Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов

Сұрмерген Ыбырайым  Сүлейменов
ашық дереккөз
Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов

7Сәуірдің соңғы күндерінің бірі болатын. Жаңа ғана жауып өткен ақ жауыннан соң қала іші ерекше көріктене түскен. Алматылық журналист-әдебиетші досым Сүлеймен Ақтаев екеуміз табиғаттың осы жанға жайлы кезін тамашалауға сыртқа беттедік. Ол кезде бүгінгі Тараз қаласы ұлы ақын Жамбыл есімімен аталатын.

9Сағат АРЫНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстың Құрметті азаматы.

Жасыл желекке оранған шалқар көшемен жүріп келеміз. Қаздай тізілген ақбалтыр теректер мен бұйрабас қарағаштар қанатын кең жайып, әлі дымы кебе қоймаған жапырақтары кешкі күн нұрымен жалт-жұлт етеді. Ымырт үйіріле жарқ ете қалған электр шұғыласы онсыз да әсем көшені жайнатып жіберді. – Бұл қай көше?– деп сұрады досым. Мен оған Ұлы Отан соғысының қаһарманы, атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов атындағы көше екенін, осында оның анасы тұратынын айттым. Ол дегбірсіздене : – Қазақстандық батырлар жөнінде материал жинап жүр едім. Сәті түскен іс болды. Мергеннің анасымен дидарласып, естелігін жазып алып қайтайын, – деп қолқа салды. ...Біз онда ертеңгілікте бардық. Еңселі үйдің төргі үлкен бөлмесіндегі төрт қабаттап салынған көрпе үстінде ақ шашты қарт ана отыр. Бізді Тынышбала шешей «қарағым, шырағыммен» қарсы алды. Ол етжеңді қарасұр кісі еді. Сол күнде жасы сексеннен асса да әлі сөзі ширақ көрінеді. Неге келгенімізді бірден аңдады. Болыскей кереуеттің тұсындағы кілемге ілінген шағын портретке көз қиығын тастап қадала қарап қалды. Старшина шеніндегі атжақты, қалың қабақты жігіт отты көздерін анасына бұрғандай бір қырын тұр. Иығына асынған снайперлік винтовка сонау сұрапыл күндердің от-жалынында ата жаумен арыстанша арпалысқан ардагер ағаның асқан ерлігін айғақтап тұрғандай. Тынышбала шешей ауыр денесін енді бізге қарай бұрды да әңгімесін бастады. – Басқа алты ұлым бір төбе, Ыбырайымым бір төбе болатын. Алтын бесік–Сарыарқаның төсінде туып, түлеп ұшқан еді құлыным. Күні кеше, ел басына күн туған ерге сын болған шақта, бес қаруын асынып, жауға аттанды ол. Сонда мен көзіме жас алмастан былай деп едім: «Ұлым, анаңның ақ сүтін ақтаймын десең, ата жаудан кек алып, абыроймен қайт!». Сол сәтте: «Апашым, апатайым», деп жас балаша қапсыра құшақтап аймалағаны, «Аманатың ақталады» дегені құлағымнан әсте кетер емес. Соны өңімдегідей ылғи түсімде де көремін. – Қабырғалы қалың ел, Алыста жатқан қазағым. Елдігің үшін болашақ, Соғыстың көрдің азабын. Өлімге де бас идік, Көрмеуге фашист мазағын. Отан үшін тоқтаттық 8Жігіттіктің базарын!–деп жазған еді, бір хатында қарашығым. Ыбырайым сол кеткеннен тобына қайтып қосылмады. Ұлымның ерлігін дәріптеген еліме разымын. Қабырғамды қайыстырған қайғы бұлтын сол сергітеді, соны медет тұтамын. Қарағымның аты өшкен жоқ. Мынау ала қағаздар соның айғағы. Біз Тынышбала шешей берген құжаттарға үңілдік. Солардың ішіндегі бір газет қиындысында мерген туралы мынандай оқиға баяндалыпты. …Бірде батальон командирі капитан Филипп Илларионович Ушаков жауынгерлердің шабуылға дайындығын көру үшін бөлімшелерді аралап келе жатты. Қасында Ыбырайым бар. Жау оғы толастар емес. Ілгері басқан сайын үдей түсті. Командир мұны елең етер емес. Осындай батылдығы үшін де Ыбырайым командирін жақсы көретін, әрқашанда оны ажалдан арашалауға әзір еді. Жау атысты сәл саябырлатқан кезде Сүлейменов бір оқтың зың етіп өздерінің дәл жандарынан өткенін байқап қалды. – Жатыңыз, жолдас капитан! – деп айқайлап жіберді де өзі қар үстімен еңбектей жөнелді. Ыбырайым сөзінің мәнін бірден түсінген капитан оның айтқанын істеді. Жаңағы атылған оқ неміс мергенінікі еді, ол командирді нысанаға алған-ды. Бірақ, оқ дарымады. Ыбырайым винтовкасын кезенген күйі снаряд қазып кеткен шұңқырға қарғып түсіп, жасырына қалды. Әлден уақытта шамасы 500 метр қашықтықта екі фриц көрінді. Ыбырайым оң жақтағысын көздеп атып жіберді. Бірақ, әлгі орнынан мызғыр емес. Бұл қалай? Байқаса, ол киім кигізген «қарақшы» екен. – Иттің баласының қуын. Сені жерге тықпай қоймаспын, – деді де аңдумен болды. Осы кезде немістің басы қылт ете қалды. Тағы да атты. Оқ тимеген тәрізді. Көздегені мүлт кетпеуші еді, бұл қалай? Япыр-ау, маған не болды деген оймен Ыбырайым дүрбімен алға қарады. Көзі енді жетті, көрінген сұлба винтовканың найзасына кигізген бас киім болып шықты. – Қап, сені құртпасам ба, – деп кіжінді ол. Сөйтті де енді өзі де айлаға көшті. Құлақшынын окоптың ернеуіне қойды да төмен жасырынды. Қолға түстің бе дегендей неміс бас киімді атып түсірді. Жауымды мұқаттым деп ойлаған фашист бойын жазып ілгері жүрді. «Құланның қасуына, мергеннің басуы» дөп келді. Ыбырайым атқан ажал оғы немісті жер жастандырды. Кейін әке-шешесіне жазған хатында «бас киімім де бір фашисті құртты» деп әзілдепті. …Тынышбала шешейдің бізге ұсынған ала қағаздарының әрқайсысы туған елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы Ыбырайымның осындай ерлігін баяндайтын шежіре деректері еді. Сөз орайында айта кетейін, Невель қаласын жаудан азат ету жолында кескілескен ұрыстарда қазақтың мерген қызы Мәншүк Мәметова және Ыбырайым Сүлейменов те ерлікпен қаза тапқан. Оның жасы 32-де болатын. Мергендік кітапшасында «281 фашистің көзін жойған» деп жазылған ердің есімі әрқашанда ел есінде. Соның бір айғағы 1943 жылдың 1 қарашасында қабылданған еңбекшілер депутаттарының Невель қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімі. Онда былай делінген: «21-невельдік гвардиялық атқыштар дивизиясының жеңісін құрметтеу мақсатымен Невель қаласының Новоквартальный көшесі мен Гумный переулогы снайпер Ыбырайым Сүлейменовтің есімімен аталсын». …Біздің әңгімемізді сырттан келген, қараторы әдемі келіншек бөліп кетті. Тынышбала шешей ауыр денесін әрең қозғап келіншектің маңдайынан иіскеп, емірене бауырына қысты. «Ыбыжанымның көзі», – деп күбір-күбір етті. Бұл қарт ананың немересі, Ыбырайымның жалғыз қызы Алмагүл екен. – Мен әкем әскерге кеткенде үш жарым жаста екенмін, – деді бізге Алмагүл. – Көкем Невель қаласын фашист басқыншыларынан азат ету жолындағы ұрыстарда ерлікпен қаза болғанда жаңа ғана ес біле бастағанмын. Әкемнен жастайымнан қалғаныммен жетімдік көргенім жоқ. Жамбылдағы медициналық училищені бітірдім. Қазір жұбайымыз екеуміз Талас ауданындағы «Қаратау» совхозында жұмыс істейміз. Көкемнің жиен немерелері өсіп келеді. Енді соғыс болмасын деп тілеймін! – Ыбырайымым әскерге аттанғанда: «Отан үшін, туған ел үшін жан пида», – деп еді. Менің қарағым сол сөзін берік ұстап, ел сенімін ақтады. Қайтейін, соны медеу тұтамын да, – деп Тынышбала шешей өзегін өртеген өкінішін «аһ» ұра аяқтады…

* * * …1990 жылы, яғни Жеңістің 45 жылдық мерекесі қарсаңында Ыбырайым Сүлейменов атындағы қор құрылып, бұған елден біраз қаржы жиналды. Қорды басқарушылардың істе шалағайлығы жұртшылық арасында теріс пікір туғызды. Әлгілер ардагер ағаның есімін есте қалдырарлықтай шараларды жүзеге асырудың орнына, атақты мергеннің халық алдындағы абыройын өздерінің күмәнді бет-беделін көтеруге, жиналған қаржыны оңды-солды жұмсауға тырысты. Соның салдарынан игі іс мақсатына жетпеді. Қордың жұмысына Ыбырайымның қызы Алмагүл қатыстырылмады. 1995 жылы Ы. Сүлейменовке Қазақстан Республикасының «Халық Қаһарманы» атағын бергізуге жасалған ұсыныс біліксіздік, қарадүрсіндік салдарынан өтпей қалды. Оқырмандарға түсінікті болу үшін мына бір жәйтті ескерте кетуді дұрыс деп санаймын. Жоғарыда айтылған Тынышбала шешейдің төрінде ілулі тұрған Ыбырайымның суретін 1970 жылдың бас кезінде бір қылқалам шеберіне мен салдыртып берген едім. Біз нағашы-жиенбіз. Менің әжем, әкемнің шешесі Балкүміс Молжігітқызы Ыбырайымның әкесі Сүлеймен ақсақалдың жақын туысы-тын. Ыбырайымды мен бала кезімде көрдім. Әкем Арынның шақыруымен ол 1936 жылы Сарысу ауданына, біздің «Жаңа тілеу» колхозына көшіп келді. Содан соң аудан орталығы Байқадамда құрылыс салуға және Сарысу–Жамбыл тас жолын пайдалануға беруге белсене қатысты. Келіншегі Базаркүл өте мейірман жан еді. Бізді, інім Таңат екеумізді жақсы көріп еркелететін. Жас болсам да нағашымның балуан тұлғасы және мейрамдар кезіндегі күресте ауылдағы жігіттерді шақ келтірмегендігі есімде қалыпты. Мен 1954 жылы облыстық «Сталиндік жол» газетіне қызметке келгеннен бастап Ыбырайым туралы материалдарды жинауға кірістім. Ойым батыр аға туралы қомақты шығарма жазу еді. Сонымен әртүрлі құжаттар, ауызекі естеліктер, өлеңдер, газет қиындылары, суреттер жинақталды. Аталмыш қордың жетекшілері бұл материалдарды «танысамыз» деген желеумен сұрап алып, ақыры түрлі сылтаулар айтып қайтарып бермеді. Қазір Жамбыл облысының тек жасамысы емес, кез-келген оқушысынан: – Ыбырайым Сүлейменов кім? – деп сұрасаңыз, – Ол Кеңес Одағының Батыры, – деп тақ еткізіп жауап береді. Расында, ол жасаған ерлік осы жоғарғы атаққа лайық екені даусыз. Ыбырайымның Ұлы Отан соғысы кезінде Батыр деген атаққа ұсынылғаны да шындық еді…

* * * Содан бері көп жыл өтті. Тынышбала шешей әлдеқашан бақилық болған. Иманы жолдас болғай. Бірақ, ол кісінің айтқан бір өкініші әлі көкейден кетер емес. Бірде көрші кемпір күндестікпен: – Әй, қара кемпір. Балам батыр деп ылғи мақтанасың. Бізді көзге де ілмейсің. Барған жерде төрге сен шығасың, жұрт жапырыла құрметтеп жатқаны. Егер де балаң шын батыр болса, алтын медалі қайда? Соны көрсетші маған? – депті. Бұл құйтырқы сұраққа Тынышбала шешей бір ауыз өлеңмен былай депті:

– Қимаса да солардың бұл атақты, Ұлымның ерлікпенен даңқы шықты. Ұмытпас Ыбырайымды елім менің, Көрсеткен қан майданда батырлықты. Сен дағы іші тар сорлы екенсің, Күнәһар мазалама әруақты.

Соғыс жылдарындағы бұл әділетсіздіктің себептерін анықтау үшін өмір мен өлім қатар жүрген қанды қырғын жылдардың әбден сарғайған құжаттарына, майдан шебінде от пен оқтың жалынына шарпылған газеттерге және Ыбырайым Сүлейменовтің қандыкөйлек майдандастарының жүрекжарды естеліктеріне қайта-қайта көз жүгіртіп, ой елегінен өткізуге тура келді. Ең алдымен мерген батыр атағына қашан ұсынылды? Артында қалған жалғыз тұяғы Алмагүлдің әкесі туралы жазған хатына КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас кадрлар басқармасының полковнигі Колесников 1958 жылдың 5 сәуірінде қайтарған жауабында былай деген: «Сіздің КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы К.Е.Ворошилов жолдасқа жолдаған хатыңыз мұқият тексерілді. Армияның Әскери Кеңесі старшина Сүлейменов Ыбырайымды 1943 жылдың шілдесінде Кеңес Одағының Батырлығына ұсынылғаны анықталды. Бірақ, ол Калинин майданының Әскери Кеңесі тарапынан қолдау таппаған, мергенді Ленин орденімен марапаттауға ұйғарылған. Сол бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 4 маусымдағы указымен старшина Сүлейменов Ыбырайымға Ленин ордені берілген. Сондықтан бұрынғы шешімді қайта қарауға мүмкіндік жоқ. Мұнымен қатар Сүлейменов Ыбырайым ерлігі мен сіңірген еңбегі үшін бұдан бұрын Қызыл Жұлдыз орденімен және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған». Осы жерде батыр атағына ұсынылуы қарсаңында Ыбырайым неміс-фашистеріне қарсы соғыста қандай ерліктер жасағанына қысқаша тоқталып өткен жөн болады. Соны құжаттар, майдандастарының естеліктері растайды. Бұрынғы 100-атқыштар бригада-сының танкіге қарсы шайқасатын дивизионының комсоргы, кейін 1-Брест дивизиясының батальон парторгы болған, Ыбырайымның қанды-көйлек жолдастарының бірі Ахметқазы Болатов былай деп тебірене еске алады: – 1941 жылдың қазан-қараша айларында Алматыда қазақтың 100-атқыштар бригадасы жасақталды. Ыбырайым екінші батальонның мергендері сапында болды. Жаттығу өткізген сайын командиріміз Ушаков: «Мерген болсаң, Сүлейменовтей болыңдар», деп оны ылғи мақтайтын. Біз 1943 жылдың ақпанында Невель қаласына беттедік. Маусым айында Калинин майданына қолбасшы болып А.Е.Еременко, ал 3-екпінді Армияның басшылығына К.Н. Галицкий келді. Ұрыс алдындағы үзіліс кезінде әскери жаттығулар өткізілетін. Сондай жарыстарда Ыбырайым асқан шебер мерген екендігін көрсете білді. Майдан қолбасшысы Еременко оған әбден риза болып, кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін қадап, қолына өзінің сағатын тақты. Содан соң қапсыра құшақтап: «Есеп бойынша 239 фашисті жер қаптырғаның рас екен. Әрдайым аман бол, сен нағыз батырсың», – деді. Ал Галицкий өзінің «1941-1944 қаһарлы жылдар шежіресі» деген кітабында Ыбырайымның ерлігін сүйсіне жазды. 1943 жылғы 15 қазанда Невельдің солтүстік-батыс жағындағы 20 шақырым жердегі Изога станциясын босату үшін қиян-кесті ұрыстар болды. Бұл аласапыран шайқастарда гвардия полковнигі Әбілқайыр Баймолдиннің дивизиясының жауынгерлері ерекше көзге түсті. Мерген Ыбырайым Сүлейменовтің есебінде сол кездің өзінде-ақ өлтірілген 289 фашист болды. Ал, оның мергендік шеберлігі бүкіл майданға әйгілі еді. Сөйтіп, 15 қазанда болған осы қанды шайқаста Ыбырайым ерлікпен қаза тапты. Дәл осы күні қазақтың аяулы қызы–пулеметші Мәншүк Мәметова да елі, жері үшін жанын пида етті. Екеуінің де сүйегі Невель қаласында жерленіп, бейіттерінің басына: «Пулеметші Мәншүк Мәметова (1922-1943); снайпер Ыбырайым Сүлейменов (1911-1943)» деген сөздер жазылған. Тағы бір дерек, ол армиялық «Фронтовик» газетінің 1943 жылы 10 наурызда шыққан санында басылды. Мұнда: «Мерген жолдас, Сүлейменов Ыбырайымдай бол!» деген жалпы тақырыппен құралайды көзге атқан снайпердің фашистерді мұрттай ұшырудағы тәжірибесі, айла-әрекеті басқаларға үлгі етіп ұсынылады. Сонымен бірге Ыбырайымның қару ұстап, түрегеп тұрған суреті берілген. Беттің төменгі жағына: «Орденді мерген Сүлейменов Ыбырайым 239 немісті жер жастандырды» деген сөздер үлкен әріптермен жазылып қойылған. Даңқты мергеннің ерлігін паш ететін құжаттардың қатарына Краснодар қаласында тұратын запастағы полковник Виктор Ильич Куценко жіберген листовканы да жатқызуға болады. Тараз қаласындағы облыстық өлкетану мұражайына жолдаған хатында ол былай деп жазған: «Сіздердің жерлестеріңіздің асқан ерлігі туралы листовканы жиырма жылдан астам уақыт сақтадым... Соғыс кезінде көптеген жауынгерлер көзге түсті. Сол үшін олар ордендермен, медальдармен наградталды. Ал, ең таңдаулылары жөнінде листовкалар жазылатын. Бұл листовканы 3-тегеурінді Армияның саяси бөлімі шығарған. Ыбырайым Сүлейменов жауды жеңуге көп үлес қосқан...». Енді сөзді Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовқа берелік. Ол кісі де Ыбырайымның қандыкөйлек майдандасы. Сүлейменовке Қазақстанның «Халық Қаһарманы» жоғары атағын беру туралы Елбасына алғаш ұсыныс жасағандардың бірі. Сонымен, Әзекең не айтады? – Мен, – дейді ол, – Ыбырайым Сүлейменовпен майданда таныстым. Ол батальонның мергені еді. Бригада ең алғаш неміс-фашистермен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың 25 қарашасынан бастап Ыбырайымның даңқы шыға бастады. Ол Молодой туд, Прездово, Дроздово, Тройня, Плеханово ұрыстарында, одан кейін Великие Луки қаласы үшін болған қырғын шайқастарда өзінің асқан мергендік өнері арқасында көптеген фашистердің көзін жойды... Бұл кезде Сүлейменов жалғыз 100-атқыштар бригадасының ғана емес, берісі біздің бригада құрамына енген 3-тегеурінді Армияның, әрісі бүкіл Калинин майданының ең атақты мергендерінің бірі болды. Әзекең қандыкөйлек, қарулас бауыры Ыбырайымға арнаған, үлкен тебіреніс үстінде жазылған өлеңінде: – Еткен ісі ет жүректі тербетті, Алып дене, аға батыр келбетті. Қаһарманым жер бетінен екі жүз, Отыз тоғызын жойған неміс жендетті. Еңбектің зор майданында шыңдалған, Қажымайтын хас батырдан үлгі алған. Сүлейменов – жауған оты нажағайдың, Қырда өскен қарапайым өжет жан,–деп жырлаған. Ұлы ақын Жамбыл атамыз 100-атқыштар бригадасы жауынгерлері мен командирлерінің өзінің атына жолдаған хатына жауабын былай толғаған еді:

– Бимурзин мен Бұрышев, Жауған оқтан таймаған. Танктермен ұрысып, Найзағайша ойнаған. Ыбырайым, Мырзаби, Жау қыруға тоймаған. Кезенгенге боп қырғи, Көрінгенді қоймаған. Кеңес етіп соны ылғи, Күндіз-түні ойланам. Сол батырлық болып күй, Өлеңімді қозғаған.

Ыбырайымның Жеңіс күнін жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай жаумен шайқасқан теңдесі жоқ ерлігін тарихи құжаттар, оның осы күні көзі тірі майдандас жолдастары нақты дәлелдермен бұлтарғысыз айғақтайтынын тағы да қайталап айтамыз. Мәселен, ол 1942 жылдың басынан 1943 жылдың бірінші қазанына дейінгі мерзімде фашистердің 281 солдаты мен офицерін жер құштырған делінген мәліметте. Бұл цифр қайдан алынған? Бұрыннан мәлім 239-ға Невель қаласы түбінде өлтірілген 42 фашисті қосыңыз. Сонда жоғарыда көрсетілгендей нәтиже береді, яғни немістің атқыштар батальонының тең жартысын жалғыз өзі жойған болып шығады. Бірақ, әлі де көрсеткіш толық емес сияқты. Қолда бар құжаттарды салыстыра зерттегенімізде Ыбырайым жер жастандырған басқыншылардың саны 300-ден әлдеқайда көп болғанына көз жеткіздік. Олай дейтінім, Невель қаласын екінші рет жаудан азат еткен 6 қазандағы ұрыстарда 60 жаудың құртылғаны белгісіз себеппен есепке алынбай қалған. Сонымен атақты мергеннің қолынан оққа ұшқан неміс солдаты мен офицерінің нақты саны 341 болады. Не зеңбірек емес, не пулемет емес, жалғыз оқты винтовкамен осыншама жауды жою – соғыс тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік! Амал не, қазақтың хас батыры Ыбырайым Сүлейменовке Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырмады. Мұндай әділетсіздік неге орын алды? Жасыратыны жоқ, соғыс кезінде аз ұлттардың өкілдерін кемсітуге жол берілді. Кемсіткендер өздерінің түймедейін түйедей етіп көрсетуді мақсат тұтты. Бұл тоталитаризмнің солақай саясатының салдары еді. Славян нәсілділерден басқалардың майдандағы көзсіз ерліктеріне күдікпен қарау, менсінбеу орын алды. Кезінде Бауыржан Момышұлына, Рахымжан Қошқарбаевқа және басқа бауырларымызға Батыр атағының берілмей қалғаны осындай келеңсіздіктің кесапатынан болғаны белгілі. Мен мұндай деректерді «Кеңес Одағының Батырлары» деген екі томдық кітаптан кездестірдім. Есесіне жалғыз оқты мылтықпен 341 жауды жайратқан Ыбырайым Сүлейменовке Батыр атағын беруді қимаған. Бұдан өткен әділетсіздік бола ма? Осыған байланысты Ә.Нұршайықов-тың күйінішпен айтқан мына сөздерін де еске салғым келеді. – Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов, – дейді ол, – 239 фашисті жойған кездің өзінде-ақ сөзсіз Кеңес Одағының Батыры болуға лайық еді. Бірақ сәті түспеді. Ал 300-ден астам жауды жайпап, ер өліммен өлгеннен кейін де ол Батыр атағын алуға лайық еді. Ұсынылып, әлдекімдердің қазақтардан батырларды көбейте беріп қайтеміз деген арам ниетімен өтпей қалды ма, білмеймін... Бар білетінім, Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен есіл ер Ыбырайым Сүлейменов Батыр атағына ілінбей қалды. Мұндай жауынгердің Батыр атағын алмағанына қалай өкінбессің?! Әзекеңнің айтқаны өте дұрыс. Қазақтан шыққан батырларды көбейтпеуге әрекет жасаған шовинистердің аз болмағаны белгілі. Ол жоғарғы атаққа 1943 жылы ұсынылған еді. Содан бері 70 жылдан асты. Бұл әділетсіздікті кеш болса да түзетуге пәрменді шаралар қолданылуы тиіс деп ойлаймыз. Батыр әруағын қастерлеуге қолбайлау болып отырған тағы бір сорақылықты айтуға тиіспін. Ұлы Отан соғысының ел таныған батыры Ы.Сүлейменовке ескерткіш орнату ондаған жыл бойы сөзбұйдаға салынып, іске аспай келеді. Бұл жөнінде арнайы шешім де қабылданған. Қаржы жоқ деп айтуға ешқандай қисын жоқ. Құрғақ уәдеден әбден құлақ сарсыды. Қазақтың ардагер ұлы Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш орнату мәселесін мен кеңес билігі кезінен бастап қолға алған едім. Еліміз тәуелсіз болғалы бері де республикалық баспасөзде бірнеше рет мәселе көтердім. Амал не, еститін құлақ, көретін көз болмады. Содан 2013 жылы ҚР бұрынғы Премьер-министріне арнайы хат жазуға мәжбүр болдым. Бұл материал республикалық «Айқын» мен «Президент және халық» газеттерінде жарияланды. Мұнда Ыбырайым Сүлейменовке Ұлы Отан соғысы кезіндегі асқан ерлігі үшін кеш те болса тәуелсіз еліміздің «Халық Қаһарманы» атағын беруге, сұрмергеннің атындағы көшенің қапталындағы аллеяға Ыбырайымның зәулім ескерткішін орнатуға ұсыныс жасалды. Үкімет басшысы менің осы айтқандарымды орынды деп санап, облыс басшылығына нұсқау берген болатын. Енді бұл шаруа оң шешімін табатын сияқты. Жақында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мырза облыстық ардагерлер кеңесінің V пленумында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовке Тараз қаласында ескерткіш салуға қатысты мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданғанын айтқан болатын. Қазір бұл жауапты істі Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров мырза жіті қадағалауды қолға алған. Сөйтіп, көп жылға созылған кемшілік түзетіліп, қазақтың даңқты ұлының ерлігіне сай лайықты құрмет көрсетіледі деген сенімдеміз.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар