IT жобаларға 20 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетіледі

IT жобаларға 20 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетіледі
ашық дереккөз
IT жобаларға 20 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетіледі
Қазіргі таңда елімізде IT мамандарына сұраныс артып отыр. Себебі, көптеген компания сауатты әрі өз ісін жақсы білетін мамандарға мұқтаж. Осы орайда 2018 жылы Астана қаласында Орталық Азиядағы ІТ-стартаптардың ең ірі халықаралық технологиялық паркі – Astana Hub құрылған болатын. Бұл қазақстандық және шетелдік технологиялық компанияларды дамыту мақсатында ашылған алаң. Ол дүниежүзінің дарынды IT-мамандарын біріктіріп, оларға жобаларының кез келген даму кезеңінде қолдау көрсетеді. Astana Hub қауымдастығы 900 IT-компания мен стартаптан тұрады. Мұнда IT мамандар, кәсіпкерлер стартап қалай ашылады, инвестицияны қайдан тартуға болады, оның бизнес моделін құрудың және сұранысты талдаудың бағыттары қандай, халықаралық нарыққа шығудың жолдары, сала көшбасшысы атану үшін не істеу керек деген сияқты сұрақтарға жауап ала алады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жас әрі талантты IT мамандарын тартуға арналған орталықтың еліміздің 14 облысында аймақтық IT хабтары бар. Біздің өңірде 2023 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасында хаб ашылып, құрылды. Аймақтық ІТ алаңның жұмыс барысымен танысу үшін Zhambyl IT Hub менеджері Айгерім Наурызбековамен сұхбаттасқан едік. Айгерім, облысымызда былтыр ғана ашылған Zhambyl IT Hub базасын құрудағы мақсат қандай? – Негізгі мақсат – жергілікті жастарға, IT саласының мамандарына, маркетинг, бизнес, сандық технология саласында жұмыс істейтіндерге бір қауымдастық құру. Сондай-ақ, әртүрлі курс, гранттар арқылы мүмкіндік беріп, инкубация, акселерация бағдарламалары арқылы өздерінің стартап жобаларын ары қарай дамыту, қолымыздан келгенше ресурстар беру. Қазіргі жастардың арасында қызығушылық таныту үшін іс-шаралар ұйымдастыру. Бұдан басқа хабтың базасына жастар келіп өздерінің шығармашылығын дамытса, бір- бірімен идея бөліссін деген оймен IT мамандары арасында байланыс тудырғымыз келді. Одан үлкен мақсатымыз – осы Жамбыл облысынан жобалар шығып, олар Digital Almaty, Digital Bridge сияқты ауқымды іс- шараларға қатысып, инвестиция тартса дейміз. Мүмкін «unicorn», яғни «единорогтар» шығып, жобаларын шетелге сатып жатар, мүмкін шетелге жұмысқа алып қалар. – «Unicorn», «единорогтар» деген кімдер? – IT саласындағы стартап жобаның құндылығы 1 миллион доллардан жоғары бағаланса, ол «единорог» деп аталады. Ондай стартаптар Қазақстанда көп емес. Ағылшынша «unicorn» дейді, қазақ тілді ортада да дәл осылай айта береміз. Сондай жобалар Astana Hub-тан шығады. Олар АҚШ-қа барып арнайы оқулар оқиды. Мысалы, біздің өңірден шыққан стартаптар да сондай мүмкіндіктерге ие бола алады. Осында жүріп Astana Hub- тан «Startup Academy» сияқты курстар мен «Startup Garage» деген инкубация өтсе, одан кейін өзінің стартапын аяққа тұрғызып, нықтап, сосын күзде «Digital bridgе» сынды үлкен форумдарға қатысып, инвесторлардың алдында өздерін көрсетуіне мүмкіндік бар. Ары қарай Astana Hub-тың базасында пісіп, жетіліп, мүмкін бір «unicorn» шығарады. Яғни, идея барысында туып тұрған стартаптарын осында дамытып, Astana Hub-қа тіркеліп, оның барлық мүмкіндіктерін қолдану арқылы тіпті, субсидия бөлінсе шетелге шыға алады. Мысалы, «Seed Money» деген бағдарламада 20 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетеді. Сондай бағдарламаларға қатысып, стартап жобаларын компанияларға сатуына мүмкіндік бар. Кейде үлкен америкалық компаниялар бүкіл командасымен бірге жұмысқа алады. Мақсатым – Жамбыл облысынан сондай таланттарды шығару. – Zhambyl IT Hub тек қана студенттерге арналған ба? – Жоқ, ол тек студенттерге арналмаған. IT саласындағы 16 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Ал, Zhambyl Hub тек IT саласына арналған. Бірақ маркетинг, қаржы, IT саласына қатысы бар, яғни қаржылық технология, төлем жүйесі деген сынды жобалармен де айналысамыз. Мысалы, агроөнеркәсіптік кешендегі ақпараттық технология, «ақылды жылыжай» – бұл да технология. Тек электронды қосымша, сайт болсын деген қатып қалған талап жоқ. Кез келген технологияға байланысты инновациялық жобалармен айналысамыз. – Былтыр ғана құрылған Zhambyl IT Hub-тың ұйымдастыруымен облыста қандай іс-шаралар өтті? – Облыста әлемдік ірі компания Google-мен бірле сіп ұйымдастыратын «Google DevFest» іс-шарасы өтті. Көне шаһарда Google компаниясының Үндістаннан келген екі бағдарламашысының қатысуымен форум болды. Оған 500-ден астам адам жиналды. Сол жерде жәрмеңке, панельдік пікірталас, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген эксперттер өзінің сараптамаларымен бөлісті. Стартаперлер жобаларын көрсетті. Одан кейін «Speed Dating», «Pizza pitch» деген сияқты 10-15 адам қатысатын кішігірім іс-шаралар өтті. Ал, «Speaker Talks»-та эксперттер келіп тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында Zhambyl IT Hub-тың ұйымдастырумен Google-дың Польшадағы штабының қызметкері т араздық Жантөре Орынбасармен кездесу өтті. Соңғы екі айда 15-тен астам іс-шара өткіздік, оған шамамен 500-ден аса адам қатысты. Сондай-ақ, облыстық білім және цифрлық технологиялар басқармасымен бірге 10 аудандағы 22 мектепте кездесу ұйымдастырдық. 10-11 сынып оқушыларымен кездесу барысында IT саласында жастарға арналған мүмкіндер туралы хабардар еттік. Тағы бір айта кетерлігі, Astana Hub ұйымдастырып жатқан «Startup Garage» инкубациялық бағдарламасына өңірден 10 жоба дайындалып жатыр. – Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қайда білім алдыңыз? Бұрын осындай жобалармен айналыстыңыз ба? – Ақтау қаласының тумасымын. 15 жасымда Астана қаласына көшіп келдік. Назарбаев университетінің түлегімін. Мамандығым – экономист. 2 жылдай Астана халықаралық қаржы орталығында жұмыс істедім. Таразға келгеніме 1,5 жыл болды. Astana Hub-тың жұмысын осында атқарып жүрмін. Бұған дейін менде кәсіпкерлік тәжірибем болды. 19 жасымда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан» грант ұтып, Астанада оқыту орталығын аштым. 4 жыл ағылшын тілінен, IELTS-тан сабақ бердім. – Облыс жастарын елорда жастарымен салыстырғанда айырмашылық байқала ма? – Айырмашылық байқалады. Бірақ, бұл Астананың жастары білімдірек деген сөз емес. Тек Астана, Алматы сынды мегаполистерде мүмкіндіктер көбірек. Сол мүмкіндіктерді, грант, ұтыс болып жатса, барлығын бүкіл медиаплатформаларда жақсы жарнамалайды. Бәрі естиді, қатысады, бәсекелестік үлкен, ұйымдастыруы жақсы. Кез келген жерде, Таразда да өзінің саласын жақсы білетін студенттер бар. Жақсы жобалар қолынан келеді. Бірақ, стартап идеяға фантазиясы жоқ, не стартап жобасы болса да, қолдаушысы болмай қалады. Тіпті, облыс бойынша қаржылай қолдау болса оны да естімейді. Айырмашылық жастардың қабілетінде емес, олардың әртүрлі іс-шараларға қатысуға ізденуі азырақ. Облыстарда өмір тыныш, көбісі ата-анасымен тұрады, кейбірі университетті бітірген соң, жұмысы дайын тұр деген сияқты. Сол себепті белгілі бір тәуекелге қызығушылығы болмайды деп ойлаймын. Ал, үлкен қалада бәрі жан-жақтан келген, өзін көрсетпесе, сол жобаны басқа біреу алып кетеді. Бәсекелестік басым. – Әлемдегі ең үздік университеттердің қатарындағы жоғары оқу орнында білім алдыңыз. Өзіңіз ағылшын тілін жетік білесіз. Ендігі кезекте осы қабілетіңізді пайдаланып, шетелде оқуды жалғастыру, сонда тұру ойыңызда бар ма? – Шетелде оқу деген ой болды. Мен былай жеткізейін. Адамдар магистратураға белгілі бір өмірлік тәжірибені алғаннан кейін ғана түсу керек деп ойлаймын. Яғни, бакалавр бітірген соң, 2-3 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинау керек. Өмірде шынымен немен айналысқың келетінін білу үшін 2-3 жыл уақыт қажет. Содан кейін магистратураға тапсыру керек деп ойлаймын. Себебі, бакалаврдан кейін бірден магистратураға түссең, кейін ол сала өзіңе ұнамай қалса, уақытың да, дипломың да зая кетеді. Бірнеше жыл тәжірибе жинап, магистратураға тапсырса, ол жақта қорғайтын диссертация да маңыздырақ болады. – Болашақта өзіңізді осы салада көресіз бе? Арманыңыз қандай? – Маған ешкім мұндай сұрақ қоймапты. Менің арманым – шетелдік компаниялар – Google, Amazon емес. Мен үшін Қазақстанда тұру жайлылық пен комфорт сыйлайды. Осы жерде әлеуметтік маңызды жобалар ұйымдастырғым келеді. Жастар өзіне мүмкіндік таба алатын ұйымдар құрғым келеді. Мысалы, Astana Hub өте жақсы мысал бола алады. Ол тікелей студенттермен жұмыс жасамайды. Astana Hub-та студенттер өздері келіп ізденсе, барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Менің арманым – тек жастарға емес, кез келген жанға кәсіби дамуда өзіне керек мүмкіндікті алатындай әлеуметтік ұйымдар құру. Екінші арманым – Қазақстандағы IT саласында қыз балалар көп болса деймін. Астанада IT саласындағы нәзік жандылар көбірек, ал облыстарда саны аз. Қазақ қыздарында потенциал көп болғанын қалаймын. Соған қолұшын тигізетіндей ұйым ашсам деймін. – Жақында Zhambyl IT Hub құрылғанына бір жыл толады. Командаңыз бар ма? Қанша адам жұмыс істейді? – Қазір тек өзіммін. Енді тағылымдамадан өтушілер іздеп жатырмын. Себебі, жалғыз барлығына үлгермеймін. Көптеген іс-шара, әкімдікте инвестор, демеушілермен кездесу бар. Ал, менің кейде күнімнің жартысы әлеуметтік желіге кетеді. Енді соған сай тағылымдамадан өтушілер болса, мүмкін жаздан бастап штаб үлкеюі мүмкін. Astana Hub-та 80-90 адам жұмыс жасайды. – Astana Hub-тың жобаларын еліміздің кез келген өңіріндегі жастар оқи ала ма? – Әрине. Astana Hub сайтына кірсеңіздер, білім беру платформалары бар. Кез келген сәтте кіріп оқи береді, шектеу жоқ. Курсты аяқтағаны үшін сертификат беріледі. Адамдар курсты тегін бастайды да, көбінде аяғына дейін жеткізбейді. Тегін дүниенің құны жоқ дегендей, қазір курстардың бағасы символикалық түрде 2000 теңге. Ал, егер Zhambyl IT Hub-тың жарнамалық кодын қолданса 20 пайыз жеңілдік болады. – Astana Hub-тың курстарын оқуға деген біздің өңір жастарының қызығушылығы қандай? – Жамбыл облысында Astana Hub- тың курстарын оқығандар бар, бірақ көп емес. Енді осы жылы соны өзгертуді жоспарлап отырмын. Мектеп, колледж, университеттерді араламақшымын. Стартап жобалары бар қыз-жігіттерге курстар туралы айту керек. Себебі, көбісі «Менде жоба бар, идея бар. Ары қарай не істеймін, білмеймін» дейді. Astana Hub сайтындағы 1600 теңгелік курсты өтсе, барлығын басынан бастап соңына дейін түсіндіріп береді. ИП, ЖШС ашу, командаға қандай адамдар жинау керек, инвесторлардың алдында қандай презентация жасау керек деген сияқты басты ақпараттың барлығы сол 1600 теңгелік курста бар. Барлығы қолжетімді. Стартаптан бөлек, мобильді қосымшаларды әзірлеумен немесе Tilda-дан сайттар құрастырумен айналысатын жастар да бар. Оларға стартап жоба еме с, фрилансты орындайтын қызметтік тапсырыс керек. Astana Hub-тың порталында «Фриланс мектеп» деген бөлек курсы бар. «Upwork» халықаралық платформа арқылы оқытатын курсқа тіркеліп, өздерінің кәсіби дағдыларын жазады. Сол арқылы шетелден, жан- жақтан тапсырыстар келеді. Өзінің портфолиосын жазуды да осы курста үйретеді. – Қазіргі таңда жастарымыз жаңашылдыққа әзір. Мемлекет тарапынан жаңа жобаларды құру үшін қаражат та бөлініп жатыр. Бірақ, көбінде олар өз жобаларын аяқтамай, жарты жолда тастап кетеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? – Идеясы бар қыз-жігіттер неге жобасын жарты жолда тастап кетеді? Менің ойымша, олар бұл жобасымен ары қарай не істейтінін, инвестор тарта ма, сата ма білмейді. Облыстардағы мәселе – осы. Оны шешудің жолы, жобаны ары қарай дамыту үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Мысалы, Hackathon – аз уақытта жасалып шығатын IT шешімдер сайысы бар. Онда әртүрлі үлкен компаниялар өздеріне қандай IT қызмет керек екенін ортаға салады. Жан-жақтан адамдар келіп сол тапсырмамен 24 сағат жұмыс жасайды. Соңында ең ұнаған топтың жобасын банк сатып алады. Бұл іс-шараның нәтижесі бар. Одан кейін стартаперлерге жетістікке жету жолын көрсету өте маңызды. Жастарға пайдасы бар үлкен іс-шаралардың бірі – «Speaker Talk». Көбісі электронды қосымша жасайды. Ары қарай қандай инвестор керек екенін, серіктестің қажеттілігін, ойлап тапқан электронды қосымшасы арқылы қаржы табу жолдарын Speaker Talk-та білуге болады. Осы жолдың барлығынан өткен, өзінің кеңестерімен, тәжірибесімен бөлісетін эксперттерді шақырып, кездесу ұйымдастырса, жастарға кәдімгідей көмек болады деп ойлаймын. Осындай іс-шараларда адамдар кем дегенде өзінің жобасына өздері сенуді үйренеді деп үміттенемін. Өйткені, көбісі «Бұл жоба Таразда кімге керек?» деп өздерінің жобасына сенімсіздік танытады. Мұнда керек болмаса, басқа жақта керек болады. Ол жаққа шығу керек, ұсынып, көрсету керек. Кез келген стартаптың ең қиын кезі бастапқы 3 жыл. Ары қарай жеңіл болары сөзсіз. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Назерке СӘНДІБЕК.

 

 

                 

Ұқсас жаңалықтар