әжеден Абайдай заңғар тұлға, Айғанымдай ардақты әжеден шоқтығы биік Шоқан, Айшадан Шераға сынды қайталанбас қайраткерлер халықтың бағына бұйырды. Сондай аналар қазіргі қоғамда да аз емес. Сол даналықтың даңғылын дәріптеу мақсатындағы форум ең әуелі рухани ордамыз – Түркістан қаласынан бастау алған болатын. Былтыр қарашада өткен сол «Аялы әже» форумының алғашқы эстафетасы тарихи үндестікпен Әулиеата өңіріне берілген еді. Яғни, бұл іс-шара бізге тапсырылған рухани орданың аманаты. Осылайша ұлтымыздың ұлық қасиеттерін бойына сіңірген, ұрпақ сабақтастығының жарасымды сақталуына сүбелі үлес қосып, отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, жандандыру жолында ерен еңбегімен ерекшеленіп жүрген асыл әжелерімізді насихаттауды, жас аналарға үлгі етуді мақсат тұтқан іс-шарамыз облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Форумда «Аға буын өкілдерінің ұрпақ сабақтастығы бойынша жастардың ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрлерді және адами құндылықтарды сақтауға, оны жаңғыртуға, ұлттық және мәдени бірегейлікті дамытуға үлес қосу жолында барлық сала өкілдерін жұмыла жұмыс жасауға шақырамыз», деген үндеу жарияланды. Іс-шараға арнайы қатысып, асыл аналарға лайықты құрмет көрсеткен облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев та: «Әжелерінің әңгімелері мен ертегілерін тыңдап, солар арқылы халықтың сан ғасырлық мұраларын бойына сіңіріп өскен Абай, Ыбырай, Шоқандай тұлғаларымыз әже мектебінен өткенін білеміз. Сондықтан, бүгінгі форумды жастар тәрбиесіне оң ықпалын тигізетін жоба деп сенемін», – деп ақ жаулықты әжелерге алғысын жеткізген болатын. Осылайша шама-шарқымызға әулеттің дәулетін тасытып, әрқайсысы бір-бір тағылым мектебіне айналған аналарымызға марапаттар табыс етілді. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап алып барсаң да қарызыңнан құтылмайсың» демекші, бұл марапаттар да халық үшін ең жауапты міндетті мінсіз атқарып, ақ сүтімен де, ақ батасымен де келешектің тілеуін тілеп, ұлттың болашағын тәрбиелеп жүрген аналарға тамшыдай болса да риясыз құрметіміз еді. Жоғарыда атап өткен тілші жазбасының сыни тармағын іс-шараның ұйымдастырылуы төмен болды деп бастайды. Мәселен, облысымыздың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев: «Мен де 84 жас жасаған асыл әжемді, 105 жыл жасаған аяулы нағашы әжемді еске алып біраз толқыдым. Себебі, олардың бізге деген махаббаты шексіз болатын. Мұхаммед пайғамбарымыз хадистерінің бірінде: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса», деп бекер айтпаған сыңайлы. Сондықтан облысымыздың түкпір-түкпірінен айтулы форумға шақырылған асыл, алтын құрсақты аналар мен әжелер біздің ең қымбат қазынамыз, ең құрметті мақтанышымыз. Мысалы, «Ұлағатты әже» номинациясының иегері атанған Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылдық округінің Аналар кеңесінің мүшесі, ауылшаруашылық саласының ардагері, 10 бала, 48 немере, 92 шөбере мен 4 шөпшек тараған Байтиева Анипа Ахметәліқызымен қалай мақтанбаймыз? «Өнегелі әже» атанған Жамбыл ауданы, Аса ауылының ардагері, 11 бала туып, олардан 57 немере, 13 шөбере сүйіп отырған Доспанбетова Майкөн әжемізді қалай ардақтамаймыз?!» деп марапатталған марғасқа аналар жайында ойын тебірене жеткізді. Ал, Жамбыл ауданы, Қарасу ауылдық округіндегі «Аналар алқасының» төрайымы Гүлнар Примкулова: «Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалды. Әжесінің басқан ізін аңдып, бауырына тығылып, етегіне оратылып жүретін кешегі бала, бүгінгі ата-аналардың көбі заман талабы деп, еуропалық тәрбиені таңдады. Тіпті, кейбір отбасыларда әжесін бос уақыты көп бала тәрбиешісі деп қабылдайтыны өкінішті. Енеге билік айтатын келін көбейді. Қалаға көшіп келген жастардың бойында жасандылық көп. Ауыл тәрбиесін көріп өссе де, балаларын әжелеріне бермейді, «не тәрбие берер дейсің» деп қомсынады. Осылайша, ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі. Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені, ата мен әже баламен үлкен адамша сөйлеседі. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Сондықтан бұл форумның маңызы қазіргі қоғамға ауадай қажет», деген ойымен бөлісті. Сондықтан айтулы форумда «ешкім орын бермеді» деп тілшінің орынсыз айыптайтындай жөні жоқ деп айтар едім. Осы тұста бұл іс-шараны ұйымдастыру үшін біз, яғни ардагерлер кеңесі еш жерден қаржыландырылмайтынын да атап өткім келеді. Соншама ақ жаулықты ананы жан-жақтан арнайы алдырып, оларға қолдан келгенше құрмет көрсетудің өзі оңай шаруа емес. Дәл осындай ізгі іске қайта атсалысудың, қолдан келгенше қолдаудың, сол арқылы қарияларымызды қадірлеудің игілігі мол екенін түсіндіргіміз келеді. Одан соң тілші іс-шараға өз уақытында келсе орын табылатын еді. Ал, іс-шарада тек ұйымдастырушылар мен бейнеоператорлар ғана түрегеп тұрды. Балконда да орындардың бос болғанына ел куә. Асыл әжелеріміздің орнын қоғамнан алып беруді көздеп жүргенімізде, форумнан орын таппадым деген сөз мәселенің байыбына бармағандық деп түсіндік. Жалпы, өңірімізде 135 мыңға жуық зейнеткер есепте тұрса, соның 84 765-і зейнеттегі аналар. Бұл барлық зейнет жасындағылардың 63 пайызын құрайды. Ал, аймақта жасы 85-ке толған 1567 азаматтың 1131-і, яғни 72 пайызы әжелер. Бір сөзбен айтқанда, осыншама қазынамыз барына қайта қуануымыз қажет. Журналист Қамар Қарасаеваның да ертең сол асыл әжелердің қатарына қосылып, өнегелі керуеннен өз орнын табатынына тілектеспіз. Даналық дәнін сеуіп, тағылым сәулесін таратқан әжелерімізге төрден орын беріп, лайықты құрмет көрсете алмасақ, анадан туғанбыз деп қалай айта аламыз? Сондықтан үш жүзге жуық әженің басын қосып, береке-бірлігіміздің арқасында бүгінгі қоғамдағы аналарымыздың қуанышын еселеп, жауапкершілігін арттырған іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты деген сенімдеміз. «Жәннат ананың табанының астында» деген ұлттың әрбір ұрпағы үшін мұндай іс-шаралар әлі де жалғасын таба беруіне тілектеспін. Ақ жаулықты асыл әже, ардақты аналарымыз аман болсын!
Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Діни бірлестіктермен байланыс бойынша кеңес отырысы өтті
- 4 қараша, 2024
Аймақ айнасының айтулы белес
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді