- Advertisement -

Туберкулездің алдын алу айлығы

44

- Advertisement -

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай, елімізде арнайы айлық өткізілуде. Ақпан айының 24-інде басталған айлық наурыздың 23-іне дейін жалғасады. «Біз туберкулезді жеңе аламыз» ұранымен ұйымдастырылып отырған айлық аясында фтизиатр, фтизиопедиатрлар кеңес береді, халықты флюорографиялық тексерулерден өткізеді. Іс-шарада туберкулез дертінің алдын алу шараларына, диагностика мен емдеудің заманауи әдістеріне қатысты жұртшылықты кеңінен хабардар ету көзделген.

Баршаға белгілі, туберкулез – ерекше қауіпті және жұқпалы ауру. Ол адам ағзасына «кох таяқшасы» деп аталатын қоздырғыш вирустың енуі арқылы пайда болады. Бұл таяқша ауада сақталады және адам ағзасына ауа тамшыларымен енеді. Әсіресе, қорғаныш қабілеті толық қалыптаспаған жас балалар үшін және әлсіз, дімкәс, ауруға жақынырақ тұратын ересек адамдар үшін бұл өте қауіпті ауру болып саналады. Дерттің таяқшалары ауада тез тарайды және оның вирусы ұзақ сақталады. Күн сәулесі көп түсетін жерлерде ол әлсіздік танытады. Өкпе туберкулезіне шалдыққан адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде сау адам сол микробтарды жұту арқылы ауруды бойына жылдам қабылдайды. Сондықтан да бұл дерт денсаулық сақтау саласының ғана емес, қоғамдық деңгейдегі мәселе. Бүкіл қоғам болып, мамандармен бірлесе әрекет ету ғана барлық профилактикалық, эпидемияға қарсы және клиникалық шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы туберкулезге қарсы айлық аясында барлық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында «Ашық есік» күндері, жылжымалы флюорографтардың көмегімен қоғамдық орындарда және қаланың сауда орталықтары жанында акциялар ұйымдастырылуда.

–Соңғы 10 жылда облысымызда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 2 есеге кеміді. Өлім көрсеткіші 4,9 есеге азайды. Туберкулезден қайтыс болғандардың саны 58-ден 13-ке дейін төмендеді.

Облыста туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда облыста жалпы 9 Gene-Xpert құралы жұмыс істейді. Сондай-ақ, дертті ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Бактериологиялық зертханада туберкулезді және ауқымды дәрілерге көнбейтін дертті тез диагностикалау (2 сағат ішінде) бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізілген. Өткен жылы флюорография әдісімен туберкулезге 593642 адам тексеріліп, нәтижесінде 354 туберкулезбен ауыратын науқас анықталды. Қаупі жоғары топтан 39785 адам тексеріліп, 134 туберкулезбен ауыратын науқас анықталды. Манту 2 ТЕ сынамасын жасау әдісімен 116587 бала қаралды.

Дер кезінде дәрігерге көрініп, туберкулездің алдын алуға, оның бойға дендеп енбеуіне әрекет жасалмаса, ауру адам ағзасын толық жаулап, тіпті өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Себебі, туберкулез қоздырғыштары аса өміршең, оларды жою оңай емес. Оған шалдыққан адамға туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен емделудің арнайы толық курсынан өткен жағдайда ғана сауығуға болады.

Егер адам ұзақ уақыт бойы жөтелсе, тез арада дәрігерге көріну қажет. Ерекше қауіпті және жұқпалы аурудың белгілерін байқағаннан бірден уақыт өткізбеуге тырысу керек. Заң бойынша туберкулезді емдеу тегін, – дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Дабыл Шымыров.

Дәрігердің айтуынша, жұқтырудың негізгі көзі – осы аурудың ашық түріне шалдыққан науқас, яғни сыртқы ортаға микробактерияны бөлетін адам. Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Егер әлсіздік, салмақ тастау, екі аптаға жуық жөтелдің қайтпауы, температураның қайта-қайта көтерілуі, кеуде қуысының ауыруы, түнде қатты терлеп, қан түкіру секілді белгілер байқалса, уақыт жоғалтпай медициналық тексеруден өтуі керек. Себебі, бұл туберкулез ауруының белгілері болуы мүмкін.

Онымен ауырған адамға туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен емделудің арнайы толық курсынан өткен жағдайда ғана сауығуға болады. Емделу кезеңі 6 айға созылады, оның 2-3 айы міндетті түрде ауруханада өткізілуі тиіс. Сондықтан дәрігердің ұйғарымын қатаң орындай отырып, емделу кезеңін үздіксіз жалғастыру қажет.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support