«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын-алу

Су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын-алу
ашық дереккөз
Су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын-алу
Еліміздің бірнеше облысындағы су тасқыны тек материалдық шығын, қолайсыздық, ауыр ахуалды ғана емес, сонымен қатар, қиын эпидемиологиялық жағдай туындатуы ықтимал. Тасқын су түрлі аурудың таралуына себеп болуы мүмкін. Соның ішінде гепатит, тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия, лептоспироз, туляремия, құрттар, бруцеллез, сальмонеллез секілді жұқпалы аурулар бар. Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде энтеровирустар, А гепатиті жиі кездеседі. Тасыған өзен, көл суы жайылып, қалдық үшін қазылған шұңқырларды, дәретханаларды, ауланы шайып, құдыққа құйылуы мүмкін. Сондықтан су тасыған уақытта қайнатылмаған су ішкен денсаулыққа зиян. Жарамдылық мерзімі жеткілікті бөтелкедегі судың қорын жасап, оны сумен шайып кетпейтін биік жерде сақтаған жөн. Ішу және тамақ пісіру үшін, тек осы бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану керек. Жұқпалы аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасынан бөлек, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Тасқын суға малынған тамақ өнімдерін, мәселен жертөледе жатқан көкөністерді пайдалану да қауіпті. Көкөністер мен жемістерді шикі түрде жеген кезде оларды бөтелкедегі немесе қайнатылған сумен жақсылап шайып жуған жөн. Аурудың алғашқы белгілерін байқаған жағдайда дереу денсаулық сақтау мекемесіне медициналық көмекке жүгінген абзал. Су тасқыны кезіндегі тағы бір мәселе – кеміргіштер, көптеген аурулардың қоздырғыштары. Олар тұрғын үйлер мен ғимараттарға еніп, адамның жұқпалы және паразиттік аурулармен ауыру қаупіне ықпал етуі мүмкін. Олардан қорғану үшін су тасқыны басталғанға дейін: -аумақты жиналған қоқыстан тазалау және жинау, қазылған шұңқырларды, ауладағы дәретханаларды тазалау және зарарсыздандыру; – құдықтарды қақпақтармен жабдықтау; – кеміргіштерді жою жұмыстарын жүргізу керек. Тараз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін тұрғындардың келесі ережелерді сақтауы қажеттігін ескертеді: – Ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану; – Азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтау; – Тамаққа термиялық өңдеуден өткен азық-түлік өнімдерін қолдану; – Жеке гигиена ережелерін сақтау, оның ішінде жас балаларға күтім жасау кезінде; – Көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен өңдеу, ағынды сумен мұқият жуу; – Тұрғын-үй жайларды және үйдің жанындағы аумақты таза ұстау. Жедел инфекциялық ауру белгілері – дене қызуының көтерілуі, құсу, іштің өтуі секілді белгілер пайда болған жағдайда дереу жергілікті медициналық көмекке жүгінген жөн. Су тасқыны және сел кезеңінде халыққа күні бұрын хабар беретіндіктен, тұрғын үйлерде және жұмыс орындарында радиотрансляция торабы тәулік бойы жұмыс істеуі қажет. Осындай жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін, уақытылы және күн сайын қарапайым гигиеналық ережелерді сақтап жүріңіздер!  

Ұлданай ӘНУАРБЕК,

Тараз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бас маманының міндетін атқарушы.

Ұқсас жаңалықтар