Әжелер форумынан өнеге күтіп едік...
Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Аялы әже» облыстық форумын ұйымдастырды. Ондағы мақсат – ұлтымыздың ұлық қасиеттерін бойына сіңірген, отбасы құндылықтарын, салт-дәстүрлерді дәріптеп жүрген асыл әжелерді насихаттау, таныту. Алдымен «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде әжелердің экскурсиясымен басталған форум «Баласағұн» облыстық концерт залында өтті. Онда қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің «Бесік жыры» театрландырылған қойылымы көрсетілді. К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері және «Ақкербез» би ансамблі мен «Ардагерлер» ансамблі өнер көрсетті. Форумға қатысушылар назарына Тараз өңірлік университетінің «Ұлттық киімдер» үлгісінің композициясы ұсынылды.
– Кеше ғана Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды. Онда әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық дәстүрді, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаттары қарастырылған.
Әжелерінің әңгімелері мен ертегілерін тыңдап, солар арқылы халықтың сан ғасырлық мұраларын бойына сіңіріп өскен Абай, Ыбырай, Шоқандай тұлғаларымыз әже мектебінен өткенін білеміз. Сондықтан, бүгінгі форумды жастар тәрбиесіне оң ықпалын тигізетін жоба деп сенемін, – деген облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев осы іс-шарадан күтілетін нәтиженің маңыздылығын айтып өтті.
Біз де Әжелер форумынан өнеге күткен едік. Бірақ, ұйымдастыру жағының төмендігінен орын алған кемшіліктер көңілімізге қаяу салды. Мысалы, форумның бастауы болған «Көне Тараз» кешеніндегі экскурсияға әр ауданнан шақырылған әжелер келді, бірақ оларға сол жерде қойылған дүниелер таныстырылмады, басқа іс-шаралар да ұйымдастырылған жоқ. Аудандардан келген әжелерден осы форум туралы, бұған қатысудағы мақсаты қандай, нәтижесінен не күтетіні жөнінде пікір сұрасақ, кейбірі тіпті не үшін келгенін білмейтіндей. Ойларымен бөлісуден бас тартты. Ал, біз көпті көрген кейуаналардан үлгілі пікір күткен едік. Сол жерден жас еріктілерді кездестіріп, жөн сұрасақ, олар да «Білмейміз, келіңдер деді, келдік», дейді. «Баласағұн» концерт залының қанша орындық екені белгілі, бірақ шақырылған қонақтар саны әлдеқайда көп болғандықтан адамдар сыймай, көбісі түрегеп тұруға мәжбүр болды.
Бір бұрыштан әзер дегенде орын алып үлгергеніміз сол еді, ақ кимешекті әже келіп «Өтіп кетейін, жол беріңдер» деген соң, орнымыздан тұрдық. Әлгі кейуана орнымызға отырып алып «Басыңда кимешегің жоқ, бар шық, бұл жерге тек ақ кимешекті әжелер ғана отырады», – деп, «Ана» деген атына лайықсыз өтірік сөйлеп, дөрекілік көрсетті. Айтарға сөз таппадық. «Мұныңыз ұят» деп қарсы сөз айтуға, үлкен кісі ғой деп, форумды тұрып тамашалауға дайын едік. Бірақ, залдың қызметкерлері «Ақ кимешек кимегендер балконға шықсын» дегеннен соң сонда барсақ, ол жер де лық толы. Есік алдында тұрған қызметкерлерге бірі «Аналар алқасының мүшесі едім, залға кіруім керек» деп қиылса, енді бірі «Ауданнан бірге келгендермен бірге отырамын» деп жағдайын айтып тұр. Осының бәрі де шақырылатын адамдардың санын белгілі орынға сай үйлестірмегеннің салдары. Жақсы нәтиже күтілетін іс үйлесімді ұйымдастырылуы да керек еді...
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді