Сөнбейтін жарық, құламайтын аялдама керек

Сөнбейтін жарық, құламайтын аялдама керек
ашық дереккөз
Сөнбейтін жарық, құламайтын аялдама керек
Тараз қаласының іргесіндегі «Шалғай Қарасу» алабындағы ағайындардың айтары көп. Тұрғындардың айтуынша, сәл жел тұрса жарық сөнеді екен. Қысы, жазы осы мәселеден мезі болған көпшілік электр шамының сымдары ескіргенін айтады. Әсіресе, қыстың қақаған суығында жарық өшсе үйлерін жылытатын жылу жүйесі де істен шығады екен. Өйткені, көбінің жылу жүйесі жарыққа тәуелді. Әзілхан Нұршайықов көшесінің бірінші бұрылысында тұратындар ескірген сымдарды жаңалау керектігін алға тартты. Қалмахан Исабаев есімді ақсақалдың сөзінше, бұл көшедегі жарық жүйесінің тозығы жеткен. 1989 жылдан бері жаңаланбаған жарық сымдары бүгінде ауыстыруды қажет етеді. – Кеңестік кезеңде салынған үйлердің шамдары бүгінде жиі сөнеді. Өзім 1989 жылдан бері осы көшенің тұрғынымын. Баспанамды да осы жылы алдым. Мына жарық сымдары да сол уақыттан бері жаңаланған жоқ. Жел тұрса, боран соғып, жаңбыр жауса, ескірген электр сымдары тұйықталып, ақауға ұшырайды. Жарық жүйесін қайтадан қалың кабельмен тарту керек,–дейді Баян Төлеубаева. Сонымен қатар, жергілікті халық №19, №15 автобустар тоқтайтын аялдамалардың да жарамсыз екенін жеткізді. «Бұл аялдамалардың орналасқан жері де дұрыс емес. Қоғамдық көлік тоқтайтын орындар апатты жағдайда. Біреуінің бір тіреуіші жоқ, құлайын деп тұр. Орындықтары сапасыз. Үлкен кісілер отыра алмайды. Қыста, көктемде аялдамалар сайда орналасқандықтан бұл жерге су жиналады», – дейді көше тұрғыны Мейрамбек Оспанов. Сондай-ақ, тұрғын оқушылардың мектепке жаяу қатынайтын жолын да сынға алды. «№26-шы жаңа білім ошағына балалар төте жолмен барады. Сол төте жолда көлденең қазылған үлкен арық жатыр. Тұрғындар сол арықтан өтетін көпір салынса» деген де өтінішін білдірді. Тұрғындардың шағымын тыңдау барысында қала әкімінің бас инспекторы Ескер Бұралқиевпен хабарластық. Тұрғындармен тілдесуге келген бас инспектор аялдамаға қатысты мәселенің мән-жайын түсіндірді. – Бұл алапқа аялдамалар орнатылмай тұрып, жергілікті азаматтар тез арада осы мәселені шешу керектігін алға тартты. Олардың өтініші бойынша «Казаков» көшесіндегі бос тұрған ескі аялдамаларды осы маңға орнаттық. Қала әкімдігі мен «Жасыл-Ел» мекемесінен рұқсат алынды. Кейін жаңа аялдамалар «Алмалы», «Центральный», Желтоқсан көшелерінің тұсына тұрғызылған кезде бұл маңға орнату қажет болмай қалды. Аялдама мен электр желілеріне тікелей энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жауапты, – дейді Ескер Базарбайұлы. Осы орайда біз энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлерімен тілдестік. Басқарма маманы Қадірбек Деметбаев, ескірген электр желілерінің мәселесі қала әкімдігінің құрылыс бөліміне қатысты екендігін жеткізді. – Жарық сымдарын жаңарту немесе қайтадан электр желісін тарту қала әкімдігінің құрылыс бөліміне қатысты шаруа. Біздің мекеменің жұмысы тұрғын үйлерді жарық жүйесіне қосу,–дейді Қ.Деметбаев. Ал, аялдамаға байланысты шағымға аталған мекеменің сектор меңгерушісі Нұрлан Сапар өз жауабын айтты. Оның сөзінше, былтыр Таразға жалпы 42 аялдама қолданысқа берілген. Оның 36-сы жаңа, қалған 6-ауы бұрын қолданыста болған. Басқармадан бөлінген 7 аялдама аталған алаптағы «Алмалы», «Центральный», Желтоқсан көшелерінің тұсына орналастырылған. Әзілхан Нұршайықов көшесінің маңында ескі аялдама тұрғандықтан, жаңасы қарастырылмаған. Сондай-ақ, бұл мәселеге қатысты жауап беруші маман, аялдаманың шешімі әзірге табылмайтынын жеткізді. Яғни, тұрғындар биылдыққа қоғамдық көлікті ескі, апатты күйдегі аялдамада күте тұруына тура келеді. Ал, ескірген электр желісінің жырын кім жырлайды. Бұған қатысты көптің көкейіндегі түйінді тарқату оңай болмайын деп тұр. Өйткені, мәселенің басты жауапкері кім екенін табу да қиынға соғуда. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандарының нұсқауымен қала әкімдігінің құрылыс бөліміне хабарластық. Ондағы қызметкерлер бұл мәселенің өздеріне қатысы жоқ екенін айтты. Бөлім басшысы Нұрсұлтан Исабековтың сөзінше, құрылыс мамандары тек жаңа құрылыс орындарындағы электр жүйесіне ғана жауапты. Қалған шаруаны энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы атқаруға тиісті екен. Одан кейін біз облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылармен қайтадан тілдестік. Ол жақтағылар ескірген жарық сымдары «Тараз қалалық электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде екенін алға тартты. Ескірген электр желілері елдің жанайқайы екендігін жеткізу үшін «Тараз қалалық электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бардық. Басшысы Сәбит Дүйсебеков әуелі Әзілхан Нұршайықов көшесінің бірінші бұрылысындағы электр желілері кімнің теңгерімінде екендігін анықтау қажеттігін жеткізді. Ол, сондай-ақ аталған серіктестіктен мәлімет алу үшін өзіне арнайы хатпен шығатынымызды ескертті. Қазақта «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» деген мақал бар. Нақты бұл іске қай мекеме, кімдер жауапты екенін анықтай алмадық. Бірақ, халыққа сөнбейтін жарық пен құламайтын аялдама керек.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар