«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Соғыстан кейінгі серпін

Соғыстан кейінгі серпін
ашық дереккөз
Соғыстан кейінгі серпін
Әрине, соғыс болған жерінде ғана емес, Отанымыздың барлық қиырына өзінің зардабын тигізгені белгілі. Қираған өнеркәсіп орындары мен шаруашылықтарды қалпына келтіру мәселесі 1945 жылдың наурызында қарастырылып, осы бойынша елдің зардап шеккен аудандары қалпына келтіріле бастады. 1946 жылдың соңына қарай өнеркәсіп орындары негізінен бейбіт өмірге қажетті өндіріс өнімдерін өндіруге бағытталды. «Бесжылдықты – төрт жыл ішінде» ұранымен жұмыс істеген өнеркәсіп орындарының жұмысшылары осы тұрғысында үлкен міндеттемелер қабылдаған еді. Солардың ішінде ерекше атап өтуге тұрарлық тұлға ретінде жол дөңгелектері шеберханасының шебері, коммунист Прокудинді айта аламыз. Ол тек 1946 жылы ғана онжылдық нормасын орындап, өзінің барша әріптестеріне үлгі бола білді. Тиісінше, хром зауытының, «Металлист» артелінің, қант комбинатының, вагон депосының жұмысшылары 1947-1948 жылдардағы еңбек өнімділігін барынша арттырып, өз қатарларындағы стахановшылар мен луниншілердің санын 40 пайызға көбейтті. Ал, 1951 жылы Жамбыл суперфосфат зауытының бірінші кезегі іске қосылса, 1954 жылы екінші кезегі іске қосылды. Өнеркәсіп орындарының іске қосылуына байланысты өңірімізге транспорт құралдарының да қажеттілігі артқандығы сөзсіз. Осылай, 1954 жылы Жамбыл қаласында бірінші автобаза ашылса, 1958 жылы тағы да екі автобазаның құрылысы басталған еді. Облысымызда, соның ішінде аймақ орталығы – Жамбыл қаласында әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасуы нәтижесінде сауда мекемелері мен қоғамдық тамақтандыру орындарының саны ұлғайып, қаланы абаттандыруға көп күш жұмсалды. Жеке үй құрылыстарын салуға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер берілуі нәтижесінде 1958 жылы 32,5 мың шаршыметр, 1959 жылы 33 мың шаршыметр, ал 1960 жылы 34 мың шаршыметр тұрғын үй салынды. Талас пен Аса өзендерінің аңғарында орналасқан облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мол мүмкіндіктер бар екендігі белгілі. Өңірімізде ертерек өсіріліп келе жатқан ақ егіске қоса 1930 жылдан бастап мақта мен қант қызылшасы да өндіріле бастады. Кейінірек, қант қызылшасын өсіруге мүмкіндіктер кеңірек екендігі анықталғаннан кейін, мақта өндіру тоқтатылған еді. Ал, осы өнімдерді өндіретін алғашқы колхоздар Қазан төңкерісінен кейін-ақ ұйымдастырылғаны белгілі. Бірақ билік ұжымдастыру міндетін кейінірек 1927 жылы БК(б)П-нің XV съезіне қойды. Жаппай ұжымдастыру кезінде ауыл шаруашылығы артелі колхоздық қозғалыстың басты түрі болды. Социализм жағдайында коллективті шаруашылықтың бірден бір дұрыс түрі ретінде ауыл шаруашылығы артелінің артықшылығы, ол өндірісті социалистік жағынан ұйымдастыру жөніндегі аса маңызды талапқа жауап берумен бірге, колхозшылардың жеке мүдделерін қоғамдық мүдделерімен дұрыс ұштастырады деп түсіндірілді. 1931 жылы Әулиеата ауданында алғашқы төрт совхоз құрылса, 1933 жылы Жамбыл облысының аумағында 48 мыңнан астам шаруалар ауласын біріктірген 307 колхоз құрылды. Оларда 233,7 мың гектар жер, 90,3 мың бас мал, оның ішінде 12,1 мың сиыр, 29,9 мың қой және 40,5 мың жұмыс көлігі болды. 1932 жылы колхоздардың егіс-дала жұмыстарын жүргізуіне, жемшөп дайындауына 12 машина-шөп шабу және машина-трактор стансалары көмектесті. Колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан онан әрі нығайтуда 1935 жылы ақпанда болып өткен екпінді колхозшылардың Бүкілодақтық II съезі аса маңызды рөл атқарды, мұнда ауыл шаруашылығы артелінің жаңа Үлгі жарғысы қабылданды. Бұл жарғыда колхоз құрылысының тәжірибесі жинақталып, артель қандай негізде құрылатындығы, мұнда колхоздардың қоғамдық және жеке мүдделері қалай ұштасатындығы, қоғамдық шаруашылылық қалай жүргізілетіндігі туралы егжей-тегжейлі айтылған. Жарғы колхоз өндірісін ұйымдастырудың негізгі мәселелерін, табыстарды бөлудің, артель істерін басқарудың және басқа да мәселелердің жолдарын көрсетті. Колхоз құрылысы тез күшейді. 1941 жылғы 1 қаңтарға есептегенде облыс колхоздарындағы егіс көлемі 250,7 мың гектар, ірі қара саны 60,9 мың бас, қой мен ешкі – 412,3 мың, жылқы мен түйе 35,8 мың бас болды. МТС-тердің машина-трактор паркі жаңа тракторлармен, комбайндармен, автомашиналармен, ауыл шаруашылығы құралдарымен толықтырылды. Шаруашылықтардың энергетикалық жарақтануы арта түсті. Бүкіл еліміздің колхоздары сияқты республикамыз бен облысымыздың колхоздары да 1941- 1945 жылдары Ұлы Отан соғысының сұрапыл сынынан ойдағыдай өтті. Олар кеңес армиясын, жұртшылығымызды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ете білді. 1942 жылы республика колхоздары 1940 жылмен салыстырғанда миллион гектардай егінді артық салды. Көптеген озаттар елеулі табыстарға жетті. Облыс колхоздары өзінің жұмысын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құрып, егіс көлемін соғыс алдындағы жылмен салыстырғанда 23,8 мың гектарға, қоғамдық мал басын 208 мың басқа ұлғайтты. Осының нәтижесінде облысымыз мемлекетке астық, жүн, ет, көкөніс, картоп тапсыруды едәуір молайтты. Сонымен қатар, шаруашылықтарымыз мал басын өсірудің жоспарын да орындап шықты. Ауыл еңбеккерлері «Қазақстан колхозшысы» қорына өздерінің 23 миллион 454 мың сом жеке қаржысын қосты. Колхоздар соғыстан кейінгі жылдарда да өздерінің ұлы өміршеңдік күшін танытты. Социалистік құрылыс жылдарында шаруаның рухани бейнесі түбегейлі өзгерді. Колхозшы шаруалар арасында жаңа кәсіп иелері – тракторист-машинистер, комбайншылар, шоферлер, электриктер пайда болды. Колхоз құрылысы мол өнімнің шеберлерін, тәжірибелі сауыншыларды, шопандарды, бақташыларды – екпінді еңбек адамдарын тәрбиелеп шығарды. Тек облысымызда ғана қоғамдық шаруашылықтағы еселі еңбегі үшін 162 колхозшыға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, 700-ден астам адам Ленин орденімен наградталды. Біз облысымыздың Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова, Тамара Абдуллаева, Тұрсын Байназарова, Александр Львович Нахманович, Орынбасар Бақбергенов, Михаил Царьков, Александр Шуллер, Иван Зенков, Мәден Дәуітқұлов, Николай Косухин, Ырзабай Шаңбаев, Андрей Козырь сияқты еңбеккерлерін әркез-ақ ардақтаймыз. Соғыстан кейінгі бесжылдықта еліміздің ауыл шаруашылығы жан-жақты өркендей түсті. Осыған байланысты МТС-тердің өсе түскен техникалық жарақтары үшін, өскелең қоғамдық мал шаруашылығы, басқа да шаруашылық салалары үшін майда колхоздар бөгет бола бастады. Үкіметтің 1950 жылы колхоздарды ірілендіру жөніндегі ұсынысы колхозшылар тарапынан қызу қолдау тауып, бұқаралық қозғалыс сипатына ие болды. Еліміздегі колхоздар саны анағұрлым азайғанымен, олардың көлемі едәуір арта түсті. Жамбыл облысында колхоздар саны үш еседей қысқарып, ірілендіруден кейін 130 ғана болды. Бірақ оның есесіне шаруашылықтар қуатының артуы машинаны, техниканы өнімді пайдалануға, сан-салалы ірі шаруашылық ұйымдастыруға, еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің әр өлшеміне жұмсалатын шығындарды азайтуға, өнімдердің тауарлылығын арттыруға мүмкіндік берді. 1954 жылы астықты және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қысқа мерзімде ұлғайту мақсатымен тың және тыңайған жерлерді, ең алдымен Қазақстанның солтүстік аудандарындағы, Оралдағы, Волга бойындағы, Батыс Сібірдегі жерлерді игеру арқылы егіс көлемін едәуір ұлғайтуға бағыт алды. 40 миллион гектардан астам тың және тыңайған жерлерді игеру өзінің көлемі мен қарқыны жөнінен кеңес халқының ұлы ерлігіне айналды. 1954 жылдан бастап көптеген жаңа совхоздар құрылды. Сонымен қатар, бірқатар ауыл шаруашылығы артельдері өз мүшелерінің шешімдерімен совхоздарға айналдырылды. Мәселен, Жамбыл облысында 62 колхоздың негізінде мал, көкөніс, сүт, қызылша, жүзім, жеміс шаруашылықтарымен айналысатын 37 жаңа совхоз құрылып, бұл совхоздарға 3 миллион гектардан астам жер, едәуір мөлшерде ірі қара, қой, жылқы, түйе малы берілді. СОКП XXIII съезінен кейінгі он жыл ішінде ауыл шаруашылығының өндірістік қорлары 2,5 есе, күрделі қаржы 3,6 есе өсті. Облыс колхоздарының негізгі қорлары 1955 жылы 37,2 миллион сомға көбейді. Колхоздарды ірілендіру, оларды маман басшы кадрлармен нығайту ауыл шаруашылығындағы негізгі өндіріс күштерді – жер мен техниканы біріктіру үшін алғышарттар жасады. Осылай, жергілікті еңбеккерлерді жаңа сападағы еңбекке машықтандыру үшін, мәселен, Сарысу ауданының «Түркістан» совхозына А.И.Строгов сияқты маман басшылар келген болатын. Сонымен қатар, өзінің тарихи рөлін атқарған МТС-тер 1958 жылы алғашқыда жөндеу-техникалық стансаларына, бұдан кейінірек «Сельхозтехниканың» аудандық бірлестіктеріне айналдырылды. 1960 жылдары МТС-тердегі ауыл шаруашылығының бүкіл негізгі техникасы сатылу арқылы біртіндеп колхоздарға өтті. Бұл Кеңес мемлекетін Н.Хрущев басқарған жылдардағы өзгерістер екендігі белгілі. Қазақстан КП Жамбыл облыстық, қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесінің газеті болып табылатын «Еңбек туы» өзінің 1961 жылдың 13 маусымындағы бас мақаласында: «Н.С.Хрущев жолдас жүгері арқылы ет пен сүтті арттыруға болады, демек халықтың материалдық әл-ауқатын арттыруға болады. Кімде-кім жүгері өсіруді игеріп алатын болса, нақ солар мал шаруашылығын өркендетуде жақсы табыстарға жете алатын болады деп, жүгерінің маңызын ерекше атап көрсетті. Осыны ескеріп, биыл облыстың колхоздары мен совхоздары жүгері өсіруге баса көңіл бөліп отыр. Биыл облыс бойынша дәнге арналған жүгерінің әр гектарынан 50 центнерден, сүрлемдік жүгеріден 500 центнерден өнім өсіру жөнінде міндеттеме қабылданды», – деп жазды. Осы қабылданған міндеттеменің өңірімізде қаншалықты деңгейде орындалғанын аталған салаға шолу жасау арқылы сараптап көрейік. Сонымен, 1961 жылы жүгері төменгі Шуға да келіп жетеді. Дәлірек айтсақ, Шу өзені арнасының Бетпақдала жағындағы «Шығанақ» деген жерге. Айналасы атшаптырым келетін үлкен аймақта айқыш-ұйқыш атыз-арықтар тартылған. Шамасы 300 гектардай тың көтеріліп, оған егіс егіліпті. Сол кезде арнаулы жүгері өсірушілер звеносы ұйымдастырылды. Оны басқару Арсуйкаев жолдастың өзіне тапсырылды. Звеноға жеткілікті мөлшерде техника берілді. Арсуйкаев жолдас Шығанақтан 250 гектар жерді таңдап алды. Бұл жер көктемде су жайылған көлтабан болғандықтан, оның суы мамыр айының аяқ кезінде тартылды. Мамырдың 28-інен бастап звено мүшелері тың көтеріп, топырақты сапалы өңдеді. Содан кейін дәріленген жүгері тұқымын 8 сантиметр тереңдікке сіңірді. Жүгері тұқымы жер бетіне тез өніп шықты. Звено мүшелері шоқтау, жекелеу жұмыстарын қысқа мерзімде өткізді. Өсімдіктің қатар аралығын қопсытып, арамшөпті отап отырды. Еңбек еш болған жоқ. Жүгерінің бітік шыққандығы сондай, неше жылдан бері қаулап өсіп келе жатқан ата қамыстың бойымен бірдей болды. Звено мүшелері жүгеріні жинап алу ісін де шебер ұйымдастырды. Сүттеніп-қамырланған кезде сүрлемге орып, 1997 центнер өнім жинады. Әрбір центнер жүгері сүрлемінің өзіндік құны суармалы жерлердегі өніммен салыстырғанда екі есеге арзанға түсті. Арсуйкаев жолдастың өнегесін басқа диқандар да бірауыздан қолдап отыр. Олардың пікірінше, Төменгі Шуды жетіжылдықтың үшінші жылында жүгері орманына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Ол, мүмкін солай да шығар. Бірақ, біз жоғарыдағы мәліметтерден сөз бен істің қиыспай жатқанын да көріп тұрған жоқпыз ба? Тіпті, мақтауға ілігіп отырған звено көрсеткішінің өзі облыстық ортақ деңгейден әлдеқайда төмен болып тұр. Әрине, бұл жерде еңбекшілердің ешбір кінәсі жоқ екендігі де даусыз. Тек, қамыстың орнына жүгері егіп, тез арада жоғары көрсеткішке жете қоямыз деген далақтаудың орынсыз екендігіне қынжыласың. Осы орайда, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығын дамыту барысындағы жетіжылдық жоспарының (1959-1965 ж.ж.) орындалуы туралы мәліметтер топтамасына мән берсек, онда «үш жылдық жоспардың облыс бойынша қорытындысында астық өндіру 743,4 мың тоннаға, қант қызылшасы 685 мың тоннаға, ет 18,1 мың тоннаға, сүт 34,7 мың тоннаға және жүн 5,3 мың тоннаға орындалмағаны» айтылады. Дегенмен, жоспардың орындалған көрсеткіштерінің ауқымы да өте үлкен. Айтар болсақ, мемлекетке жетіжылдықтың үш жылында 206,8 мың тонна ет өткізілген. Ал, дәл осы кезде өңірімізде Жамбыл ет комбинаты жұмыс істегені белгілі. Комбинаттың сол кездегі тыныс-тіршілігі тілші танымында былай беріледі: «Өндіріс орнының барлық цехтарын аралап, шұжық жасау цехына келгенімізде ақ қалпақ, ақ халат киген жігітті комбинат партия ұйымының хатшысы Зәкеней Дәнбаев «Біздің осы цехтағы озат бригадирлердің бірі Сергей Николаевич Челенков жолдас» деп таныстырды. Сергей Николаевич бөлменің төр жағына таман бастап барды да, цех жұмысының мән-жайын баяндады. «Біздің цех комбинаттың басқа цехтарында атқарылатын барлық жұмыстарды жинақтап, дайын өнім шығарады», деді Челенков жолдас. Ол босаға жақтағы көп есіктің бірін ашты, онда шұжық белгілі мерзімге қойылып, сүрленген. Одан әрі кептірілетін бөлмеде мерзімді уақыт тұрады да, дайын өнім дәрежесіне жеткізіледі. Жетіжылдықтың екінші жылында цех едәуір кеңейтіліп, оның қуаттылығы 1959 жылға қарағанда екі есе арттырылды. Комбинаттың байырғы да маңдайалды жұмысшыларының бірі Бердібай Қалдыбеков екен. Ол комбинаттың мал сою цехында 1946 жылдан бері жұмыс істеуде. Ол кезде жұмыс қарқыны да, шығарылатын өнімнің мөлшері де әлдеқайда төмен болатын, ауысымына 150-200 қой сойылатын. Ал, қазір ауысымына оның алдынан 1200-ге дейін қой, 300-ге дейін ірі қара өтті. Мүшелеу цехындағы Кулакова жолдас басқаратын бригада коммунистік еңбек бригадасы атағын алу үшін күресуде. Өнімнің таза болуы осы цехтың жұмысына байланысты екен. Цех жұмысшылары ширақ қимылдайды. Ішек-қарын, бас-сирақтардан ажыратылған таза ет тоңазытқышқа қарай сырғып барады. «Мынау Әшім Еркінбеков деген жігітіміз. Тоңазытқышта істейтін жігіттердің маңдай алдысы», деді Дәнбаев жолдас аяз лебі анадайдан бетке ұрған күңгірттеу бөлмеден шығып қарсы жолыққан кісіні көрсетіп. Үстіміздегі жылы компрессорлық бөлімді қайта жабдықтау, жаңадан машиналар орнату есебінен тоңазытқыштың сиымдылығы едәуір артқан. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда тоңазытқышта 125 тонна ет артық сақталатын болыпты. Түшпара жасау цехының бригадирі Батенина тізбектелген түшпараларды астаушаға салып тұрған аппаратты басқаруда. Жаңа аппараттың іске қосылғанына аз ғана уақыт болған. Өнімнің сапасын жақсарту жолындағы күресті бұл бригада мүшелері күшейте түсіпті. Жамбыл ет комбинатының ұжымы жетіжылдықтың екінші жылын жақсы табыстармен аяқтады. Олар жалпы өнім шығарудың жылдық жоспарын мерзімінен бір ай бұрын 108 процентке орындады. Өнімнің түр-түрін өндіру жөніндегі тапсырма артығымен орындалып, жоспардан тыс 8 миллион сомның ет, шұжық, котлет, тағы басқа өнімдері шығарылды. Мұндай табыстары үшін комбинат ұжымы Алматы халық шаруашылығы кеңесінің үшінші дәрежелі сыйлығына ие болды. Комбинатта бірқатар цехтар мен өндіріс алаңының кеңейтілуі,озық техниканы өндіріске енгізу, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік жасады. Тоңазытқыш пен шұжық цехтарын ұлғайтумен қатар мұнда тері тұздайтын жаңа аспап орнатылды. Бұрын мал терілері қолмен тұздатылатын да, көп уақыт кететін. Жаңа аспап жұмысты анағұрлым тез атқарып, терінің сапалы тұздатылуына мүмкіндік береді. Комбинатта құс еттері де әзірленеді. Өткен жылы құстарды сойылатын орынға жеткізу үшін арнаулы конвейер орнатылды. Техникалық прогресс жолындағы күреске комбинат жаңашылдары мен өнертапқыштарының қосқан үлесі аз емес. Жаңалықтың жаршылары Гудашев, Талагаев, Жуков және тағы да басқа жолдастар бағалы ұсыныстарын өндіріске енгізе алды. Осы арқылы 58 мың сом мемлекет қаржысы үнемделіпті». Сонымен қатар, берілген мәліметтерде облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу барысы баяндалып, жетіжылдықтың соңына қарай, әсіресе, сүт және жүн өндіру жөнінен қалып отырғаны, осыған орай сатып алу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін дайындау көрсеткішін осы өнімдер бойынша әр жылда 12-15 пайызға арттырып отыру ұсынылады. «Мұндай келеңсіздіктерге жол берген шаруашылықтардың бірі ретінде Свердлов ауданындағы Киров атындағы колхоз аталады. Мұнда, мал шаруашылығы басты орын алады. Бірақ, колхоз жетіжылдықтың екінші жылында қоғамдық мал шаруашылығын өркендетудің мемлекеттік жоспарын барлық түліктен орындай алмады. Жыл басында колхоз бойынша әрбір сауын сиырдан 1600 литрден сүт сауу жоспарланған болатын. Жоспар да, міндеттеме де қағаз жүзінде қалды. Колхоз бойынша 11 айдың ішінде әр сиырдан небәрі 1.099 литрден ғана сүт сауылды. Бұл бұрынғы жылдардағы әрбір сиырдан сауылған сүттен 305 литр кем. Колхозда сауын сиырлардың саны да азайып келеді. Жыл басында есеп бойынша 266 аналық сиыр бар екен. Жыл аяғында оның 72-сі ғана сауылған. Колхоз сүт сауу жөнінде жыл басында дардай жоспар, міндеттеме алғанмен, оның аяғы құрдай болып отыр», – делінген берілген ақпаратта. Ал, жалпы, облысымыздағы жетіжылдықтың үш жылы барысындағы жоспар бойынша мал басы көбеюінің орындалмауы мынадай болыпты: ірі қара малы бойынша 61,7 мың бас, қой мен ешкі – 1048 мың, жылқы – 13,5 мың және құстар бойынша 524 мың бас екендігі, мұндай жағдайдың орын алуының басты себебі мал өліміне жол беріліп, әсіресе 1960 жылы төлдердің күтімінің дұрыс жолға қойылмауынан екендігі айтылады. Тиісінше, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың СОКП Орталық комитеті қаңтар Пленумының қорытындылары және облыс партия ұйымының міндеттері туралы Қазақстан КП облыстық комитетінің кезекті VI пленумында жасаған баяндамасында және осы баяндама бойынша жарыссөздерде кемшіліктердің тез түзетіліп, барлық резервтердің іске қосылу мәселесі қызу талқыланған еді.  

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар