Аймақтағы тазалық айлығы

Аймақтағы тазалық айлығы
ашық дереккөз
Аймақтағы тазалық айлығы
Табиғат – ортақ үйіміз. Оның тазалығы әрбіріміздің денсаулығымызға кепіл екені талайдан айтылып келеді. Әсіресе, ел ішінде болып жатқан су тасқыны да қоршаған ортаның ахуалына аса көңіл бөлуді, су жүйелерін тазалауға назар аударуды ескертіп-ақ тұр. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та су тасқыны болмаған аймақтардың әкімдеріне көктемгі тазалық, абаттандыру жұмыстарын атқаруды тапсырған еді. Сондай-ақ, жолдарды ретке келтіру де жүктелді. Ортақ жұмысқа тұрғындарды тартып, еріктілердің де үлес қосуы маңызды екені айтылған болатын. Жамбыл өңірінде де Наурыз мейрамының «Тазалық» аталған күнінен бастап, сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Облыс орталығы – Тараз қаласында өткен сенбілікке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те, қала әкімі Бақытжан Орынбеков те қатысып, тұрғындармен бірге каналдарда жиналып қалған қоқыстарды шығарып, саябақтарға тал отырғызды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша, биыл қаланы көгалдандыруға айрықша көңіл бөлінеді. – Биыл Таразда 40 мың тал тігіледі. Оның ішінде «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінің саябағы, әуежай сквері, Арбат-1, Теміржол бекеті, Саңырық батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4100 дана жабық тамырлы бірінші санаттағы әртүрлі ағаш отырғызылады. Сонымен қатар, №15 «Ұлы дала» шағынауданындағы саябаққа 3500, «Тектұрмас» кешенінің аумағына 1000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алаптарына 20 мың түп көшет егіледі. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл егу жоспарланып отыр, – дейді шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы. Тараз қаласындағы басты су жүйелерінің бірі – «Қарасу» каналы және «Түйте», «Қарасу-2», «Сеңкібай» каналдары да судың ағысына кедергі болып жатқан қоқыстар мен шөп өскіндерінен тазартылды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып, өзендердің жағалауларын назарда ұстап, каналдарды механикалық тазалаудан өткізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Тараз қаласындағы 8 каналды механикалық тазалау жұмыстары алдағы күндері де жалғаса береді. «Сеңкібай», «Қапал», «Төрекелді», «Үшбұлақ», «Қарасу-1» және «Қарасу-2» каналдары жөнделеді. Қаладағы бір күнгі жалпыхалықтық сенбілікке 5 мыңға жуық адам қатысып, 172 тонна қоқыс шығарылды. Ал, Т.Рысқұлов ауданы аумағында көктемгі абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын ұйымдастыру туралы аудан әкімінің қаулысы қабылданып, 27 ақпанда аудандық «Qulan tany» газетінің №17 шығарылымына жарияланған. Қаулыға сәйкес іс-шаралар жоспары жасалып, сенбіліктер ұйымдастырылуда. Жалпы, аудандық сенбілік жұмыстарына 1300-ден астам адам қатысты. Биылғы көктемде аудан аумағына 820 түп жеміс және қарағаш, терек егу жоспарланып, бүгінгі күнге оның 550 данасы отырғызылған. 35 километр арық және каналдарды қоқыстан арылту жоспарланып, бүгінге оның 28 километрі тазаланған. 230 километр көшелердің тазалануы жоспарланып, қазіргі уақытта оның 183 километрінде жұмыс жүзеге асқан. Алдын ала көзделген 1400 шаршы метр саябақтарды, скверлерді тазалау және көріктендіру ісі бүгінгі күні 1150 шаршы метр көлемде атқарылды. 225 тонна кездейсоқ күл-қоқыс орындарын тазалау межеленіп, қазіргі уақытта 172 тоннасы шығарылған. Жуалы ауданында Наурыз мерекесінде бастау алған «Таза табиғат» тал егу акциясына аймақ басшысынан бастап, түрлі сала қызметкерлері мен белсенді жастар және еріктілер қатысты. Аудан аумағын көшетпен көмкерді. «Жаңару» күнінде жуалылықтар қарағаш, терек, жеміс ағаштары секілді 700 түп тал екті. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастамаға қолдау көрсетіп, әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастап, аудан аумағын жасыл желекпен көмкеруге үлес қосуы тиіс екенін жұртшылыққа хабарлады. Елімізде басталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы ауданда әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, алғашқы апта «Таза өлке» деп аталды. Бүгінгі күнге 8 тоннаға жуық күл-қоқыстар шығарылып, тазаланды. Жуалылықтар абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын сәуірдің соңына дейін жалғастырмақ. Сәуірдің соңына дейін жалғасатын көктемгі сенбіліктер облыстың басқа да аудандарында жүзеге асырылып келеді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар