Әулиеаталық командирлер

Әулиеаталық  командирлер
ашық дереккөз
Әулиеаталық командирлер

Хабары арада 69 жыл өткеннен кейін шықты

Талас ауданындағы Ойық ауылында туып-өскен, жастайынан оқу-білім қууының нәтижесінде аудандық комсомол комитетінің хатшысы, балалар үйінің директоры, аудандық «Екпінді колхозшы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің ресми түрде бекітілген тұңғыш редакторы, Луговой (қазіргі Т. Рысқұлов) аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарған, елге танымал азамат Әбілқайыр Бәйтімовтың 1942 жылдың қазан айында Саратовта кіші командирлер даярлайтын бір жылдық курсты оқып бітіріп, соғысқа аттанғаннан кейінгі өмірі отбасына ғана емес, былайғы жұртқа да белгісіз күйінде қалып қойған-ды. 

Былтыр – арада 69 жыл өткеннен кейін ғана ғаламтордағы «Пойск» сайтынан хабар-ошары шығып, майдангердің бел баласы, Жамбыл ауданы, Ерназар ауылында тұратын зейнеткер Аманжол Әбілқайыров Украинаның Ивано-Франковск облысы, Тлучум ауданы, Обертин селосындағы бауырластар зиратындағы әке қабіріне туған жерінен арнайы апарып топырақ салып, әруағына Құран бағыштап та қайтты. «Орнында бар оңалар» деген осы-ау, сірә! Біздің айтайын дегеніміз бұл ғана емес. Аманжол ағамыз осы сапарында әкесінің қалай, қандай жағдайда қаза болғандығы, қайда жерленгені жазылған, Украина Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан алынған, шекесіне «құпия» деп белгі соғылған КСРО қорғаныс халық комиссариатының мамандар жөніндегі бас басқармасының 1944 жылғы 9 тамыздағы №02643 бұйрығының көшірмесін де ала келіп, қолымызға ұстатқан-ды. Міне, осы құжаттан облыстық әскери комиссариатынан әскер қатарына (соғысқа) шақырылған бірқатар жерлестеріміздің аты-жөнін кезіктірген едік. Сұрапыл соғыс жылдарында хабарсыз кеткен болса, жамбылдық боздақтарды артында қалған ағайыны, бауырлары, отбасы танып-біліп, есіне ала жүрер деген ниетпен сол тізімді газетімізге толықтай жариялағанды жөн деп таптық. Сонымен, неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыстарда қаза болуымен байланысты Қызыл Армия қатарынан шығарылған офицерлік құрам (Жамбыл облыстық әскери комиссариаты бойынша) жөніндегі деректер мына төмендегідей: 1.Аға лейтенант Иван Иосифович Заводовский – 5 армия батальоны командирінің орынбасары, 1920 жылы туған, ВКП/б/ мүшесі. 1944 жылғы 26 маусымда ауыр жарақаттан көз жұмды. Анасы Василиса Кондратьевна – Заводовская Қордай ауданы, Георгиевка селосынан. 2. Лейтенант Құрманбек Оразов – 358 атқыштар полкі атқыштар взводының командирі, 1923 жылы туған, ВЛКСМ мүшесі. 1944 жылғы 2 қаңтарда ауыр жарақаттан қаза тапты. Ағасы Ураскул Ратмбеков – Талас ауданы Читы-Инобе (Майтөбе болар – автор) колхозынан. 3. Аға лейтенант Мирзобай Абдамбаев – 387-атқыштар дивизиясы, 949 артиллерия полкінің взвод командирі, 1920 жылы туған, ВКП/б/ мүшелігіне кандидат, Алматы қаласы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылған. 1943 жылғы 3 қарашада ауыр жарақаттан көз жұмды. Әкесі Кашкар Абдашбаев – Қордай ауданы, Сысын селосы, Сталин көшесі, 13 үйде тұрады. 4.Лейтенант Абдраш Қалиев – 137 атқыштар дивизиясы, 409-атқыштар полкі, пулемет ротасының взвод командирі, 1920 жылы туған, ВЛКСМ мүшесі. Әкесі Калай Исаламанов – Сталебуль (Жамбыл болар – автор) ауданы, Сейгирбай колхозынан. Міне, осы аталған әулиеаталық қызыл командирлердің үшеуінің бір майдан бағытында ұрысқа қатысып, алған жарақаттарынан араларына аз күн салып барып дүниеден озғаны, сондағы бауырластар зиратына жерленгені белгілі болып отыр. Бір айта кетерлік жай, жер атаулары мен жауынгерлердің аты-жөндері құжатта қалай болса, солай беріп отырмыз. Кезінде ресми тілге шорқақтау ауыл баласының айтуымен басым дені «ұлы халық» өкілдері болып келетін әскери мамандар толтырған өмірдеректерде жауынгерлердің аты-жөндері, жер, су атаулары ішінара қате жазылып кеткені де байқалады. Қалай болғанда да, Отан үшін от пен оқ кешіп, қыршын жасында ғұмыры көктей солған боздақтарымыздың ерлік ісі ешқашан да ұмытылмайды. Олар жөнінде бізге жеткен қандай дерек болсын қымбат, аяулы. Олардың өздері өмірден өтсе де, өнегелі өмір жолы, үлгісі өскелең ұрпақтың санасында сандаған жылдар бойы жаңғыра бермек!

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар