Жаңару мен жаңғыру жолы
Қасиетті Отанымыздың берекесі жылдан жылға артып келеді. Экономикасы дамып, әлеуеті артқан мемлекетіміз нарықтық заманға төселіп қана қоймай, рухани құндылықтарын да байытуға күш сала бастады. Жұрт жүрегінде жақсы күндерге деген қалтқысыз сенім, жарқын болашаққа деген жарық сәуле жарқырай түсті. Еңсесі тіктелген ел жан-жағындағы жағымды жаңалықтарға куә болуда. Алдағы атар таңдарға үлкен үмітпен қарайды. Бұған әлбетте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының ықпалы зор. Табысы мен тауқыметі қатар келген өткен жылдар ақ пен қарадан, қуаныш пен қиындықтан, ауыр мен жеңілден тұратын дүниенің алма-кезегін таразылауға мүмкіндік берді.
Жақында ғана саны 20 миллионға жеткен халқымыздың демографиялық тұрғыдан қарқынды өсуі ел Президенті Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айтқандай, мықты мемлекет болудың және қарышты өркендеудің қапысыз кепілі. Бақытты отбасылардың көбеюіне негіз. Бақуатты елдің арқауы. Мұндай ел адал ас ішіп, әділ өмір сүруге талпынатын тағылымды ұлтқа айналуы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси-экономикалық, әлеуметтік бағыттағы жаңа мәнді реформалары арқылы ынтымақ пен бірліктің, қажырлы еңбектің арқасында стратегиялық бағдары айқын мемлекетіміз тұрақты даму жолына түсті. Ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүйе-жүйесімен тиімді іске асыру мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдей түсуде.
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары деп жарияланған Заң мен Тәртіп үстемдігін орнату үшін Үкімет осы бағытқа арналған нақты шараларды қабылдап жатыр. Білім беру және денсаулық сақтау саласында көлемді жобалар қолға алынды. Әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшу басталды. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін аса маңызды қадам жасалды.
Заңсыз алынған экономикалық активтерді елге қайтару жұмысы қарқынды жалғасын тауып отыр. Мемлекетке қайтарылған қаржы халықтың игілігіне жұмсалуда. Мысалы, солардың есебінен мектептер салына бастады. Жылдар бойы игерілмей келген миллиондаған гектар жер адал шаруаларға берілетін болды.Шетелдерден миллиардтаған доллар инвестиция тартылды. Сол арқылы елімізге аса қажет өндірістер ашылды. Жұмыс орындары пайда болды. Ел экономикасының басты қозғаушы күші ретінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Президент бастамасымен әділдік, инклюзивтілік, тиімділік және прагматизм қағидаттарына негізделіп, экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған экономикалық саясаттың жаңа моделіне ауысудың нақты әрі тиімді тетіктері айқындалды. Ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары да Президенттің ерекше назарында. Инвестиция тартуда нақты шаралар көрсетілді. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіне тың серпін берілуі үшін шетелдік және отандық инвесторлар алғашқы үш жылда салықтан босатылатын болды. Салық және бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру Президент реформаларының тағы бір маңызды бағыттарының бірі. Бұл жүйе бойынша Парламент пен Үкімет бірлесе отырып, елдегі кәсіпкерлікті және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тетіктерді жіті пысықтады.
Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне де ерекше ден қойып отыр. Бұл салада қордаланған мәселелерді жүйелі шешу үшін тіпті жеке министрлік құрылды. Мұндай қадам еліміздегі су қауіпсіздігі мәселелерін мақсатты түрде шешуге және саланы жоспарлы дамытуға жағдай туғызады.
Президент көлік-логистика саласын да одан әрі дамыту жөнінде Үкімет пен атқарушы органға нақты тапсырмалар жүктеді. Жаңа бастамалар еліміздің қуатты логистикалық әлеуетін тиімді іске асыруға жол ашатыны анық. Жаңадан құрылған Көлік министрлігі осы бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізе бастады.
Еліміздегі кәсіпкерліктің өрісті жандануына оң әсерін тигізетін өз реформаларында Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі нарықтарды демонополизациялау, мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау керектігіне басымдық берді.
Үкімет пен Парламент банк жүйесінің тиімділігін және оның ел экономикасына қосатын үлесін арттыруға көмектесетін заңнамалық түзетулерді қарады. Енді осы бағыттағы нормалар ұлттық табысты барынша әділ бөлуге ықпал ететін болады.
Демографиялық үдерістерді ескеріп, сарапқа салған Мемлекет басшысы «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Биылғы жылдан бастап іске аса бастаған бұл бағдарлама – балалардың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін маңызды қадам болып отыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының халыққа арнаған әр жылдардағы Жолдаулары да жаңа бастамаларға толы. Айталық, өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмаларға сәйкес, салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделді. Бұдан былай аудандық әкімдіктер бюджетті өздері жасақтай бастады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті жердегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға себеп болып отыр. Үкімет мүшелері мен әкімдердің жауапкершілігін арттыру көзделген Әкімшілік реформа да өз жалғасын табуда. Бұл ретте мемлекеттік жоспарлау жүйесі барынша жинақы және икемді бола түсті.
Мемлекет басшысының осындай барлық бастамалары дерлік, ең бірінші кезекте, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, экономикамызды әртараптандыруға бағытталған.
Әлемдегі ахуал өте күрделі саналатын қазіргі таңдағы шешуші кезеңде аталған бастамаларды іске асыру еліміздің теңгерімді және сапалы дамуына тың серпін беруде.
Президент бұл тапсырмаларының басым бөлігінің алдағы үш жылдың ішінде жүзеге асуға тиістігін қатаң жоспарлап, талап етіп отыр.
Осы орайда, экономикалық дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру үшін берік құқықтық база қажет болды. Ол үшін Мемлекет басшысының барлық реформасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету өте маңызды еді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының өздерінің Мәжілістегі, Үкіметтегі әріптестерімен, сарапшылармен және мүдделі тараптармен әрқашан белсенді жұмыс істеуі тиістігін қадап айтқан. Осы орайда, экономикалық саясаттың жаңа үлгісін жүзеге асыру еліміздің тұрақты, сапалы әрі ұзақмерзімді экономикалық дамуына негіз болады. Бұл бастамалардың барлығы Әділетті Қазақстан құру ісіне қосылатын қомақты үлес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жемісті жобаларды қамтыған Жолдауында нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен ғана шектеліп қалуымызға болмайтынына назар аудартып, бұл жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін атап өткен еді. Ең алдымен, былтырдан бері жүргізілген ауқымды саяси реформаларға тоқталып, елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орныққанын, адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалып, әділдік пен заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтқан. Өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтуға, экономиканы монополиядан арылтуға, макроэкономикалық саясатты қайта қарауға, салық, бюджет саясатын және әкімшілік басқару жүйесін реформалауға қатысты бірқатар маңызды бастама да көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаты, Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары, әлемдік бастамалары алыс-жақын шетел мемлекеттері тарапынан да үнемі қолдау тауып келе жатқанын осы жерде баса айтуымыз қажет.
Шетелдік дипломаттардың сөзінше, мәселен, энергетикалық ресурстарды үнемді пайдалану туралы Қазақстан Республикасы Президентінің озық ойы тұтас әлем үшін маңызды.
Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Марко Альберти өз пікірінде Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі өте өзекті тақырыптарды қозғайтынын, әсіресе, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі елдің дамуы үшін маңызды екенін айтса, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Кестутис Янкаускас Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларында қандай жайттар қамтылатыны өзін әрдайым қызықтыратынын, Мемлекет басшысының энергетикалық ресурстарды үнемдеп пайдалану туралы айтқаны өте күрделі мәселе екенін және бұл мәселенің Қазақстан үшін ғана емес, тұтас әлем үшін маңызды екенін алға тартады.
Айтса, айтқандай, экономика және әлеуметтік мәселелер тақырыбы дәстүрлі түрде Президенттің әр Жолдауындағы негізгі мәселе болып келеді.
2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгілеген Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық үлгіге көшетінін жария етті.
Биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалатынын ескерткен Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді», деген болатын.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін түркі әлемі көз тіккен байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздік жүйесін реформалауға, БҰҰ Жарғысын сақтауға және дипломатияны нығайтуға негізделген бастамалары да бүгінгі күні өте өзекті. Бұл туралы Женевада БҰҰ Бейбітшілік университетінің тұрақты бақылаушысы Давид Фернандес Пияна мәлімдеді. «Қазақстан басшысы ксенофобия, төзімсіздік пен кемсітушілік белең алған қазіргі таңда дүниежүзіндегі дін қайраткерлерінің басын қосып, бірлесе жұмыс істеу өте маңызды екенін атап өтті, сондықтан біз оның бастамасын қолдаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын және Қазақстанның экстремизмнің барлық түрлерімен күрестегі жұмысын, сондай-ақ, оның толеранттылық пен әлемдегі барлық діндер мен ұлттар арасында бейбіт өмір сүрудің маңыздылығына баса назар аударуын қолдаймын», – деді.
Президент бастамасымен Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысы да айтулы рөл атқарды. «Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін», делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуі дін көшбасшылары тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
2022 жылғы съезд декларациясында ұсынылған дінаралық диалогтың тұрақты платформасын құру үшін БҰҰ-да осы бағытта бастамалар көтерді. Адам құқықтары жөніндегі кеңсе бұл жобамен көптен бері жұмыс істеп келеді. ЮНЕСКО-да дінаралық диалог мәселелерімен айналысады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның саяси дамуының жаңа моделін қалыптастыру жөніндегі бастамалары шетелдік державалар арасында да жоғары бағаланады.
Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің және Еуропалық Парламенттің негізгі құрылымдарының жоғары өкілдері, Еуропалық Одақтағы Еуропалық институттар Қазақстан Республикасының сот және қылмыстық-түзету жүйесін жақсартуға бағытталған қазақстандық бастамалары мен жобаларын қызу қолдады. Адам құқықтары жөніндегі Диалог, сот төрелігі мен құқық тәртібі жөніндегі Кіші комитет, ОА-ЕО азаматтық форумы сияқты адам құқықтары саласындағы тақырыптық диалог тетіктері шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың бірлескен өзара іс-қимылы ерекше назар аударарлық. Бұған ҚР–ЕО-ның еуропалық Парламенттегі достық тобының төрағасы – парламенттік петиция комитетінің вице-төрағасы Рышард Чарнецкий бастаған түрлі саяси ағымдар мен елдердің өкілдері болып саналатын топ мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевқа демократиялық реформаларға қол жеткізуде қажетті саяси қолдау көрсеткені айқын мысал. Еуропа Парламентінің Қазақстан бойынша тұрақты баяндамашысы Клемен Грошель де ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» Жолдауының ережелерін іске асыру бойынша ҚР Үкіметімен және Парламентімен тығыз байланыста жұмыс атқарды. Еуропалық Парламенттің құқықтық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Адриан Вазкез-Лазар да қазақстандық биліктің азаматтық, сот жүйесін реформалау және ҚР Құқық қорғау органдарының қызметі бойынша жаңа қадамдарына айрықша көңіл бөлді. Ал, Еуропалық Парламенттің Сыртқы істер жөніндегі комитетінің және Адам құқықтары жөніндегі Кіші комитеттің мүшесі Начо Санчез-Амор өз кезегінде ҚР Президентінің Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін арттыру және алқабилер сотының мандатын кеңейту туралы бастамасын қолдады.
Президент жақында ғана өз сөзінде айтқандай, жұмысшылардың, инженерлердің және шаруалардың еселі еңбегі, әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызметі, кәсіпкерлердің табысты жобалары, мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығы және ғалымдардың елге пайдалы зерттеулері арқылы ұлтымыздың жасампаздық әлеуеті арта түсті. Өз кәсібін мінсіз атқарып жүрген мұғалімдер, медицина қызметкерлері және басқа да еңбек адамдары – бүгінгі күннің нағыз батырлары. Волонтерлер, меценаттар, құтқарушылар және өзге де жанашыр азаматтар игі істер жасап, жанкешті ерлік көрсетіп, тілектестік пен қамқорлықтың озық үлгісін танытты. Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, еңбекқорлық пен білімпаздықты дәріптеу және креативті экономиканы дамыту үшін көптеген маңызды жұмыстар қолға алынды.
Ең бастысы, еліміз Президент бастамасымен жалпыға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құруға кірісті. Жүргізілген реформалар өз жемісін бере бастады. Келіп жеткен биылғы жыл бәсекеге қабілетті әрі дамыған елге айналатын ұлттың қайта өрлеуінің жылы болмақ. Өйткені, осы жылы да мемлекеттігімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі реформалар жалғасын тауып келеді. Заң мен тәртіптің үстемдігін орнықтыру үшін кешенді шаралар қабылданды. Мемлекет тарапынан өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, энергетика және экономиканың басқа да салаларын өркендетуді көздейтін тың бастамалар қолға алынды. Әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қамқорлық жасалуда. Мұғалім, дәрігер, құтқарушы, әскери қызметші, тәртіп сақшысы және басқа да кәсіп иелеріне қолдау көрсетілуде.Жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын маңызды шешімдер қабылданды. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті.
Қорыта айтқанда, Отанымыз өсіп-өркендеудің жарқын, айқын әрі даңғыл жолына түсті. Яғни, биылғы жыл да біздің еліміз үшін мол табысқа, жарқын сәттерге және маңызды оқиғаларға толы жылға айналуда. «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз», деген Мемлекет басшысының сөзі әрбір азамат санасында отансүйгіштікті дамытуы тиіс. Сонда жемісті еңбек етіп, Президент реформаларының орындалуына үлес қосуды өз міндеті деп білетін азаматтарымыздың саны арта береді.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді