Аймақтарда су тасқынымен күрес жалғасуда

Аймақтарда су тасқынымен күрес жалғасуда
ашық дереккөз
Аймақтарда су тасқынымен күрес жалғасуда
Бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің 3 сәуірдегі мәліметінше, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Су басу аймағында 6 облыс – Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Атырау қалып отыр. Қазіргі уақытта аталған аймақтарда аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жасау, сондай-ақ кейбір өңірлерде өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде. Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Ақмола облысының Нұра, Колутон өзендерінде, Абай облысының Уба өзенінде мұз жару, сондай-ақ Қарағанды облысының Сабырқожа өзенінде мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарының елді мекендерінде су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдарды, арық жүйелерін, жағалауларды нығайту, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында жүздеген жеке тұрғын үй мен аула аумағы су астында қалып, мыңнан астам адам эвакуацияланды. Соңғы күндері 748 мың текшеметр еріген қар суы сорылып, 106 мыңнан астам қап және 156 мың тонна инертті материал төселді. Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 9 автожол арқылы су жүрді, 18 автожолды су шайды. Су шайған автожолдар, оның ішінде 4 көпір және 73 жол төсемі бақылауда. 67 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды. Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 2,5 мың техника, 801 су айдау құралы және 105 жүзу құралы, 9 әуе кемесі жұмылдырылды. Аталған аймақтарда еріген қар суын сору және бұру мен халыққа көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Бірнеше күннен бері еліміздің өңірлерінде өзендер арнасынан асып, су басуына байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері де тасқынға қарсы қандай шаралар қабылданғанын айтты. Су басқан өңірлердегі мал өлімінің алдын алу мақсатында малды қауіпсіз жайылым орындарына көшіру жұмыстары ұйымдастырылған. Жедел деректер бойынша шамамен 30 мың бас мал қауіпсіз жерге айдалған. Министрлік ақпаратынша, эпидемиологиялық қауіп-қатерді азайту үшін өңірлерде республикалық эпизоотияға қарсы отряд мамандары жұмыс істеп жатыр. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымының балансында техника, дезинфекциялау құралдары, отын қоры, сондай-ақ өлген мал өлекселерін жоятын инсинераторлар бар. Су тартылғаннан кейін эпизоотияға қарсы отряд облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинап, жоюға кіріседі. «Су тасқыны салдарынан төтенше жағдай режимі кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленетін болады», – делінген ақпаратта. Су басқан орындардан айдалған мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясының фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. 2 сәуірде Премьер-Министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысты. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. Қанат Бозымбаев қарғын судан зардап шеккен Көлқамыс, Көкалат, Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Жұмыс сапары барысында вице-премьер аудан және қала әкімдерімен, облыстық қызметтер мен басқарма басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді. Штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын да тексеріп, өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты. Жағдай күрделі деп бағалануда, өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40 пайызында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде, дамбылар нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді. «Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады», – деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына. Қазір штабтың басты назарында – Нұра өзенінің алаптары. Облыс әкімдігі елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында превентивті шаралар қабылдап жатыр. Өз кезегінде Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілмек. Еліміздің су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына түкпір-түкпірден құтқарушылар көмекке келуде. Бүгінде жамбылдық құтқарушылар Ақмола облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізуде. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жеке құрамның 57 адамы 7 техника, 13 мотопомпа және 3 үрлемелі қайықтың көмегімен Көкшетау қаласындағы көппәтерлі үйлердің аулалары мен жертөлелерінде тәулік бойы су сору жұмыстарын жүргізуде. Түркістан өңірінен 54 құтқарушы мен 14 техника Солтүстік Қазақстан облысына барып, қарғын судың алдын алу жұмыстарына кірісіп кетті. Кәсіби мамандардан құралған топ тасқын қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Тайынша және Тимирязев аудандарында жұмыс жүргізуде. Маңғыстаулық құтқарушылар Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы су тасқыны салдарын жоюға қатысса, қызылордалық құтқарушылар екі облыста – Қостанай және Ақтөбеде жұмыстарын жалғастыруда. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетуден әскери қызметшілер де тыс қалып жатқан жоқ. Ақмола облысында Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында қорғаныш үйіндісін нығайту үшін Астана қаласынан қосымша күштер мен құралдар жұмылдырылған. Соңғы деректерге сүйенсек, Оралда Деркүл мен Шаған өзендеріндегі су деңгейі күрт көтеріліп, жақын маңдағы үйлерді су басқан. 2 сәуірде Батыс Қазақстан облысында да төтенше жағдай жарияланды. Өңірде су тасқынына байланысты жағдай күрделі. Облыстың Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында тұрғын үйлер су астында қалды. Ресейде пайда болған 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі жоғарылаған. Салдарынан Қазталов және Жаңақала аудандарына баратын Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Шаған мен Деркөл өзендері қауіпті деңгейге жетті, Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп барады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 4 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін жедел-эвакуациялық пункттер ұйымдастырылып, қажетті жағдайлар жасалып жатқаны айтылады. Ел өңірлеріндегі тасқынды судың қарқыны әзірге қайтар емес. Соған орай, облыстардағы төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері су басу қаупі бар аймақтардың жағдайын бақылау үшін тәулік бойына кезекшілік ұйымдастыруда. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақтарда су тасқыны зардаптарын барынша азайту және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

   

Ұқсас жаңалықтар