Қой жылы басталысымен өнер адамдарына қойылар талап күшейе түсті. Еліміздің бірқатар заңнамаларына өзгерістер енгізіліп, салық жүйесіндегі кей баптар нақтыланды. Енді асабалар мен өнер адамдарының тапқан табыстары да уәкілетті органдар тарапынан есептелетін болады. Олар кәсіптерін заңдастырып, табысының белгілі бір мөлшерін салық ретінде мемлекетке төлеуі керек. Заңның орындалуы жолында салықшылар аянбайтындарын жеткізуде. Газетіміздің өткен санында осыған байланысты өңіріміздегі той-томалақтың көрігін келтіріп жүрген асабалардың ой-пікірімен бөліскен едік. Бұл заңның жалпы өнер адамдарына, оның ішінде әртіс, әнші, бишілерге де қатыстылығы бар екені анық. Бұл туралы ғаламтор бетінде көптеген пікірлер айтылып, жан-жақты қаузалып-ақ жатыр. Кейбір елімізге танымал, беделді, табысы жоғары әншілердің өздері бұған үзілді-кесілді қарсылық танытып, өздерін күнкөріс қамын ғана келістіріп жүргендерін айтып байбалам салуда. Олардың ойынша, «бұл – өнерге шабылған балта» екен. Енді бірі осыған дейін де жеке табыстарын кәсіп ретінде заңдастырып, тиесілі мөлшердегі салығын төлеп те отырғандарын алға тартуда. Ондайлар, қалай болғанда да заңға бағынатындарын және өз табыстарының аз ғана мөлшерін мемлекетке аударып отыратындықтарын жөн деп түсінуде. Осыған орай бұл жолы өңіріміздегі бірқатар өнер адамдарын әңгімеге тартқан едік.
Сәуле Жанпейісова, облыстық филармонияның директоры, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Кез-келген нәрсенің шегіне жететін тұсы болады. Бұл мәселе көптен бері қозғалып келеді. Кезінде республикалық басылымдар, телеарналар бұл жайлы көтере бастағанда көбісі онша мән бере қоймаған еді. Сол кезде де өз ойымызды білдіріп отырдық. Әлбетте, бұл жерде ескеретін бір нәрсе бар, ол ең алдымен, заңның талабы. Егер заң күшіне еніп тұрса, орындамауға ешкімнің қақысы жоқ. Тек, оның жолдарын бірбағыттандыру керек. Меніңше, бұл заң барлық өнер адамына емес, жанама табысы барларға ғана қатысты шығар. Қазір той бизнестің тасы өрге домалап тұрғаны жасырын емес. Расында, тойға шығып жүрген өнерпаздардың жағдайы басқаларға қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Біреудің бір айлығын бір тойда алып кетулері де мүмкін. Оған қарсылығым жоқ. Тек, аз ғана мөлшердегі салықтан жалтарып, дау тудырудың қажеті шамалы. Табысы бар ма, салық төлесін. Заң алдында бәрі бірдей.
Мәкен Рақымжанова, облыстық қазақ драма театрының қызметкері, Қазақстанның халық әртісі:
– Мен облыстық қазақ драма театрының әртісімін. Осы мекеменің қызметкері ретінде мемлекетке төлейтін салығым бар. Егер мен эстрада әншісі болып, той қуып, басқа да қосалқы кірістерім болып жатса, жеке табыскер ретінде мемлекетке кірісімнің тиесілі пайызын төлеуге қарсы болмас едім. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда театр әртістері тойға шығып табыс тауып жүр дегенді естиміз, бұл соларға қатысты шығар.
Әсел Тілеубердиева, «Әдемі-ай» дуэтінің әншісі:
Біз, яғни «Әдемі-ай» дуэті болып, тойға шығып, өз ризығымызды тауып жүрген жас өнерпаздармыз. Әзірге еш жерде тіркелген жоқпыз. Егер заң солай бекітілсе, алдағы уақытта заңды түрде жұмыс жасаудан қашпаймыз.
Міне, өңіріміздегі өнер өкілдері осылай дейді. Бұдан басқа да, тойдың жалауын желбіретіп, думанды жұрттың жүрегін елжіретіп, жанды дауыссыз-ақ, жағдайларын жасап жүрген әншілер жетерлік. Олардың бір тобы салық төлеуге түбегейлі қарсы екендіктерін айтады. Біздің түсінгеніміз, олар бұл заңның мән-жайынан дұрыс, толық хабардар емес секілді. Әйтпесе, бір-бірінен ауызша естіп алып, даурығудың еш жөні жоқ. Олай дейтініміз, әр өнер адамы салық төлеуші ретінде кәсіптерін заңдастырар уақытта табыстарын қай мөлшерде көрсеткілері келсе де өз еріктерінде. Оның үстіне, салық көлемі олардың табыстарының аз ғана пайызын құрайтынын ескерсек, бұл ешкімнің қалтасын жұқарта қоймайтыны айдан анық. Әлбетте, әншілер соншалықты жағдайлары жоқ болса, біз ғаламтордан көріп жүрген «Тойота лэнд крузер», «Лексус» автокөліктерін қалай алып жатыр?! Отандық клипмейкерлерге шекеден қарап, Тайланд, АҚШ асып, 30-40 мың долларға бейнебаянды қалтасы жұқа әнші түсіре қоймас... Қазір ғаламтор тетігін басып, фейсбук пен инстаграмды ашып қалсаңыз, 5 мың АҚШ долларына алған көйлегін, тіпті аяқ киімін, қымбат мейрамханада ішкен асын суретке түсіріп жарыса салып жатады. Кейбірі байлығына масаттанғаны соншалық, үйінде ит, мысық асырап, оған «қалыңдық» іздеп әлекке түсіп жүр. Осыдан келіп олардың тапқан табысына масайрап жүргені көрініп тұрған жоқ па?! Ал енді сол әншілердің халыққа түсетін салықтан жалтаруы әлеуметтік әділетсіздік емес пе? Әлде олардың отыз мың теңге жалақы алатын еден жуушы, күзетшіден жағдайлары шын мәнінде нашар дегенге сенесіз бе?
Сауалнаманы жүргізген Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді