Медицина саласының майталмандары
Дәрігерлік жауапты мамандықты көп адам таңдай бермейді. Бұл мамандықтың жауапкершілігінде адам тағдыры тұр. Науқастардың өміріне қиын сәттерде араша түсу де оңай шаруа емес. Басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі ақ халатты мамандық иелерінің көмегіне жүгінеді. Адам жаратылысы аса күрделі. Сол күрделі жаратылысты жарақатынан емдеу үлкен тәуекелдікті талап етеді. Бұл салаға терең ғылым мен білімнің ықпалы қажет. Өз әңгімесінде мамандығы жайлы ой толғаған кейіпкеріміз Сәкен Шералханұлы бұл салаға аға жолымен келгендігін айтты. Ол қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Тоғыз перзентті тәрбиелеп, өсіру үшін әкесі Шералхан Жуалы өңірінде жылқы баққан. Ал, анасы Ұлтуар елде сауыншы болып еңбек еткен. Ағайынды хирургтар Сейітхан мен Сәкен Жұмашовтардың өмірі Билікөл өлкесінен бастау алған. Көпбалалы отбасының отағасы ұжымшарда қарапайым малшы болып жүріп, Жұрымбай ауылына қоныс аударады. Сол ауылдан оған тегін баспана беріледі. Адал табыс адамның маңдай терімен, еселі еңбегімен өлшенетініне бала кезден көз жеткізген болашақ дәрігер жас күнінен еңбекке араласады. Өздері өзге ұлт өкілдері ең көп қоныстанған елді мекенде тұрған. Сол елдегі жағдайы төмен жалғыз қазақ отбасы ретінде өмір сүрген кезеңдерді ұмытпайды.
Бала Сәкеннің бүгінгі жетістікке жетуіне сол кездегі отбасылық жағдай да септігін тигізген шығар. Үлкен ағасы Сейітханды әкесі Түркістандағы техникумға оқуға түсіреді. Қой жүнін өңдейтін шаруашылықтың маманы атануын қалайды. Алайда, ол болашақта дәрігер болуды мақсат етіпті. Арманшыл жастың жүрек қалауы болашақта дәрігер халатын кию мақсатына жеткізеді. Техникумда білім алып жүріп, Алматыда медициналық институт бар екенін естиді. Ешкімге айтпастан сол институтқа ауысады. Алғашқы жылы-ақ құжатын тапсырған Сейітхан медициналық білім беру ордасының студенті атанады. Әкесінің қаталдығынан қаймыққан болашақ дәрігер екі жыл бойы осы институтта оқитынын жасырып жүреді. Үлкен ұлының бұл құпиясын кейін білген әкесі ашуланып, біраз уақыттан соң разылығын беріпті.
Сәкен Шералханұлының сөзінше, арманы асқақ ауыл баласы мақсатына жетіп, туған жеріне оралады. Жұмысын қарапайым қызметтен бастаған ол аудандық аурухананы 25 жыл басқарады. Үйдің үлкені ізінен ерген Сәкенді де хирург дәрігер болуға үндеп, кейіпкерімізге күні-түні кітап оқытып, аталған саланың маманы атануына үлкен үлес қосқан.
Расында, Сәкен Шералханұлы өзінің өмір тарихында талай науқасқа ота жасап, тәжірибелі маман атанады. Операцияны лазермен жасаудың технологиясын енгізген де осы кісі екен. Адамның денесін кеспей-ақ заманауи құрылғылар арқылы іш құрылысқа ота жасай береді. Отаның бұл түрі өте жеңіл. Науқас екі күннен кейін-ақ жарақатынан айыға бастайды.
– Бір әулетте төрт дәрігерміз. Ағам Сейітхан Жұмашовты ел таниды, құрметтейді. Қазіргі таңда Жуалы ауданында тұрады. Қарындасым Майра Жұмашова қаладағы бесінші емханада қызмет істейді. Сонымен қатар, келінім Гүлнар Нәріпбаева да осы саланың маманы, – дейді Сәкен Шералханұлы.
Нұржан ӘЛІШ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді