Маяковскийдің гүлдері

Маяковскийдің гүлдері
ашық дереккөз
Маяковскийдің гүлдері
Орыс ақыны Владимир Маяковский Парижге сапар шеккенде Татьяна Яковлева есімді 20 жасар сұлуға ғашық болып қалады. Бұл махаббат ақынның өміріндегі ең тәтті естелік еді. Маяковскийдің өр мінезін, өлеңіндегі өктемдігін, Пушкин, Тютчевтің шығармаларын оқып өскен қыз, бейтаныс ақынның дөрекі және өткір жазылған өлеңдерін қабылдай алмайды. Маяковскийдің жырлары Татьянаны шошытатын. Танысқанына екі апта болғанда-ақ, ақын тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Сұлу қыз рухты ақынның адал махаббатына, беделі мен атақ-даңқына да қызықпады. Оның айтқан сөздеріне де мән бермеді. Ол ақынның өзіне деген шексіз сезімін білгенімен, онымен бірге Ресейге қайтуға дайын емес еді. Парижде қырық күн болған Маяковский жауапсыз махаббаттан соң Мәскеуге оралады. Ақынға муза болу сондай бақыт қой. Сол бақытты сезіндіру үшін орыс ақыны Владимир Маяковский сезіміне бейжай қараған қызбен уақыт өте келе бәрі жақсы болатынына іштей үмітті еді. Сенген. Ол өзі сүйген қыздың жүрегінен орын алуға ынтық ниетпен өлеңіне берілген гонорарын түгел гүл сататын фирмаға аударып жібереді. Сөйтіп, ақынның өтініші бойынша ең ерекше һәм ең қымбат гүлдер сұлу қыздың үйіне әр жексенбі сайын «Маяковскийден» деген жазбамен бірге барып тұратын. «Маяковский менің жүрегімде із қалдырған тұңғыш адам. Өз өмірімде кездестірген ең талантты жан» деп ағынан ақтарылып, анасына хат жолдаған екен қыз. Ал, Маяковский өз өлеңінде музасына: «Я все равно тебя когда- нибудь возьму – одну или вдвоем с Парижем», – деп жырлаған. Ақын өз музасына сол сәтте гүлмен бірге өмір сыйлайтынын білді ме екен?! Гүл иесіне көзі тірісінде құны төленген хош иісті гүлдер махаббаттың символына айналды. Ақын 1930 жылы қайтыс болады. Алайда, гүл сатушылардан гүл-дестелері ешқашан толастаған емес. Гүл тасымалдаушының жүзінен әр тайып, Татьянаның көз алдында қартайып бара жатты. Татьяна да бұрынғы нәзік һәм сұлу қыздан жасамыс тартқан, қартаң әйелге айналды. Алайда, Маяковскийдің сезіміндей болып жайнаған гүлдер үзілген емес. Расында, гүлдер Татьянаны аштықтан сақтады, қорғады. Ақынның көзі кетсе де, екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Татьяна дамылсыз жолданған сол гүлдерді сатып жан сақтаған. Бұл ерекше оқиғаны анасынан естіген Аркадий Рывлин осы оқиғадан үлкен әсер алып, Парижді, гүлді, Татьянаны бір көруді арман етеді. 1970 жылы жігіттің арманы орындалып, ақынның музасы Татьяна Яковлеваның үйіне қонаққа келіп, Маяковскийдің ұзақ жылдар бойы, тіпті өзі өмірден өтсе де, гүлдері толастамағанының растығы жөнінде сұрақ қояды. Сонда қарттық жеңген әйел күлімдеп, ас үйге өтіп, өзімен бірге шай ішуге шақырып, Аркадийға күте тұруын өтінеді. Сәлден соң табалдырық аттаған курьер «Маяковскийден» деп шоқ гүлдерді әкеліп береді...  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар