- Advertisement -

Медициналық көмектің мүмкіндігі мол

22

- Advertisement -

Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілген болатын.

Аталған жобаның аясында Теріс ауылындағы Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясына қарасты Жаңа Теріс фельдшерлік-акушерлік пунктінің іргетасы қаланып, өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бұл ауылдықтардың көптен күткен қуанышы еді.

Фельдшерлік-акушерлік пункт 10 келушіге арналып салынған. Пунктте қабылдау, дәрі егу, дені сау бала бөлмесі, акушер бөлмесі, әйелдерді алдын ала тексеру бөлмесі, ақпараттық бөлме және екпе егу бөлмелері бар. Барлық бөлмелер қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Мұнда ұзақ жыл еңбек өтілі бар медбике Эльмира Садықова мен фельдшер Зағира Абуова және акушер Ақнұр Мамбеталиева қызмет етіп келеді. Олар Теріс ауылындағы 830 тұрғынның денсаулығын бақылап, қажетті медициналық көмекті дер кезінде көрсетеді. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 16 сәбидің, 14 жасқа дейінгі 263 баланың, 10 жүкті әйелдің, 88 диспансерлік есепте тұрған адамдардың және 22 мүмкіндігі шектеулі жанның денсаулығы жіті бақылауда.

– Біз үшін бұл көптен күткен қуаныш. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт – кең, жарық, жылы. Пунктте жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Енді мұнда тұрғындардың денсаулығын алаңсыз бақылап, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік мол. Біз ауылдағы бір жасқа дейінгі балалардың денсаулығын бақылап, уақтылы екпе алуын қадағалаймыз. Дүние есігін ашқан сәбилер мен аналардың жағдайы алғашқы күннен бастап тұрақты бақылауда. Аналар баласын бір жасқа толғанша ай сайын фельдшерлік-акушерлік пунктке алып келіп, дәрігердің қабылдауында болады. Біз ай сайын балалардың бойын, салмағын өлшеп, тиісті екпелерін алуы үшін дәрігерге жолдаймыз. Ол үшін баланың дені сау болуы керек. Бірінші кезекте, бала екпе алмас бұрын оның қызуы өлшеніп, толықтай дәрігерлік тексерістен өтеді. Дәрігердің рұқсатымен ғана балаға екпе салынады. Ал, ауылдағы әйел-аналармен акушер Ақнұр Нұржігітқызы жіті байланыста. Ол ауылдағы жас келіндер мен туу жасындағы әйелдерді уақтылы медициналық тексерістен өтуге жібереді. Жас аналарға жүктілікті жоспарлаудың маңызды екенін және дені сау анадан дені сау бала дүниеге келетінін түсіндіреді. Әйелдерді жүктілігі бойынша уақтылы есепке алып, босанғанынша олармен тығыз жұмыс істейді. Бұл, оның жұмысының бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек те, әйел-аналарға тағы да басқа қажетті медициналық қызметтер көрсетеді. Әртүрлі аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған 88 адамға әр үш ай сайын тегін дәрілер беріледі. Дәрігердің қабылдауына жіберіп, қажетті тексерістен уақтылы өтуін қадағалаудамыз, – дейді аймақтық медбике Эльмира Садықова.

Медбикенің айтуынша, олар тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Дәрігерлердің берген нұсқаулықтарын орындап, медициналық көмекке жүгінген адамға дер кезінде қызмет көрсетіледі. Ауыл тұрғындары фельдшерлік-акушерлік пунктке белгіленген кесте бойынша келетін жалпы тәжірибелі және балалар дәрігерінің қарауына жазылады.

Ауыл тұрғындарының денсаулығы үнемі бақылауда. Олардың мұнда келіп ем қабылдауы үшін барлық жағдай жасалған. Тек қажет болған жағдайда ғана аудандық орталық ауруханаға жіберіледі. Тұрғындардың уақтылы дәрігерлік тексерулерден өтуі үшін де ескертулер беріледі. Алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық сақтау саласының мамандарымен тұрғындардың денсаулығын түзеу әрі бақылау үшін жылдың басында арнайы жоспар жасалады. Жоспар бойынша тұрғындарды ЭКГ-ға, флюрографияға, маммографияға алдын ала қаралуға жіберіп, скринингтік тексеруден өткізіледі. Скринингтік тексеріс дерттің алдын алады және аурудың бастапқы кезеңін уақытында анықтауға әрі асқындырмауға және жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, дәрігерлердің тағайындауымен дәрі егу бөлмесінде науқастарға ем-дом жасалады. Мектептің медбикесімен байланысып, дәрігерлер оқушылардың денсаулығын тексеріп, тиісті екпелер салынады. Шақыртуларға уақтылы барып, медициналық қызмет көрсетіледі. Фельдшер де тұрғындардың шақыртуларын қабылдап, олардың жағдайымен танысады. Егер де науқастың жағдайы ауыр болса, дәрігерлер келіп, медициналық көмек көрсетеді.

– Міне, біздің мұндағы негізгі жұмыстарымыз осындай. Бастысы, ауыл тұрғындарының денінің сау болуы үшін ұжым болып еңбек етудеміз. Біз үшін ауылдықтардың денсаулығы қашанда бірінші орында, – дейді аймақтық медбике.

Ауылдағы ақ халатты абзал жандар тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Олар мекемеге келген әр емделушіге уақтылы медициналық қызмет көрсетіп, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауды мақсат тұтқан.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

журналист

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support